Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ПАТШАҢЫЗ БҰЗЫҚ БОЛСА, ЖЕРДІҢ АСТЫ ҚЫЗЫҚ": БАЛПЫҚ БИГЕ - 325 ЖЫЛ

Уақыты: 13.10.2019
Оқылды: 220
Бөлім: РУХАНИЯТ

ОЙНАМА, БАЛАМ, ОЙЛАНҒЫН. «Халық үшін керемет заң – оның дәстүрі» деген екен Конфуций. Қазақтың небір шежіре шешендері мен даналары сол салт-дәстүрдің арқасында ұлан-байтақ жерін, көркем тілін сақтауда  өмір мектебінің негізін қалады. Солардың бірі он бесінші ғасырдың батыры Дүйсембінің шөбересі Балпық пен оның замандастары ащы мен тұщының дәмін татты. Жаман мен жақсыны айырды. Жаумен жағаласты. Доспен араласты. Төзімділігі мен ірілігінің арқасында нешеме асулардан асып, сыры белгісіз өткелдерден өтіп, тәуелсіздікке  жету жолының негізін қалады.

Менің сөзім Балпық би өсиетінің тағылымы жайында болмақ.

Бірінші, төзімділік өңешке қадалған тікен іспеттес. Кірген ізімен кері шықпайды. Амалсыздан қинала-қинала жұтасың. Өкпеңе кетсе дертке ұшырайсың. Асқазаныңа түссе қорытылып, бойыңа қуат береді. Бабалар өткен ұлы жол солай дейді.

Екінші, «Артында ұлы қалғанның көзі қалды де, сөзі қалғанның өзі қалды де» деген сөз бар қазақта. Балпық бидің көзі Тіленші әділдікті ту еткен қазы болса, жолын жалғастырған Қарымбай, Жәлменде билер хан, төрені бағындырған, елін ұйыстырған Ұлы жүздің айбынды ұландары.

Үшінші, Балпықтың  жүрегінен шығып, жүрекке жетер өсиеттері ұрпағына шырақ болып жағылып, қуат беретін ұранына айналды. Сондықтан да ол күні бүгінге дейін біздің арамызда.

Төртінші, әулие Балпық жаны қысылған адамға аян беріп, жебеп жолын ашқан. Батасын беріп, жастардың белін буған. Әділдікті ту еткен басшылардың бағдаршамы болып, бағын ашқан.

Бесінші, Балпықтың ізбасарлары Бөлек, Назар, Айту, ағайынды Байқоржын, Сақбай мен Оспан ақ патша тұсында әділ би, адуынды болыс болса, ақ пен қызылдың текетіресінде  Қареке, Рақым, Қошым, Пышан болыстар ел есінде ұлтжандылығымен сақталды.

Жиырмасыншы ғасырда да нар тұлғалар қатары сиреген емес. Солардың бірі екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі Нұрмолда Алдабергенов, Социалистік Еңбек Ерлері Әбдіқадыр Дайыров, Зылиха Тамшыбаева, Ұлы Отан соғысының ардагері Игібай Базарбаев, жиені Көшкінбай Жанатов, күреңбелдің тұлпары Базарбай Бекмұхамбетов сынды азаматтар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарған.

Тауасарұлы Қазыбек бектің дерегі бойынша 1710 жылы Дулат Жаныс Бұрқыл, Шапырашты Жарылғап, Ысты Нұрманбет, Жалайыр Жолбарыс билер ордасын Көктөбе жайлауында тіккен Тәуке ханға сәлем бере барған екен. Жасы сексеннен асқан хан:

– Қазақ пен қалмақ өмір бойы соғыса бермес. Осынау мағынасыз, мәнсіз жаугершіліктен екі жақтың аялаған ауылы шабыста, арулаған өлігі табытта, сонылаған малы өрісте, артқан жүгі теңкиіп түйеде қалды. Шал-кемпірің ордада қалмай обада, өлігі молада қалмай далада қалды. Біздің қолымызбен шоқ көсеп отырған орыс пен қытайға керегі де осы болып тұр-ау, шамасы, – деп бір тыныстағанда Жолбарыс:

– Дария арам болмайды ит қаншама сигенмен. Қазақ басын имейді, қалмақ мықты болғанмен, –  деген екен.

Әулие осынау сөзімен қазақ сарбаздарын ерлікке баулыса, «Елің үшін еңбек еткенің, мұратыңа жеткенің» деген сөзімен Ескелді би еңбектің құдіретін әспеттеген.

Қабан жыраудың «Жер ойпаңы білінбес ебін тауып үй тіксе, ел ойпаңы білінбес еліне сай ұл туса» дегені «Істің тетігін шешетін кадр» деген компартия ұстанымынан әлдеқайда құнды. Білген кісіге, әрине.

«Патшаң түзік болса жердің беті қызық, патшаң бұзық болса жердің асты қызық» деген Балпық бидің  замандастары тұратын жерде тұрысып, күшін көрсетті. Келісетін кезде келісіп, даналығын танытты. Үлкеннің алдында әдептілігін көрсетті.

«Менің ұзынымды ұлым киеді, қызылымды қызым киеді. Ал сенің барыңды өзіңнен басқа кімің киеді?» деген Жолбарыстың қажау сөзінен кейін Тәтенсары екеуі әулиенің батасын алып, екі ұл, екі қыз сүйген. Байсалды би әулетінен бұрын елінің қамын ойлаудан танбаған. 1769 жылы Қытай еліне Абылай ханның елшілерін басқарып барған «Қара би» –  Жалайырдың Балпығы. Оның ерекше қасиетін алғаш аңғарған анасы Ақбалық пен атақты сыншы Толыбай.

Төле бидің баласы Жәнкебай өткізген тойда бір топ жастардың арасынан дене бітімі бөлек Балпыққа назары ауған Толыбайдың: «Мына жігіттің басы үлкен, аймаңдай, айдын бет, қара өңді екен. Батырлықтан да, биліктен де құралақан қалмас. Ең үлкен қасиеті – әулиелігі болып табылар. Ұрпағы да азбас» дегені ұрпақ сабақтастығымен бізге жеткен.

Сыр өңіріне көшкен Жалайыр елі хан ордасына қайырылмай тура тартқан ғой. Мұны естіген Болат хан көштің алдын кес-кестеп:

– Ордаға бұрылмай қайда лағып бара жатырсыңдар? – демей ме?

– Халықтан қайыр болмаса, хан бұзылғанға ұқсайды. Жер кіндігі Қаратау мен Ұлытауға барып паналармыз. Сол маңда қазақтың игі жақсылары бас қосып, ақыл тоғытар, сірә, – дейді Балпық.

– Батыр, жаңылып тұрсың-ау. «Ханнан қайыр болмаса, ел бұзылады» демеуші ме еді? – дейді хан сызданып. Осы сәтте Ескелді:

– Әкең Тәуке атыңды Болат қойып еді, бірақ сен болат емес, болжыр болдың. Бүйіріңнен Хиуа, Қоқан қадалғанда қаракет көрсетпеп едің, енді қақ маңдайдан қаптап  жоңғар келеді. Балпық қателесіп тұрған жоқ, керісінше, халықтың өзінен қайыр болмаса, елдің азғаны азған, тозғаны тозған деп тұр, – дегенде Болат теріс айналып кете барыпты.

Үшқамауда қоршауда қалған жалайыр ауылы небір қиыншылықты басынан өткізген. Осындай күндердің бірінде Балпық би:

– Жан-жағымызда анталап жау тұр. Біз үшін олардан да қауіпті жау бар. Ол – ашу-ызаға жол беру. Қазір қай жақ босаңсыса сол жақ жеңіледі. Бізге керегі не? Жеңіс пе, әлде тізе бүгу ме?

– Олар көп, біз аз болып діңкеміз құрып тұрған жоқ па? – деген қатқыл үнді естіген би:

– Оның рас. Біз азбыз. Аз да болсақ, бармыз. Қазақ көптігіне емес, бірлігі бекем еліне, намысын бермейтін сарбаздарына, рухы асқақ жастарына сенген. Мыналарға мерген балалардың жаттығуын көрсетіп, майдан шебінен ары асырып жіберіңдер! – дейді. Мыналар деп тұрғаны қолға түскен қалмақ жасағы. Балалар деп Тәттібайдың шәкірттерін айтып тұр.

– Сарысу бойында басталған соғыс Тәшкент асып, Ала­тау бөктерінде де жеңіспен аяқталды. Бей-берекесі қашқан қалмақтардың үрейі ұшып, үміті үзілген сайын жеңіске тезірек жетеміз. Бүгінгі тірлігімізді қал­мақ зайсаңдары осылардың өз аузынан естісін. Өмірге өз нәсібімен келген ұрпақтың атқаратын міндеті біздікінен де қомақты болады, – деген екен.

Бұдан нені аңғаруға болады? Ұлт тағдырын ойлаған Балпық қатарлы батыр, дана адамдар ғана ханға назын, халқына басу айтып, бір-бірін қолдап, халықты жұмылдыра алады. Өткен кезең  білектің күшіне сенген мықтылардың ғасыры болса, енді білімі өскен, ақылы озған даналар мен шеберлігі шыңдалған кәсіпкерлердің ғасыры басталды.

«Біріктіріп айтса би мықты, құрастырып айтса құл мықты» дейді байтақ елдің Балпығы. Елді біріктірудің құндылығын Серік Ахымбековтің, Серік Үмбетовтің, Аңсар Мұсахановтың, Амандық Баталовтың бойынан таныдық. Барды құрастырып, жоқтан бар жасауды Жетісу жұртшылығы табанды тірлігімен дәлелдеп келеді.

Заман қанша өзгергенімен Балпық бидің «Әділдік болмаған жерде, Алланың да ризашылығы болмайды» деген  тұжырымы  ел ағаларына бойтұмар болған. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Жас келсе – іске» деген де сабақтастықпен жеткен тұжырым. Мұндайда «Ойнама, балам, ойланғын!» деп бағыт-бағдар беретін байтақ елдің Балпығы:

Изен-жусан болмаса, шөпте береке болмайды,
Ауызбірлік болмаса, көпте береке болмайды,
Қатарымен  ойнамай жаста береке болмайды,
Кеңінен ойлап істемей баста береке болмайды,
– деп жастардың намысын оятып, жігерін жанып, ақ батасын берер еді. Олай болса, тәуелсіздігіміздің нығайту үшін сап түзеп, өркениетке бет бұрған  жастардың жасампаз тірлігі  сәтімен жалғассын. Балпық бидің шарапаты тиіп, өнеріміз өрлеп, өміріміз төрлеп, әр күніміз жақсылықпен жалғассын!

Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ,

Алматы облысының Құрметті азаматы

***

КІНДІКТӨБЕ. Көпшілік арасында «Киелі өлке – Күреңбел» атанып кеткен Кербұлақ ауданының аумағында ерекше қорғауды қажет ететін тарихи-мәдени мұралар қатарындағы нысандар баршылық. Солардың бірі Талдықорған – Сарыөзек тасжолының бойындағы, Сарыөзек ауылдық округіне қарасты Желдіқара асуы аймағындағы шоқы.

«Шыңғысханның шатыры» немесе «Шыңғысханның төбесі», «Кіндіктөбе», «Үйсінтөбе», «Қарынбай төбесі» деп әртүрлі нұсқада аталып кеткен бұл шоқы жайында ел арасында түрлі аңыздар айтылады. Әйтсе де бұл аңыздардың қай-қайсысы да жарты әлемді жаулаған жаһангер бабамыз Шыңғыс ханға барып тіреледі. Сондай бір аңыз бойынша батысқа жорық жасардың алдында әскерін осы өңірге шоғырландырған әйгілі қолбасшы шатырын осы шоқының үстіне тігеді. Хан кеңесі де осы ордада өтіп, кеңес шешімі бойынша үш бөлікке бөлінген әскер үш тарапқа ұлы жорыққа аттанады.

Сыртқы формасы тақияға келетіндіктен ел аузында «Тақия төбе» деп те аталатын бұл шоқыдан Күреңбел өңірі алақандағыдай көрініп тұрады. Ендеше ел аузындағы аңыздың да түп негізінде шынайы тарихтың жатуы әбден ықтимал.

Тарих тереңіне көз жіберетін болсақ, осынау киелі өңірге қазақтың Жалайыр, Қаңлы, Шапырашты, Албан, Жағалбайлы, Керей, Қарақалпақ сияқты ру, тайпалары әр кезеңде орнығып, тірлік кешкендігін көреміз. Аталған рулардан тек осы өңірде ғана кір жуып, кіндік кескен немесе осы өңірде өмірден өткен Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы мен Тезек төрелер, Балпық, Қожбамбет, Дәулет, Матай, Рахым сияқты билер мен Малайсары, Жоламан, Сәмен, Жайнақ, Шормақ, Бармақ, Бөлек, Жамбай тәрізді батырлар, Дос, Құлжабай әулиелер, Тіленші қазы, Оспан би, Құндақбай мерген тәрізді ел қорғаған ерлер мен белгілі тұлғалар шыққан. Қазақтың атақты ғалымы, этнограф, тарихшы Шоқан Уәлиханов өмірінің соңғы кезеңін осы өңірде өткізгені де тарихтан белгілі. Өткен тарихты саралай жүретін дария кеуде қариялар осынау киелі өңірді 22 тарихи тұлғаның мәңгілік мекен еткенін айтып отырады.

Өңіріміз Алтынемел мен Арқарлы, Матай, Айғайқұм, Қоянды, Быжы, Кескентерек, Терісаққан тәрізді таулары мен асулары, өзендерімен де әйгілі.

Шыңғысхан шатырын тіккен шоқыны Жалайыр баба ұрпақтары Кіндіктөбе деп атайды. Оған негіз – бұл төбе бүгінгі күні Жалайырлар тығыз қоныстанған Ескелді, Қаратал, Көксу, Балқаш, Кербұлақ аудандарының дәл ортасынан орын тепкен. Содан кейін де бұл төбе осылай аталып кеткен делінеді. Қарап тұрсақ, шындыққа жанасатын қисын.

Есте жоқ қадым замандарда сақ бабаларымыз, содан кейінгі кезеңде ұлы Шыңғыс хан мәжіліс өткізген бұл төбеге жаудың бетін қайтарып, тойтарыс берген Абылай хан батырларымен сан мәрте шыққан да болар, себебі алыстан қарасаң көрінбейтін, басына шықсаң айнала алақаныңда тұратын төбенің соғыс кезінде маңызы зор болғаны шындық. Бұл шоқыға руластарының басын біріктіріп, Жетісу жеріндегі құтты мекеніне қайта көшіріп әкеліп қоныстандырған Ескелді мен Балпық билер көтерілмеді деп кім айта алады? Айта алмаса керек.

Кешегі социализм дәуірінің белсенділері Нұрмолда Алдабергенов, Игібай Базарбаев, Базарбай Бекмұхамбетов, Дәулет Нүсіпбеков сынды жас толқын әділдігін айтып, ұрпақ жалғастығын дәлелдеді.

Қай заманда да ауызбірлік пен ынтымақ бар жерде ырыс пен берекенің қоса жүретіндігі белгілі. Сөзімізді осы жүйемен жалғастыратын болсақ, әйгілі Қабылиса жырау мен Ескелді, Балпық билердің жарасымды тірліктерін кейінгі ұрпаққа жарқын мысал етуге болады. Олардың қажет кезінде ортаға салған орынды ұсыныстары мен құнды пікірлері ескерусіз қалмаған. Үшеуінің шешімі бір арнаға тоқайласқандықтан өздеріне қараған қалың көпшілік те шашау шыға қоймапты.

Ел тарихы өзін құраған ру, тайпалардың тарихынан тұрады. Сай-саладан сарқырай аққан бұлақтардан арналы өзеннің құралатындығы сияқты тайпалар тарихынан жалпы қазақ тарихы қалыптасады. Сол себепті, жалпы ұлтымыздың өткені жайында сөз болғанда жекелеген ру, тайпалардың тарихын айналып өте алмаймыз. Содан кейін де жыр сүлейі Сүйінбай қырғыз Қатағанмен айтысқанда қазақты құрайтын барлық рулардың атына мадақ айтып өтеді. Соның ішінде Жалайыр тайпасы туралы жыр жолдарын да асқан шабытпен төгілдіреді.

Қазақ-қырғызға ежелден белгілі бұл айтыста өз қатарынан небір дара тұлғалар мен әлемге әйгілі қолбасыларды, оқымыстыларды шығарған Жалайыр ағайындарға әділ баға берілді  деп ойлаймын.

Өзім басқарып отырған Кербұлақ ауданында он екі ата Жалайыр руының құрамындағы Андас, Мырза, Қарашапан, Ақбұйым, Сыпатай, Орақты батыр ұрпақтары орын тепкен. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, республикамызда ғылым мен өнер, білім саласының өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген бауырларымызды, Қабылан бабамыздың ұрпақтарын біз әркезде мақтан етеміз.

Кіндіктөбе (Шыңғысханның тұрағы) паспортталып, тарихи-мәдени мұраны қорғау тізіміне 2012 жылғы 1 қазанда енгізілді. Кербұлақ ауданының ең көрікті, аруақты, тарихи орыны болашақта мемлекеттік қолдауға ие болар деген үміттеміз.

Сөз орайы келгенде кезінде 26 Еңбек Ері мен Кеңестер Одағының 11 Батыры шыққан ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында бірер сөз айтып өтсем деймін. Өңірде ауылшаруашылығы жақсы дамыған. Бұл саланы өркендете түсу бағытында үлкен жұмыстар атқарылуда. Басқа дақылдардың түсімін арттырумен бірге Қоғалы картобының даңқын жаңғырту бағытында нақты шаруалар істелуде.

Жобалық қуаты бойынша жылына 1,2 млн. тонна цемент шығаратын «Алацем» зауыты биылғы жылдың соңына қарай іске қосылады деп күтілуде. Бұл жоба іске асқан кезде салық түсімі жылына 2 млрд. теңгеге молайып, өңір тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі толықтай шешімін таппақ.

Әйгілі Бесшатыр қорымы мен Айғайқұм, Алтынемел сияқты табиғат таңғажайыптары бар ауданда туризмді дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Республикалық маңызы бар теміржол, автомобиль жолдары кесіп өтетін аудан аумағында атқарылып жатқан басқа да жемісті жұмыстар жеткілікті.

Сан ғасырлар бойы ата-бабалар армандаған қазақ елінің бүгінгі тәуелсіздігінің іргетасын қалауға өзіндік үлес қосқан бабаларымыздың даңқы арта берсін!

Махаббат БИГЕЛДИЕВ,

Кербұлақ ауданының әкімі

***

ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ. Алтайдан Ташкентке, Хан Тәңірінен қарт Каспийге дейін созылып жатқан, шапса тұлпардың тұяғы кетілетін, ұшса қыранның қанаты талатын ұлан-ғайыр байтақ өлкенің бір пұшпағы «Үш Қамау»  атанған ұлы өлке жер жаннаты Жетісудің мақтан тұтарлық өңірлерінің бірі ғана емес, бірегейі болып саналады. Олай деп сөз түйіндеуіміз, қарт Балқаш көлі мен күндіз күміс, түнде алтын болып ағатын Іле-Қаратал аңғарын жағалай қоныстанған ел-жұрттың тарихының тамыры тым тереңнен бастау алады. 

Бұрындары «Үш Қамау» аталған бүгінгі Балқаш өңірінде көптеген тарихи тұлғалар – ел бастаған көсемдер мен алқалы топта сөз бастаған шешендер, жаужүрек батырлар мен бағландар, сөз қадірін білетін ақындар мен жыраулар, жауырыны жер иіскемеген палуандар мен темірден түйін түйген ұста-зергерлер, аузы дуалы, емі шипалы әулие-әмбиелер баянды ғұмыр кешкен екен. Халқына қорған болған Орақты, Бөлек, Малай, Сары, Едіге, Шой, Қазанбай, Әділбек, Түлек (Дүйсенбі), Қарабек батырлар, ел басқарған Ойшы, Сүндетбай, Қожахан, Әшімбек сынды болыстар, дуалы сөзімен дүйім жұртты аузына қаратқан Бақыбай, Ұмытшақ, Сенсізбай, Медет, Әстай, Балтағұл, Ақжүніс сынды ақын-жыраулар, ел ішінде көріпкелдік пен емшілік қасиеттерімен танылған Сақбай  мен Ұмсындық (Қара бәйбіше), Нысанбай мен Маралбай әулиелер, Райбек пен Қыранбай бақсылар, жауырыны жер иіскемеген Көшкінбай мен Жинақбай палуандар осы бақ дарыған Балқаш өңірін мекен етіп, ел-жұртының мақтанышына айналғаны тағы да ақиқат.

Жалайыр елінің «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» Сыр еліне үдере көшіп кеткені белгілі. Қиын-қыстау заманда жер ауып кеткен бір қауым елдің ұлы көшіне басшылық жасап, бағыт-бағдар беріп, олардың туған жеріне оралуына мұрындық болған әрі Жетісу өңірін қалмақ басқыншыларынан тазартуға белсене атсалысқан тарихи тұлғалардың бірі – Балпық би бабамыз.

Нысанбай әулиеге бала тоқтамай жүгіріп жүргенде өле беріпті. Балпық қартайған шағында Іле бойын аралап келе жатқанда Нысанбайдың екі баласы шешектен өліп, ауыл азалы еді. Мұны естіген Нысанбай:

– Жан-жаққа қарауыл қойыңдар, атқоюшы болса тоқтасын. Әулиені қарсы алғанда қабақтарың ашық болсын, – дейді. Балпық қонақ болып атанып кетеді. Ол кеткен соң әрең шыдап тұрған ел аттың басын қоя береді. Бір белден асқан би:
– Жаңа тыныш сияқты еді ғой. Барып біліп келіңдер, – деп жанындағы жігіттерін жібереді. Олар:
– Нысанбайдың екі баласы өліп, оң жақта шиде жатыр екен. Сіздің түстеніп аттанғаныңызша елді тоқтата  тұрыпты. Балпық аттың басын кері бұрып, көңіл айтады. 
– Қарағым, мына ниетіңе осыдан былай бала тоқтар. Туған баланың атын Есжан қой, – депті.

Айтқанындай келесі жылы Есжан өмірге келіпті. Одан кейін Жәркеш, Бекіш, Әбдіраш, Рашид сынды ұлдары болады. Есжанды Ақмешітте оқытқызады. Оған әулиелік қонбаса да жаңбыр жаудыратын қасиеті, ауа райын болжайтын көріпкелдігі дариды.

Іле-Балқаш өңірі ежелден-ақ етегіне ел қонып, жағасын жұрт жайлаған құтты қоныс аталған. Бұл турасындағы мына бір тарихи дерек ешкімді бей-жай қалдырмайды.

Сыр елінен келген ұлы көшті Балпық, Қабылиса, Жолбарыс сияқты ел басшылары Іленің бас жағында отырған Құдеке деген байдың ауылына аялдатады. Көш аттанып бара жатқанда Бәйшегір руының басшысы Тілеуғұл атқа мінер алдында Іле өзенінің төменгі жағына (Үш Қамауға) үш рет бұрылып қарайды. Мұны Қабылиса әулие ғана байқап қалады. Салтаттылар желе жортып Балықтының басына жетіп тоқтайды. Балпық би жан-жағы көкмайса жерге қарап тұрып:

– Қары қалыңдау түседі демесең халықтың хал-жағдайына қолайлы жер екен, таяғыңды шаншы, Тілеуғұл, – дейді. Тілеуғұл басын шайқайды. Бұлар Қараталдан өтіп, Сарнақанның етегіне жетеді.

– Қауға тартып қауқар жұмсап жатпайсың, сай-саласы бастау екен, табындап сиыр, келелеп түйе, мыңғыртып қой, үйірлеп жылқы өсірсең де түңілмессің. Бәлкім, осы өңірді еншілерсің, Тілеуғұл, – депті Балпық би. Тілеуғұл тағы басын шайқайды. Балпық би сәл зілдене:

– Оу, саған енді қандай қоныс керек? – дейді.

Әңгімені тыңдап тұрған Жолбарыс батыр:

– Сабыр, биеке, сабыр, – дейді. Сонда Қабылиса әулие мырс етіп күліп:

– Бапеке! Бұл Байшегірің Іленің төменгі Үш Қамауын ұнатып тұр ғой. Бағана атқа қонарда артына бұрылып үш рет қарады емес пе? Тілеуғұл алыстан болжайды екен. Қойнауы құт, қысы жұмсақтау, жайылымы мол осы Іле өзенінің төменгі жағын Балқаш көліне дейін берсеңіздер деп тұр ғой. Біз емес, біздің ұрпақтарымыз Байшегір, Арықтыным ұрпақтары шалғайлау құм ішінде өсіп-өнеді, тыныш өмір сүреді деп тұр, тілегін берейік, –депті.

Аға сөзінен асып көрмеген Балпық би сәл сабасына түсіп:

– Ал, Тілеуғұл, қоныстарың құтты, малдарың сүтті, балаларың жұпты болсын! Құдай оңдап, Қыдыр қолдап, еліңе дәулет, басыңа бақ берсін. Қарындарың тоқ, қайғыларың жоқ болып, аталарыңның аруағы қолдап, еліңе тыныштық, береке әкелсін. Әумин! – деп батасын берген  екен.

Тілеуғұл Тілеубайұлы Қаратал мен Іленің арасындағы ауқымды жерді жайлаған қабырғалы  қазақтың басын біріктіріп, абырой, беделін асырып, ағайынның еншісін алып береді, аңдыған сыртқы жаудан, орынсыз лаулаған отты даудан аман сақтайды. Көзі тірісінде ұранға айналған ұлы абыз көз жұмған соң өнегелі елі, ұлағатты ұрпағы оны әулие санатына көтереді. Арықтыным балалары күні бүгінге дейін жақсы іс бастарда: «Байшегір баба, қолда, Тілеуғұл атам, қорға!» деп Алладан, аруақтан тілеу тілейді.

Балқаш жұрты да заман ағымына ілесіп, еліміздің экономикасының артуына сүбелі үлесін қосып келеді. Нарық заманына бейімделіп отырған шаруашылықтар аз емес. Атап айтсақ, төрт түлігі мен егінін жайқалтып өсіріп отырған «Динара-Ранч» ЖШС (басшысы Бақыт Атайбеков), «Агрофирма Бірлік» ЖШС (басшысы Әбдіжаппар Қыстаубаев), «Тамшыбұлақ» ЖШС (басшысы Мұстафа Қалиев) сынды шаруашылықтар, «Балқаш жолдары» ЖШС (басшысы Нарымбет Әбдібаев) аудан экономикасының артуына сүбелі  үлестерін қосып келеді.

Балпық би бабамыздың мерейтойын лайықты атап өту мақсатында арнайы кітап жазылды. Бұл дегеніміз ұрпақ санасында ата-бабаларымыздың жүріп өткен соқпақтарын қайта жаңғыртудың жолы. Өйткені, бүгінгі ұрпақ пен келер ұрпақ  бабалар салған сара жолдан сабақ алуы тиіс. Халқына қорған болған Балпық би бабамыз туралы сөздің түйіні де осы.

Ғалым ТОҚПЕЙІСОВ,

Балқаш ауданының әкімі

***

БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТТЫ. Облыс басшысы А.Баталовтың қолдауымен өткізілгелі отырған Балпық бабамыздың 325 жылдық мерейтойының дайындығы жан-жақты жүргізілді. Елдің кешегісіне, ерлерінің ерен ісіне қашанда сергек қарайтын азаматтар белсенділік таныта білді.

Айталық, Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалаларының және Кербұлақ, Балқаш, Қаратал, Көксу, Ескелді аудандарының әкімдері өз өңірлерінде өтетін барлық шаралардың күні бұрын қамдануына, оған еліміздің түкпір-түкпірінен келіп қатысатын өкілдерге жағдай туғызуға асқан  жауапкершілікпен қарады.

Ал енді облыстық басқармалар басшылары арасынан осы ретте Бағлан Тәнекенов, Айдар Башбаев, Айбек Қонақбаев, Рүстем Алпысбаев, Дәурен Жүнісов, Нұрбақыт Теңізбаев, Жомарт Қаратас сынды азаматтарды, сондай-ақ, батагөйлер байқауын ұйымдастыруға, ат спорты жарыстарын қамдауға, кесенелердің ағымдық жөнделуіне үлкен үлес қосқан Ермек Келемсейіт, Қаби Баулықов, Алпыс Рахимов пен Қайрат Кереевті  ерекше атар едік.

Тарихи жадыны жаңғырту арқылы ұлттық рухты көтеріп, жастардың отансүйгіштігіне дем беру жоғарыдағы шаралардың басты мұраты саналады. Осы тұрғыдан келгенде Жетісу жұртшылығының бұл кезеңде бір серпіліп, кешегісі мен ертеңгі күніне бағдарлай, бағамдай бір қарағандығы сөзсіз. Бабалар рухы бәрімізді демей бергей!

Б. ТОЛЫБАЕВ