"ЕСКЕРТКІШ БОЙ КӨТЕРСЕ": АҚСУ АУДАНЫНДА ЕР ТОҚПАНБЕТТІҢ ҰРПАҚТАРЫ ЖИНАЛДЫ

Уақыты: 30.10.2019
Оқылды: 1433
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қасиетті Ақсу топырағында батырлар мен ақындар көп. Солардың бірі – батыр бабамыз Ер Тоқпанбет. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Молықбай атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Жер тарихын ел тарихындай көрген тұлғалар тағылымы» (Тұңғатұлы Ер Тоқпанбет батыр ізімен) атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Келген қонақтар ең алдымен аудандық кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен қойылған «Ер қорыған ер бабам» атты көрмені тамашалады. Шара шымылдығы Ақсу ауданының әкімі Есім Базархановтың құттықтау сөзімен түрілді.

Келесі сөз кезегі Ер Тоқпанбеттің ұрпағы, зейнеткер полковник, ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Құрметті ардагері, тыл еңбеккері Ақшамбек Барысбекұлына берілді. Негізгі баяндаманы тарих ғылымдарының докторы, Халықаралық педогогикалық білім беру академиясының академигі, Алматы энергетика және байланыс университетінің профессоры, «Парасат» зияткерлік клубының президенті Бақдәулет Берлібаев жасады. Ол «Мәңгілік Ұлы Дала елінің жерін қорғаған тұлғалар және Ер Тоқпанбеттің (Қолағаш баба) тарихтағы рөлі» тақырыбында сөйлеген сөзінде өткенімізді тірілту келешек ұрпақ үшін маңызды екенін, көмескі тартқан бабалар ізін жаңғырту кеудемізге мақтаныш сезімін ұялатумен бірге патриоттық рухымызды да жанитынын жеткізді.

Баяндамадан соң республикаға белгілі зерттеуші, Ер Тоқпанбет ұрпағы Жемісбек Толымбеков тарихи тың деректерге толы жұмысын таныстырды. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы Өнербек Қуанған тарлан баба туралы баяндамасын оқып, батырдың тарихтағы орнын әңгімеледі. Шәкірті, тарих мамандығының 4-курс студенті Рәузия Мұхаметованың баяндамасы батыр бабамыздың өмірі туралы жастардың ізденісі бар екендігін көрсетті.

Батыр баба ұрпақтары аудан орталығында Ер Тоқпанбет батырдың ескерткіші бой көтерсе деген арман-тілегін ортаға салып, әкімдік назарына ұсынды.

Жиын соңында аудандық Мәдениет үйі қызметкерлері патриоттық әндерден шашу шашты. Шарада Ақшамбек Барысбекұлы өзінің «Өмір өткелдері» жинағын және «Үш Арыс» кітабын келген қонақтарға тарту етті.

Мағжан ШЫНДӘУЛЕТ,

Ақсу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы