"ҰЛТАРАЛЫҚ ТІЛГЕ АЙНАЛУЫ ТИІС": ПРЕЗИДЕНТ ТӨРТ АЗАМАТҚА АЛҒЫС ЖАРИЯЛАДЫ

Уақыты: 26.09.2019
Оқылды: 1174
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Тіл туралы» Заңның қабылданғанына - 30 жыл. Осынау айтулы датаға орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ мемлекеттік тілдің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан жандарды Алғыс хаттармен марапаттап, тіл жанашырларына жүрекжарды тілегін жеткізуде. Мемлекет басшысының Алғыс хатын өңірдің өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен бірнеше тұлғаға облыс әкімінің орынбасары Батыржан БАЙЖҰМАНОВ табыстады.

Алғыс хатта: «Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңының қабылданғанына 30 жыл толуына орай мемлекеттік тілдің мерейін өсіріп, қолданылу аясын кеңейтіп, ұлтаралық қатынас құралына айналуына сіңірген еңбектеріңізге орай алғыс білдіремін. Кәсібіңізге береке, отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілеймін. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Нұр-Сұлтан қаласы, 2019 жыл», - деп жазылыпты.

Мемлекет басшысының марапатына ие болған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейітті, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, ақын Әміре Әрінді, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идиговті, «Кәсіпкер» журналының бас редакторы Гүлжиян Сүлейменованы марапатымен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары гүл шоқтарын сыйлады.

Журналистерге арнайы сұхбат берген тіл жанашырлары өздерін толғандырған ойларын жеткізіп, Президентке ризашылықтарын білдірді.

– Тіл дегеніміз – мемлекеттіліктің негізгі белгісі. Бізден бұрын өткен көптеген тұлғаларымыз осы тіл үшін күресіп өтті. Алашордашылар өз кезінде Ресей Думасында тілдің мәртебесі жайлы мәселелер көтерген, – деген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт бүгінгі жайға тоқталды. – 1989 жылы «Тіл туралы» Заңның жаңадан қабылдануы халқымыз үшін үлкен қуаныш болды. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің депутаттары қабылдаған сол заң бүгінге дейін жұмыс істеп келеді. Әрине, «Тіл туралы» Заңды әлі де жақсартса болар еді. Содан бері отыз жыл өтіпті. Осы 30 жылдың ішінде көптеген жақсылыққа қол жеткіздік. Бір кезде ана тілінде сөйлей алмайтын жандар мен өзге ұлттың өкілдерінде мемлекеттік тілге деген қызығушылық оянып, қазақ тілін меңгеру көрсеткіші күн санап артып келеді. Қазақ тілінің ендігі мәртебесі бұдан да жоғарыға көтерілсе ештеңеден кенде болмаймыз. Оған қажетті әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз тұрақтанып, ауызбіршілігіміз қалыптасты. Президенттің республика көлеміндегі марапатын иеленген 100 шақты тіл жанашырының қатарына кіргенімізге қуаныштымыз.

Гүлжиян Сүлейменова мен Атсалим Идигов қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолдарын әңгімелесе, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін:

– Мемлекеттің негізі – тіл. Сондықтан, тілге көңіл бөлуі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының үлкен қадамы деп есептеймін. Өйткені тіл болмаған жерде мемлекет болмайды. Ал қазақ тілінің мәртебесіне келер болсақ, биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы жақын уақытта қазақ тілі еліміздегі халықаралық, ұлтаралық тілге айналуы тиіс екендігін атап өтті, – деп ана тілінің мәйегін бойына сіңірген ұрпақтың болашағы жарқын болатындығын ұғындырды. – Ғалымдардың айтуынша, қазақ тілінің тамыры 4 мың жылдық тарихтың қойнауына кетеді. Адамзаттың алғашқы алфавиті де Ұлы Далада дүниеге келген болатын. Соның негізінде грек, рим, латын, кирилл алфавиттері жасалып, бүгінгі әріптер шығарылғаны тарихи дерек. Сондықтан да елімізде қайтадан латын қарпіне көшудің жолы қарастырылып жатыр. Ол бүкіл өркениеттік жүйеге кіруге, қазақ елінің білімдегі, ілімдегі, ғылымдағы дамуына жаңа серпін береді. Жетісу жері еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып іс құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшкен болатын. Сол үрдіс аудандар мен қалаларда жан-жақты, жүйелі жалғасып келеді. Бұл – қуанышты жайт. Екіншіден, еліміздегі өзге этнос өкілдері, әсіресе, жастар, мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше ден қоюда. Мектептер мен балабақшалардағы қазақ топтарында өзге ұлттың балаларының көптеп жүруі көңіліңді көншітеді. Себебі, олардың ата-аналары келешек тағдырын қазақ елімен байланыстырып отыр. Яғни, сол ұрпақ ел болашағының жарқын да шуақты болуына, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосады.

Мемлекет басшысының марапатына ие болған зиялы қауым өкілдеріне біз де құтты болсын айтамыз.

Мәди АЛЖАНБАЙ