"ЖЕТІ ЖАРҒЫНЫ" БЕКІТУГЕ АТСАЛЫСТЫ: ӘЛМЕРЕК БИ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

Уақыты: 13.11.2019
Оқылды: 1567
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әлмерек Жаншықұлы жөнінде әзірше бізге келіп жеткен бірде-бір хатталған дерек, өкінішке қарай, жоқ болып тұр. Соған қарамастан, кемеңгер бабамыз туралы атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ауызша деректер арқылы Әлмерек Жаншықұлының аса ірі қоғам қайраткері болғанына көз жеткіземіз.

Абыз туралы осы күнге дейін жеткен аңызынан ақиқаты әлдеқайда басым деректерге жүгінсек, жоғарыда айтып өткен, өз заманының көшін бастаған кемеңгер бабаларымыздың алдыңғы сапында өзінің батырлығымен де, шешендігімен де, әділ билігімен де, абыздығымен де, даналығымен де дараланып Әлмерек Жаншықұлы тұрғанын көреміз. Бұл - хақ!

Әлмерек Жаншықұлы – 1658-1754 жылдар аралығында өмір сүрген батыр, шешен, би, көріпкел, абыз. Әлмерек бабамыздың өмір сүрген уақытына қарасақ, қазақ халқының басынан өткен ең қиын қыстау кезең көз алдыңызға келеді. Бұл ауыр жылдарда қазақ халқының ұлт ретінде жер бетінде қалуы немесе американдық үндістер сияқты жойылып кету қаупі тұр еді. Өйткені, қазақ халқының болашақтағы тағдыры сол кездегі геосаяси жағдайға орай шығысы мен батысындағы, солтүстігі мен оңтүстігіндегі елдермен қарым-қатынасына байланысты болатын.

Монғол империясының сол қанатын құраған Батур қоңтәжі бастаған жоңғарлар (дербент ойроттар – тоғауыт, хошоуыт, хойт, шорос  тайпалары) орталықтан 1635 жылы ғана бөлініп шығып, өзінің жеке отауын тіккен соң өз елінің ішіндегі экономикалық дағдарысты, ең бастысы, жайылымдық  жердің  жетіспеушілігін шешу үшін қазақ жеріне басқыншылық жорықтарын бастағаны белгілі. Алғашқы қазақ-жоңғар соғысының ең ірісі және жеңіспен аяқталғаны, тарихта «Орбұлақ шайқасы» деген атпен қалған шайқас қазіргі Жаркент өңірінде болған. Сол даңқты жеңіске он бес жыл болған кезде дүниеге келген Әлмерек баланың өз әкелері мен аталарының ерлігінің рухында тәрбиеленуі оның болашақтағы батыр, би, шешен, абыз болып қалыптасып, қайраткер тұлға болып өмірде өзінің өшпес ізін қалдыруына игі әсерін тигізді.

Әлмерек Жаншықұлының шыққан тегі - Албан руы. Сол даңқты соғыста осы рудан шыққан батырлардың үлесі шүбәсіз мол екені тарихтан мәлім. Жастайынан бабаларының ерлік рухымен тәрбиеленген Әлмерек бүкіл өмірін қазақ жерін басқыншылардан азат етуге арнады. Өзінің замандастарын да, руластарын да, артынан ерген туыстарын да, өз кіндігінен тараған ұрпақатрын да ұлт азаттығы үшін болған ұлы күрес жолына өзінің ісімен де, білек күшімен де, даналық ақыл-кеңесімен де, берген батасымен де, өшпес рухымен де жұмылдыра білді.

Әлмерек Жаншықұлының ес жиып, ер жете бастаған шағы Қазақ хандығының басында Тәуке ханның билік басына келген уақытымен сәйкес келеді. Осы кезде шығыстан болған қауіп – жоңғар агрессиясына қарсы соғыстарда Әлмерек Жаншықұлының ерекше ерліктерін бізге жеткен ауызша деректер бойынша айтар болсақ, бірауыз сөзбен немесе бір мақала көлемінде тауысу мүмкін емес.

Қазіргі күндерде ауызша тарих десе үдірейе қарайтындар шығып жүр. Егер қазақ халқының ауызша тарих айту дәстүрі нашар болса, онда «Мәдени мұра» бағдарламасымен жарыққа шыққан жүзден аса томнан тұратын «Бабалар сөзі» қайдан шықты?! «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлгенмен жер қойнына кірер денең», – деп Абай хакім бекер айтпаған болар?! Міне, тал бесікте жатқан күндегі сәбидің бесік жырынан бастап, жалған дүниемен қош айтысып, бақи дүниеге аттанған күніне дейінгі жоқтау жырының арасында қазақ қоғамының өміріне, тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына, салт-санасына, батырлық дәстүріне, салдық-серілігіне, шаруашылық жағдайына арналған өмірлік жырлар мен әңгімелер, әндер мен күйлер қаншама десеңізші?!

Әлем халықтарының ішінде ауызша, атадан балаға мұра болып қалған осыншама дүние ешбір халықтың еншісінде жоқ! Бұл қазақ халқының есте сақтау қабілетінің ерекше күштілігінің айқын көрінісі. Ұлттың жадының мықтылығы – ұлттың коды. Сондықтан да, Әлмерек бабамыздың жекпе-жекте жоңғар батыры Шонжыны және бірнеше жекпе-жекте басқа да қалмақтарды жер жастандырды деген ақпарат ойдан шығарылған бос мақтан сөз емес. Бұл - анық ақиқат!

Тарихта батырлар институты, билер институты секілді әлеуметтік топтарға байланысты ұрпақтар сабастығы туралы түсінік бар. Мысалы, 1836-1838 жылдары Кіші жүздегі ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Исатай Таймановтың баласы Өтепқали Исатайұлының 1916 жылы батыста көтерілістің басшысы болуы, Кенесары Қасымұлы бастаған Ұлт-азаттық соғыстың бір қолбасшыларының бірі болған Иман батырдың немересі Амангелді Имановтың 1916 жылы Торғайда 50 мыңнан қол жинап, соғыстың басшысы болғаны кездейсоқтық емес екеніне талай тарих куә.

Сол сияқты Әлмерек батырдан тараған ұрпақтың қазақ халқының батырлық дәстүрін жалғастырудағы ерекше үлгісіне тәнті болмай тұра алмайсың. Орыс отаршылдығына қарсы күресте құлдықтың бұғауын үзіп, отаршыл үкіметті мойындамай құрбан болғандары қаншама десеңізші?! Бабамыздан тарған ұрпақтың батырлығы туралы сөз қозғағанда бүкіл қазақ халқының ұлт-азаттық күрес жолындағы батырлардың ерлік істері тарихшы ретінде көз алдыма келеді де, өз шама-шарқымша таразылаймын.

Қазақ-жоңғар соғысындағы қазақ жасақтарының алғашқы бас сардары болған Қожаберген жыраудан бастап 1986 жылы елінің азаттығы үшін құрбан болған Қайрат Рысқұлбеков пен Ләззат Асановаға дейінгі бүкіл батырлардың ерлігі Әлмерек батыр ұрпақтарының қазақ халқының азаттық жолындағы ерлігімен үндес болып келуі Ресей империясының қазақтың үш жүзін үшке бөліп тастап, бір-біріне айдап салып, «бөліп ал да билей бер» деген отаршылдық саясатына қарсы ұлы күрестегі біртұтастығын көрсетеді.

Әлмерек бабаның ұрпақтары жоңғарларға қарсы соғыстарда ғана емес, орыс отаршылдарына қарсы күрестерде де ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Әрқайсысының ерлігі жеке зерттеуді талап ететін тарихи тақырыптар. Пұсырманның, Тазабектің және басқаларының ерліктері туралы жоғары оқу орнының студенттері мен магистрант, докторанттарына жеке зерттеу тақырыбы етіп беруге  әбден лайық.

Батыр ұрпақтарының 1916 жылғы ерліктері тарих ғылымында біршама зерттелген, әйтсе де, кейбір жеке тұстары, мысалы, Ұзақ Саурықовтың ғұмырнамалық тарихы сияқты мәселелер әлі де болса зерттеуді қажет етеді.

Батырлар институты деген мәселелерді қорыта келе айтпағым, Әлмерек абыз әулетінен тараған ұрпақтың ішінен тәуелсіз Қазақстанның Көк туын желбіретіп жүрген ұлт мақтаныштары болған бірнеше генералдың шығуы, ережесіз жекпе-жектен бірнеше дүркін Әлем чемпионы Ардақ және Бейбіт Назаровтардың болуы Әлмерек батыр салған батырлық дәстүрдің әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқандығын көрсетеді һәм қуантады.

Әлмерек би деген мәселеге келетін болсақ, бабамыздың билігін ауыл арасындағы ұсақ-түйектерді шешіп, соларға билік айтқан адамдардың қатары тұрғысынан емес, жоғары мемлекеттік деңгейде шешім шешкен, аса ірі қоғам қайраткері, елмен елді бітістіруде үлкен еңбек еткен елші мәмілегер тұлға ретінде қарауымыз керек. Қазақ тарихында Тәуке ханның өмір сүріп, билік құрған заманын Қазақ хандығында біршама болса да тыныш өмір сүрген, бейбіт күндері көбірек болған, былайша айтқанда «қой үстіне бозтоғай жұмыртқалаған» мамыражай заман деп суреттейді.

Алайда әз-Тәуке деп халық арасында құрметке бөленген Тәукеге соншама үлкен аймақты мекендеп жатқан қазақ сияқты халықты бір орталыққа біріктіріп ұстап тұру қиынның қиыны болатын. Мемлекет болу үшін оның тұратын территориясы, яғни жері, сол жерде тұратын халқы, сол халықтың тілі, өмір сүретін шекарасы, халықты басқаратын билеушісі болу керек. Осының бәрін басқару үшін ең бастысы заңы болуы керек. Ол заң бар болатын, сол заңның негізінде Тәуке хан елдің тәуелсіздігі мен тыныштығын сақтай алып тұрған еді. Бұл заң Шыңғыс хан заманынан жалғасын тауып келе жатқан «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын әдет-ғұрыптық ережелеріне негізделген заңдардың жалғасы болып табылатын «Тәуке ханның Жеті жарғысы» деп аталатын заң болатын.

Бұл конституциялық құжатқа Тәуке ханның аты қосақталып тарихта қалғанымен, бұл заң нормаларын түзуге қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін терең білетін, Қазақ хандығының үш жүзінен шыққан саяси ойшылдар, дала данышпандары түгелдей атсалысты. Тәуке ханның «Жеті жарғысын» түзуге Ұлы жүзден Төле би, ол Төбе би болып саналды, Орта жүзден Қазыбек би, Кіші жүзден Әйтеке би қатысты. Сондай-ақ, осы Қазақ хандығының Ата заңын талқылап, бекіту үшін Үш жүздің мықты деген 42 биі қатысқан. Осындай саяси ойшылдардың, дала данышпандарының алдыңғы қатарында Албан руының өкілі ретінде Әлмерек Жаншықұлы да болып, өзінің келелі ойын осы заң баптарына енгізген.

Әлмерек сияқты әділ билердің арқасында, солардың қолдауымен Тәуке хан өз билігі тұсында көрші елдермен тең қарым-қатынас жағдайында болды. Осындайда қазақтың «Хан ақсұңқар болса, оның алтын тұғыры би болар» деген қанатты сөзі ойға оралады. Биі нашар елдің ханының тағы да тайғанақ келеді.

Әлмерек абыз бабамыздың жүріп өткен жорық жолдарына көз жүгіртсек, ол – Жамбыл облысының орталығы Әулиеата маңайында туып, Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірлерінде жауынгерлік жорықтырмен жүргені, Қазақ хандығының іргесін бүтіндеуге атсалысқаны қазіргі күнге дейін бізге келіп жеткен жер аттарының атауынан байқауға болады.

Мысалы, XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі орыс отаршыл картографтарының сызып қалдырған топонимикалық картасында (олар қай ру, қай жерде мекендегенін анық жазған және оларда руға бөліну деген түсінік болмаған. Қысқасы, олар шындығын жазған) қазіргі Алматы облысының Жамбыл ауданына қарайтын Қоғамшыл, Шиен дейтін елді мекендердің оңтүстік-батыс жағындағы Суықтөбе деп аталатын таудың қойнауынан Албан атаның жерленген жерін іздейміз деп барып, сол жерде Айттөбе деген тау жотасының, Албандар қонысы деп аталатын кең, терең сайдың, Әлмерек өзенінің, Әлмерек сайының бар екеніне көзіміз жетті.

Осы сапарды ұйымдастырған тарихшы бауырымыз Дүйсенбай Сығаевқа алғысымыз шексіз. Бір қызығы, жергілікті тұрғындар да әлі күнге дейін солай атайды екен. Осындай мысалдар өте көп-ақ.

Сол заманнан бүгінге же­тіп отырған ел аузындағы де­рек­­терге сүйенсек, Әлмерек абыз жиырмадан астам қазақ ба­­­тырына бата беріпті. Со­­лардың ішінде Суанның Арал­байы, Қыстықтың Малай ба­тыры, Өтеген және жасы әлі жиырмаға тола қоймаған Хангел­ді немересі Райымбек болған еді. Абыздың ақ батасы жоң­ғар басқыншыларына қарсы кү­рескен қазақ халқының әділ ісі­нің ақ жолындай болды.

Әлмерек бабамыздың ұрпақтары қазіргі тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне үлес қосып жүр. Олар ғылымда, білімде, өнерде, қоғамдық және мемлекеттік қызметтерде Әлмерек бабамыз салған даңғыл жолмен ұлт болашағының мүддесі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Бұл Әлмерек бабамыздың азаттық үшін күрес жолындағы тіккен туы сенімді ұрпақтың берік қолында екендігін көрсетеді.

«Жолдас емес адамға дүние боқ,

Жұмаққа да жүр қазір дін ие боп,

Өлең қалсын ұрпаққа, өнер қалсын,

Ата мирас мәңгілік дүние боп.

Ұлы аманат етейік еркіндікті,

Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.

Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең,

Қазақ болу – зор бақыт дер күн тіпті», – деген Жұбан Молдағалиевтің «Мен - қазақпын!» деп аталатын дастанынан үзінді келтіре отырып, осы күнге жетуге зор күш салған Әлмерек бабаларымыздың аманатына адал болатын ұрпақтың өсіп келе жатқаны қуантады дегім келеді.

Сөз соңында айтарым, Әлмерек Жаншықұлы туралы бізге жеткен аңыздардың бәрі ақиқат. Өйткені, қазақ сияқты жады мықты халық өтірік аңыз айтпайды. Сондықтан, әлмеректанудың басы басталды деп, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдердің архивтерінен құжаттарды жинастыруды қолға алу қажет деп есептеймін. Осы орайда аянбай еңбек етіп келе жатқан «Әлмерек баба» тарихи-мәдени қорының азаматтарына шексіз алғысымды білдіремін.

Талдыбек НҰРПЕЙІС,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Кеген ауданының Құрметті азаматы

Сурет ғаламтордан алынды