"ТҮТІНІ ҚЫМБАТ": ҚҰТ ҚОНҒАН ҚАНАБЕК АУЫЛЫ

Уақыты: 23.10.2019
Оқылды: 1317
Бөлім: РУХАНИЯТ

Дана бабамыз «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген. Жетісу өлкесінің өзенмен өрнектелген құтты мекенінің бірі – Қаратал ауданына қарасты Қанабек ауылы. Ауыл 1929-33 жылдар аралығында «Құрамыс», 1936-38 жылдарда «Исабаев Ораз», 1962 жылдан бастап «Красный Восток», ал 2000 жылдан бастап «Қанабек» атанды.

Ескелді мен Балпық би, Қабан (Қабылиса) жырау аталарымыз Қаратал өзенінің сыр-сипатына таңданып, «Күндіз күміс, түнде алтын болып ағатын бұлақ екен» – деп таңданған екен.

«Тентек пен Қараталдың жағасында, 
Ауылым бай, елім дарқан о басынан.
Тұрады бірнеше ұлт өкілдері,
Татулық, достық көпір арасында» – деп жырға қосқым келеді. Ауылымызда 1937 жылы жер аударылып келген кәріс, сонымен қатар, орыс, күрд, татар, неміс тағы да басқа түрлі ұлт өкілдері бір қолдың сағасындай еңбек етуде.

Қазақ театр және кино өнерінің шамшырағы Қанабек, Бикен және ән әлемінің жарық жұлдызы Күләштің қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының атасы саналған Кемел Тоқаевтың туған жері бұл. Жетісу жерінде 12 атаның басын қосқан, тұңғыш артель құрған, революционер Қатқылбай Байсақов атамыздың табанының ізі қалған. Академик Берікжан Әлмұханбетов те біздің ауылдың тумасы.

Ауылдан 41 азамат Ұлы Отан соғысына қатысып, көбі аман-есен оралған еді. Қазір, өкінішке қарай, ешкім қалған жоқ. 1981 жылы біздің ауылға Алакөл ауданынан «Жағатал» асыл тұқымды құс шаруашылығымен шұғылданушылар көшіп келді. Бұл шаруашылықты басқарған Қырымбай Қарашев еді. Ол кісі алдымен ауылдың жағдайын жақсартуды қолға алды. Аз уақыттың ішінде құс шаруашылығы өркендеп, жаңа үлгідегі тұрғын үйлер көптеп салынды. Көшелерге тас төселіп, асфальтталды. «Ақ қанат» атты балабақша, монша, 140 орынды Мәдениет үйін, дүкен, автоматты телефон стансысын салып берді. Ал 1991 жылы 140 оқушыға арналған жаңа үлгідегі мектеп салынып, қолданысқа берілді. Ауыл жанданып, мәдениет ошақтары қызмет көрсете бастады. Ауылдың үлкен-кішісі кешқұрым Мәдениет үйіне жиналып, Райс және Роза Мұздыбаевалардың ұйымдастыруымен көркемөнерпаздардың концертін тамашалайтын. Жыл сайын үздік жұмыс істеген жұмысшылар шаруашылық есебінен курорт, санаторийлерге барып емделіп, демалып келді. Оқушылардан бригада құрып, балапандарды күтіп, баптап өткізіп отырды. Бригададағы оқушыларды Орта Азия, Кавказ, Қиыр Шығысқа туристік сапармен жіберіп, қыдыртатын. Осының бәрі Қырымбай Карашевтың қамқорлығы еді. Еңбектері еленіп медаль, орден, Мақтау қағазы мен Алғыс хаттарға ие болды.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы аумалы-төкпелі кезең бұл ауылды да айналып өтпеді. Осыған байланысты жергілікті жерлерге өзгерістер келе бастады. Әр жерде ұжымшар, кеңшар таратылып, оның орнына түрлі ұжым, шаруа қожалықтары құрылды. Осындай қиын-қыстау кезде елді мекеннің тумасы Амангелді Қабаров ауылдастарына көмек қолын созды. Айдар ауылынан ұн тартатын диірмен ашылды. Ол елді мекеннен 1-2 сұрыпты ұн, бес түрлі кеспе өндіретін шағын зауыт ашып берді.

Осындай табысты ұжым басшысы Амангелді ағамыз кенеттен қайтыс болып ұжым тарап, басшысыз қалды. Сол кезде бірнеше гектар жерді қант зауытына берді. Әрине, алғашқыда істі білмей, дағдарып қалдық. Ауылдағы білімді, заман ағымымен жүре білетін ауыл азаматы Оттықбай Әділбаев ағамыз "Еңбек етсең емерсің" деген қағиданы естен шығармай, шағын шаруа қожалығын құрды. Бір-екі жылдың айналасында шаруашылығы алға басып, бастаған ісі өніп, табысы молая түскенін көріп, басқа отбасылар да шаруа қожалығын құрды.

«Мектеп – кеме, білім – теңіз». Қанабектегі орта мектепті Әлия Кенжеғұлқызы басқарды. Мектепте 150-ден астам оқушы білім алып, тәрбиеленуде. Қазіргі кезде оқушылардың сапалы білім алуына көп мән берілуде. Мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Әр ұстаз бен оқушының алдындағы компьютер, интерактивті тақта ғаламтор желісіне қосылған. Ұстаздар жаңартылған бағдарлама бойынша білімін жетілдіруде. Оқушылар аудандық, облыстық, республикалық білім, өнер жарысына қатысып, алдыңғы орынға шығып, марапаттарға ие болуда. Мектепте шағын орталығы бар балабақша жұмыс істейді. Онда 30-ға тарта бала тәрбиеленуде.

Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге туыңды тік» деген бөлім бар. Осы орайда жыл сайын аналар мерекесі қарсаңында Көлбаевтар отбасы өмірден ерте озған Сәуле анасын еске алу күні мерекесін өткізеді. Әр ауылдан  жиналған аналар Мәдениет үйіне сыймай кетеді. Облыстан ғана емес, елімізге танымал әртістерді шақырып, концерт қойып, қарт ана, ұстаз ана, басқа ұлт анасы, үлгілі оқушы номинациясы бойынша Алғыс хат, сый-сияпат береді. Биыл 10-шы рет Серік Абдықазыров бастаған отбасы бірнеше округтің жастарын жинап, футбол, волейбол, баскетбол жарысын өткізді. Жақсы ойнаған командаға Мақтау қағазы, ақшалай сыйлық және әр ауылдың командасына спорттық киім мен волейбол, баскетбол добын берді. Биыл көктемде мектебіміздің қасындағы 6-7 гектар жерге Молжігітовтер отбасы әкесінің құрметіне «Алма бақ» екті. Ол жерге алма, шие және раушан гүлдерін отырғызды. Алма бағы жайқалып өсіп келеді.

Әр ауылдың тағдыры – оның тұрғындарының қолында. Әрбір тұрғын өз басы үшін емес, бүкіл ауыл халқының игілігі үшін іс жасаса, кез келген ауылдың жағдайы жақсарары хақ. Міне, мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Еліміз, ауылымыздың тыныштығы, қауіпсіздігі, көпұлтты елдің ауызбірлігіне байланысты. Тәуелсіздік – Тәңірдің бізге берген ең үлкен сыйы. Біз бүгінге дейін барлық жетістіктерге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Осы жылдарда елдің әл-ауқаты көтеріліп, мәдениетіміз бен тілімізді жаңғырту барысында көптеген жұмыс атқарылды. Ынтымағы жарасқан орыс, кәріс, күрд, чешен бір анадан туғандай. Ауылдағы барлық іс-шараға бір кісідей атсалысып, ауылдың тыныс- тіршілігіне араласып,  өмір сүріп келеміз.

Берекелі, мерекелі, еңбекқор, ауызбірлігі жарасқан ауылда тұрғаныма қуанамын. Әрбір отбасының өмірі, тағдыры маған аян. Ауылдағы барлық ұлт өкілі қуанышта да, қайғыда да біргеміз. Сондықтан, әрбір отбасының арайлап атқан таңы, сәулесін шашқан күні, әр үйден шығып жатқан түтіні қымбат. Мен ауылымның ауызбірлігін, берекелі тіршілігін мақтан етемін. 

Сырғабала МЕДЕТБЕКОВА

Қанабек ауылы,

Қаратал ауданы