ҚАРАҒАНДЫ БИІГІНЕН ҚАРАҒАНДА: ӘДЕБИЕТШІЛЕРДІҢ ҚЫЗЫҚТЫ САПАРЫ

Уақыты: 04.10.2019
Оқылды: 1454
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қарағанды – қазақтың қарабарқыт даласы. Қара алтынға ғана емес, қара өлеңге де бай топырақ. Қазаққа Қасымды сыйлаған мекеннің «ақын келе жатыр» десе ақшуақ самалы есіп, ақеділ пейілі бүр атады. Оған дәлел мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуына орай республикалық жас ақын-жазушылар форумы. Өлең өлкесінде енді көктеп келе жатқан жас қаламгерлердің Арқаға жиған мөлтек жиынның маңызы мен мәні зор. Екі күнге созылған шараның басы-қасында біз де болып, облысымыздың әдеби ахуалың баяндап қайттық.

Талдықорғаннан Арқаға барар көлік болмағандықтан, Алматы – Қарағанды пойызына отырдық. Купеде төртеуміз. Қасымызда жастар сүйіп оқитын дарынды ақын Ерлан Жүніс пен әдебиетші Қозыбай Құрман да бар. Алдымызда бір тәулік жол. Уақыт біздің дәргейімізде. Не де болса жол қысқартайық деген оймен әзіл әңгіме айтуға көштік. Дабырласып отырмыз. Бір уақытта купеге Маралтай Райымбек кіріп келді. Бір ғана «Әдиләсімен» мыңдаған оқырманның (оның ішінде бізде бармыз) сүйікті ақынына айналған қаламгердің бізбен сапарлас болғаны көңілімізді бір жадыратып салды. Бос сөзді ысырап қойып дауылпаз ақының есті әңгімесін тыңдап бардық. Ұзақ жолымыз екі аттам жердей өтті де кетті. Бұл сапардың ең бір тамаша сәтінің бір үзігі ғана болды.

Жастар жылы аясында елімізге танымал жас қаламгерлерді арқа төсіне жинап, аға буын мен жас толқынның арасындағы сабақтастыруды көздеген форум Қарағанды облысы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Ашылу салтанатында алғашқы сөзді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов алды. «Қазақ әдебиеті – ұлттың төлқұжаты іспеттес. Оның тарихы мен тамыры тым тереңде жатыр. Өткенді еске алып, мен бір ғана кезеңді тілге тиек етсем деп едім. ХХ ғасырдың екінші жартысында елдің әдебиетке деген ықыласы ерекше зор болатын. Бұл – «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» деген атпен тарихта қалды. Соғыстан кейін күйзеліп, жүрегіне қан қатқан халықты, жетімдер мен жесірлерді сөз құдіреті мен кітап киесі, қаламгерлер таланты қиындықтан алып шықты. Әдебиет халықтың рухын оятып, еңсесін тіктеді. Фариза Оңғарсынованың сөзімен айтсақ, «Поэзия – халықтың қаны, қасіреті, мұрасы, жарық таңы. Жыр – халықтың тағдыр үні, ақын ұрпақтардың, заманның шын сенімі», - деді ол. Билік тарапынан әдебиет жайлы жылы сөз есту – жүдеу көңілімізге демеу болғандай.

Форумдағы алғашқы жағымды жаңалық – Қазақстан Жазушылар одағының жас қаламгерлермен толығуы болды. Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан төраға Ұлықбек Есдәулеттің құттықтауын оқып, бірқатар ақын-жазушыға мүшелік билеттерін табыстады. Олардың арасында қарағандылық Жанат Жаңқашұлы, астаналық Олжас Қасым, қостанайлық Абылай Мауданов және көкшетаулық Жарқынбек Амантайұлы бар.

Бұдан кейін сахнаға белгілі ақын Исрайыл Сапарбай көтеріліп, оқырман мен қаламгер арасында жіпсіз байланыс болуы керектігін айта келе, «Ақындар – рух сарбаздары. Қасиетті Құран Кәрімде «Рух Алланың әмірінен! Рухқа қызмет – адамзаттың мойнындағы аманат», – делінген. Қазақтың ақыны болу – ұлы мәртебе», – деді. Ал, Серік Ақсұңқарұлы: «Әдебиетке келген адам мөп-мөлдір, тап-таза болып жүрегін ұстап келуі керек. Дүниежүзі халықтарының әрқайсысының өз құпиясы болады. Қазақтың құпиясы – қара өлең», – деп, жиырма жасында жазылған әйгілі өлеңін оқып берді:

Дала десе жарқ етер – ерлік деген бір өлең,

Дала десе жарқ етер – кеңдік деген бір өлең!

Мархабатым шығар-ау – Махамбеттің туғаны,

Ер ұлдарым болмаса, ез екем деп жүрер ем.

 

Дала десем жарқ етер – ұлылық деген бір өлең,

Дала десе жарқ етер – сұлулық деген бір өлең.

Арман шығар даламда – Абайымның туғаны,

Абайларым болмаса, ақымақпын деп жүрер ем.

 

Тарих стадионы – дала!

Тәні қан-жоса.

Жалт қарады ұлына ол көңілін тұман торласа!

Батырлары болмаса – қорқақ бүкіл адамзат,

Ақымақ бүкіл адамзат – ақындары болмаса!

«Ұшқын» деп аталған уақытында Сәкен Сейфуллин еңбек еткен қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі «Сәкен мен Алаш» ұғымына кеңірек тоқталып, тойын тойлау үшін емес, ойлау үшін қажет екенін айтты. «Сәкен қазақтың бас газеті «Еңбекшіл қазақ» газетін басқарған. Басқара жүріп, қазақ атауын қайтару жөнінде, Наурыз мерекесі туралы, қазақ тілін кеңсе тіліне айналдыру төңірегінде тоғыз мақала жазған екен. Алаштың ардақтыларын жанына жинай жүрді. Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығын өткізді. «Біздің барлығымыз бас сауғалап жүргенде, ұлттың жоғын түгендеген – Ахаң еді» деп үлкен баға берген мақаласын жазды. Осы орайда Сәкен мен «Алаш» егіз ұғым. Алашшыл болу үшін «Алаш» партиясына мүше болу шарт емес. Кейде тұлғаларды бір-біріне қарсы қойып жатады. Меніңше, Сәкен нағыз Алашшыл тұлға. Сәкенге айып тағылғанда – «Еңбекшіл қазақ» газетінде жазған мақалалары басына сырық болып тиді. Сәкен «Тар жол, тайғақ кешуінде» Алаш мұратын там-тұмдап болса да, жеткізгенін көреміз. Біз Мұстафаның атын, Әлиханның атын Кеңестік кезеңде Сәкеннен оқып білдік. Сәкен оларды жеткізуде шебер тәсіл қолдана білді», – дей келе, «Егемен Қазақстанның» жастарға және әдебиетке көп көңіл бөліп келе жатқанын айтты.

Форум жұмысы одан әрі «Қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің бет-бейнесі және рөлі» тақырыбындағы «дөңгелек үстелмен» жалғасты. Жастар шығармашылығы жөніндегі негізгі баяндаманы ақын Гүлнар Салықбай жасады. Маралтай ақынша айтсақ, «Гүлаға» баяндамасын Белинскийдің «Өлең жазу – оңай, бірақ, ақын болу – қиын», Пушкиннің «Сөз ұйқастырғанның бәрі – ақын емес», Төлеген Айбергеновтің «Ақын боп ғұмыр кешіру – оңай деймісің, қарағым», Жұматай Жақыпбаевтың «Мен – ақынмын» деп айтуға ыңғайсызданамын, ол «Жақсы адаммын» деген секілді естіледі екен», – деген сөздерімен бастап, «Ақындық өнер ме әлде өмір салты ма?» деген сауал тастады.

Гүлнар Салықбай өз баяндамасында жас ақындар арасында кездесетін кейбір кемшіліктерге тоқталды, сол кемшіліктерді түзетіп, шығармашылық шеберлікті шыңдауға байланысты кеңестер берді. Ақынның сөзі жастарға қаратылып айтылды. «Сөз өнерімен айналысқаннан кейін жауапкершілікті сезінсеңдер екен. Келген ойды қағаз бетіне түсіріп, жариялауға асықпаңыздар. Өлеңді «суытып» алғаннан кейін тағы бір қарап шыққан артық болмайды. Жастар алдыңғы буынның қателігінен сабақ алса екен. Ақын жүрегін тыңдауы керек. Сонда ғана бұл қым-қуыт заманда жан дүниеңді аман алып қалуға болады. Жастар біреуге еліктеп жүріп, өздерін іздеп тапса екен. Жастарға айтарым, тіл тазалығын сақтау – басты міндет. Батыста ұйқастан бас тартып жатыр. Олар ұйқасты өлең – балалардың шатпағы деп қарайды. Қазіргі жастар арасында ақ өлең үлгісін көп байқадым. Ол жастыққа тән ізденіс. Бірақ, жастар форманың артында емес, алдында жүрсе екен. Жастар өлеңге де, өзіне де адал болса екен» деген өтініш-тілегін жеткізді ақын.

Қазақстан Жазушылар одағы Елорда филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қаламгерлер аллясында» Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің ескерткіші ашылатынын сүйіншілей жеткізді.

Серік Ақсұңқарұлы көтерген қаламақы мәселесіне қатысты ой өрбіткен Дархан Қыдырәлі: «Қаламгер тек қана қаламақыға сеніп күн көремін деп ойламауы керек. Ол газетте, сайтта тағы басқа жерлерде жұмыс жасап, күн көруі міндет. Жас қаламгерлер еңбекқорлыққа бейім болғаны жөн», – деді.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат қазіргі қазақ әдебиетінде кенже қалып келе жатқан жанрларға тоқталып, жастарды драматургияға қалам тартуға шақырды. Сонымен бірге, әдеби сынға тоқталды. «Сынды көтере білу, қабылдай білу – өте маңызды. Және де сынды айта білу керек. Ол өте үлкен мәдениеттілікті талап етеді. Сыншы өте білімді болуы керек, оқуы керек. Автордан да терең болғаны жөн, оның шығармасын аша алуы қажет. Күні кешегі Таласбек Әсемқұлов пен Әмірхан Балқыбектер – сыншылықтың үлкен мысалы», – деді ол.

Дәурен Қуат Жазушылар одағы ішкі секция жұмыстарын күшейтетінін айтты. Жазушының сөзінше, ішкі әдеби процесті дамыту керек. Ол үшін поэзия секцияларын әртүрлі өңірлермен тікелей бейнежелі арқылы өткізу қолға алынбақ. Соның әсерінен Алматыға келмей-ақ, әр өңірдегі қаламгерлердің үнін тыңдау мүмкін болмақ.

Жазушы қаламгерлердің бір-бірінің шығармашылығымен жете таныс еместігін де айтып қынжылыс білдірді. «Кітаптың тиражы азайғанын, кітап оқылмайтынын  айтамыз. Бірінші өз арамызда әдеби, шығармашылық процесті дамытып отырсақ, бір-біріміздің кітаптарымызды оқысақ – оқырман қызығушылығын арттырамыз деп ойлаймын», – деді ол. Сонымен бірге, жастардың аға буын өкілдерінен не бір дұрыс пікір-сын естімегенін, не бір жөнді баға алмағанын да айтып өтті. Дәурен аға буынаралық қарым-қатынасты қалпына келтіруде жастар мен аға толқын бірлесе жұмыс жасау керектігін айтып, сөзін аяқтады.

Ал, жазушы Аягүл Мантай Мәскеу қаласындағы «Әдебиет институтында» оқу – өзін қанағаттандырмағанын, қазақ қаламгерлерінде көптеген комплекстер барын айтып, бір ғана кемшілікке тоқталды. «Мәскеу ақын-жазушыларының өткізген көптеген кездесу кештерінде болдым. Сонда талай танымал қаламгерлерге, көп болса, отыз адам келетініне көз жеткіздім. Және олар, неге аз жиналды деп бас қатырмайды. Өзін түсінетін, оқитын, білетін оқырмандарымен әңгімелесіп, сырласып отырады. Ал, бізде бір ақын кеш өткізсе, залдың көрерменге толы болғанын қалайды», – деді жазушы қыз.

Ақын Танакөз Толқынқызы мемлекет немесе меценаттар тарапынан әдеби стипендия тағайындау туралы ойын ортаға салды. «Біз, қаламгерлер, есептедік, айына 1300 доллардан төленсе, бір жылда жұмсалатын қаржы алты миллион теңге болады екен. Осы қаражатты төлей отыра, қаламгерге келісімшартпен кітап жазғызса. Кітап жазылып болған соң, оны БҰҰ-ның ресми алты тіліне аударып, әлемнің алты елінде және Қазақстанда презентацияларын жасауға, сол елдердегі беделді эксперттерге баға бергізуге болады. Бұл әдебиетті Қазақстанда ғана емес, әдемдік деңгейде көтерудің тікелей жолы. Мұндай жобада жауапкершілік өте үлкен. Өйткені, оның сұрауы бар. Бірақ, ең басты талап – кітап еркін тақырыпта жазылуы, шектеу қойылмауы керек. Қаламгер келісімшартпен стипендия ала отырып, өз мүмкіндігінше кітапты бір жылда жазып шығады», – деді Танакөз ақын.

«Дөңгелек үстелді» жүргізген ақын Жанат Жаңқашұлы «Қасым Аманжолов атындағы әдеби сыйлық» тағайындау және «Мектеп қабырғасында әлем әдебиетін қазақ тілінде оқыту» туралы баяндама жасады. «Мектептерде «Орыс әдебиеті» бар. Орыс әдебиеті – әлем әдебиетінің бір бөлшегі ғана. Сондықтан, біз әлем әдебиетінің озық үлгілерін қазақ тілінде оқуымыз керек. Сонымен бірге, алдағы 5 жылда әлем әдебиетінен сабақ беретін сауатты кадр даярлау мәселесін шешу міндет», – деді ол.

Ал, жастар атынан сөз алған Батырхан Сәрсенхан: «Іштарлық та, шоуға еліктеу де, орыстың ықпалынан, шырмауынан шыға алмау да – білімсіздіктен. Сондықтан біз мейлінше білімді болуымыз керек. Екіншіден, немқұрайлылық бар. Мұхамед Салықтың: «Аспан қалай тітіренбесін, Жер қалай күңіренбесін? Сен көріп тұрып көрмесең, сен естіп тұрып, естімесең!» деген бір өлеңі бар. Жастардың кейінгі кезде шығып жүрген кітаптары жайлы тұшымды пікір берілген мақалаларды мен оқыған жоқпын. Үшіншіден, әр қалада ағылшын, түрік, тағы басқа тілдерді үйрететін әдеби курстар ашу керек», – деді.

Форум түстен кейін семинар-тренингтерге жалғасты. Қатысушылар екі секцияға  бөлініп, «Қазіргі заманғы поэзия» және «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі ағымдар» тақырыптарын талқылады. Біз белгілі қаламгерлер Исрайыл Сапарбай, Дидар Амантай, Ерлан Жүніс жетекшілік еткен екінші секция жұмысына қатыстық.

Бұнда Исрайыл Сапарбай ақынның шығармашылық өмірбаяны бай болу керектігін тілге тиек етті. Ал, Ерлан Жүніс: «Ақын – не талантты болады, не талантсыз болады. Не жаза алады, не жаза алмайды. Басқа жол жоқ. Ақын білімді болғаннан жазып кетеді, өмір тәжірибесі оны ұлы ақынға айналдырады деген нәрселерге сенбеймін», - деді Ерлан Төсбайұлы.

Бізге жазушы Дидар Амантайдың жаңа әдебиетке қатысты жаңа ойлары ұнады. «Кино ескіреді, кітап ескірмейді» деген сөз бар. Ескі кітап деген ұғым жоқ. Ал, киноның ескіретіні, ол технологияға тәуелді. 50-60-шы жылдары шыққан киноны қазір ешкім көрмейді. Ал, ХVІІ ғасырдағы жауһар кітаптарды әлі оқимыз, іздейміз, табынамыз. Компьютерге тәуелділік – адамның ойлау жүйесіне, дүниені қабылдауына әсер етеді. Мысалы, біз экранның жоғарғы жағындағы немесе төменгі жақтағы мәтінді көрмейміз. Әлемді экранның көлеміндей ғана қабылдаймыз. Білімнің интернетте шоғырлануы адамның ақыл-ойына, шығармашылығына қатты әсер етті. Мысалы, кез келген сөздің мағынасын «гуглдан» іздеп тауып аламыз. Оны басымызда сақтап алудың қажеттілігі жоқ. Бұл – шығармаларды біркелкілендіреді.

Модернистер ХХ ғасырда жаңа қағида ұсынды. Соның біреуі – сөз қысқа, сөйлем ықшам, әрекет анық болу керек. Қазақ прозасында мынадай сөйлемдер өте көп: «Ол терезенің алдына қалай барғанын білмей қалды». Ол неге білмейді? Есінен танып қалған жоқ қой. Жазушы сол әрекетті жазуға ерінеді немесе қолынан келмейді. Егер жазушы сол әрекеттерді нақты жазатын болса, шығарма қызықты болады. Теңіз туралы шығарма болса, балықтың иісі шығып тұруы керек. Кез-келген шығармада сөз нақты, дәл болуы және қолданылуы керек. Адам неғұрлым көп сөз білсе, ойын соғұрлым дәл жеткізеді. Дәлдік математикадан бұрын әдебиетке қажет.

Біз кітапты қалай сатуды емес, кітапқа деген махаббатты оятуды ойлауымыз керек. Ол үшін кітапханаларды заманауи тұрғыда жасақтау керек», – деп Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы кітапхананы мысалға келтірді. «Онда кітапты қалай оқығың келеді, жатып оқимын десең де, отырып оқимын десең де, барлық жағдай жасалған», – деді Дидар Амантай.

Біз, секцияға қатысушы жиырмадан аса жас ақын, кезек-кезек өлең оқыдық. Ақсақал ақын Исрайыл ағаның  ақ батасын алдық.

Форумның екінші күні Абай Құнанбайұлы мен Қасым Аманжолов ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Бұдан кейін Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейіне экскурсия жасадық. «Қазақстандағы ашаршылық», «Шаруашылық жұмыстары», «Әйелдер мен балалар», «Қуғындалған ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстары», «Есімдер мен тағдырлар», «Мәдени-көпшілік жұмыстар», «ҚарЛаг-тың кітапханасы», «30-50-ші жалдардағы халықтардың жер аударылуы», «Қуғындалған суретшілер» секілді бөлімдерді тамашаладық. Сонымен бірге, музей жертөлесінде орналасқан тұтқындарды тергеу, азаптау, жазалау орындарын, бөлмелерін, зындандарды, жатар орындарды өз көзімізбен көрдік. Музейге кірген уақыттан аурасы мен атмосферасы адамның еңсесін езе түсетінін бірден аңғардық. Менің ғана емес, жас-кәрі қонақтардың барлығының жүзінен күлкі қашып кеткендей болды. Музейді аралап болған соң, сыртқа шыққан уақытта әркім өз ойымен өзі болып, біразға дейін ес жия алмай тұрғандай әсер қалдырды. Тіпті, қарағандылық ақын Қайрат Асқаровтың көзіне жас алып отырғанын байқадық. Ойымызға Ғалым Жайлыбайдың «Қарағанды лагері – қара орамал, жиырмасыншы ғасырдың басындағы» деген реквиемі орала берді.

Форум барысында қатысушы жас ақындар Қарағанды қаласындағы барлық жоғары оқу орындарында оқырмандармен кездесу өткізді. Біз, Қозыбай Құрман үшеуміз танымал ақын Ерлан Жүністің бастауымен Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне бардық. Университет ішінен құрылған «Жас қалам» ақындар клубының ұйымдастыруымен өткен жыр кешінде студенттердің сауалдарына жауап беріп, өлең оқыдық, оқырманмен сырластық. Бізден бөлек, студент жастар да жыр-кезегін алды.

Форум жұмысы Қарағанды қаласының орталық мәдени-демалыс саябағында өткен Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған гала-концертпен түйінделді.

Сыр сандық ашылған осынау форум ойласу һәм кеңесу үшін, ой жарыстыру, пікірлесу үшін таптырмайтын мүмкіндік болды. Қарағанды форумы қазақ әдебиетінің болашақтағы бағыт-бағдарына оң әсер етер деген сенімдемін. Екі күндік шығармашылық сапарда Жүрсін Ерман айтқандай «Қарағанды – Қазақстанның шаңырағын тіреп тұрған қара бақан екеніне» көзіміз тағы бір мәрте жетті. Ең ғажабы семейлік Бауыржан Игілік пен маңғыстаулық Еділбек Дүйсеннің тұңғыш рет шығармалар жинағы «Қасым» сериясымен жарық көретін болды. Ал, біз облыс әкімінің қолдауымен шыққан кітабымызды қалам ұстаған жастарға сыйлап қайттық.

Мұхтар КҮМІСБЕК

Қарағанды облысы