БЮСТ ҚОЙЫЛДЫ: ЖАНСҮГІРОВТІҢ ТОЙЫ ОЙТОҒАНДА ЖАЛҒАСТЫ

Уақыты: 31.10.2019
Оқылды: 1148
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығы ақынның кіндік қаны тамған Ойтоғанда жалғасын тапты. Бұл күні ауылда Ілияс ақынның  бюсті ашылды. Бюст ауылдағы Жастар саябағына қойылды. Оның лентасын қию рәсімі Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов пен ауданның  мәслихат хатшысы Бейбіт Сүлейменовке, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Амантай Айтбаев және ауыл  әкімі Тұрсыннұр Білісбекке табысталды.

Аудан әкімі Есім Базарханов Ілияс Жансүгіров ескерткішінің ашылуымен көпшілікті құттықтап, жастар ақын рухынан күш-қуат алса деген ақжарма тілегін арнады. Жастар саябағы гүлдеп, болашақта мәуелі баққа айналсын десті көпшілік. Аудан басшысы бастаған тұрғындар мен қонақтар ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Елді мекенде дәл осы күні футбол алаңының ашылу салтанаты өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы шеңберіндегі «Туған жер» бағдарламасының орындалуына өз үлесін қосып, жасөспірімдерге шағын футбол алаңын салып, демеушілік көрсеткен Жансүгіров орта  мектебінің  түлегі, ауданның Құрметті азаматы Ахат Бақанчиновке көпшілік атынан алғыс айтылды. Атымтай жомарт азаматтың игілікті ісі басқаларға үлгі болса, қане! Спорт алаңының ашылуында ақжаулықты аналар жаңа нысанға шашу шашып, ойынға келген  балаларға демеушілер тарапынан спорттық киімдер сыйға тартылды.

Ақын рухын асқақтату, мәңгі өлмес жырларын жаттап, таныта білу – болашақ ұрпақтың еншісінде. Бұл орайда Ақсуда атқарылып жатқан шара ауыз толтырып айтарлық. Ілияс Жансүгіровтің немересі, зейнеткер ұстаз Оралхан Кәппайқызы шара барысында  атасының шығармашылығын әспеттеу үшін жасалып жатқан шараның маңызына, тәрбиелік тұсына ерекше тоқталды. Оралхан ана  ақын жайлы үлкендердің аузынан естіген естеліктерімен бөлісті. Жақсының шарапаты ауыл жұртына да тиді.  Биыл жыл басынан бері ақын мерейтойы аясында көптен қордаланып тұрған дүние шаруа тындырылды.

Мысалы, Ойтоғанға ауызсу тартылды. Көшелерге жарық берілді. Жаяу жүргіншілер жолы жасалды. Жастар саябағына 400-ден аса жеміс ағашы отырғызылды. Жол жасалды. Бұл орайда Ойтоған ауылдық округінің әкімі Тұрсыннұр Білісбектің еңбегі шаш етектен. Басшы біреу, халқы оған тіреу бола жүріп, ойтоғандықтар қасиетті мекенді гүлдендіріп, түрлендірді.

Ойтоғанда мәдени-көпшілік шара ән-жырмен жалғасын тапты. Аудан өнерпаздары Ілияс нәр алған топырақтың құнарлылығын тағы бір айғақтады. Бір қуанарлық жайт, аудан оқу орындарында Ілияс сабағы енгізілді. Мектеп, балабақша балаларына Ілияс өлеңдері жаттатылады. Бүгіннің өзінде балалар "Арынды менің Ақсуымнан" бастап, Ілекеңнің бар өлеңін жатқа айтады. Сабақты аудан мәслихатының хатшысы Бейбіт Сүлейменов барып тексеріп, әр баладан ақын мұрасы жайлы сұрады. Естіген жұрт Ақсу ауданы атқамінерлерінің бұл бастамасына бәрекелді десуде.

Салтанатты шарада мағынасы зор әндер шырқалып, күй шертілді. Концерттік бағдарламадан соң арнайы тігілген ақ шаңқан қазақ үйлерде ақын рухына бағышталып Құран оқылып, ас берілді. Салтанантты шара соңы бұқа тартыс, күрес, көкпар ұлттық ойындарымен жалғасын тапты. 

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Ақсу ауданы