ІЛИЯС ІЗІМЕН: ПУШКИНДІ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕТКЕН АҚЫН

Уақыты: 02.10.2019
Оқылды: 2067
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ілияс Жансүгіров қазақ әдебиетінің бүкіл  жанрына қалам тартқан   дарын иесі.  Қазақтың маңдайына Абайдан кейін біткен поэзия  ақтаңгері.  Он шақты жылда 40-тан аса кітап жазған шашасына шаң жұқпас жүйрігі.  Прозалық, драматургиялық жазбаларынан өзге,  «Күй», «Күйші», «Құлагер» сынды өлмес мұраны еліне тарту еткен қаламына адал  жан. Қазақстан Жазушыларының І съезінде «Көрнекті кітаптар жазу керек. Іштарлықтан шығып, дәуіріміздің керегіне жарайтын маңызды шығармалар беруіміз қажет. Әдебиетімізге әдепті, шынайы сын керек» деген еді ол. Ұлт пен әдебиеттің шын жанашырының сөзі емес пе?!

Санаулы күндерден кейін Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығы аталып өтпекші. Мерейтой қарсаңында облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен Ресейге барып, Ілекеңнің ізімен жүріп, жәдігерлерін тауып, қолмен ұстап көру бақытына ие болдық. Ұйымдастырушымыз Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай мен «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев. Олар Ресей жерінде ғылыми топтың алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасады.

Асылымыздың шығармалары мен жеке құжаттарын Мәскеу мен Петербордан іздестіруіміздің мәні бар. Ресей құжат жинау мен сақтауға өте мұқият ел. Оның үстіне 15 одақтас республиканы бір уыста ұстағанын ескерсек, мұнда барлық жәдігер болуы тиіс. Екіншіден, Ілекең 1925–1928 жылдары Мәскеуде мемлекеттік журналистика институтында оқыған.

Іздестіру нәтижесінде Ілияс Жансүгіровтің 30-дан аса кітабы мен 71 құжаты табылды. Экспедиция мүшелері, сондай-ақ, Ілекеңнің аз ғана ғұмырында қызмет еткен «Еңбекші Қазақ» және «Тілші» газеттеріне жазған мақалалары мен Мәскеудегі мемлекеттік журналистика институтында оқыған кездегі құжаттарын тапты. Газетіміздің үшінші санына шығып тұрған бұл хикаятта ақынның  Петерборда табылған кітаптары, тындырымды істері жайлы айтамыз. Алғашқы келгендегідей емес, етіміз  терістіктегі елдің өмірі мен жеріне үйреніп қалған еді.

Ресей Ұлттық  кітапханасының халықтар әдебиеті қорында оннан аса кітапты қолымызға ұстау бақытына ие болдық. Мысалы, табылған дүниелердің ішіндегі «Жол аузында», «Мін де шап», «Колхоз тойы», «Кек», «Одақ», «Мәйек», «Қазақтың театр өнері туралы» атты кітаптары аз данамен болса да елде бар. Бірақ, қолға түсе бермейді. Ал қазақ жерінде жоқ кітаптардан «Шәркей», «Балаларға базарлық», «Жұмбақ», «Өтірік» және «Жаңа жолда» атты еңбектері бізде сақталмаған. Себебі, өкімет тарапынан «Халық жауының»  шығармаларын өртеп-жағып, құрту туралы тапсырма берілген. Түздегісін түзден, үйдегісін үйден сандықты ақтарып алып кеткен. Бұл туралы әдебиетші Елдос Тоқтарбай «Ілияс мәңгілік сағыныш» мақаласында: «Анығында, 9 тамыз күні (1937 ж.) кешкісін үйге НКВД-ның үш офицері кіріп келіп, Ілиясқа ордерді көрсетіп, екі офицер өзімен бірге алып кетеді. Қалған жалғыз офицер үйдің астан-кестеңін шығарып, тінтіп, тексереді. Фатиманың байбаламына қарамай, сандықтағы қолжазбалардың бірнеше папкасын тәркілеп алған. Фатима да, балалары Жәнібек, Азат, Саят, Болат, Үміт, Ильфа сол күннен кейін Ілиясты ешқашан көрмеген. Ал офицер тәркілеген құжат, қолжазба қайда? Ұшты-күйлі жоқ. Ізім-ғайым». «Құлагер» жоғалған. Сол «Құлагерді» жастық қабының ішіне тығып алып қалып, осы күнгі мол мұраға қосқан жазушы, балалар әдебиетшісі Сапарғали Бегалин еді. Аға осы жолда басын бәйгеге тіккен. Қолына билік берсе туғанын жайратып салатын тексіздер Ілиястың өзі тұрмақ, мұрасын да түк қалдырмады. Жеке адамға қиянат жасағанмен халықтың мұрасына тимеу керек еді ғой дейсің әттеген-айлап. Орыстар тарихқа қиянат жасамаған. Ол ел игілігіне жазылған дүниелерді дос-дұшпан демей, үлпілдетіп осы күнге жеткізді. Жансыз болса да, жандыдан құнды дүниелер алақанымызды жылытты. Жүрек тұсымызға бастық. Бір жеріне сызат түспеген. Суға, желге тимеген. Бүгінде Ресей кітап қоры өздерінің экономикасына қызмет етуде. Біз сияқты қанша жұрт ағылып барып, жәдігерлерін тауып, сатып алып жатыр. Түпнұсқаны бермейді. Ұстап көргенімізге тәубе дедік. Өздерінің айтуынша, бұрын «бір көзіңмен» қарауға да рұқсат етпеген екен. Көрсеткенімізге рахмет айтыңыздар дегенді астарлап жеткізді. Балаңды басқа бауырына басып алғандай... Алтыннан да ардақты дүниенің электронды нұсқасын сатып алдық. Ақынның балаларға арналған әдебиетіне назар аудардық. «Одақ» пен «Балаларға базарлық» атты еңбектері бізде жоқ. Түйе, Қой, Жылқы деген өлеңдеріне назар аударып қараңызшы.

         Маң-маң басқан, маң басқан,

         Шудаларын шаң басқан.

         Екі өркешін қом басқан,

         Төрт аяғын тең басқан.

         "Шөк!"– дегенде, "бық!" – деген,

         Шешіп үйін жүктеген.

                         Қой

Ауылдың қойы бар,

Қойы бардың тоны бар.

Сауса, тәтті сүті бар,

Сойса, тәтті еті бар.

Жамылыш пен төсеніш,

Қойдан емей немене.

Шекпен, шалбар, қап, арқан

Содан емей немене.

                   Жылқы

         Шұрқыраған жылқыда.

         Шырқыраған құлын бар.

         Арқыраған айғыр бар.

         Оқыранған бие бар.

         Бәрінен де тай жақсы,

         Міне-тұғын балалар.

         Өлеңдері жып-жылы, ә.

         Жаттатуға да жеңіл. 

Жануарларға деген сүйіспеншілікті оятады. Ілекең бүлдіршіндерге арнап жұмбақ жазудың да шебері. Бір-екеуіне тоқталайын.  «Жетпіс кемпір жер тістеп жатыр». ("Киіз үйдің керегесі"). "Көк көйлекті жеңешем, Көлбең-көлбең етеді, көз ұшына кетед». (Түтін).

«Балаларға базарлық» кітабын парақтағанда түрлі түсті суреттермен өрнектеудің шеберлігіне тәнті болдық. Аң-құстың  тақырыпқа орай суретін әдемі, жылы салдырған. Қоян, түлкі, ит көркем бейнеленген. Бақаның өзі көз сүйіндіреді. Көбелектен көз айыра алмайсың. Табиғатқа сүйіспеншілік оятудың тәсілі. Керекті кітаптарды сатып алған соң  көңіліміз өсіп, экспедицияны ұйымдастыру тобына бет алдық.

Петербордағы соңғы күнді демалысқа арнадық. Тарихи қаланың көркем келбетін келіп тұрып, қызықтамау күнә. Ұлы Отан соғысында Петербор 29 ай бойы неміс әскерінің қоршауында тұрған. Содан қалған жан-жарасы әлі де жазылмапты. Тұрғылықты халық көзін ашқаннан тарих ақтаңдағына  куә. Сондықтан да болар петерборлықтар кішіпейіл, оқу-білімге құмар. Таксистері мен қонақүй қызметкерлеріне дейін әзіл-қалжыңға бейім, әңгімешіл. Қонақ күтіп үйренген шаңырақ сияқты. Көшеде эскимос ұлтының өкілінмен кездесіп қалдық. Өзі келіп амандасты. «Біздің түбіміз бір. Мен «юрта» деген қоғам құрғанмын, – деп ағынан жарылып әңгімесін төгілтіп жатыр. Дүниетанымы кең Ғабекең, Ғабит Тұрсынбай: «Бүгінде сандарыңыз қанша?» дегенде: «Бес мың бармыз»,– деді эскимос апа. Ол ұзап бара жатқанда Ғабекең: «Е, Жаратқан қазақты азайып кетуден сақта» деп қолын кеудесіне қойып, тәубе аралас, арман-тілегін Жаратушыға арнады.

Исаакиевскі шіркеуінің тіреуішіне снаряд оғы тиіпті. Біраз  аумағы зақымданған. Соғыстың таңбасы! Шіркеудің құрылыс материалы табиғи заттардан. Кәдімгі таудың тасын сол күйінде әкеліп тіреуіш жасаған. Ұзындығы бірнеше метрлік тасты қалай  қашап, сулы жерге тұрғызған? Адам айтса сенгісіз. Саз балшықтың үстіне салынған қаланың жұмбағы көп. Шіркеу қабырғасына «Бұл жерге снаряд жарқыншағы тиген» деген жазу жазып, аумақты қоршаумен қоршап қойыпты. Оған күн сайын жаңадан  қиып әкелінген гүл шоғын қояды екен. Міне, өткен күнді, Отан үшін жан бергендерді құрметтеу мен есте сақтаудың үлгісі! Ленинградты жаудан азат етуге Қазақстан халқы да  көп көмек көрсеткен. Қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім!” атты жырында

         Ленинградтық өренім!
         Мақтанышым сен едің!
         Нева өзені сүйкімді!
         Бұлағымдай көремін
, – деп келіп отандастарын  жауға бермейтінін:

         «...Саудыратып сүйегін,
         Топыраққа көмгелі.
         Қазақстан жерінен,
         Тұтағандай ел кегі.

         Жолды кернеп қол кетті,
         Сендерге дем бергелі,
         Нева алабын қорыңдар
         Ленинградтың ерлері
», – деп жырлаған. Орыс халқы   қазақтың осы бауырмалдығын ұмытқан жоқ. Қалада Жамбыл Жабаев пен Әлия Молдағұлова атында екі көше бар. Бүгінде қала тұрғындарының саны 10 миллионға жуықтапты.
І Петр патшаның сарайы байлықтың символы. "Дворцовой площадқа» келіп, қызықтап, таң-тамашаға бөленіп жатқан адамда шек жоқ. Алаңда Петр мен Елизаветаны сомдаған әртістер мол ақшаға кенелуде. Қасына жақындасаң дауысы және қылығымен баурап алған «тарихи тұлға» қасына тұрып суретке түскеніңе «әкесінің құнын» алады. Қандарына алу сіңіп қалғандай. Бір кезде біздің елден де осылай салық жинады-ау! Қазіргі сәулетті үйлер І Петр салдырған ғимараттардың астарына да келмейді.    Қазақтың алғашқы баспасөздерінің бірі саналатын “Серке” газеті Петерборда жарық көргені қазаққа зиялыларының арман-мақсаттарын осы қасиетті жерде тоғысқанын байқатады. Санкт-Петербургтың жоғары оқу орындарында біздің елден Бақытжан Қаратаев, Барлыбек Сырттанов, Жақып Ақбаев, Сергей Лапин, Мұстафа Шоқай, Бақтыкерей Құлманов сынды зиялылар білім алған. Санкт-Петербургтың Императорлық университетінде Әлихан Бөкейхан, Императорлық орман институтында, Мұхамеджан Тынышпаев, Императорлық жол қатынасы институтында, Санжар Аспандияров пен Халел Досмұхамедов Санкт-Петербург Императорлық әскери медициналық институтында білім алған. Айтпақшы, Петерборға барғанда Елдос Тоқтарбайдың кластасы Саямен кездестік. Ол 2009 жылы оқу іздеп барып, қалып қойыпты. – Бұл жақтан кеткім келмейтінімнің себебі, біліміңді бағалайды. Мамандығыңды жақсы меңгерсең деңгейіңе қарай өмір сүресің. Басшылар қызметке құда-жегжат, іні-қарындас, туған-туысын жинамайды, – деп  ойының астарын жеткізді. Сая бізге қаланың барлық көрікті жерлерін аралатты. Ақкөңіл, биязы ауыл қызының бауырмалдығына риза көңілмен қош айтыстық. Петерборда мұсылман мешітініне барып, дұға жасап, садақа бердік. Жалпы Петерборда 4 мешіт бар екен. Біз барған мешітке орталықта болғандықтан зиярат етушілер аяғы толастамайды екен.  Қайтуға екі сағат қалғанда Царское селосына табан тіредік. Қимас шақ. Петерборды Ілекең де жақсы көрген. Тағы да Елдос зерттеушінің «байлығына» қол сұғайын. Ол ақынның 1937 жылғы 7 қаңтарында Орталық комитетке жазған өмірбаянын тапқан еді. Онда: «…Я не участовал в революционным движении и ни в какой партии раньше не состоял. В коммунистическую партию я поступил в 1927 году, в ячейку ВКП(б) при Гос.институте журналистики. Меня рекомендовали в партию: Кошкунов Идрис, Бабаев, Гончаров, Липецкий и др. В оппозициях и антипартийных группировках не участвовал. Под судом не был до и после революции, а также не был в армии белых. Важнейшие моменты моей автобиографии могут подвердить т.т. Кошкунов И., Бабаев Ю., И. Чукенова. Они меня знают с детства и из периода общественной работы. Я очень хорошо чувствую себя, здоров. В основном занят литературной работой, и она мне доставляет большое удовольствие» (ҚР ОМА,1368 қор, 3 тізім, 64 іс), – деп жазған. Түсініктемеден ақынның жыл басталысымен-ақ қыспаққа алына бастағандығын байқаймыз. Ол кезде Ілекең шығармашылыққа барынша ден қойып, Пушкинді аударып жүрген кез еді. Петербордағы соңғы сағаттарымызда Пушкин қаласына барып, бауырымыз жүрген  жерге тәу етуіміздің себебі осы. Мына көркем әлемді тамашалауды ақынға қимаған екен ғой дейміз тұлпардан тұғыр озған заманның әділетсіздігіне налып. Кеш бата бастады. Елге қайту керек. Ілиястың ізі қалған топыраққа қимастықпен, құрметпен қарап электричкаға міндік. Кетіп бара жатқанда Пушкин қаласындағы өзеннің жағасында Ілекеңнің «Шилі өзенін» бір шырқамағаныма өкіндім. Айтылмаған әнім қалғандай... Мүмкін, тағы да жол түсудің нышаны шығар... Алда,  Алаш ардақтысының жерінде бізді үлкен міндет күтіп тұр. Ол Ілекеңнің кітаптарын қайтадан бастырып, көпке ұсыну. Ел де, жұрт та аман болса екен!

 Гүлжан Тұрсын
Санкт-Петербург 
Ресей Федерациясы