ҚОЖАБЕРГЕН БАТЫР ЖӘНІБЕКҰЛЫНЫҢ ЗИРАТЫ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 04.10.2019
Оқылды: 1225
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ тарихында ойып алар өзіндік орны бар тарихи оқиғаларға толы аса бір тартысты кезең Жоңғар хандығының (1635-1757)  жойылар тұсы болса керек. Ойрат шонжарларының арасындағы тақ таласынан туындаған бүлікті өз мүддесіне тиімді пайдалана білген Абылай сұлтанның көреген саясатының арқасында, бабалар мекендеген көне жұртқа қайтадан иелік ету мақсатын көздеген батырларымыздың Алтай мен Тарбағатай тауларын бөктерлеп, Іленің бойын өрлей қоныс қылуға  ұмтылған кездері де сол уақыт. Баһадүр бабалардың сол кездердегі жорықтары жайлы ел ауызындағы тарихи аңыз әңгімелермен қатар, арнайы қатталған жазбалар Ресей империясы, Цин патшалығы мұрағаттарында көптеп сақталынған-ды. Мұрағат істерінің ашылған беттерін негізге ала отырып жазылған ғылыми еңбектер де жетерлік. Десек те, осы бір шиеленіскен кезеңнің шынайы келбеті әлі де толыққанды зерттеулерді қажет ететіндігі сөзсіз.

Аталған кезеңде тарих сахнасына шығып есімі ел есінде қалған кесек тұлғалардың бірі – аталық шежіресі он екі атадан тұратын Абақ керейлерінің Шыбарайғыр тармағынан тарайтын батыр – Қожаберген Жәнібекұлы (1698-1785).

Қадым замандардан бері ел басқарған көсемдер, даңқты жауынгерлер, бақсы-балгерлер тәрізді ел жадында айырықша орны бар тұлғалардың жерлеу ғұрпына аса мән берілгендігі археологиялық қазба нәтижелерінен аян. Құрбандыққа жылқылар шалынып, мініс тұлпарларымен қоса жерленгендігін, батыр бабаларының рухына арнап тастан мүсін қашатқандығын арнайы зерттеулер растайды. Бабалар сүйегі жатқан жерлерді кие тұту ертеден келе жатқан үрдіс еді. Кей жағдайда аталарының басы жатқан жер белгілі бір рудың көшіп-қону аймағының шекарасын аңғартқан кездері де болғандығы белгілі. «Атаңның басы бар ма?!» деген түсінік сол кезеңдерде қалыптасқан-ды.

Қазақтың біртұтастығы мен амандығы, іргесінің бүтіндігі жолында жанын құрбан еткен ерлердің еңбегіне тереңірек зерттеулер жүргізіп, сүйегі жатқан жерлерін тауып, рухына тағзым ету ұрпақтар алдындағы азаматтық борыш екені де белгілі. Сол себепті, шыбарайғыр руының ұраны болған Қожаберген батыр сүйегі жатқан жер бабалық шежірелер болжамы ізімен және тарихи нақты жазба деректерге сүйене отырып іздестірілген-ді. Шетте жүрген ұрпақтарының есінде қалған шежіре деректер батырдың сүйегі «Қалбаны жайлап, Ертісті күзеп, Тарбағатайды қыстап» жүрген тұста қалғандығын меңзейді. Жүргізілген ізденістер мен этнографиялық сауалнамалар нәтижесін  жүйелей келгенде Қожаберген батыр зираты Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданына қарасты Танамырза елді-мекенінің шығысынан ағып өтер жаңа Қарғыба өзенінің  оң жақ қабағындағы жардың үстінен табылып отыр.

1756-1767 жылдар аралығында хатқа түскен Цин патшалығының мұрағат құжаттарға үңілсек Қожаберген батыр мен Жоңғар хандығының соңғы қоңтайшысы, хойт нояны Әмірсана жайлы деректер көптеп кездеседі. Қытай  құжаттарында Әмірсанаға қатысты қазақ билеушілерінің ұстанымдары, Абылай ханның билігіндегі Орта жүз рулары мекендеп жүрген жерлер мен сауда және дипломатиялық қарым-қатынастары жайлы  қазақ-қалмақ, цин-қазақ арасындағы жағдайларға қатысты көптеген тарихи деректер кездеседі. Осы құжаттардың бірқатары біз сөз етіп отырған  Қожаберген батырға да арналыпты. Құжаттарды мәнжу-қытай тілдерінен аудара отырып ғылыми айналымға тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженханұлының 2017 жылы жарық көрген «Қожаберген батыр» еңбегі аталған он бір жыл аралығында орын алған түрлі оқиғалардан тарихи тың мағлұматтар бере отырып, ресей дереккөздері негізінде жазылған А.И.Левшиннің «Описание-казачьих или киргиз-кайсацких, орд и степей», В.А.Моисеевтің  «Джунгарское ханство и казахи XVII-XVIII в.в» т.б. авторлардың жазбаларымен сол кезеңдегі оқиғаларды  сабақтастыра қарастыруға мүмкіндік тудырады.

Астана қаласында 2018 жылы Қожаберген Жәнібекұлының 320 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала батырлары» атты дәстүрлі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдар  жинағында  да аталған тұлғаның жүріп өткен жолы жайлы көптеген деректер талқыланған.

Алдағы уақытта ізденімпаз ғалымдар еңбегінің  нәтижесінде осы бір күрделі кезеңге қатысты тарихтың тың беттері ашылып сан алуан деректермен толыға түсері сөзсіз.

Жоғарыда аталған  «Қожаберген батыр» еңбегінде иелігінде керей елінің бір мың түтіні бар Қожаберген және тағы басқа батырлардың көрсетілген уақыт аралығында Цин шекара қызметін атқарушылардың  қоқан-лоққысына қарамастан Тарбағатай тауының теріскейі мен күнгейінде, Зайсан көлінің маңындағы жайылымдық жерлерде көшіп жүргендігі жайлы деректер қытай мұрағаттарында көптеп кезігетіні айтылады.

1771 жылы Өскемен бекінісінен Ертіс өзенінің арғы бетіндегі Шар-Гурбан өзеніне және аталған өзеннің жоғарғы жағындағы Бұланай немесе Ұлыны аталатын жотаға, одан ары Бөкен, Шегелек өзендерінің жоғары жағындағы шатқалдар мен тағы басқа жайттардың кейбіріне құпия тыңшылық жүргізуге жіберілген казак атаманы Волошин басшылығындағы топтың деректерінде «...шілденің 9-күні Қарасу өзенінде түнеп шығып, таңғы алтылар шамасында тегістеу келген тау беткейімен жүрісімді жалғастырдым, ол арадан ұзағаннан соң, қолымның сол жағындағы жері жазықтау болып келетін бір қырды асып сай арқылы Шар-Гурбан өзені ағып жатқан алқапқа шығып, сол арқылы Қызылжар аталатын тастақты жерге бардым. Ол жерде керей болысының старшыны Қожаберген батырға қарасты ұлыстары көшіп жүр екен. Олардан өткен соң бес верстай жер жүріп, аталған өзеннің бойына тынығуға тоқтадым және сол арада жүрген екі старшын Аралбай батыр мен Қазыбек батырды өзіме шақырдым, оларға өзімнің арнайы жіберілгендігімді және барар бағытымды айта отырып, сөз арасында бүлікшіл-қалмақтар (бұл арада Еділден қашқан қалмақтар жайлы айтып отыр. С.С.), қытай мен қазақтардың кен орындарын іздестіруі жайлы ақпараттарына барлау жасадым»,-деп жазылған.

Аталған деректен 1771 жылдың шілдесінде Қалба жотасының солтүстік-батыс сілемі Қызылжар тауы бөктерімен  Шар-Гурбан өзені бойында керейдің Қожаберген батырымен қатар Қазыбек, Аралбай сынды старшындар өздеріне қарасты түтіндерімен жаз жайлап жатқандығын аңғаруға болады.

XIХ ғасырдың бас кезінде сызылған «Омбы  әскери округінің ірі масштабтағы әскери-топографиялық картасы» атты құжат жер-судың сол кездегі атауларының берілуімен және кейбір танымал адамдардың бейіттері көрсетілуімен құнды.

 «...1790 жылдың аяғында Ханқожа сұлтанның Шыңғыстауды қырық жылдан аса уақыт мекендеген мұрын-наймандарын, Бопы сұлтанмен арадағы келіспеушілік салдарынан өзгелерден бөліп алып, Қытай шекарасына қарай Зайсан көлінің маңындағы жеті өзен бойына қоныс аударған» тұста найманның мұрын елінің негізгі құрамы жолымбет атасының бір тармағы жанай руын аталған өлкеге қоныстандырған Есенаман батырдың зираты ескі Қарғыба арнасы бойында тұрғандығы жоғарыдағы картада көрсетілген. Ол кезеңді Қоқаш қажының:

«Қарасу құр Қарғыба қалды Көкен,

Ханқожа, Есенаман қылған мекен»,–деп жырлағандығын ұрпақтары  аталған батыр басына қойған тасқа жазыпты. Біз сөз етіп отырған Қожаберген батырдың зираты да сол төңіректе жатыр. Оған түрлі зерттеулер нәтижесінде  қол жеткіздік.

Мақаламыздың тақырыбындағы цин императоры Цян-лун (1736-1795) беделін Абылай мен Қабанбайдан кейінгі батырлардың  бірі ретінде таныған, Абылай сұлтанның сенімді серігі болып, есімі кең көлемде ел есінде сақталған Қожаберген батыр кесенесі шығыстың киелі жерлері картасының қатарын толықтыра түсетіндігіне еш күмән жоқ.

Жаугершілік заманда жауға шапқанда аруақты бабаларының атын атап ұрандап шабу үрдісі бертінгі этнографиялық кезеңдегі ат жарысы, балуан күресі тәрізді сайыстарда  да  көрініс беріп жататын. Ұрпақтары тегінде бар текті аталарын пір тұтып, бабаларының жатқан жерін, аталық шежіресін жатқа соғып, атадан балаға аманаттап қалдырып отырған. Қилы  замандар, солақай саясат салдарынан білгенімізден жаңылып, ата-тектен шатасар күнді де бастан өткіздік. Аталар арманы болған тәуелсіздіктің ақ таңы туып, тарихымызға, бабаларымыздың қиын-қыстау күн кеше жүріп өткен жолдарына жаңаша көзқараспен қарап, жоғымыз табылып, кетігіміз тола түсуде.

Серікбосын Сейдығалиұлы Садықов
Ғылыми ізденуші
Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институты. Алматы

Суретте: жоғарыда аталған картаның фрагментімен,
Қожаберген батыр бейітінің қазіргі көрінісі (13.09.2019)