"БОСАҢСУҒА УАҚЫТ ЖОҚ": ЕЛДОС ТОҚТАРБАЙ - ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ ОЛЖАСЫ

Уақыты: 11.11.2019
Оқылды: 3347
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлы тұлғалар мен ұлт қайраткерлерін ұлықтау – ұлағатты іс. Төл тарихымызды танып, Алаш мұрасын зерттеп, тағылымын түсіну, қазақ әдебиетінің тасада қалған інжу-маржанын теріп-жинап, халықтың игілігіне ұсыну Елдос Тоқтарбайдың таңдап алған жан қалауы. Ол жазуды, зерттеуді мәңгілік мұраты етіп алды. Бүгінде Алаш пен тәуелсіздіктің тарихи сабақтастығын пайымдауға күш салуда. Тауда туып, тауда өскен тау мінезді ұлдың тарихты зерделеудегі табандылығы бәрекелді дегізеді.

Жетісудан түлеп ұшқан баланың өмірлік ұстанымы да, қалам алдындағы серті де – жазу, берекелі жазу, сенімді әрі нық жазу. Елдос қаламгер жастарға елдің тарихы мен мәдениетін жаңаша көзқараста, тәуелсіздік талабымен жазуды көздейді. Басты мақсаты – ұлттық сананы, қоғамдық сананы қалыптастыру. Тағы бір мақсаты – қазақ әдебиетінің алтын қазынасындағы классикалық туындыларды шет тілдеріне сапалы аударып, әлем әдебиеті кеңістігіне көтеру.

«Ұлтты жою үшін оның әдебиетін жою жеткілікті», - дейді ғұлама ғалым Әлихан Бөкейхан. Жас жазушының  арманы рухани азғындауға жол бермеу. Барлық әлем күндердің күнінде руханиятқа бас иеді. Сол кезде қапыда қалмасақ дейді ол. Филология ғылымының докторы Айгүл Ісімақоваша айтсақ, Алаш әдебиеттануы – қазақтың бектері мен тектілерінің, жыраулары мен шешендер толғауларының талдауы. Сондықтан, Алаш әдебиеттануы – тектілер ғылымы. Елдос  әдебиетшінің де ойы Алаш зиялылары сияқты әр қазақ өз ұлты үшін, өз ісі үшін, өз кезеңі мен заманы үшін жауапты екенін сезінсе дегенге саяды. Жазушының шығармалары,  пікірлері мен тұжырымдары  – мемлекет идеологиясын дәріптеуге, қоғамда тұрақтылық пен ынтымақтастық орнатуға  негізделген.

Ақсу ауданы Арасан ауылындағы Барлыбек Сырттанов атындағы орта мектепте білім алған Елдос ұлтының арда туған перзенті Барлыбектің қайраткерлігі мен реформаторлығына бала кезден зейін қойды. Жас қаламгер қазақтың аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Барлыбек Сырттановты зерттей бастағанда, бағымызға орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухни жаңғыру» мақаласы жарияланып, ұлт тарихын жаңаша зерделеуге жол ашылды.

Елдос Жетісу облысы, Қапал уезі, Арасан болысының Қарашоқы елдімекенінде дүниеге келген Барлыбек жайлы зерттеуінің нәтижесінде «Барлыбек туралы бірер сөз...» кітабын жазып шықты. Кітапқа шолу жасай отырып, қоғам қайраткерінің ел қамы үшін жасаған еңбегіне еріксіз бас иесің. Петербор Императорлық университетінің түлегі Барлыбек Сырттанұлы Түркістан генерал-губернаторының тілмашы, Қазыналық палатасының бөлім меңгерушісі, Жетісу облыстық әскери губернаторының басқарма басшысы, ерекше тапсырмалар жөніндегі кіші шенеунік қызметтерін атқара жүріп, қазақтың мүддесін қорғайды.

Барлыбек қайраткер 1905-1908 жылдардағы ұлт-азаттық бағытындағы саяси әрекеті үшін сенімсіз деп табылып, қызметінен босайды. Верный, Пішкек, Қапал, және Пржевальск уезіндегі қазақ-қырғыз елінің саяси элиталары жиылып, Ресей патшалығына қарсы съезд өткізеді. Төрағалығына Барлыбек Сырттанұлы сайланады. Делегаттардың бөлігі Түркістанда мұсылман діни басқаруын негіздеу, мемлекеттік Думада қырғыз қазақтарға басқалармен бірдей өкілдіктер ашу құқығын беру сияқты ұсыныстар білдіреді. Съезде Жетісу облысында орыстарға қоныс беруді тоқтату үшін патшаға өтініш жіберу, ол үшін Петерборға арнайы баратын делегат құрамына Б.Сырттанұлы кірсін деген шешім шығарылады.

1911 жылы Барлыбек Сырттановтың саяси мәні зор, қазақтың тұңғыш Конституциясы – «Қазақ елінің Уставы» еңбегінде жер мәселесі баса айтылады. Онда: «1.Қазақ жері оның меншігінде болады. 2.Қазақ елінің жері саудаға түспейді. Құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты» деп жазады. Қазақ жерін сырт елдің қызығушыларына бергізбейтін ниетін танытады. Ол Санкт-Петербург Императорлық университетінің шығыстану факультетін «Түрік-татар, араб-парсы, разряды бойынша Бірінші дәрежелі дипломмен тамамдаған, 9 тілді еркін меңгерген қазақ.

Бүгінде Елдос Тоқтарбайдың игі бастамасымен Барлыбек Сырттанов жайлы деректі фильм түсіріліп жатқанын, көрсетілімде қайраткер өмірінің осы күнге дейін құпия сақталып келген сырларының ашылатынын айта кетуіміз керек. Барлыбек Мұхамеджан Тынышбаев, Тоқаш Бокин, Ораз Жандосов, Жұбаныш Бөрібаевтарды Верный ер балалар гимназиясына оқуға түсіреді. Өзі де қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам деген ниетте оқып, тіл үйреніп, соңынан ерген бауырларын да білім алуға жетеледі, демеді, жебеді. Бүгінде Елдостың да айтпағы сол. «Жас жазушы ретінде де, зерттеуші ретінде де бір сәт босаңсуға артық уақыт жоқ, мені ұлы тарих кезеңдері күтіп тұр», – дейді ол өзінің әдебиет мәселелері туралы мақаласында.

Яғни, өзін қамшылай отырып, басқалардың да білім-ғылымға бет түзеуіне үндеу тастайды. Зерттеуші 19 жасынан архив материалдарын қазып, ұлтқа қызмет етудің қиын да жауапты жолын таңдап алған. Әдебиетші жастыққа алданып, ойын-сауық қумады. Дәл қазір ұлтты руханият жолына бастау үшін қазаққа Елдос Тоқтарбай сияқты ғылым-білімге бой ұрған, иманды, зерделі жастар керек. Елдос жиырмадан асқан шағында «Ə.Бөкейхан тұлғасы және Тəуелсіздік тағылымы», «Алаш мұрасы: рухани жаңғыру және ұрпақтар сабақтастығы», «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты ғылыми жинақтарын құрастырды. Төл тарихпен қатар әдеби дүниеге ден қойған Елдос Тоқтарбайдың әңгімелері балалар мен жасөспірімдерге арналған «Кәусар бұлақ», «Балауса жырлар», «Аңсар» «Тәтті алма», «Жетісуға құйылған жылғалар», «Әдеби Қазақстан», «Тәтті алма» атты прозалық шығармалар антологиясына енген. Елдос Тоқтарбай «Қаламгер, ғалым, қайраткер Ахмет Байтұрсынұлының əдеби мұрасы», «Қазақ әдебиеті тарихындағы түрмеде жазылған шығармалар және эмигранттық кезең» монографиясының, «Сөз-сәуле», «Жарық сәуле» кітаптарының авторы. «Сырсандық. ІІІ том. С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романына жасалған текстологиялық талдау», «Алаштың Асыл азаматтары» ғылыми-зерттеу кітаптары мен «Капитан Әубәкіров» эпистолярлық-хроникалық хикаясының авторы ретінде көпке таныс.

Жас жазушы Нұр-Сұлтан әкімдігіне қарасты «Руханият» орталығының «Елтаным» рухани-танымдық көшпелі дәрісін жоғары оқу орындары мен әскери горнизондарға да барып, оқып, қандастарының намысын жонып, рухын көтеруге еңбек сіңіріп жүр. Кітапханалар мен білім шаңырақтарындағы дәрісі тың мәліметтері және рухтылығымен көптің таңданысын тудырып, таңдайын қақтыруда. Ол бүгінде Барлыбек Сырттанов, Ілияс Жансүгіров, қазаққа алғашқы «Қарағаш» мектебін салып берген Маман Тұрысбек әулетінің ұрпағымен тығыз қарым-қатынаста. Олардың жәдігерлерін жинаумен айналысуда. Білім жүйесіне Алаш ардақтыларының шығармасынан сабақ енгізу үшін үлкен-кішімен қоян-қолтық еңбек етуде. Еңбегі жеміссіз де емес. Бүгінде Ақсудың Арасанынан Барлыбек Сырттанұлына көше бергізу, мектептен кабинет ашу шараларымен шұғылдануда. Елдостың тынымсыз еңбегі ел деңгейінде еленіп келе жатқаны қуантады. Ол – Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Халықаралық «Дарабоз» əдеби байқауының, Республикалық «Аңсар» əдеби байқауының, Республикалық «Үміт» əдеби байқауының бас жүлдегері. Облыс әкімі Амандық Баталовтың «Ақ қауырсын» әдеби жүлдесінің иегері.

Биыл зерттеуші, жазушы Елдос Тоқтарбай Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығы қарсаңында «Ілияс ізімен» халықаралық экспедицияның құрамында Ресейге барып, жыр құлагерінің жиырмаға жуық кітабы мен 71 жеке құжатын тауып келді. Бүгінде латын және төте жазумен жазылған шығармаларды кириллицаға түсіріп, кітап қылып шығарумен айналысуда.

Елдос Тоқтарбай – тарих пен әдебиет үшін үлкен олжа. Ол Петерборға тамсана қарап: «Тарихынының қадірін білетін ел өткенін қиратпай, келешекке сақтап келеді. Петербордың топырағын қаншама қазақ өрені басып, азамат ретінде өсті. Империя астанасының қоғамдық-саяси өмірі – қазақ жастарының ұлтшылдық ұстанымы мен саяси дүниетанымына әсер етті», – деп алыстан ой толғады. Арманы – Алаштың бүгінгі ұрпағының бойына ұлтжандылық қасиет мықтап орнаса деген тілек.

Елдос қазақ руханиятының сардарына айналып келеді. Оның тарихты зерделеудегі еңбегі қоғамдағы олқылықтарымыздың орнын толтыруға үлес қосады. Абай хакім айтпақшы, «сүйінер ұлың болса, сен де сүй, сүйінерге жарар ол». Ендеше, Елдосты ел болып сүйейік, еңбегіне ел болып сүйінейік.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы