ТАЛДЫҚОРҒАН: ТҮНДЕ ЕКІ КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Уақыты: 18.10.2019
Оқылды: 1595
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бабаларымызды үлгі тұтып, салған сара жолын жалғап, кітап құшақтайтын жастарды көбейту мақсатында Талдықорғандағы В.Маяковский атындағы орталық кітапханада «Рухани жаңғыру – кітаптан басталады» атты кітапхана түні өтті.

Рухани кештің алғашқы сөзін алған қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Күлпан Сейітжанова: «15 қазан – кітапханашылар күні. Осыған орай, облысымыздың барлық кітапханаларында қазан айының аяғына дейін кітапхана түні өткізіледі. Аталмыш шара Алматы, Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын өткізіліп тұрады. Біз биыл тұңғыш рет ұйымдастырудамыз. Ерекшелігі оқулық оқимын деген жандар таңнан түнгі сағат 12-ге дейін кітапханада отыра алады, – дей келе, шараға келген қонақтарды таныстырды.

Шараға жиналған қауым алдымен қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік тұлғалар мен жерлестеріміздің таңдаулы туындылары және балаларға арналған шығармалар жинақталған көрмені тамашалады. Ең қуаныштысы, кітапхана табылдырығын аттаған меймандардың дені жастар. Бірі тамыры терең тарихтан, тұңғиықтан сыр шертетін кітап оқыса, екіншісі шахмат, дойбы сынды ақыл-ой спортын ойнауда. Сондай-ақ, жиында кез келген оқырманның  өзі ұнатқан оқулықты жеке кітапханасындағы өзге кітаппен алмастыруына мүмкіндік берер  буккроссинг, «Ұлы Даланың жеті қыры», «Тәтті кітап» атты көрме ұйымдастырылды.

Рухани кеште ақын, журналист Қозыбай Құрманның «Жүрек маусымдары», облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Мәулен Әнербайдың «Күн қызы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жиында ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалы директорының орынбасары Жангелді Немеребаев сөз алып, қос ақынның жарық көрген кітаптары жайлы қысқаша әңгімелеп өтті. Сондай-ақ, кітаптың маңыздылығы мен болашаққа берер тәрбиесі жайына тоқталып, авторға ізгі тілегін білдірді. Осыдан кейін өлеңмен өрнектелген, сырлы сөзбен суреттелген қос ақынның кітабының лентасы қиылды.

Әдеби кездесу «Жыр жұлдыздары» мүшелерінің поэзия кешімен жалғасты. Мектеп оқушылары жас ақындардың өлеңдерін жаттап, нақышына келтіріп оқыды. Сонымен қатар, викториналық сұрақтар, қолөнер шеберлерінің көрмесі, шахматтан жарыс пен балаларға арналған ертегі қойылымы ұйымдастырылды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы