Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БАЙШЕГІР БАБА ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНДЕ ЖЕРЛЕНГЕН

Уақыты: 05.10.2019
Оқылды: 134
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлы Далада мыңдаған жылдар сілемінен тамыр тартар автохтонды халқымызды небір нәубеттен сақтап қалған мұқалмас асқақ рух! Рух дегеніміз – адамның жан дүниесін бүтін баурап барып, шыңыраудан су тартқандай өне бойыңды кернеп алар ерен сыйқырлы күш! Әркімді еркінен тыс әуелетіп әкетер серіппелі заңғар сезім. Ақ бастауы – Ата тарих! Сол себепті де қайран Ахаң (Ахмет Байтұрсынов): «Тарих – сөз басы» деген еді. Сол есті сөз ғасырлар белдеуінде ғибратқа суарыла атадан балаға мирас ұласып жетті. Өшпес шежіреге, ешкім бұлтара алмас ен-таңбамызға айналды. Өткенімізді сабақтап-саралау, зерттеп-зерделеу барысында ұлттық болмысымызды барынша айшықтай түсті.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары аясында 2014 жылы «Бабалар сөзі» жүзтомдығы шығарылғандығы белгілі. Осынау сүбелі еңбектің 85-томына VІ-ХVІ ғасырлар аралығындағы  (Бәйдібек би, Домалақ ана, Қорқыт, Алаша хан, Майқы би, Аяз би, Хакім ата, Зеңгібаба, Шопаната, Өзбек хан, Шыңғыс хан, Жошы хан, Ақсақ Темір, Байшегір баба, әз Жәнібек, Асанқайғы, Жиренше шешен, Қарашаш сұлу, Еңсегей бойлы ер Есім, Тоқтамыс) хан-сұлтандар, би-шешендер, батырлар, т.б. тарихи тұлғаларға қатысты халық туындылары енгізілген.
Аталмыш томда «Байшегір баба» деген атпен төмендегі тарихи хикаят берілген. «Әмір Темір бір елді жаулауға шығар алдында Түркістанға келуді, оның қасиетті топырағының бір уысын орамалына түйіп алуды әдетке айналдырған. Сол дағдысы бойынша (133-бет) Түркістанға келіп, қасындағы жансерік ақылмандарын жинап әңгімелескен. Жорық жайын сөз еткенде сарай ақыны Кермани: 
– Уа, хан ием, тағы да жорыққа аттанғалы отырсыз. Ананы жесір, баланы жетім етіп, көз жастарын көлдей ағызып, қайғы-қасыретке душар етуді қоятын кезіңіз болды емес пе?! Адам қаны су емес қой, қанша жас қыршынынан қиылды. Солардың бәрін айтқанымызға көндіріп, айдауымызға жүргіземіз деп жүргенде біздің елді бөтен жұрттың шауып, ойрандамасына кім кепіл? Мұны да ойлаңыз, – деген. 
Оның соңғы сөзі ханды терең ойға шомдырған. «Бәсе, сөйтсе қайтеміз? Осы мен халыққа қандай жақсылық жасадым?» – деген ой оралған. Аз үнсіздіктен кейін: 
– Ал, не істе дейсің маған? – деп Керманиге қараған. 
– Сәулетті ауылдар, көрнекті қалалар, кесенелер сал. Ол өзіңе орнатқан мәңгілік ескерткіш болып қалады. Ел көріп, жұрт көріп, мұны кім салдырған демей ме? Сонда сенің атың аталады. 
– Жөн сөз, орынды пікір екен бұл. 
Ойланып-толғана келіп, әлемде теңдесі жоқ кесене салуды жөн көрді. Осы ойын айтып, «кімге кесене салған жөн?» деген сауал қойды. Кермани іркілместен «Ахметке» деді. Мұнда үш Ахмет жерленген. Біреуі – ел билеген хан. Екіншісі – әскер басы. Ал үшіншісі – ислам дінінің уағыздаушысы. Ана екеуінің зиратына келіп Құран оқып жатқан ешкім жоқ. Ал Қожа Ахметке келіп, зиратының басына түнеп, тәу етушілер көп. Жазған хикматтарының елге тарап  кеткені қашан? 
«Қожа Ахметтің басына кесене тұрғызсам, өз беделім де артпай ма, менің жағымсыз істерімді жуып-шайып кетпей ме?». 
Мұндай шешімге келуіне және бір себеп өзін жарық дүниеге келтірген анасы Сақыпжамал осы кесене алдына жерленген. Мұнда келгендер шешесіне де Құран бағыштар. Ой-санасын баурап алған осы сезім Әмір Темірді кесене салуға құлшындырды. Өз қарауындағы елдердегі құрылыс салудың (134-бет) хас шеберлерін жинап, құрылыс материалдарын дайындатып, іске кірісті. 
Зәулім, алып ғимараттың қабырғасы қаланып, күмбезін орнатамыз деп отырғанда бір ғажайып күштің түнде тас-талқанын шығарғанын ертеңгісін көріп, қайран қалды. Кесене қабырғасы қаланып, күмбезін орнатар кезде осы жайт тағы қайталанды.
 Халықты жинап, мұның себебін, не істеу керектігін сұрады. Сонда Байшегір деген жігіт: 
– Маған түнде аруақтарым аян берді. Ахмет Ясауи – Арыстан баптың шәкірті. Арыстан бап – Алла тағаланың сүйіктісі Мұхаммед пайғамбарымның сенімді серігі, сырлас, сыйлас досы емес пе! Кесенені алдымен Арыстан бапқа салмай, оның шәкіртіне салып жатқаны қалай? – деп ренжіді. Байшегір сөзіне Әмір Темір иланды. 
– Шынында да солай екен-ау өзі. Мен қателесіппін, кешір, Алла, күнәмді, – деп Тәңірге жалбарынды. Мұндағы жүріп жатқан құрылысты тоқтаттырып, Арыстан бап кесенесін тұрғызуға кірісіпті. Содан соң Ахмет Ясауи кесенесін салуды қолға алды. Ол бастаған игі істі ұрпақтары жалғастырып, тамамдады. Байшегірдің ақылына, көріпкелдігіне тәнті болған хан: 
– Не тілегіңіз бар? – деп сұрағанда: 
– Менің сүйегім осы кесене ішіне жерленуін сұраймын, – деген. ӘмірТемір жұрт көзінше: 
– Бердім тілегіңді. Бұдан былай сенің атың «Байшегір баба» аталсын! – деген. 
Бұл тарихи әңгіме біздің жадымызға бала кезімізден құймақұлақ қариялардың айтуымен әбден ұялап қалған. Әйтсе де, соңғы бөлігі сәл басқаша, төмендегіше аяқталатын. 
– Жас болсаң да бас болуға лайықты, ақылың асқан, данагөй азамат екенсің. Бұдан былай сенің атың «Байшегір баба»  деп аталсын!  Келешекте бойыңдағы осындай асыл қасиеттеріңді тұғырлы халқымыздың мүддесіне пайдаланайық. Менің қасымда жүруге қалай қарайсың? – дейді.
Мұндай ұсыныс үш ұйықтаса түсіне кірмеген Байшегір іштей толқып кетсе де, бойын тез тізгіндеп  алып:
– Бектер кеткенмен ел қалады, бетеге кеткенмен бел қалады. Халықтан артық күш жоқ. Менің табиғатыма дем беріп тұрған да мынау көк аспан мен қара жұрт, сүйегі әлдеқашан қурап қалса да ұзына-кеш еркімнен тыс санама сәуле құяр аруақты ата-бабаларым! Тобыңызға ілесіп кете алмасам да, қажет шақта хабар салсаңыз,  қасыңыздан табыларым хақ! – дейді.
Мұндай нақтылы жауапты қанағат тұтқан Әмір Темір Байшегір бабамызға Алланың ризашылығын тілейді. Әмірдің бұл пейілі қанаттандырып жіберген Байшегір баба:
– Енді менің де Сізге бір өтінішім бар. Құп десеңіз, айтайын.
– Айт!
– Мәңгілік ғұмыр жоқ. Мәнді ғұмыр бар. Жарты әлем дәргейіңізге сыйып кеткен қазіргі заңғар қалпыңызда осындағы мұсылмандар қауымы үшін аса қадірлі Қожа Ахметке кесене тұрғызғалы жатқаныңызды арғы-бергі жұртшылық тегіс құптап жатыр. Оның үстіне анаңыз Сақыпжамал да осы киелі мекенде жерленген. Бұл бәрінен бұрын елімізді береке-бірлік, татулыққа бастайтын бастама! Сол себепті де, осынау сүннәтті шаруаңыздың барынша баянды болуы үшін көнеден бермен ата-бабаларымыздан өрісті жалғасын тауып келе жатқан рәсім – қасиетті үлкен тайқазанды да осынау ғимарат ішіне орнатуыңызды жамағаттың атынан сұраймын!
Жүзінен риза-хош көңілі бірден аңғарылған Әмір Темір тамағын әдеттегіше бір қырнап алып:
– Бәрекелді, бәрекелді! Бұл ұсынысың өзімнің де ойымда жүр еді. Әйтсе де, үстінен дөп түстің. Халқымызбен тағдырлас тайқазанды қамдауға дәл бүгін жарлық түсіремін! – дейді.
Көріп отырсыздар, бұл нұсқада: «Менің сүйегім осы кесене ішіне жерленуін сұраймын», – деген өтініш айтылмайды. Мұны біз де жөн санаймыз. Біріншіден, Алла бойына өзгелерден ерекше қасиет сіңірген, бар-жоғы жиырма төрт жастағы текті адамның жерленетін жерін дәл сол жолғы мүмкіндікті пайдалана қоя алдын ала белгілеуі ұлттық танымымыз тұрғысынан жөнсіз. Екіншіден, сонау Мұхаммед пайғамбарымыздан тартып мұсылмандық негізін бойына байтақ сіңірген әулие перзенттің адам тағдыры, оның қайда жерленіп, қайда қойылатындығы тек бір Алланың құзырындағы дүние екендігін білмеуі, тіпті мұны біле тұрып аттап кетуі мүмкін емес. Үшіншіден, Әмір Темір Байшегір бабамыз бақилық болардан тура жарты ғасыр бұрын өмірден өтіп кетеді. Бұл шақта әлгіндей әңгімеге куә болды дейтін жандардың өзі жоққа тән. Өзі кеткеннің көзі кететіні, хандардың жарлығын басқаны айтасыз, кіндігінен жаралған туған балалары орындамай жатқан заманда мұндай аманат қалайша жүзге ассын?! Мұндайда халқымыз: «Орнында бар оңалар» демес пе еді. Бәрін шешетін жалпы қауымның ұйғарымы болса керек!
Міне, осылайша бойына Алланың құдіретімен әулиелік дарып, қарғадайынан қара қылды қақ жарған Байшегір бабаның атақ-даңқы бұрынғыдан да әуелеп, жайнақ ғұмыры жалаулы жалғасын тапқан еді. Ал сол тайқазанымыз күні бүгінге дейін елдігіміз бен тұтастығымыздың белгісіндей еңселі қалпында тұр! 
Бабамыз айтқан сөзінде тұрып, Көреген Темір шақыртқан мезгілдерде қай жерде жүрмесін жедел жетіп, ақыл-кеңесін үнемі беріп тұрған. Және бір деректер жүлгесіне ден қойсақ, Әмір Темір 1405 жылы өзі есін білгелі ұстаз тұтып, даңқты ғұмырын жалғастыруға ұмтылған аталасы – Шыңғыс қағанның жолын қайталап, Қытайды жаулап алуға аттанар алдында Отырар шаһарында оқыстан көз жұмғанға дейін сенімді уәзірлерінің бірі болған көрінеді. Бұл енді Қадырғали Жалайыри бабамыз айтпақшы, бір Аллаға ғана аян дүние! Бәріміздің мақтан тұтарымыз сол, Байшегір бабамыз төрелеп өмірден өткенінше Ұлы Даладағы ұлық істердің ұйытқысына айналып, қабырғалы жұрттың абыройын арттыру жолында бел босатпастан беделді қызмет еткен. Кейін, яки 1455 жылы кемелдікке жетіп, мәңгілік ұйқыға кеткенінде ел-жұрты арулап, айтулы хан-сұлтан, батырлар мен билердің киелі топырағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлеген еді. 
Осы арада тарихтың терең қойнауына жете үңіле қоймаған жандардың Байшегір Тоқтыбекұлының бүгінгі көзқараспен пайымдағанда «өзбек» болып танылар Әмір Темірге жақын жүруінің себебін түйсіне алмауы да түсінікті. Бұл енді кешегі кеңестік теріс идеологияның салдары. Тіпті, ол шақта өзбектердің өзі де Әмір Темірден амалсыз алшақтап кеткен. Енді қазір ғой, ұлы бабалары санап отыр! Бір жағынан орынды да. Себебі, Шыңғыс қағанның тұңғышы – Жошының ұлы Бату ханның әулетінен тарайтын Мұхаммед сұлтан Өзбек ханның қол астында болған түркілік тайпалардың бәрі кезінде «өзбектер»  деп аталып кеткен. Пір тұтатындықтары сондықтан. Үстіне шаң жұқтырмайды. Былтыр Өзбекстанға қызметтік жолым түскенде өз басым бұған әбден көз жеткіздім. Үлкен музей орнатқан. Алып ескерткіштері, есіміндегі көшелері мен алаңдары тамсантпай қоймайды! Самарқандағы атақты Гөри-Әмір (Әмір қабыры) мазарындағы тасқа ойып қашалған мәңгілік жазуда оның ата-бабалары былайша айшықты бедерленген: «Әмір Темір көреген ибн әмір Тарағай ибн әмір Буркул ибн Иланғыз ибн Ийжыл ибн әмір Қарашор-ноян ибн әмір Сұғу-шешен ибн әмір Эрдамшы-барлас ибн әмір Қажы ибн әмір Тұманай». Асылы, бұл тарих «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын топшы», Рашид ад-Дин, Әбілғазы, Қадырғали Жалайыри және басқа да авторлар еңбектерінде де егжей-тегжейлі дәйектелген. Демек, Әмір Темір де Боданшар бабамыздың ұрпағы. Шыңғыс қағанның төртінші атасы Түмбенеден екеуі өзектесе қосылады. Қабылдан – Шыңғыс қаған тараса, Қажулыдан – барластар, яғни Ақсақ Темір өрбиді. 
Ұлы тарихшы Рашид ад-Диннің 2018 жылы ана тілімізге тәржімаланған теңдессіз кітабы арқылы мұғұлдардың түркілер, яки өзіміздің тікелей бабаларымыз екендігіне әбден көз жеткіздік. Боданшар бабамыздан тарағандардың өзі барша адамзатты тамсантып отыр! Шәкәрім Құдайбердіұлы «Хан шежіресі» еңбегінде былай дейді: «Боданжардан соң баласы Бұқа хан болды. Оның баласы Датумен хан, мұның сегіз баласы бар еді, жетеуін жалайырмен соғысқанда өлтірді. Қалған үлкен баласы Қайду хан болды. Жоғарғы Қайду хан өлгенде орнына баласы Байсұңқар хан болды, оның орнына баласы Түмен хан болды. Оның тоғыз баласы бар еді – Нотақын, Шақсы, Қажул, Қабул, Сымақожан, Баткелекей, Өдірбаян, Болжардоғлан, Шынтай. Нотақынның екі баласы – Орут, Маңғыт. Тоқтамыс ханға нөкер болған Едіге осы Маңғыт руынан, Құтты Қабаби дегеннің баласы еді. Түмен ханның бұл тоғыз баласының ішінде Қажул менен Қабул егіз туып еді. Қабул – Шыңғыс ханның арғы атасы, Қажул – Әмір Темірдің арғы атасы. Әмір Темір осы Қажулдың баласы Ерімші Барлас дегеннің нәсілінен, Самарқан маңындағы Көреген суының бойында Кеш деген жұрттың бастығы Тарағай Барлас дегеннің баласы еді».
Пәлі деңіз! Шыңғыс ханның барлық идеологиясын жүргізген, оң қолы, яки бас уәзірі болған атақты Майқы би де өзінің қандас-туысы, арғы Боданшар бабамыздың ұрпағы. Кеңестік тарих оқулығымен уланған кәсіби тарихшыларымыз мұны біле тұра ауыздарын аша алмай келді. Екеуінің бірлігін білдіретін ағайындық дәйектемелерін терең бедерлеген тарихшы Құрбанғали Халид былайша пайымдайды: «Байқотан би Шыңғыс ханға уәзір-ағзам болған Майқы бидің бесінші немересі. Майқы би – Шыңғыс ханның бесінші атасы Байсұңқардан туған». Құрбанғали Халид («Тауарих хамса» еңбегі, 25-б.).
Мұнымен айтпағымыз ғасырлар жүзінде халқымыздың жадынан өшпей келе жатқан ұлы перзенттер – Шыңғыс қаған, Әмір Темір, Майқы би, Едіге бидің бәрі де түркілік бір атаның ұрпақтары. Қалың қазақтың, яки Байшегір бабамыздың да қандастары.
Әлқисса, осылайша Әмір Темірдің ақылманы, заманында ел-жұртты асыл қасиет, асқан білім-білігі, адалдығымен соңынан ерте білген халқымыздың біртуар перзенттерінің бірегейі, мемлекет және қоғам қайраткері, ханмен де иықтас, қарамен де туыстас ғұмыр кешкен, данышпандығы мен көрегендігі арқасында жігіт шағында-ақ «баба» деген қастерлі де киелі есімге ие болып, айрықша ардақ тұтыла Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Байшегір баба Тоқтыбекұлы (1370–1457 ж.ж.)  Алаш туы желбіреп тұрғанда ұмытылмақ емес. Жуырда ғана ұрпақтары Қаратал өзенінің төменгі бойындағы Алмалы ауылында «Байшегір баба» есімімен еңселі мешіт тұрғызды.
Ардақты бабамыздың ұрпақтары жалпы алғанда Алматы облысының Балқаш және Қаратал аудандарында өсіп-өнуде. «Тектіден текті туар» демекші, өз уақытында сыртқы жауларға қарсы арыстандай атылған, ел бірлігі жолында көсемдігі мен шешендігі,  билігімен ерекшеленген Мықтыбек, Тілеуғұл, Бақай, Едіге батырлар мен қарадан шығып, аға сұлтан атанған Жәлменде би, сазгер-болыс Пышан, Арқабай әулие, Сүндетбай болыс, байлығы асқан меценат Ойшы, Нысанбай әулие, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Ресей батыры Бақтыораз Бейсекбаев, сондай-ақ, тәуелсіздік таңының арайлап атуына айтулы үлес қосып, бүгінгі дәуірде де Отанымыздың гүлденуіне қоғамның барлық салаларында қал-қадірлерінше белсенділік танытып жатқан ұрпақтары, Аллаға шүкір, жетерлік! 
Қаратал ауданында кеңес заманының өзінде «Байшегір»  атты кеңшар іргелі дамыған. Қарағанды облысында Байшегір деген өзен бар. Өткен жылы тұрғындардың өтініші бойынша Қаңбақты ауылдық округі Байшегір ауылдық округі деп қайталай аталды. 

(Суретте: Түркістанда Байшегір бабамызға арнайы шығарылған кітаптың мұқабасы).

Иә, ағайын! Бұлжымас рухани тұтастықтан тұратын Ұлы Даламызда атадан балаға жалғасар ұлттық құндылықтарымыз – мәңгілік мәдениет, ерен елдігіміздің мәйегіне айналды. Жады өшпеген халықтың шамы да өшпейді! Жаратушы Раббымыз көк аспанды көмкерген адастырмас төл құс жолымыздан көз жаздыра көрмесін!

Әміре ӘРІН