Орбұлақ таңы

Уақыты: 15.12.2016
Оқылды: 1591
Бөлім: РУХАНИЯТ

Асқақ иірім ернеуінен асып, көрермендер бойын бірден баурай берген. Алтын арқауында әдепкіде байыпты қалып, байсал мінез бой көрсетіп, бипаз дыбыс бұйдалап алады. Мыңдаған жылдар мұғдарында небір өркениеттің алтын бесігіне айналған Ұлы Даланың дегдар кейіп ақ кемесінде бейне бір жүзіп келе жатқандай сезінесіз өзіңізді.

Сөйтіп шәрбәт құштарлық құшағында үйлескен сиқыр үннің дәмін енді ала бергеніңізде тұтқиылдан дауыл көтеріліп, ел дүрліккендей екпінді тебіреніс есіңізді жинатып ала қояды. Байтақ аймақтың бал қаймақ шағын дәті барып кім бұза қояр дейсіз? Десе де, жортуылмен, атар таң, батар күнді қарсы алған өр оғландарымның жасындай жайнар шағы шектелген бе?! Не бел кетеді, не ел кетеді ат үсті сайысында! Тек кекілі кесілген тұл атымды жұртымның көзіне түсірмегей, Тәңірім! Бәрінен де бас жібі жоқ бытыраң сәттен сақтағай. Барақы тауды паналап, барақ итің балалап жатқанға не жетер! Иә, атсоқты күйге түссең де ақсауытың бойыңды қапсыра атырылып тұрсаң  – келер шаққа  озғаның! Ғасырлар үнін жалғар бабалар аманаты осылай дейді. Әли Демегенұлының «Орбұлақ таңы» атты симфониялық күй поэмасы осылай деп санаңды шерлі сазбен кестелейді! Музыка құдіреті, шынайы талант шабытының шырқау биігінің шырайы осындай-ақ болса керек! Аталмыш толғақты шығармасы 2015 жылы республикалық конкурста Гран-при жеңіп алды. Жалпы композитордың өзегін кернеп шыққан кез келген дүниесі өзіндік бір әлем, қайталанбас әсерге толы десек, пәлендей шатаса да қоймасымыз хақ.
  Жүрек қалауымен өмірде де, өнерде де өшпес музасына айналған жан жары – Мәриямның: «Біздің Әлидің жүрегі өз домбырасының қыл пернесіндей нәзік қой. Көлеңкелі сәл нәрсеге аяқасты қынжылып, шұғылалы титтей дүниеге балаша шаттанып кете барады!» – деп әдетте жиі айтары бар. Бар шындық осы! Бұл адами қалпын: қашанда мейірімге толып тұратын шарайна жанарын; жүздескен жанға (тіпті бейтанысқа да) деген ақдидар ниетін; батыр мінез; шуақты болмыс; дарқан жүрек; аңғал сезім, бала пейіл; ерекше ізетін біздің де ұғынып алғандығымыз қ-аа-а-шан! 
Задында, өмірден аларың да, берерің де туабітті табиғатыңа келіп саяды. Яки Жаратушының жаратылысыңа пішіп-кесіп берген кеңістігінен қанша тыраштансаң да асып кете алмасыңыз хақ. Осынау қағидаттың түп қазығына  ден қойсақ, Қазақ еліне, шет мемлекеттерге де кеңінен мәшһүр дирижер, композитор, әнші, білікті басшы,  қоғам қайраткері Әли Алпысбаевтың адами аясы кең, айдыны шалқар шыққан әу бастан! Бүкіл шығармашылық жолының бел-белестері, тіпті кедір-бұдырынан да осы бір тылсым күшті бағдарлар едіңіз. Қысқасы, өзің қандай болсаң – өнердегі өрнегің де сондай! Сондықтан да ғой, Әли Демегенұлының халықтың асыл мұраттарын арқау еткен дәстүрлі әндері, дәуір үнін негіздеген эстрадалық дүниелері, күрделі күй немесе симфониялық шығармалары ұлттық өнеріміздің мөлдір тамшыларына бірден ұқсап қала беретіндігі. Сол себепті емес пе, композитор елімізді араласын, шет жұрттықтарға шықсын, Түркияны аралап, Америка ассын, Ресей мен Кореяда, Болгарияда оркестрдің құлағында ойнасын, көрермендердің шексіз қошеметіне бөленері. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, небір республикалық, халықаралық беделді байқаулардың сан мәрте бас жүлдегері, облыстық мәслихаттың депутаты, қазақтың қабырғалы азаматы Әлекең осындай жан! Өзі де, шыңға біткен шынардай інжу-маржан шығармалары да жүрегімізден жылы орын тепкен. Шөлейт жердің баялышындай, қоңыр жұрттың рухани таянышындай қалпыңда әулетің тасып, мерейің асып, ортамызда шабыт шақырып жүре бергейсің! Мәңгілік Еліміздің символындай, мазмұны бай, мәнері де өзіңе сай тың туынды, бір мақпал жаңа жинағың ғұмырлы болғай!


Әміре ӘРІН,
Қазақстанның Құрметті журналисі.