"АҚЫН АТЫНДАҒЫ БАСЫЛЫМ": АУЫЛ ӘКІМІ МҰҚАҒАЛИДЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫНА ШАШУ ДАЙЫНДАДЫ

Уақыты: 31.10.2019
Оқылды: 2097
Бөлім: РУХАНИЯТ

Біз, Қарасаз ауылының тұрғындары, өзіміз ойластырған мына бір ұйғарымды мұқағалишыл оқырмандардың назарына ұсынуды жөн көрдік. Оның мәнісі – ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа және «Мұқағали» журналына байланысты.

Өздеріңіз білесіздер, Мұқағалидың кіндік қаны Қарасаз топырағына тамды. Осы жерде өсіп, осы жерде ержетті. Қалам ұстаудың алғашқы қуанышына кенелді. Ақын болудың салмағын сезінді. Буынын бекітіп, Елшенбүйректің етегінен Алматыға аттанды. Қыранға айналған перзентіне Қарасаз сүйіне қарады. Поэзияның ұлы биігіне көтерілген талантты ұлымыз даңққа бөленіп, мәртебемізді өсірді. Сондықтан, ұлы ақынға қатысты шаралардың бәрі біз үшін маңызды.

2005 жылы «Мұқағали» журналы жарыққа шыққанда оны ерекше қарсы алған қарасаздықтар болатын. Қолымыздан түспейтін Мұқағали кітаптарына енді ақын атындағы басылым қосылды. Сол жылы бүкіл ауыл «Мұқағали» журналына бірі қалмай жазылды. Осындай іс-әрекеттер өзгермейтін қалыпқа айналды. «Мұқағали» журналы әр шаңырақтың есігін қағып, «мен келдім» деп тұрғаны қандай жарасымды. 14 жылдық кезең аз уақыт емес. Басылымның мазмұны мен сапасы ойымыздан шықты. Қарасаздықтар ақын туралы деректерге молынан қанықты. Аға ұрпақтың өнегелі өмірлерін өздеріне үлгі тұтты.

«Мұқағали оқулары» тұрақты жолға қойылды. Оның қайнар көзі – қасиетті Қарасаз! Наурыз айы туғанда байтақ елдің түкпір-түкпірінен өлең сүйетін жас таланттар осында жиналады. Олар жырдың аламан бәйгесінде бабын да сынайды, бағын да сынайды. Жыр жарысына дайындалудың басты оқулығы «Мұқағали» журналы екенін қарасаздықтар жақсы біледі. Егер балаларымыз бас бәйгелерді еншілеп жатса, оның негізгі сыры осында. Ақын мұрасының тереңіне үңілетін, астарын аңғаратын мұқағалитану ізденістеріне ден қоюшылардың саны жыл өткен сайын көбейе түсуде. Күні ертең кемел зерттеушілер де Қарасаздан шығуы мүмкін дейтін үмітіміз бар. Яғни, «Мұқағали» журналымен достасқандар, «Мұқағали» журналымен сырласқандар ұтпаса, ұтылмайды. Мұндай тәлім барлық ағайынға жұғысты болсын деп тілейміз.

Ой-пікірлерімізді қорыта отырып, Мұқағали ағамыздың алдағы 90 жылдығы қарсаңында шашу дайындағымыз келді. Соның ырымы ретінде «90 жылдыққа – 90 журнал» атты ұйғарымға тоқтадық. Бұл – журналға жазылу деңгейі тоқсаннан төмендемесін, ал таралымды көбейтем дегендерге ақ жол тілейміз деген аталы сөзіміз. Біздің ұйғарым – қарасаздықтардың жүрекжарды шешімі. Өз еркімізбен ақыл қосқан халықтық байлам. Оны 2021 жылы да жалғастыратын боламыз. Бұл – Мұқағали ауылының «Мұқағали» журналын қолдағанының басты белгісі. Егер ниет-пейілімізді дұрыс түсініп, мұқағалишыл оқырмандар бізге қосылып жатса, оған шын жүректен қуанамыз!

Бір топ оқырмандар атынан - Д.МҰХАМЕТЖАНОВ,

Қарасаз ауылдық округінің әкімі

Алматы облысы