ҚҰЛАГЕРДІҢ ДҮБІРІ: ІЛИЯСТЫҢ ТОЙЫ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

Уақыты: 15.10.2019
Оқылды: 1631
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шырқалсын шаттық үні әншілердің,
Ақыннан сөз қалмасын айтылмаған. 
Төгілсін тәтті жырлар, күшті күйлер,
Асыл сөз, аңқып лебіз, шалқыған ән,
– деп жырлаған Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық тойы Ақсу жерінен бастау алды.

Ілияс Жансүгіров шығармаларының алтын арқауы – ел қамы, халық тағдыры, ұлттық болмыс. Ақынның «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты шығармалары қазақ поэзиясының інжу-маржанына айналды. Ілияс жүйрік журналист, баспасөздің сыр-сипатын жақсы игерген қаламгер. Жазушы сын, аудармаға да көп еңбек сіңірді. Ол Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ, М.Лермонтовтың, А.Горькийдің, Н.Некрасовтың, В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын тәржімалады. Сонымен қатар, проза, драма саласында көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірді. Биыл қазақ әдебиетінің  үш биігі Сәкен, Бейімбет, Ілиястың 125 жылдық тойы! Қазақ әдебиетінің ақтаңгерлерінің тағдырлары тауқыметке толы болғанымен шығармашылықтың шыңына шыққан қаламгерлер еді.

Көркіне көз тоймас көрікті өлкенің ел-жұрты тойға тайлы-таяғымен жиналды. Қырдағы елдің  қуанышында шек жоқ.  Сырттан келген қонақтарды күтіп алып, қызмет көрсетіп, шапқылап жүр.  «Шашылсаң – тойға  шашыл» деген сөздің қасиетін асыра түскендей.  Дарқан даланың әр өңірінен келген әнші-жыршы, ақын-сазгер, жазушы-журналист, ғылымның майталмандары Ілекең жеріне лек-легімен ағылды. Тойға Бейімбеттің ұрпақтары да келіп, Үш бәйтеректің рухына тағзым етті.

Құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық тойын жүргізу облыстың Құрметті азаматы, Ақсудың тумасы Нұртілеу Иманғалиұлына табысталды. Тойдың шымылдығы ақынға арналған еңселі ескерткіштің ашылуымен бастау алды. Тұғырға  орнатылған  мүсіннің лентасын облыс әкімі Амандық Баталов, спорт майталманы Жақсылық Үшкемпіров, қоғам қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев, ескерткішті өз қаржысына салдырған атымтай жомарт азамат Молдияр Нұрбаев және Нұртілеу Иманғалиұлы қиды. Ілекеңнің жан-жағына жан шуағын шашқан ескерткіші бар ынта-ықыласпен жасалғаны байқалып тұр.  Даладай кең көңілі, ойлы жүзі, еліне деген сүйіспеншілігін мүсінші барынша бейнелеуге тырысқан.

Жиындағы алғашқы сөзді облыс әкімі Амандық Баталов алды.

– Құрметті қауым, құрметті мерейтой қонақтары! Халқымыздың біртуар перзенті, қазақ поэзиясының дүлдүлі, алты Алаштың ардақты ақыны Ілияс Жансүгіровтің мерейтойы құтты болсын! Бүгін туған жерінің төрінен ақынға арналып еңселі ескерткіш орнатылды.  Бұл – елінің тарлан талантқа деген құрметі, ерен ерге деген тағзымы деп білеміз. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Қазақтың Абайдан кейінгі заманындағы аса дарынды ақыны Ілияс Жансүгіров, Ілияс поэзиясы – ойға қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия», – деп баға берген еді. Жетісу топырағында туған қайраткер-тұлға қазақ әдебиетінің барлық жанрына елеулі еңбек сіңірді. Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы болды. Ақын шығармаларынан  Құлагердің дүбірі, дала жыры, қобыз үні, домбыра күмбірі есіп тұрады. Осы даналық ізі, ұлылық биігі – ұрпақтың ойына қуат, бойына нәр беретін баға жетпес байлық, – деп аймақ басшысы Ілекеңнің шығармаларының бағасын асырды. Бұдан ары әкім ел азаматтарының өткенді құрметтеу, тарихты парақтау, ұрпақты тәрбиелеу, ұлтты ұйыстыру барысындағы азаматтық істеріне тоқталды.

– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы әлеуметтік-мәдени салалардың тың серпінмен дамуына ерекше ықпал етіп отыр. Меценаттардың экономиканың басқа салаларымен қатар мәдениетке қолдау көрсетуі руханиятқа қызмет еткені деп түсінеміз. Әсіресе, кәсіпкер азаматтар бағдарламаны жүзеге асыруға, туған жерін көркейтуге белсене атсалысып келеді. Осындай игі істің атқарылуына мұрындық болған Алматы облысы газ шаруашылығы ассоциациясының төрағасы, меценат Молдияр Нұрбаевқа ризашылығымызды білдіреміз. Сол сияқты еңселі ескерткіштің авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, мүсінші Қазбек Дулатовтың еңбегіне ел риза. «Өз елі өз ерлерін ескермесе – ел тегі, қайдан алсын кемеңгерді», – деп Ілияс ақын айтқандай, Қазбек Дулатовтың еңбегіне ел риза. Ел ерімен, ер елімен мықты. Алтын бесік ел іші аман болсын! Халқымыздың берекесі мен мерекесі арта берсін, – деп  тойдың  ел үшін алар орнына ерекше мән берді.

Қоғам қайраткері Наурыз Қылышбаев аға Ақсуда басшылық қызмет атқарған. Бүгінде жетісулықтардың рухының көтерілуі, тарихи дүниелердің әспеттелуі барысында ел-жұртқа ағалық ақылын айтып, еңбек сіңіріп жүрген жан. Наурыз аға  салтанатты шарада сөз алып: "Ақын жазықсыз жапа шекті. Көңілі баладай пәк ақынға «халық жауы» деген кінә тағылды. Бірақ, соңында осындай қауым ел-жұрты бар жампоз өлмейді. Жырымен мәңгі жасайды! Ұрпағы Ілияс Жансүгірұлының арман-тілегін ары қарай жалғастырып, егемендіктің ғұмырлы болуына еңбек етуі керек. Бәрінен бұрын, оқу-білімге құштар болып, заман көшінің алдында жүруі тиіс", – деді. Наурыз Қылышбайұлы  көпшілікке Ілияс ақынның «Жетерміз біз тілекке» деген өлеңін оқып, шара көрігін қыздырды.

Ақылдың аузын шарт байлап,
Қосылуға серт ойлап, 
Бердік билік жүрекке.
Алдымызда асқар тұр, 
Ауыр, ауыр тастар тұр,
Тұрмыз әзір түнекте.
Сол асқарды асқанша, 
Сол тастарды басқанша,
Талай бейнет шегерміз. 
Бәлкім, тауда ұрынып, 
Бәлкім, тасқа сүрініп, 
Құрбандық боп өлерміз.
Әлде жолды ашармыз, 
Әлде асқарды асармыз, 
Қосылармыз армансыз. 
Бізге бақыт кез болып,
Иесі оның біз болып, 
Қосылармыз алаңсыз,

дегенді тебірене оқып, жиналған көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Филология ғылымдарының докторы, Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары  Бауыржан Жақып: «Биыл қазақ әдебиетінің  үш биігі Сәкен, Бейімбет, Ілиястың 125 жылдық тойы! Қазақ әдебиетінің ақтаңгерлерінің тағдырлары тауқыметке толы болғанымен шығармашылықтың шыңына шыққан қаламгерлер. Алдағы күндері Үш арыстың тойы Атырау, Алматы, Нұр-Сұлтанда жалғасады», – деп ақынға арнаған өлеңін оқыды. Салтанатты шара барысында Бейімбеттің ұрпағы Дәмен Әбілқасымқызы сөз алды. Ол үш арыстың арман-тілегінің орындалғанына, қазақ жерінде үшеуіне де арналып ас беріліп, шығармалары жарық көріп жатқанына ризашылығын білдірді. Рухани байланыстары жөнінде ой толғады.

Салтанатты шараның мән-мазмұнын спорт алаңындағы «Құлагер» қойылымы жалғастырды. Дүниені ақ түске айналдырғысы келген ақын әрқашан ақ көйлек киетін. Әртістер осы түске ерекше мән беріпті. Ол оның мақсатын, бағытын, еліне деген жүрегінің лүпілін сездіретін.  Қойылым басталысымен Ілекең ақбоз атқа мініп, жарқырап шыға келгенде көрермен Ілекеңнің өзі келгендей күйге енді. Мынадай сұлу сурет Алаш жұртын еліктірмей қоймады. Той көрінісі Сағынайдың асымен астасқанда қоғамдағы қайшылық бейнеленіп, тұлпардан тұғыр озды. Батыраш, Қотыраштардың айбалтасы обал, сауапқа қарамай Құлагерді мерт етті.  Тойға жиналған жұрт көз жасына ерік берді. Әртістің мықтылығы да әсерлей түсті. Ілекеңнің тағдыры осы Құлагердей аяқталды емес пе?! Егілмей көр. Жүрек темірден болмаған соң көңіл толқыды. Бұл үшін – басты рөл ойнаған «Серпер» сыйлығының лауреаты Бейбіт Қамыранов пен режиссер Сәулебек Асылханға айтар алғыс шексіз. Дарын иелері қойылымға бар өнерін салыпты.

Жетісудың сұлу табиғаты, дарқан даласынан нәр алған  қазақ  ақынының тойы ән-жырмен көмкерілді. «Шаттық жыры» деген өлеңі ақындардың дауысымен әуеледі.

Ырысты, еркін, азат елім қандай,
Кең-байтақ, кең дәулетті жерім қандай! 
Өлкемнің оңы мақта, солы қырман, 
Бітетін біздің жерге егін қандай! 
Өрбіткен алуан түрлі асыл тұқым, 
Төгілген ойда, қырда төлім қандай!
Бал еткен малдың сүтін, аңның етін
Гүл, жұпар, күшті дәрі – шөбім қандай! 
Алатау, Алтай, Арқа, Қаратаудан 
Қазынам, халқым, алған кенім қандай! 
Былқыған балығымен, байлығымен 
Атырау, Арал, Балқаш көлім қандай! 
Үсті ырыс, асты қазына Қазақстан, 
Уа, шіркін, өлкемдегі өмір қандай!
– деп жырлаған ақын тойының бірінші күні көкпар ұйымдастырылды. Тұлпар тұяғының дүбірі арындатып келе жатқан Құлагерді елестетті. Өткеннің өнегесі бүгінгінің баға жетпес байлығына айналуы тиіс.
Екінші күні Талдықорған төріндегі Б. Римова атындағы драма театрында өткен Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына арналған «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» атты республикалық ғылыми конференцияны ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, мемлекеттік «Дарын»  жастар сыйлығының,  «Алтын қалам» қоғамдық сыйлығының иегері Ақберен Елгезек ашып, жүргізді.  Залдағы  жиынды ақын өлеңмен бастады.

Ағынды менің Ақсуым, 
Ақырып әлі ағасың, 
Ақиланған ашумен, 
Ақтарды асқар сабасын. 
Тас тарпуын, шапшуын, 
Қарасаң қайран қаласың, 
Жалғыз жазғы бір кеште, 
Жағаладым жағасын
– деп конференция шымылдығын ашты Ақберен ақын. Жиын ақын шығармашылығына арналған 20 томдық кітаптың және «Үш арыс» кітабының тұсауын кесумен басталды.

Алғашқы сөз облыс әкімі Амандық Баталовқа берілді.

– Биыл – еліміз үшін, қазақ әдебиеті үшін мерейлі жыл. Әдебиетіміздің үш алып бәйтерегі Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейлі тойлары қатар келіп отыр.

Қазақтың дарқан даласында үш арысқа арналған танымдық шаралар өтіп, ел рухы асқақтады. Ғасырлар бедеріне тарих тағылымы өз өрнегін салды. Сөз киесі, өнер құдіреті мәңгілік екенін танытты. «Соғайын сөзімнен бір сұлу сарай», – деп жырлаған дүлділ ақын Ілиястың туған топырағы – Жетісу жерінде ұлы мерекенің дүбірі басталды. Осы руханият тойы, қазақ өлеңінің тойы құтты болсын, ағайын!  Ілияс Жансүгіров – Алаштың алыбы, күллі қазаққа ортақ тұлға.

Әдебиеттің барлық жанрында қалам тербеп, сөз өнерінің көркемдігі мен эпикалық тынысын барынша кеңейткен, оның классикалық дамуын жаңа сатыға көтерген дара дарын. Бұл ретте Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өткенді саралап, тарихты түгендеуге жол ашты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Рухани жаңғыру біздің басты бағдарымыз болып қала береді» дей келе, бағдарламаның ел өміріндегі маңызының зор екенін атап өткен болатын. Аталған бағдарлама ұлттық әдебиетіміздің төл үлгісі, алтын қордағы асыл қазынасы – Ілиястың есімін ардақтап, мұрасын түгендеуге мүмкіндік береді.

Талантқа тағзым ету – ең алдымен, ақынға қатысты зерттеудің жаңа бағытын айқындау,  деректер мен жәдігерлерді тауып, түгендеу, оны ғылыми айналымға енгізуге қамқорлық жасау деп білеміз. Сондықтан,  Ілияс Жансүгіровтің еңбектерін толықтыру, қолда жоқ шығармаларын жинастыру мақсатында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастауымен «Ілияс  ізімен»  атты халықаралық ғылыми-танымдық экспедиция құрылған еді. Осы экспедицияның Ресей жеріне барып қайтуына мүмкіндік жасалды. Делегация Ілияс білім алған Мәскеудегі бұрынғы Мемлекеттік журналистика институтында болып, қаламгердің табаны тиген жердің архивінен ақынға қатысты бірқатар құжаттың көшірмелерін алып қайтты. Мәскеу және Петербор қаласының мемлекеттік кітапханаларында Ілияс Жансүгіровтің жиырма үш кітабы сақталған екен, осы жолы 18 кітабының және Мәскеу қаласының мемлекеттік архивінен ақынның 1925 – 1928 оқыған жылдардағы 71 құжатының электронды нұсқалары әкелінді. Сөйтіп, ақын туралы деректер жаңа құнды дүниелермен толықты. Бұл ілиястану саласының елеулі олжасы екенін қуанышпен айтамыз, – деп облыс басшысы ақын мұраларын іздестіруге, жариялауға мол мүмкіндік жасалғандығын ауыз толтыра айтты.

Амандық Ғаббасұлы сөзін қорытындылай келе: "Ендеше, шығармашылығы таудың суындай мөлдір, тасындай кесек ақынды құрметтеу, есімін есте жаңғырту – ортақ міндетіміз. Ақынын ардақтаған, ерін ескерген ел-жұрты аман болсын! Мерейтой құтты болсын", – деп сөзін аяқтады.

Келесі құттықтау сөз қазақ руханиятының алтын сақасы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулетовке берілді. «Ілияс құрған Жазушылар одағы биыл 85-ке толды. Ол 44 жас ғұмырында 40-тан аса  кітап жазды. Барлық ақын Ілиястан үйренген.  Көп жағдайда Ілекеңнің ойы басқа ақындарда кездесіп жатады. Теңеулерді танып қаламыз. Ілекең жайлы ең бірінші  Тұрсынзада  Есімжанов қайталанбас туынды жазды.

Алдымда Құлагердей бүкіл еңсең,
Тұратын жыр бәйгесін күтіп өңшең.
Қазақтың маңдайына өлең бітсе,
Өлеңнің маңдайына бітіп ең сен!
– дейді ақын. Конференция барысында осындай шебер шығарма жазған Тұрсынзада ақынға 500 мың теңге көлемінде сыйлық берілді. Жазушы Серік Жанәбілов өз баяндамасында осыдан бірнеше жыл бұрын  ауылдан бір адам келіп: «Мынау Ілиястың өлеңі» деп шағын дәптер тастап кеткенін айтты. «Мен Ілияс өлеңдерін бойға сіңіру үшін дәптерімді жастығымның астына жастап ұйықтадым. Кітапханаға бардым. Өлеңдерінің өшкен жерін қалпына келтіру үшін біраз тер төктім. Газетке жарияладық. Ілекең өз заманынан озып туған ақыны еді ғой», – деді ол сөзін қорытындылап.

Жазушы, республикалық «Қазақ  әдебиеті» газетінің бас редакторы, Түркі әлемі әдебиеті сыйлығының иегері Дәурен Қуат «Ілияс Жансүгіров жан-жақты журналист» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол: «Ілияс журналистикаға нақтылықты алып келді. Жоғары оқу орындарында  Ілиястың журналистикасын оқытса деген ұсынысым бар.  Басылымдарда қызыл сөз көбейіп кетті. Осыдан қашуымыз керек» деген әр журналиске ой салар пікірін білдірді. Шынымен де, ғылыми конференцияның өзегі осы сөз бе деп қалдық. Журналистердің ұстазы Темірбек Қожакеев  Ілиястың  қаламға деген адалдығын бағалап, «Ірілік» деген мақала жазған еді. Сонда Жансүгіровтің журналистік шеберлігіне ерекше тоқталып: «Ілияс – Губерниялық газеттерді жабайық дегенше, жамайық дейік, жаңаларын шығарайық. Шыққандарын шынықтырайық! «Бостандық туы», «Тілші» газеттері нашар болса, партия орындары, «Еңбекшіқазақ» көмектесіп, оңалтудың жолдарын көрсетейік. «Еңбекшіқазақ» Сырдарияда шығады, ол өңірге сол да жетеді деу де – қате. Ол губернияда да бір шаруа газетін шығару керек. Газеттерімізді  нашар десек те, олардың атқарып отырған жұмыстары, жұртшылықты түзеуге сіңіріп отырған, қара халықты тәрбиелеп,  мәдени тілектерін өсірудегі маңызы, тындырғаны өте көп. Солардың арқасында өсіп келеміз, партия тамыры ауылға жайылып келеді, – деп  Ілекең газетті қысқартсақ дегендердің пікіріне біржолата тойтарыс берді»  деген еді мақаласында.  Ілиястың  журналистік ұстанымын жоғары бағалаған  Темірбек Қожакеев: «Ілияс жүйрік журналист, баспасөздің сыр-сипатын жақсы игерген қаламгер болғаны анық. Әрбір ағат пікірді аңғара біліп, оның терістігін түсіндіре, қоғам пайдасы үшін түзете қоюға, ол жөнінде сындарлы да әділ пікір айтуға даяр тұратын ел ағасы болғанын байқаймыз. Бұл – Ілиястың  ірілігі», – деді ол.

Жансүгіров  – қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартып, елеулі  туындылар берген әмбебап дарын. Әсіресе, ол өзінің аса қуатты суреткерлік талантын поэзия жанрында көрсетіп, күллі қазақ әдебиетінің мақтанышына айналған туындылар берді.

Жыр құлагерінің 125 жылдығына орай көптеген шара ұйымдастырылды. Ілияс Жансүгіровтің кітапханасы Бикен Римова атындағы театрда кең көлемді көрме ұйымдастырды. «Жетісу суреттері» тақырыбында республикалық суретшілер пленері, республикалық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылып, осы байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Бас жүлде ақын Байбота Қошым-Ноғайға бұйырды. Бірінші орынды Арқадан келген арқалы ақын Серік Ақсұңқарұлы, екінші орынды талдықорғандық Жангелді Немеребаев, үшінші орынды Жетісудың жас жүйрігі Мұхтар Күмісбек пен түркістандық Батырхан Сәрсенхан иеленді.

Бас жүлде:

АЖАЛСЫЗ АҚЫН 

Жетісу десем, жадыма аламын
Ілияс аға Жансүгіровті.
Ақсуды кернеп шадыман ағын,
толқынын Тәңір әнші қылыпты.

Ғажайып көп қой қайран қалатын:
күйлерін мұра қылған аққудан
Молықбай күйші пайғамбар атын
қойыпты ұлға іңгәлап туған.

Қазақтың өткен даңғылы небір,
маңына шашып дүрия шапақ.
Қарт күйші тілеп мәңгілік өмір,
азан шақырған Ілияс атап.

Болсын деп өлмес пайғамбар сынды,
дәстүр бар ырым ететін, тегі.
Заманы жайлы жайған бар сырды
ақынға ажал жететін бе еді?

Сүйгізер өлкем Күнге де төсін,
далам да нұрлы, жүрсе Күнге еріп.
Пайғамбар ақын үлгі-өнегесін
шашып тұр сонау Күн секілденіп.

Тауларға қарап биіктер төбе,
құндағына өлең қымтайды аңғарын.
Басымды иемін сүйікті өлкеге
сыйлаған Тәңір жыр пайғамбарын.

Жыр оқимысың, ән саласың ба...
күй дағы еске түсіріп атын,
үні оның жетер қанша ғасырға
жіберген құстай ұшырып ақын!

Жырларын оқып Жансүгіровтің,
жігерсіздікті намыс қылатын
халқымның ғажап жан сырын ұқтым
тұлпар мен күйді жарыстыратын.

Еске ала алмаймыз ғазалсыз атын,
бейнесін де оның тұрады ел көріп:
арамызда жүр ажалсыз ақын
«Күй», «Күйші» және «Құлагер» болып!

Ақсудай мен де тұнып ағамын,
Құлагерге ұқсап тек көсілгеймін.
Ілияс туған ұлы даланың
киесі де елден кетпесін деймін!

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ

Ғылыми конференцияның соңы Талдықорған атшабарында бәйге және балуандар белдесуімен  жалғасты.

Қалы кілемдегі жекпе-жекте Александр Касачев жеңіске жетіп, "Нива" автокөлігін тізгіндеді.  Күрес ойыны бойынша екінші орын Ұлан Рысқұл, үшінші орын қызылордалық Еламан Ерғалиевтің тәлейіне бұйырды.

Бәйгеге жер-жерден барлығы 54 сәйгүлік келді. Топ бәйгенің бас жүлдесі Талғар ауданынан келген шабандоз Мұхамеджан Закирұлына бұйырды. Аламан бәйгеге қойылған "темір тұлпарды" Шығыс Қазақстаннан келген Жомарт Сайболатов иеленді.

Өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы. Жыл басынан бері газетіміз қазақ поэзиясының кең тынысты «Құлагері» – Ілияс Жансүгіровтің  шығармашылығын зерттеп, зерделеуге мол мән берді.  Бүгінде Ресейден табылған, әлі күнге ғылыми айналымға түспеген кітаптарын кириллицаға түсіру жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта Мәскеу мен Петербордан табылған кітаптар өзімізде жарыққа шықпақшы. Ілияс әлі де зерттеле, зерделене береді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы