ТАЛДЫҚОРҒАН: АЛЫС-ЖАҚЫН ШЕТЕЛДЕН ӨНЕРПАЗДАР ЖИНАЛДЫ

Уақыты: 09.11.2019
Оқылды: 973
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тарпуы тастай тұлпардың екпініндей қуатты музыка рухыңа тылсым күш құятындай. Мың күліктің шабысындай саз ағынына ілескенде көңіліңді салқар сезім билеп, жаның жадырап сала береді. І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны» ІІ халықаралық музыка фестивалін тамашалаған жетісулық көрермен сондай күйді бастан кешті.

Ділі бір, тілі егіз түркі халықтарының ұлттық аспаптарынан төгілген мөлдір саз, асқақ әндер әлем музыка өнерінің нағыз жауһарлары дерсің. Бекзат өнер көгінен күй төгілген аталмыш фестивальді «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырып келеді.

Түркі жұртының ұлттық мұрасын насихаттап, үздік жетістіктерін кеңінен тарату, өзара тәжірибе алмасып, қазақ мәдени байлығымен таныстыру мақсатында өткен рухани шараның шымылдығын ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі жыршы Ерболат Шалдыбеков «Сұраншы батыр» дастанымен ашты.

Өз кезегінде алыс-жақын шетелден келген саз өнерінің саңлақтары мен еліміздің дауылпаз әнші, күйшілері ұлттық мұраларды орындады. Көршілес Қырғыз елінен, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан, Якутия, Монғолия, Алтай халықтарының музыкасын арқалап келген ғажайып әнші-күйші, жыршылар өнерін ортаға салды. Алты Алаштың асқақ музыкасын насихаттап жүрген қазақ халқының мақтаныштары өз кезегінде тыңдарманды тебірентіп, белгілі композиторлардың, халық әндерін орындады.

Мың бұлақтың мөлдір суындай сылдыраған мөлдір, кейде өр өзендей екпінді, ырғағы шымыр туындылар ойналып, саз құшағында қалықтатқан фестивальдің соңында бауырлас елдердің өнерпаздары Түркіге ортақ Дәулеткерейдің «Көроғлысын» орындаса, нүктесін күміскөмей әнші Сая Есенгелдинова «Жер әсемі Жетісу» әнімен қойды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев сөз алып, Талдықорған аспанында түркі халықтары мен көрші елдердің әсем сазы қалықтаған кешке қатысушыларға алғысын жаудырды. Сонымен қатар, облыс әкімінің дипломын табыс етті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы