"БОС ТҰРМАСЫН": ТЕАТРДЫҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ КОМЕДИЯМЕН АШЫЛДЫ

Уақыты: 05.11.2019
Оқылды: 1425
Бөлім: РУХАНИЯТ

Театр – ол өмір. Күйбең тірлікте мән бермейтін өмір шындығын әртістердің өнерінен танып, жамандықтан жиреніп, жақсылықтан үйреніп жататынымыз сондықтан. Иә, міне, тағы да театрдың жаңа бір парағы ашылды. Жаңа маусым, жаңа ізденіс. Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрының 45-ші маусымының ашылу салтанаты өтті.

Спектакльдің алдында БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Онда театр директоры Руслан Сенкебаев жаңа маусымда атқарылатын істер, жаңа қойылымдар туралы кеңінен баян етті.

– Өткен жылы көрермендер үшін есігін айқара ашқан жаңа театрда екінші жыл жаңа маусымның шымылдығын түргелі отырмыз. Биылғы жаңалығымыз, театрымыз жас әртістермен толыға түсті. Былтыр 90 адам еңбек етсе, биыл 144 адамға ұлғайды. Қазір 6-7 қойылым сахналанып жатса, келер жылы 12 қойылымға жеткізу жоспарда бар. Атап айтар болсақ, А. Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абай» спектаклімен репертуарымызды толықтырсақ деген мақсатта дайындық жұмысын жүргізудеміз. Келер жылы аталып өтетін «Алтын Орданың» – 750, Ұлы Отан соғысының – 75, тағы басқа да айтулы шараларға қойылымдарымыз арқылы үлес қоспақпыз. Нұрғиса Тілендиевтің, Тұманбай Молдағалиевтің мерейтойларына орай поэтикалық кештер ұйымдастырсақ деген де ойымыз бар. Қойылымдарымызды ел көлемінде насихаттау мақсатында өзге облыстарға гастрольдік сапарларға, «Абай» спектаклімен шет елге шығуды да жоспарлаудамыз, – деді.

ҚР Халық әртісі Алмахан Кенжебекова, театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Жұматай Оспанұлы, театр режиссері Назым Өтеулинова да жаңа маусымдағы жаңалықтарымен бөлісті.

Бұдан соң журналистер қауымы мен жиналған көпшілік экспозициялық көрмемен танысып шықты.

Театр маусымының ашылу салтанатында Алмахан Кенжебекова, Әлихан Ыдырышева, Кендебай Темірбаев, Серік Нұрхалық бастаған сахна саңлақтары ортаға шықты.

Шараға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев қатысып, құттықтауын жеткізді.

– Театрдың белді актерлерімен бір қатарда тұрып, сөз сөйлеудің өзі бір бақыт. Аталмыш өнер ошағының кірпіші қаланған кезден бастап еңбек етіп келе жатқан Алмахан, Әлихан апаларымыздың еңбегінің өзі бір төбе. Оны сөзбен айтып жеткізу де мүмкін емес. Осы кісілерден тәлім алған жастар театрға жаңа леп әкелуде. Бүгінгі күн  Жетісу жұртшылығы үшін үлкен мейрам. Өнердің мейрамы. Көпшіліктің өнер иелеріне деген құрметі, алғысы арта берсін! – деді.

ҚР Халық әртісі Алмахан Кенжебекова апайымыз да сөз алып:

– Бір кездері жаңа театрымыз болса деп армандадық. Ол күнге де жеттік. Мұндай заманауи театр екінің бірінде жоқ. Жастарымыз осында жарқырата жұмыс істеп, театрды біз жеткізген деңгейден жоғары биікке көтерсін. Жаңа ғимаратымыз бос тұрмасын, келушілеріміз көп болсын! – деген тілегін  арнады.

Биыл Жастар жылы болғандықтан, театр шымылдығын жастар ашсын деген ниетін жеткізген театр директоры Руслан Исабекұлы көпшілікті Мұхтар Әуезов пен Қалтай Мұхаметжановтың шығармалары негізінде сахналанған ҚР еңбек сіңірген әртісі Нұрқанат Жақыпбайдың "Айман-Шолпан" комедиясын тамашалауға шақырды.

Бұдан соң театр шымылдығы ашылып, иінағашқа шелектерін асып, ортаға жарқырай шыққан жеңгелер мен қыздар әзіл әндерін айтып, оларды аңдып, соңдарынан ерген жігіттермен қағытпа сөз жарысына түсіп, халқымыздың өзіне тән әзіл-қалжың, жарасымды сыйластықтарын ортаға салады. Барша жігіттің аңдығаны айдай көрікті, ақылды Айман мен ерке сылқым Шолпан. Қыздарға таласқан Әлібек пен Арыстан арасында өзара қақтығыстар орын алады.

Қыздардың әкесі Маман бай мен қонысымды шет жаққа тіктірдің деп ренжіген Көтібар батырдың арасындағы тартыс та қойылымның одан ары жаңа бағытта өрбуіне негіз болады. Маман байға ерегескен Көтібар батыр оның қыздары Айман-Шолпанды тоқалдыққа алуға бекінеді. Алайда қыздардың жеңгесінің айласымен оңашада Айманмен кездесуге келген батыр күлкіге қалады. Қыздың орнына әйелі Теңге бетін бүркеп келіп, күйеуінің арам ойын іске асыруына жол бермей, оны сабап, масқара етеді. Осыдан соң Көтібар райынан қайтып, жастар сүйгеніне, демек, Айман Әлібекке, Шолпан Арыстанға қосылып, соңы той-думанмен аяқталады.

Спектакльдің ерекшелігі – комедиялық жанрда қойылып, халқымыздың құлағына сіңісті болған, ойнақы ырғақтағы халық әндерімен көркемделіп отырғандығы. Қызықты, әсерлі қойылған спектакль көпшіліктің көңілін көтеріп қана қоймай, терең ой да салды.

Қойылымды жарқырата ойнап шыққан әртістерге деген көпшіліктің ілтипаты да ерекше болды. Театр маусымының ашылуына көрермен көп жиналуы да өнерсүйер қауымды қуантты.

Қойылым соңында облыс әкімінің ықылас гүлі табыс етілді.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы