"НЕМЕРЕЛЕРІҢІЗДІ ЖІБЕРІП ТҰРЫҢЫЗДАР": БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ОРТАЛЫҚ

Уақыты: 05.11.2019
Оқылды: 884
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аудандық балалар кітапханасында Білім орталығы ашылды. Осынау қуанышқа ұстаздар мен оқушылар, кітапхашылар, білім саласының қызметкерлері, жалпы кітапсүйер қауым қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аймақтық кітапханаларды жаңғырту аясында жастарға арналған білім орталықтарын ашуды міндеттеген еді. Ашылған «Білім орталығы» уақыт талабымен үндесіп, кітапханаға жас оқырмандарды тарту, кітап оқуға құлшынысын ояту мақсатында қызмет етпек.

Аудандық  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айбек Оңғаров «Білім орталығының» ашылуымен құттықтап, кішкентай оқырмандарды кітаппен дос болуға шақырды.

– Білім орталығында балалар тек кітап оқумен айналыспайды, сонымен қатар, шахмат, дойбы, үстел ойындарын ойнап, ғаламторға кіру мүмкіндігі бар. Балалардың білімге, кітап оқуға деген құштарлығын арттыру ниетімен ашылып отырған білім орталығы құтты болсын! – деді Айбек Нұрғазыұлы.

Аудандық кітапхананың директоры Гүлшат Сембекова басты мақсат үздік әлемдік тәжірибені пайдаланып, кітапханалардың жаңа заманауи үлгісін құру екенін айтып өтті. «Кітапханада жоқ кітаптарды осындағы заманауи құрылғы арқылы тауып бере аламыз. Оқушылар инновациялық қалам арқылы ертегі, әңгіме мәтінінің аудио нұсқасын тыңдай алады. Жас оқырмандар үшін демалып, алаңсыз кітап оқып, зеріккенде ойын ойнауға жағдай жасалған. Балаларыңызды, немерелеріңізді кітап оқуға кітапханаға жіберіп тұрыңыздар», – деді кітапхана директоры.

Іс-шара барысында балалар кітапханасының «Балауса» клуб мүшелері мен М.Горький мектебінің 1-сынып оқушылары әдеби-монтаж көрсетіп, білім, кітап жайында тақпақтар айтып, ән шырқады. "Нұр Отан" партиясы Қаратал аудандық филиалының өкілі Бибігүл Сүлейменова Президент бастамасымен жастардың білім алуына барлық жағдай жасалып отырғанын айтса, аудандық білім бөлімінің маманы Алпанбай Дүйсенбінов бала кезде майшаммен кітап оқығанын, әсіресе, «Робинзон Крузо» шығармасы ерекше әсер еткенін жеткізді.

Кеш барысында 4-сынып оқушылары сынып жетекшісі А.Дауытованың дайындаған «Бауырсақ» ертегісінен көрініс көрсетті. Көрермендер қуыршақ театры ұсынған ертегіні тамашалап, жақсы әсер алды. Іс-шара өте қызықты өтті.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы