"ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ЖҮГІНЕМІЗ": ӘКІМ "ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІ ЖАЙЛЫ ЖАЗДЫ

Уақыты: 13.11.2019
Оқылды: 1056
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қаланың дамуы, өркендеуі мақсатында атқарылып жатқан шаруалардың бәрі басылым беттерінде жарық қөріп жатады. Бұл орайда «Жетісу» газетін ерекше атап өткім келіп тұр. Себебі, осы игі істер жөнінде кеңінен тарқатып айтып беретін басылымның жүгі салмақты.

Әрине, әрбір біткен істің артында қаншама қыруар жұмыс тұрады. Оқырманға оңай бітетін шаруа болып көрінуі мүмкін. Журналистер соның бәрін егжей-тегжейімен талдап, халыққа түсіндіріп береді. Сондықтан да баспасөз құралдарын халық пен биліктің арасындағы алтын көпір десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды.

Көгілдір көлімен танымал Қапшағай қаласын көркейту жолында ең бірінші ішкі туризмді жандандыру мәселесіне көңіл бөлініп келеді. Халыққа арналған жаңа жағажай биыл екінші жыл жұмысын жалғастырды. Бұл коммуналдық шаруашылық есебінде тұрған жеті жағажайдың біреуі ғана. Мұнда автотұрақ, дәмханалар мен сауда нүктелері, жағажай футболы, волейбол алаңдары, су атракциондары орналасқан. Болашақта қалған жағажайларды да дәл осылай қалыпқа келтіріп, ішкі туризмді жандандырмақ ойымыз бар. Жағажай аумағына денешынықтыру кешені, мұз айдыны сияқты спорт нысандарын жалғап, қонақүй, теннис, баскетбол орталықтарын, тіпті амфитеатр салу жоспарда бар.

Экономикалық дамуға келсек, жалпы аумағы 400 гектар «Эневерс Күнқуат» электрстансысы жүйелі жұмыс істеп жатыр.  Келесі нысан қатарында Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауындағы «Kaz Organis Product» ЖШС-не қарасты органикалық балық аулау кешенін айтуға болады. Заречный елді мекенінде орналасқан «Пеноплекс» серіктестігі күні кеше он жылдық мерейтойын атап өтті. Осындай өндірістік орындар ашылып, жылдан-жылға шаруашылығымыз кеңейіп жатыр.

Елу жылдық мерейтойымыз жақындап келеді. Бұл – үлкен атаулы күн. Арамызда қаланың алғашқы құрылысшы ардагерлері бар. Мұндай ардақты азаматтарға құрмет көрсетілуі керек. Олардың жүріп өткен жолдары, қаланы салудағы ерен еңбектері айтылуы, жан-жақты насихатталуы керек. Әрине, бұл ретте газет журналистеріне жүгінеміз. Журналистерді адам жанының инженерлері деп бекер айтпаса керек.

Жазылу науқанына қолдау көрсету – біздің азаматтық парызымыз деп ойлаймын. Халық пен билік арасындағы алтын арқау үзілмесін ешқашан.

Талғат ҚАЙНАРБЕКОВ,

Қапшағай қаласының әкімі

Алматы облысы