"ӘСЕРІ БАСҚАША": КЕЗДЕСУДЕ ГАЗЕТТІҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ СӨЗ БОЛДЫ

Уақыты: 07.11.2019
Оқылды: 1200
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жетісу» және «Огни Алатау» газеттері бас редакторларының орынбасарлары Нүсіпбай Әбдірахым мен Хасан Еспанов, фототілші Руслан Кадыров Жамбыл ауданына іссапармен келді. Облыстың басты басылымдарының журналистері аудан әкімінің орынбасары Әділбек Далабаевпен жүздесті.

Аудан әкімдігіндегі бұл кездесуге, сондай-ақ, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айткүл Медеуова, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Дамир Сұраужанов пен Қарғалы ауылындағы аудандық аурухананың директоры Сертай Сағиев қатысты. Онда алдағы 2020 жылға баспасөзге жазылу жайы, облыстың қос басылымының өңір айнасы ретіндегі маңызы әңгімеге арқау болды. Әкім орынбасары Әділбек Қамбарұлы келесі жылдың газетіне жазылуға байланысты және бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі пікірін білдірді.

Ол, ең алдымен, көпшілік баспасөздің маңызын жете түсінуі керек деген пікірді жақтайтынын айтты. Мерзімді басылымдардың ішінде әсіресе облыстық газеттің орны расымен бөлек екендігіне тоқталды. Осы өңірде тұрғаннан кейін жер жаннаты Жетісудың тынысын дәл осы төл газеттей ешбір басылымның бере алмайтыны шындық. Жүзжылдық тарихы бар «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттері ақпарат айдынынан ойып тұрып орын алған. Аты облыстық демесең, республикалық деңгейге көтерілгені тайға таңба басқандай анық. «Әкелеріміз бен аталарымыз қолынан тастамай жүріп оқыған газет бүгінгі ұрпақ үшін де құнын жоғалтпауға тиісті. Оның бетінен жұртшылық мемлекеттік саясаттың бағытын ұғынып, мәнін түсініп отырады. Облыс орталығынан бастап аудандарда болып жатқан жаңалықтарды біледі. Әртүрлі тақырыптағы қызықты материалдарды оқиды. Өзі еңбек ететін сала бойынша да жұмысына керекті дүниелерді таба алады», – деді әкім орынбасары.

Осы орайда Нүсіпбай Додабайұлы газеттің өзіне тән ерекшілігін еске салды. Оның айтуынша, ақпаратты монитордан алу бір басқа да, газетті қолыңмен ұстап, әрі-бері аударыстырып отырып оқудың әсері басқаша. Оған қоса газет мұрағат ретінде сақталады. Қайталап оқимын десең қолыңда тұр. Ал эфирдегі дүние жылт етеді де кетеді. Оны екінші қайтара таба алмай қаласың. Осы жағынан да газеттің өзгешелігі бар. Жалпы электронды БАҚ дамыған сайын қағаз түріндегі мерзімді басылымдар біртіндеп жойылады деген пікірдің түпкілікті қате екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Газет олармен бірге иық тіресе қатар дами береді. Бас редактордың орынбасары, сонымен қатар, «Жетісудың» электронды нұсқасы да бар екеніне, газет сайтына материалдардың жедел салынатынына, газетті шығарып, елге таратудағы баспахана мен тасымал қызметіне тоқталды.

Әңгіменің тоқетері газеттің елге өте керектігін айқындай түсті. Жалпы Жамбыл ауданында облыстық газетке көптеп жазылу дәстүрі бұрыннан қалыптасқан. Бұл үрдіс биылғы жылы да жарасымды жалғасын табады деген сенімдеміз.

ӨРІСІМІЗ КЕҢЕЙДІ

Бағдат ӘЛИЕВ,

Жамбыл ауданының әкімі:

– Алматы қаласы маңындағы аудандардың қатарында ақындар мен батырлар елінің де өсу қарқыны жоғары. Халықтың табиғи өсімі жаңадан қоныстанушылармен еселеніп, тұрғындар саны 170 мың адамға жетті. Ауылдардың іргесі кеңейіп, елді мекендер көркейе түсті. Кешегі күнмен бүгінді, бүгінгі күнмен ертеңді салыстыруға келмейтін жүрдек заманды бастан кешіп жатырмыз.

«Қазан аузы жоғары» дейтін тілектен біз де аса алмаймыз. Шаруалар егінін орып, қамбасын астыққа толтырып, қысқа қажетті жемшөбін қамдап алды. Аграрлы аймақ мал саны жөнінен облыста алдыңғы орында. Санын көбейтіп қана қоймай, сапаға бетбұрыс жасалып, өнімділігі жоғары асыл тұқымды мал басын арттыруға, мал өнімдерін өңдеуге күш салынуда. Биыл жаңадан ет комбинаты іске қосылды. Алматы-Бішкек халықаралық күрежолының бойында салынған заманауи өндіріс орнына 3,4 млрд. теңге инвестиция тартылған. Өндірістік қуатына келер болсақ, жылына 8 мың тонна ет өңдейді.  Аталған комбинаттан шетелге ет экспортталады.
Өсімдік шаруашылығында тың ізденіспен үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Мәселен, Ұзынағаш ауылының өр жағынан 56 гектар жерге «Атек Агро» ЖШС-нің алма бағы егілді. Онда сегіз түрлі алма сорты интенсивті технологияны қолдану арқылы тамшылатып суару әдісімен өсіріледі. Енді екі жылдан кейін өнім бере бастайды, 80 адамға жұмыс орны ашылады. Заманауи алма бағын өсіруді қолға алған Айжан Сәулехат өз кәсіпорнын одан әрі кеңейтіп, қасына алманы қайта өңдейтін зауыт салмақшы. Осындай іскер жандардың тыңнан түрен тартқан шаруаларын қуана құптаймыз. Өйткені, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдамай елдің ырысы артып, бюджет қоржыны толмайтыны анық. Осы орайда биылғы салық түсімдері өткен жылғымен салыстырғанда бір жарым миллиард теңгеге артады деп болжап отырмыз.

Қазіргі күні электрмен жабдықтау саласына инвестиция тарту жайымен Араб мемлекетінің бір үлкен компаниясымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Ол – Қопа өзенінің күншығыс жағындағы кең жазықта өндірістік қуаттылығы алғашқы кезеңде 50 мегаваттық, соңынан 500 мегаваттық күн батареяларын орнату. Күллі әлем ден қойып жатқан жасыл энергияға негізделген жоба іске асса электр жарығы арзандайды әрі бюджетке ақша құйылады.

Осындай ауқымды жоба-жоспарлардың барлығының мақсаты бір. Ол – экономиканы дамыту арқылы әлеуметтік жағдайды көтеру. Ол үшін, ең алдымен, халықтың тыныштығы мен береке-бірлігі, ағайын арасындағы ынтымақ керек. Осыны жалпақ жұртқа насихаттауда БАҚ-тың рөлі үлкен. Осы орайда елдік мүддені бір сәтке естен шығармай, ұлттық құндылықтарымызды үнемі ұлықтап келе жатқан, ғасырлық тарихы бар «Жетісу» газетінің біздің ауданда алар орны айрықша. «Газет – елдің айнасы» деп өскен ұрпақпыз. Ауыл тұрғындарының көбі Жетісу өңірінде болып жатқан жаңалықтарды осы басылымнан біліп отырады. Жетісулық журналистер еңбегінің жемісті болуына тілектеспін.

Жамбыл аудандық «Ақ әжелер» ансамблінің көркемдік жетекшісі, аналар алқасының төрайымы Күміс КЕМЕЛБЕКОВА газет тілшілеріне берген сұхбатында: "Өз басым жыл сайын облыстық «Жетісу» газетін жаздырып аламын. Аптасына үш рет шығатын басылымды әр жолы асыға күтемін. Маған газет бетіндегі сан түрлі тақырыптағы мақалалар өте ұнайды. «Руханият», «Ұлттық код», «Шырағдан», «Өнеге», «Тәлім», «Мезгіл», «Келбет», «Жыр-өрнек», «Перзент сыры», «Қара шаңырақ», «Жүрек сөзі», «Айтарым бар», «Қаз-қалпында», «Беу, дүние», «Сұхбат», «Еңбек адамы», «Тарих толқынында», «Майталман», «Айтайын дегенім», «Ұлт ұстыны», «Ауылым – алтын бесігім», «Замандас», «Әріптес әлемі» айдарларымен берілетін материалдарды қызыға оқимын.

Билер сөзі келтірілген бабалар мүйісі мен осындай тақырыптардағы көптеген маңызды дүниелерді ой елегінен өткізіп, көкейге түйемін. Алаш арыстарының қиын-қыстау заманда біздің болашағымыз бен тәуелсіздігіміз үшін күресіп, жанын қиғанын, олардың ұлт тағдырын, ұлт мұратын, ұлт мүддесін өздерінен жоғары қойғанын, сонша азап шексе де артына ұлы мұра қалдырғанын сүйікті газетім арқылы жас түлектердің оқып білетініне қуаныштымын.

Осындай тағылымды туындылармен оқырманын сусындатқан «Жетісу» газетінің қаламгерлеріне аналық алғысымды білдіргім келеді. Барша оқырман қауымға айтарым, рухани жан дүниелеріңіз тазарсын десеңіздер, саяси-мәдени, әдеби сауатты болғыларыңыз келсе, «Жетісу» газетіне жазылыңыздар.  Өйткені, газет бетіндегі туындылардың жастарға берер үлгі-өнегесі, тәлім-тәрбиесі ұшан-теңіз. Басылым мақалаларының салт-дәстүріміз бен дінімізді, ділімізді сақтауға, қазақ тілінің қадір-қасиетін танып білуге ықпал етіп, тарихи тағылым беретініне кәміл сенемін", - деді.

Бірегей кәсіпорын

Облыстың  қос газетінің журналистері Шолаққарғалы селолық округіне қарасты Қасымбек ауылындағы «Тексан Қазақстан Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне келді. Елді мекеннің шет жағына орналасқан Қазақ-түрік бірлескен зауыты атшаптырым аумақты алып жатыр. Бізді мұнда өндірістік директор Нұрмұхан Мадилеев күтіп алып, зауыттың жалпы жағдайымен таныстырды.

Оның айтуынша, жарық-электр жабдықтарын және металл бұйымдарын шығаратын бұл кәсіпорын елде бірегейлігімен ерекшеленеді. Бас директор Диас Құрмашев басқаратын зауытта жарықдиодты шамдардың 350-ден астам түрі шығарылады. Олардың қатарында кеңсеге, көшеге, тұрмысқа және өнеркәсіп орындарына арналған әртүрлі шамдар бар. Ерекшелігі, елімізде осындай өнім түрлерін шығаратын өзге кәсіпорындар болғанымен олар дайын бөлшектерді құрастыруға негізделген. Ал мұнда пластик, металл бөлшектердің барлығы да өзінде құйылып, құрастырылып, тұтынушыға дайын өнім болып барады. Мұнда, сонымен қатар, металдан жасалатын өзге де көптеген тауар дайындалады. Ыңғайлы оқушы парталары, көшеге, саябақтарға арналған әдемі орындықтар, кеңсе сейфтері, терминал жәшігі, төсек сияқты сапалы бұйымдар да өндіріледі.

Кәсіпорын 2012 жылы ашылған. Алғашында ісін 25 жұмысшымен бастаған болса, бүгінде 160-тай адам тұрақты жұмыс істейді. Жалақылары толымды, 180 мыңға дейін алатындар бар. Үш мезгіл тегін ас беріледі. Осында жергілікті тұрғындар да көптеп еңбекпен қамтылған. Олар Қасымбекпен қоса жақын маңдағы Үмбетәлі, Мыңбаев, Ұзынағаш ауылдарынан. Жұмысқа ынталы ауыл жастарын істің қыр-сырына үйретіп, тұрақты орналастыруға зауыт басшылығы ықылас танытып отыр. Солай болып та жатыр, бірақ Нұрмұхан Илгизұлы арасында енжарлық танытып, жетекке жүрмейтін құлықсыздардың да жетерлік екенін айтады. «Біраз уақыт үйрету мерзімінен өткен соң қолын бір сілтеп кетіп қалатын замандастарымды түсіне алмай жүрмін», – дейді ол. Сырттан келетіндер үшін осында 100 орынды арнайы жатақхана да салынған. Онда тұратындардан төлемақы алынбайды. Ішінде бильярд бөлмесі бар, аулада теннис, шағын футбол алаңы жабдықталған. Жұмыс істеймін деген ауыл жастарына бұдан артық тағы қандай жағдай жасалуы керек?!

Цехтарды аралап, еңбек көрігін қыздырып жатқан жұмысшылармен тілдесіп, оларды суретке түсірдік. Бізді мұндағы жұмыс үдерісімен бас инженер Ілияс Төреқұлов таныстырды. Ол тұрақты дамып келе жатқан болашағы зор өндіріс орнының қол жеткізген жетістіктері туралы жан-жақты хабардар етті. Керекті бұйымға ою-өрнектердің лазер қондырғысымен салынатынын көрдік. Кәсіпорын өткен жылдары орта есеппен айына 200 мың бірлік өнім шығарып келіпті. Биыл да сол шамалас. Бұл еліміздегі нарық сұранысының едәуір бөлігін қамтиды.

Зауыт өнімдері өз елімізден басқа таяу шетелдерге, оның ішінде Қырғызстан мен Өзбекстанға жөнелтілген. Сондай-ақ, Парсы шығанағы мен Латын Америкасына да экспортталады. Зауыттың техникалық жарақтандырылуына жыл сайын қомақты көлемде инвестиция салынады. Өйткені, мұнда ең басты қағида – тек қана сапалы өнімдер шығару. Заман талабына сай отандық өнімді өрістету, жаңа технологиялар енгізуде өркениет көшінен қалыспау зауытқа тән үрдіс.

Мұнда еңбек жағдайының қолайлы болуына айрықша мән берілгені жұмысшылардың жарқын жүздерінен айқын аңғарылды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы