"ЖАНЫМЫЗҒА ЖАҚЫН": ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІ ТАЛҒАР АУДАНЫНА АТ БАСЫН БҰРДЫ

Уақыты: 12.11.2019
Оқылды: 1394
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, Алатаудың саумал самалымен тыныстап жатқан талғарлықтардың тұрмыс-тіршілігінде тың серпін бары әр күн сайын аңғарылады. Өткеннен ғибрат алып, болашаққа үлкен үмітпен ілгерілеп бара жатқан аудан тұрғындарының саны бұл күнде 200 мыңнан асып отырған жайы бар. Алматыдай ірі мегаполиспен іргелес ауданға алыс-жақыннан көшіп келіп, қоныстанушылар қатары артпаса кемімек емес. Осыған орай аудан әкімінің орынбасары Қыдырбек-ұлы Дәрменияр Алғатбекұлы ғасырлық ғұмыр иесі «Жетісу» және «Огни Алатау» газетінің журналистерімен болған кездесуде әлеуметтік ахуалды оңалтып, өзекті мәселелердің түйінін тарқатуда бірқатар жұмыстар атқарылып жатқаны жайлы жан-жақтылы әңгімелеп берді.

ОБЛЫС АЙНАСЫ

Жолан ОМАРОВ,

Талғар ауданының әкімі:

– Тарихы тереңнен тамыр тартатын Талғар ауданына басшылыққа келгеніме көп уақыт өте қоймағанымен тыныс-тіршілігімен толыққанды таныстым деу артықтық етпес. Алматымен іргелес жатқан ауданда атқарылар шаруалардың аз еместігі аңғарылады. Әлеуметтің әлеуетін жақсарту жолында қыруар жұмыстар жасалуда. Мәселен, биылғы жылдың ең өзекті мәселесі – «Автобаза» ықшамауданындағы көпқабатты үйлерді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу болып отыр. Осы орайда, тамыздың орта шенінен бері құрылыс жұмыстары жасалып, міне, аз күнде бұл мәселе толық аяқталмақ. Нәтижесінде 106 көпқабатты тұрғын үйге 15 блокты модульді қазандықтар қою арқылы 3319 пәтер орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылады.

Бұдан басқа да жол, ауызсу, жарыққа қатысты түйінді мәселелердің барын жасыруға болмас. Дегенмен, жетістіктер де жоқ емес. Іргелі ауданның тыныс-тіршілігін ғасырлық ғұмыры бар «Жетісу» газетінің де қалт жібермей, жариялап келгендігін атап айту орынды.

Бүгінгі сынаптай сырғып, желдей жүйткіген уақыт ағымындағы ақпаратты халыққа жеткізуде мерзімді басылымдардың алар орны маңызды. Қандай да бір істің жүзеге асуы басылым бетінде жарыққа шығып, халыққа жетіп жатса құба-құп. Әлеуметтік желілерде қысқа-нұсқа ақпар берілсе, өзіміздің көзіміз үйренген облысымыздың айнасы, төл басылымымыз «Жетісу» газетінен толыққанды мақалаларды оқи аламыз. Уақыттың ерте-кешіне қарамастан басты жаңалықтармен таныс боламыз. Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен мәдени-әдеби, спорттық шаралардың жарқырай көрініс табуы сала еңбеккерлері мен шығармашылық адамдарын шабыттандырып қана қоймай, өнер көгіне көтерілуіне мол ықпал етері сөзсіз. Сол себепті, аға басылымға деген құрметіміз бөлек.

Оқырмандарына жылы да шуақты, жан жадыратарлық дүниелер беру жолында тер төгіп жүрген қаламгерлердің ізденісі мен еңбегіне шығармашылық табыс тілеймін, оқырмандарыңыз ортаймасын!

Алдағы жылға мерзімді басылымға жазылу жайын сөз еткен басқосуға аудандық білім бөлімінің бас маманы Нұржан Оралханқызы, аудандық аурухана директорының медициналық қызмет көрсету саласын бақылау жөніндегі орынбасары Қарлығаш Қасымбекова, аудандық «Қазпошта» бөлімінің директоры Ерболат Сарқұлов, осы мекеменің жетекші маманы Жансая Оралғазықызы, аудандық «Талғар» газетінің тілшісі Райхан Болатханқызы және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Толқын Сәметовалар қатысып, ортақ ой бөлісті.

– Бала күнімізден жанымызға жақын, көзімізге ыстық көрінетін облыстық «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттеріне жазылуға аудан жұртшылығы ниетті. Себебі, қос газетте, ең алдымен, өңірдің тыныс-тіршілігінен хабар берілсе, екіншіден, әр оқырманның жүрегінен орын алатын тарихи, әдеби-мәдени тақырыптарды қамтитын мақалалар жиі жарияланып тұрады. Өзім де жыл сайын мерзімді басылымға жазылуды осы газеттерден бастау қажеттігін айтып отырамын, – деді аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Алғатбекұлы.

– Өздеріңізге мәлім, былтыр 100 жылдық мерейтойын атап өткен қос басылым осы жылдар аралығында бірталай жетістікке жеткен. Кейінгі жылдардың өзінде ғасырлық ғұмыры бар газеттер ұжымы «Үркер», «Алтын жұлдыз» сыйлықтарын иеленген болатын. Мұның барлығы аға басылымның республикалық басылымдар арасындағы алар орнын айшықтайды, – деген облыстық «Жетісу» газеті редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым тасқа басылған газет сөзінің  мың күндік екендігін ашып айтты. Әркім өзім шыққан тауым биік болсын» дейтіні тәрізді, осы деңгейден төмендемесек деген ойын білдірді.

– Жасыратыны жоқ, осы күні «күштеп жаздыруға болмайды» деген әңгімелерді жиі естиміз. Дей тұрғанмен, мемлекеттік қызметкерлер, зиялы қауым өкілдері республикалық, облыстық, аудандық басылымдарға жазылмайтын болса, онда атқарылып жатқан жұмыстар жайын, мемлекеттің саясатын, бағыт-бағдарын оқып, білмесе, онда ол қандай қызметкер, көзі ашық азамат атанады? Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған  мұғалім мәртебесін көтеру, дәрігерлер еңбегі мен мемлекеттік қызметкерлерге жасалар жеңілдіктер, басқа да тақырыптар үнемі қамтылады. Оқырмандарға осы тұрғыдан да түсіндірме жұмыстарын айту артық етпес. Осында аудандық пошта басшылығы отыр екен, кейде оқырмандар тарапынан газеттің уақытынан кешіктіріліп, бір аптаның газетінің бір-ақ жиылып әкелінетіні сынды сын-ескертпелер келіп жатады. Осы мәселелерге назар аударсаңыздар, – деген журналист Нүсіпбай Додабайұлы «Газет – халықтың үні, құлағы мен көзі» деген Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың даналығын естен шығармау қажеттігін айтып, ойын түйіндеді.

Өз кезегінде ғасырлық ғұмыры бар қос басылымның да заман үрдісінен кем қалмай жылт еткен жаңалықтың ізін суытпай, шұғыл түрде интернет сайт пен әлеуметтік желілерге жүктеп отыратындығын, соғай орай, дәстүрлі жазылымнан басқа басылымдарға электронды форматта жазылуға болатындығы жайында «Огни Алатау» газеті редакторының орынбасары Хасан Еспанов түсіндіре кетті.

Заманның қиын-қыстау кезінде де өз оқырманын жоғалтпаған «Жетісу» газетінің шығарылымы мен таралымына тұрақты түрде атсалысып жүрген қарағайдай қалың оқырмандарымен арадағы байланыстың жібін үзбеу – басты мақсат екендігі баса айтылды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы