МҰХИТҚА ҚҰЙЫЛҒАН ӨЗЕН

Уақыты: 06.10.2019
Оқылды: 1108
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тұран далада тұмарлы күлік мінген ділмарлар мен алдаспан асынған батырлар түз тағысындай жортуылды жол өткеріп, жұрт тыныштығы үшін тіршілікте тыншу көрмей өтті. Олар жар астындағы жауды жасқап, қара бұлттай үйіріле келген даудың түйінін шешіп, сайын сахарада ұлы дарынымен, терең білімімен үстемдік етті. Солардың бірі – Жетісу жерінде от жүрегін тулатып өмірге келген Балпық би бабамыз. Шешендіктің шыңынан орын сайлап, көсемдік пен батырлығын байтақ елге ұран еткен бабаның туғанына биыл 325 жыл толды. Осыған орай игі шаралар жерұйық мекеннің төсінде жалғасын табуда. Оған дәлел – «Байтақ елдің Балпығы» атты тың туындының тұсаукесер рәсімі өтіп, ғажайып кітаптың оқырманға жол тартуы.

«Дала данышпаны» атанған Балпық бидің 325 жылдық мерейтойына орай жарық көрген бұл кітапта Ескелді, Балпық би, Қабан жырау (Қаблиса) сынды тарихи дара тұлғалар жайлы тың да құнды деректер олар өмір сүрген сол алмағайып кезеңнің шындығымен астарласа баяндалады. Жинаққа енгізілген «Үш бәйтеректің» ғибратты өмірлері, шешендік, тапқырлық өнерлері мен аталы сөздері бүгінгі жас ұрпақ үшін таптырмас тағылым, үлкен тәрбие мектебі болып табылары даусыз. Кітап жас өлкетанушы ғалымдарға, жалпы елінің өткенін білуге құштар ұландарға арналған.
Тіл сарайында өткен кітаптың тұсаукесер рәсіміне ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев аталмыш кітаптың Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жарық көргендігін атап өтті. Сонымен қатар, бабалардың басқан ізін дәріптеу арқылы ұрпақтың темірқазық тұтар бағдарын айқындап, олардың жүрегіне отансүйгіштік, елжандылық сезімдерінің дәнегін егетінімізді, бұл кітап та ғибратқа толы қазына қатарынан табылатындығын атап өтті.
Алғашқы болып сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембінов алты Алашқа ортақ алыптың ғұмырын, өнегелі өміріндегі ұлы шығармашылығын насихаттайтын қаламгер-қайраткерлердің жүрек тебіренісі бедерленген кітаптың берері мол екендігін атап өтті. Одан кейін Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев, Аманғазы Шегіров, облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан Дүйсембінов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев «Байтақ елдің Балпығы» кітабының лентасын қиды.
Салтанатты рәсімнен кейін сөз алған облыстың Құрметті азаматы Тынышбай Досымбеков Балпық би баба исі қазаққа ортақ тұлға екенін, оның ғибратты істері тауанды тарих беттерінде бедерленіп қалғанын, замана тудырған заңғардың өнегелі өмірін дәріптеу қазақ руханиятының өміршеңдігінің көрінісі екендігін тебірене термеледі. Ал жазушы, ақын Нұрила Бектемірова «Балпық бабам – әулием» атты жырын тойға шашу етті. Өз кезегінде облыстың Құрметті азаматы, қаламгер Наурыз Қылышбаев сөзінің әлқиссасын айбоз ақын Әміре Әріннің Балпық бабаға арналған жырынан бастап, Ұлы Дала ділмарының ғибратты ғұмырынан сыр шертті. Тың туындының 293- бетіндегі Мыңбай Рәштің туындысын оқып, ондағы іркес-тіркес теңеу сөздерді талдай келе оғы жерге түспес оғлан, көсем, шешен болған ұлы бабаның тойына өз үлестерін қосып жүрген игі жақсыларға алғысын жаудырды.
Ал Балпық би бабаның 6-шы ұрпағы Болат Қисметов тарихтың ақтаңдақ беттерінен жазылып алынған деректерді тізбелей отырып баба болмысын ашуға тырысты. Ол, сонымен қатар, тың туындыны құрастырушы Сайлаубай Бәзіловтың иығына шапан жауып, астына ат мінгізсе, С. Бәзілов: «Бұл кітапты құрастырып, жазуға ынталандырған, рух берген Наурыз Қылышбаев ағама бұл шапанды тарту еткім келеді», – деп қазаққа тән мәрттіктің өнегелі көрінісін көрсетті.
Мұхитқа құйған өзендей қазақ руханиятына келіп қосылған тың туындының тұсаукесер кешінде қорытынды сөз алған жазушы, журналист, облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Серік Әбікенұлы Балпық баба туралы асқақтата айта келіп, Орақты батыр дастаны «Қобыланды батыр» дастанындай Жетісу жерінің жауһары екендігін, сонымен қатар, алдағы жылы айбарлы баһадүрдің туғанына 600 жыл толатынын, сол тойға бүгіннен бастап қам қылу қажеттігін атап өтті.
Зиялы қауымның кітап жайлы тебіренісі төгіліп, Балпық бидің өнегелі өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі екендігі ерекше аталған рухани кеште Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншілері дәстүрлі әндерді әуелетіп, шара көрігін қыздырды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ