ТАЛДЫҚОРҒАНДА КЛАССИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАР ОРЫНДАЛДЫ

Уақыты: 23.10.2019
Оқылды: 1121
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аспаптан төгілген әсерлі ырғаққа құлақ түрсеңіз, қиял көгіне қайта қанат қағасыз. Мөлдір әуен жүрек түкпірінде жатқан аласапыран ойды қаузайды келіп. Сосын көңіліңде ескі күндердің жаңғырығы қайта түлейді. Бір қуанып, бір мұңаясыз. Біз оған Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның «Сазды әуен Жетісудың төрінде» атты классикалық әндер кешінде куә болдық.

Шара шымылдығы халықаралық байқаулардың лауреаты Медет Есбергенов дирижерлік еткен М.Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің «Тамаша» композициясымен түрілді. Одан кейін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі дирижер Әли Алпысбаевтың сүйемелдеуімен Дүнгенбай Ботбаевтың «Мерекелік шолу» туындысы жалғады.

Кеште басқа да қалалардан келген көрермендердің қарасы мол болды. Тіпті, немерелерімен келген қарияларды да көзіміз шалып қалды. Олардың қол соққан қошеметі сахнадағы өнерпаздардың шабытына шабыт қосты.

– Әлемдік музыка өнерінің шоқтығы биік өкілдерінің бірі ұлы композитор Бетховен «Классикалық әуендердің пайдасы неде?» деген сұраққа былай жауап берген екен: «Классика – ол адамның жанын, тәнін рахатқа бөлейді. Сонымен қатар,  әсемдікті, адалдықты, пәктікті сүюге тәрбелейді». Шынында, музыкада рухани үлкен күш бар. Тек оны адам бойына сіңіре алуы қажет, – деді Әли Демегенұлы бізге берген сұхбатында.

Шара барысында әлем композиторларының атақты шығармалары орындалды. Жеке дауыста ән айтқан Ақгүл Жиенбаева, Гүлім Ахманова, Жомарт Тәкебаев келген қонақтардың ыстық ықыласына ие болды. Сондай-ақ, қазақтың қайталанбас жауһар әндері көпшіліктің назарына ұсынылды.

Музыкатанушы ғалымдар мен психологтардың зерттеуінде де классика сөзінің өзі терең мағына беретіндігін,  классикалық әуендер адамды тыныштандырып, көңіл-күйін тербеп, түрлі идеялар тууына ықпал жасайтын көрінеді. Сондай-ақ, музыкадан ерекше әсер алып, классикамен өмір сүрген жандар ешқашан қартаймайды делінген.  Соны сезген өнерсүйер қауым кеш соңында әншілермен естелік суретке түсіп, гүл шоқтарын табыс етті.

Қабыл ИСА