БАЛҚАШ АУДАНЫ: АУЫЛ МЕКТЕБІНДЕ ҮЙІРМЕЛЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 29.10.2019
Оқылды: 1295
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сенбінің таңы жаңа ғана сібірлеп атқан сияқты. Көкжиекті тұтасқан қара бұлт құрсап алған. Түнеріп тұр. Сағат тілінің сегізден асып бара жатқанымен табиғаттың ісі жоқ секілді. Жауған жаңбыр да уақытты бажайлауға мүмкіндік берер емес. Сәлден соң тіпті төгіп-төгіп те жіберді. Бұндай жағдайда үйде отырғаннан тынышы жоқ сияқты. Бірақ... бірақ...

Ақдала орта мектебіне қарай ағылған елдің қарасы сәт сайын молая түсуде. Жауған жауынға, соққан дауылға қарар емес. Өзара әңгімелері де таусылмайды.

– Бүгінгі шараның қызыққа толы болары сөзсіз. Мектептің басшысы үнемі жақсы шаралар ғана ұйымдастырады, – деді елуді еңсерген бір ата-ана.

– Өзі үйірме жұмыстары жайында деді ғой. Спортқа да қатысты болары сөзсіз. Спортпен шұғылданған балаларымызға мұндай жаңбыр түгілі қаңтардың қарлы бораны да түк болмас.

Әңгімелері жарасымды ата-аналар бір-бірін қолдап, жақсы ойларды жеткізе, мектеп ауласына кіріп жатты. Жаңа ғасыр көгінде білім беру жүйесі де жаңа бағытқа бет бұрғаны белгілі. Оның басты себебі, қоғамдық-экономикалық формация, соған орай меншік түрі өзгерді, талап пен талғам күшейді. Бұрынғы кеңестік кезеңде тек білім алумен шектелсе, бүгінгі жас ұрпақтың алдында алған білімді өмірде қолдану мәселесі тұр. Соған орай қарым-қатынасты жетілдіру де – бір шарт.

Білім беру саласы жариялылыққа қарай бет бұрды. Ашық, халықпен еркін қарым-қатынаста мақсаты мен міндеттерін көпшілік алдында насихаттау мәселесі де мектептерге абырой әкелері хақ. Бүгінгі шараны «Үйірмелер жәрмеңкесі» атауының да сыры осында. Мақсаты да айқын. Оқушыларды заманына қарай икемдеп, озық өнегесін оқушы санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту. Міндеттері де көңілге қонымды: оқушыны шығармашылық жұмысқа тарту арқылы танымдық қабілеттерін, қызығушылығын арттыру, жетістіктерін бағалап көрсету, белсенділігін қалыптастыру, өздігінен еңбек етуге дайындау, іскерлігін дамыту және осы бағыттағы шараларды ата-аналарға кеңінен насихаттау. Күтілер нәтижесі де уақыт талабымен, замана ағымымен үндеседі.

Мектептің бірінші қабатының көркемделуі, жазылған түрлі нақыл сөздер, қаз-қатар қойылған орындықтар, микрофондар бәрі-бәрі бір үйлесімділікпен орналастырылған. Залдың ішіндегі ата-аналардың көңілін кенет шараны жүргізушілер үні селт еткізді. Бал үнді балғындардың дауысы ата-аналардың назарын бірден баурай жөнелді. Әсіресе, болашағынан үміт күттіріп жүрген дарын – Әмина Нұрлыханның орындауындағы ақын-сазгер Бота Бейсенованың «Мектебім» әні ата-аналардың көз алдына бақытқа толы балғын, алаңсыз шақтарын елестетті.

Сөз кезегінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, «Менің қалауым, менің таңдауым» атты үйірмелер жәрмеңкесін ұйымдастырушы Жайдары Оспанбаева шараның мақсаты жайлы айтып өтті. Жоспар бойынша мектеп мұғалімдерінің әрқайсысы өз үйірмелерін жарнамалап қорғады. Жан-жағы ерекше көркемделген бір-бір столда бір мұғалім тұр. Оқушылар ата-аналарымен өздері қалаған мұғалімдеріне барады. Олар алдын ала дайындаған «Мен оқушыларымды шақырамын!» атты жарнамаларын экран арқылы қорғады. Өз үйірмелерінің өмірдегі орнын, тиімділігін толықтай түсіндірді. Пікірлесіп, қойылған сұрақтарына жауап берді.

Шара барысында санамалап отырсақ, мектепте 30 үйірме түрі жұмыс жасайды екен. Олар әр саланы, әр бағытты қамтығаны да ата-аналардың көңіліндегі ойлармен үндесті. Жәрмеңке барысында оқушылар өздерінің қызығушылықтары бойынша қалаған үйірмелеріне жазылды. Оқушылардың алдағы күндері аптасына екі-үш рет өткізіліп отыратын үйірмелерге деген қызығушылықтары өте басым екендіктері көңілге қуаныш ұялатты. Мектеп директоры Айгүл Қалиева ата-аналарға «Табысты мектеп» жобасы бойынша осы кезге дейінгі жүзеге асырылған шаралар, олардың нәтижесін таныстырды:

– Үйірме – оқушылардың сабақта алған білімін ары қарай жетілдіруге жол ашады. Әр оқушы өз қабілеті мен қызығушылықтарына қарай әртүрлі үйірмеге қатысады. Мектепте үйірмелерді көптеп ашуымыздың басты себебі, оқушылардың тек қана білім алып қана қоймай, өз қызығушылықтарына сай шыңдалып, рухани дамып, өз уақыттарын тиімді  пайдалануға, алған білімді өмірде пайдалануға тәрбиелеу болып табылады, – деп атап өтті.

Бізге үйірмелерді ұсынуда ең алдымен, ауданымызға қажетті мамандықтарға бейімдеу қамтылғаны ұнады. Әсіресе әдебиет әлемінде ауданымыздан шыққан жазушылар жоқтың қасы. Ғылым көгін бағындырған ғалымдарымыз да саусақпен санарлық. Бұл орайда, мектептің қазақ тілі, әдебиеті пәндерінің тәжірибелі ұстаздары Роза Рысбаева мен Қарлығаш Үмбетова жарнамалаған «Жас журналист», «Жас зерттеуші» «Драма», «Шешендік өнер», технология пәнінің мұғалімі Бақтияр Қуанышбек жарнамалаған «Қылқалам», «Жас натуралист», Малтабарова Айжан мен  Айнұр Шаяхметова насихаттаған «Би», «Домбыра», бастауыш сынып мұғалімі  Гүлназ Сыдықова жарнамалаған «Мәнерлеп оқу», «Сөз шеберлігі», Мадияр Құрман жарнамалаған «Жас жауынгер», «Спорттық журналист» үйірмелерінің көтерер жүгі мол екені анық. Нарықтық заманда ерекше рөлге ие қарым-қатынас, көп тіл білу, инженерлік салаға бейімдеу үшін «Жас психолог», «Логика», «Жас химик», «Латын әліпбиі», «Аударма ісі», «Қазақ әліпбиі», «Корреспондент» үйірмелері де тиімді. Ал бүгінгі ақпараттар легі тасқындаған кезеңде «Жас информатик» үйірмесі тіптен маңызды. Әсіресе, осы үйірмелерге мүмкіндігі шектеулі балалардың да тартылуы биік адамгершіліктің үлгісін аңғартты.

Осындай бірінен-бірі ерекше үйірмелер жарнамасын көрген кезде Мари Кондоның «Магическая уборка» кітабындағы пікірлер ойыма оралды. Шығарма «Ең ақыры үй жинаудың өзіндік ерекшелігі бар, баланы бұл үшін де үйрету керек» деген оймен басталатын еді. Кейін аталған шығарманың идеясы білім саласына Конмари әдісі болып енген еді.

Бір сәт ойымызға «Бұл шараның маңыздылығы неде?» деген сұрақ та оралды. Қорытындысында мынадай ерекшеліктері болғанын пайымдадық: шараның басты ерекшелігі – зерттеулердің Джейн Раддоктың «Оқушы үні», Чиксентмихаймның «Мұғалімдер үні» идеясы, «Ата-ана үні» ескерілгендігінде. Қыркүйек айынан басталған «Табысты мектеп» жобасында «Табысты мектептің 10 көрсеткіші» - мектептің бастапқы құндылығы ескерілген, қарым-қатынастың, сыныптар ахуалының, оқуды, оқытуды қолдаудың, уақыт пен ресурстарды пайдалану, ұйымдастыру және әрекеттің, теңдік пен әділдіктің, жетістіктерді танудың, мектеп пен отбасы байланысы сипаттамалары қамтылған. Әр бөлімдегі жүзеге асырылатын шаралар зерттелген, талданған. Қолжетімділігі қарастырылған.

Тамыз айының соңында №1 педагогикалық кеңесте мектеп директоры А.Қалиева арнайы таныстырылым жасап, қорғаған. Кері байланыстар алынып, талқыланған. Ұсыныстар жинақталған. Сөйтіп педагогикалық кеңесте айтылған ұсыныстар мен пікірлер ескеріліп, толықтырылып, қайта жасалған. Қазақ даналығымен айтқанда, «Жеті рет өлшенген, бір рет кесілген». Мектеп мұғалімдері жарнамалаған барлық үйірмелерге оқушылар қызығушылық танытты. Данышпен Абай айтқандай «Көрсем, білсем» деген қызығушылық әр оқушының көңілінің төрінен орын алды. Тағылымға толы шараның соңынан Ақдала орта мектебі «Мектеп қамқоршылық кеңесінің» төрағасы Бақтияр Базарбаевқа жолығып, аталған шара туралы және бір пікір білмек болдық.

– Айта кету керек, жыл сайын балалардың үйірме және секциялық жұмыстарға қатысу белсенділігі артып келе жатқаны байқалады. Бұл – Ақдала орта мектебі ұжымының замана талабына сай жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіруінің көрінісі. Мектеп оқушыларының әр жылдары үйірмелерге тартылуы бойынша жүргізілген салыстырмалы мониторингте жұмыс нәтижесі анық көрініп тұр. Сонымен бірге, мектеп ұжымының есебін тыңдау, кейін зерттеу  барысында жоғары сыныптар пәндік, ал орта сынып оқушылары шығармашылық және спорттық бағыттарды таңдайтынын аңғардық. Бұл да талғамның өсе бастағанын аңғартады. Ал мұғалімдеріміздің сол талғамның өзгеруіне, өсуіне сай жұмыс жасауы ауыл тұрғындарының көңілінен шығуда, – деді.

Мектеп әкімшілігі үйірме жұмыстары әр сенбі, тіпті, каникул күндері де жалғасатынын жеткізген еді. Ізденісі мол ұжым мұғалімдерінің тынымсыз еңбектерінен қанаттанған оқушылардың ертең-ақ сан биіктерді бағындыратынына сеніп аттандық. Тақырыбы жаңа, мазмұны ерек шара аяқталған шақта таңертеңнен сіркіреп жауған жаңбыр да басылыпты. Жер әлемді нұрына бөлеген алтын күн жиыннан қайтқан көпшіліктің де көңілін нұрландыра түскендей. Жиыннан қайтқан қауым да көңілді. Ұрпақтарының жарқын болашақтарын елестеткен әрқайсының жүздері үміттен бал-бұл жанады.  

Жетпісбай ҚОЙШЫҒҰЛОВ,

Балқаш аудандық білімді дамыту оқу-әдістемелік орталығының әдіскері