"ӘЛІ-АҚ ТҮЗЕЛЕСІҢДЕР": ТӘУКЕ ХАН ТҮСІМЕ КІРДІ

Уақыты: 27.09.2019
Оқылды: 940
Бөлім: РУХАНИЯТ

Атақты тарихшы ғалымның мерейтойы. Атшаптырым мейрамхананың іші гу-гу әңгіме. Ыдыс-аяғы түгіл, бүкіл қабырға, төбесі түгелімен алтынмен апталған. Қаланың қапырық ыстығынан кірген адамға қоңыр-салқын леп ескен жұмақ мекен.

Дәуреннің жан-жағы түгел атақты жазушылар, бәрі жұбайларымен отыр. Бәрі де таныс-біліс, сыйлас адамдар. Әзіл-қалжыңы мәнді күлкіге ұласқан жайдары отырыс. Күнде қайталанатын күйбең тіршіліктен бір сәт  ажырап, әжептәуір сергіп қалған. Тек сол жағында отырған балуан денелі, сымбатына келбеті жарасқан қара-торының әдемісі дейтіндей жігіт ағасын бірінші көруі. Ешкімді жатырқамайтын әдетімен жөн сұрады:

– Арғы беттен келгем, атым Тәуке, мына отырған біздің үйдегі кісі, – дейді қасындағы аса салиқалы келіншегін меңзей. Дауысы бабындағы домбырадай биязы да жұмсақ екен. Тәуке нұсқаған, аса жоғары талғаммен киінген, қолындағы атақты қазақ зергері жасаған сақина білезіктері өзіне ерекше сән берген, басқа бір әлемнен келген тәрізді сұлуды тізімде көрсетілген столға жақындап келгенде-ақ байқаған болатын. Іштей әйелі өзіне сай екен деді. Әрі-бері өтіп жатқан адамдардың көпшілігі ерекше әйелге көз салмай өте алмайтын тәрізді. Ал бұл сұлуыңыз ешкімге тіктеп қарамайды, хан сарайында отырған ханым дейтіндей көркіне мінезі сай екені анадайдан көрініп тұр. Бір ағасының: «Әйелдің шын сұлулығы – үнсіздігінде», – дегені есіне түсті. Ел тарар кезде Тәуке екеуі телефон номерлерін жазып алысты. Шаруалары шаш етектен, ылғи қарбалас үстінде жүретін Дәурен осы күннен бастап жаңа танысын ойына жиі алғанымен оған біраз уақытқа дейін телефон соға алмады. Есесіне Тәуке өзі хабарласып:

– Ертең екінші шілде, домбыра күні болып жарияланыпты. Үйге келсеңіз, біраз кеңірек отырып әңгімелессек, – деген өтініш айтты. Дәурен көп ойланған жоқ.

Айтылған мекенжай бойынша қақпа алдына жақындағанда-ақ, іштен Тәуке шығып қуана қарсы алды. Үлкен залдағы керегелерге жағалай ілінгені бар, арнайы қаптамаларға салынып сүйеулі тұрғаны бар, қаптаған домбыраның бәрі Тәукенікі.

– Тентек шоқпар жинаса, мен домбыра жинаймын, – деп күлімдегені өзіне қатты жарасып тұр. Айнала жастықпен қоршалған  қазақы жатаған столда дастарқан мәзірі. Көшпенді қазақтың көзіндей болған оюлы, сырлы тостағандар алыстан жылы ұшырайды. Тостаған түстес тегенемен қымыз көтеріп ханым кірді. Аты Сәдет екен, сол баяғы үнсіз қалпы сырлы ожаумен екі тостағанға қымыз құйды.

– Жайлы отырыңыздар, мен сырттағы қазан-ошаққа барайын, – деп әсем жымиған қалпы кербез басып шығып кетті.

Бабында тұрған таңдаулы домбыра, бабына келген дәулескер күйші күй талғар емес, батыстан бастап, Арқаны көктей өтіп, шығыстан бір-ақ шығып жатыр. Сейтектің «Арманы», Есірдің «Қос айырғаны», Тәттімбеттің «Қосбасары», Қазанғаптың «Ақжелеңі», Дәулеткерейдің «Қаражан ханымы», Әшім, Қайрақбай, Бейсембі, Бәзғалам, Кәсімбай күйшілердің небір таңдаулы күйлері – Дәурен талай естіген, өңшең бір нәшіне келген, кербез де сылқым, ойлы да сазды дүниелер. Сиқырлы үнімен құлақ құрышын қандырған домбыра үніне риза болды. Осыншама мол қазынаға, баға жетпес байлыққа ие болған Тәукеге тәнті болды. Ханымның дәмді  асынан кейін аса ризашылықпен қоштасты. «Дарияның жағасында құдық қазбаны» білетін Дәурен күй тартқан жоқ, есесіне ойыңды онға, санаңды санға бөліп отырып жүрегіңді қытықтайтын «Салтанат», арынды күйлердің ішінде аттың жүрісімен бәйге алған «Көкейкесті», сыры қат-қабат «Сылқылдақ», сұлулығы мен назы қатар жарасқан «Құдаша» үйге келісімен домбыраға амалсыздан қол создырды. Бұрыннан етене таныс Тәуке деген есім құлағына сіңісті бола түсті.

***

Әз-Тәуке ханның көк күмбезді, салтанаты елден асқан  зәулім де көркем сарайының алды екен дейді. Сарай хауызының жанындағы ағаш көлеңкесінде отырған қарияны жазбай таныды. Төле би баба. Қасына келіп сәлем берді. Қарт сәл жылжып, қасынан орын ұсынды. Дәурен жайғасысымен көзін алыстағы бір нүктеге қадаған қария:

– Жарты әлемнің байырғы Ұлысының тақ мұрагері, қазақ, өзбек, қырғыз жұртының ұлы ханы, қазақтың есесін де, есебін де түгендеп еңсесін көтерген, осының бәрін қажыр-қайратымен білім-біліктілігімен қол жеткізген баһадүр Тәукеге кіруге жүрексінбейсің бе?

– Жоқ, ата, ол кісіге қоятын сауалым бар.

– Дұрыс екен. Бәрінен бұрын ел қамы, ұлт мүддесі, ұлыс бақыты дегенді көп күйттейтін, мансапқорлық пен қатыгездіктен ада, төңірегіне адал Тәуке сені ренжіте қоймас.

– Жүрексініп келгенім рас, көңілімді орнына түсірдіңіз. Сізді бұл жерден жолықтырғаным қандай жақсы болды.

Кетуге ыңғайланып орнынан тұрды. Қарт бұған асықпа дегендей белгі беріп, қайта отырғызды. Тағы да айтпағы бар екен:

– Ұлысты жөнге келтіріп, саяқ жүргенді де, теріс баққанды да қайырып әкеп, бір шылбыр, екі тізгінге әр жүздің қара қылды қақ жарған билер билігі арқылы бір кіндікке байлаған Тәуке осы. Әз-Тәукенің тұсында жұдырықтай жұмылғанымызға тәубесіне келіп, беті қайтқан жауымыз, өзімен-өзі жұлқысқан қазақтың басылған дауы куә. Сан руды бір ұлтқа ұйыстыруға жол ашқан, Шыңғыс бабаның кезінде «Жосық» деп аталған даналығын тағы бір паш еткен Тәукенің «Жеті жарғысы» куә.

Төле баба Дәуренге енді бара бер дегендей ойлы жүзін басқа жаққа аударды.

Қып-қызыл лағыл тасты, жалпақ шынтақ сүйері таза алтыннан жасалған биік тақта кесек денелі, ешкімге мысын бастырмайтын айбынды Тәуке хан. Бұл тақты бір жерден көрген сияқты. Есіне түсе кетті. Толының Қара-Тұмындағы Шыңғыс баба ордасындағы тақ. Өткір көздің отты жанарын бұған тіке қадап:

– Ешкімге ұқсамайтын ерекше бітімді бала екенсің, қайдан жүрсің?

– М, м... Айтудың өзі ыңғайсыз...

Тоғыз тыстың астындағыны көретін сұңғыла Тәуке тоқта, білем дегендей оң қолын сәл көтеріп:

– Бабаларым Шыңғыс қаған да, Жошы хан да нәріндердің – асыл тектілердің ішіндегі жауһары, ұлы тұяғы бола тұрып, оларды сендердің кертақыстарың «жоңғар», «қалмақ» деуге қалай дәттері барды екен? Жоңғар-қалмақ ата-бабамыз болса, олармен өмір бойы соғысып неміз бар? Қолымызға кіргізіп алып, қабағына қарап отырар едік қой. Кім де болса есектің миын жегеннің сөзін айтқан екен.

– Олардың сойыс малының заңды тізімінде басқа малмен қатар есек те бар.

– Бәсе, үстінен түсіппін. Мынаны қара, әкем Салқам Жәңгір, атам Сығай хан, оның әкесі Қасым хан, оның әкесі Әз-Жәнібек атанған Әбдісағит хан, оның әкесі Барақ, оның әкесі Құйыршық, оның әкесі Арыс хандар, оның атасы Жошы ханның Тоқайтемірінің Өзтемір деген баласының немересі Бадақұл. Бадақұлдың әкесі Қожа. Бұл аталғандардың қай жерінен жоңғар-қалмақ көріп тұрсың?

– Еш жерінен де!

– Ал Шыңғыс бабамнан ары қарай – Есукей – Бартан – Қабыл қаған – Түмен хан өте шешен адам болған. Оның әкесі Байсұңқар – Қайду хан – Дүтім мыңын – Бұқа – Боданжар – Тобан баян – Қали қожа – Самсашы – Жайдан – Қожам бурыл – Қайшы мерген – Тамаша. Тамашаның әкесі Баташы, әйгілі Бөрте-Шана баба мен Қауа-Марал ананың баласы. Егер бұл шежірені ары қарай жалғастырсам – Оғыз хан – Қара хан – Дайбақұй хан, оның әкесі Яфес атанған Әбілда хан. Ары қарай Нұқ пайғамбар – Адам-Атаға барып тіреледі.

– Хан, мұның бәрін қайдан білесіз?

– Қайдан білгені қалай, қазақ баласына тілі шыққаннан бастап шежіре үйретпей ме? Жоқ, әлде сендерде басқаша ма?

– М, м...

– Қиналмай-ақ қой, әлі-ақ түзелесіңдер.

– Айтқаныңыз келсін, Хан ием!

Тәуке орнынан тұрып, бұрыштағы ашық тұрған есікке беттеді. Дәуреннің тағы да айтайын деген сөзі, қоятын сауалы бар екен дейді.

– Хан ием!

Тәуке хан бұрылмады. Дәурен қатты шыққан өз дауысынан оянып кетті.

Данияр ӘЛБОЗЫМ,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтың иегері, этнограф

Сурет ғаламтордан алынды