"АҚЫНҒА ҚОЙЫЛҒАН ЕҢ ҒАЖАЙЫП ЕСКЕРТКІШ": "МҰҚАҒАЛИ" САРЫӨЗЕКТЕ

Уақыты: 15.11.2019
Оқылды: 1463
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сарыөзек ауылындағы Ә.Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінде «Мұқағали» журналының бас редакторы, ҚР  Мәдениет қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Батық МӘЖИТҰЛЫМЕН кездесу болып өтті. Кездесуге ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқитын, жақсы көретін  өлеңсүйер қауым көптеп жиналды.

Ақын Жүрсін Ерман: «Мұқағали» журналы - ақынға қойылған ең ғажайып ескерткіш", - деген екен. Журналдың 2005 жылдан бері жарық көріп және күннен-күнге оқырманының көбейіп келе жатқанын айтсақ, кеше ғана бір адамның атындағы журналды шығару мүмкін бе, сірә дегендердің сөзі де бекер болып қалғандығына куә боласың. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені, Мұқағалидың қай өлеңі болса да сенің көкірегіңде жүрген ойды айтады, алақанға салғандай етіп алдыңа әкеп тосады. Үлкенге де, кішіге де түсінікті тілмен жазады. "Тілге жеңіл, жүрекке жылы тигенмен, түбі терең" деп журналист Жақыпжан Нұрғожаев айтқандай, оқырман қауым сол тереңдігіне күн санап бойлап барады. Ал «Мұқағали» журналы ақын туралы шежіре сырға, естеліктер мен эсселерге, танымдық мақалалар мен көркем туындыларға, ұсыныс-пікірлерге толы.

- «Мұқағали» журналының тізгінін ұстағаныма 14 жыл уақыт болыпты. Журналдың журнал болмағы ол, алдымен, сіздерге байланысты, жастарға байланысты. Ал Мұқағали туралы айтсақ, ол бірінші халықтың ақыны. Халық ақыны деген екі тәсілмен беріледі. Бірінші ол Президент Жарлығы арқылы берілсе, екіншісі халық ақыны деген атақты Алла береді, туған елі өзі береді. Мұқағали сол Алланың даңқына бөленген, халқының махаббатына бөленген, сіздердің ойларыңызды қағаз бетіне түсірген ақын, - деп сөзін бастаған Батық Мәжитұлы ақын, журнал туралы көптеген жақсы әңгімелерімен бөлісті. Мұқағали Мақатаев өлеңдерінен көркемдік пен философияны көруге болатынын, «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын» деген ақын қара өлеңнің қазақы қалыбын сақтағандығын, қаламгер үшін ең басты мақсат - оқырманды сендіру болса, Мұқағали өлеңдері бұл мақсат биігінен көрінгендігін жеткізді.

Кездесу барысында қазақ өнерінде өзіндік орны бар, Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Саят Медеуов ақынның сөзіне жазылған «Сен көріктісің» әнін, Әбікен Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінің әншісі Азамат Үмбетов «Үш бақытым», әнші Фариза  Досболова «Күз» әндерін орындап, көрермендерін тәнті етті.

Д.Қонаев атындағы орта мектептің 1-сынып оқушысы Айша Бестібаева бұған дейін облыста ұйымдастырылған «Жетісудың жыр керуені» атты әлеуметтік желідегі челленджге қатысып, Мұқағали өлеңін оқып, жеңімпаз атанған болатын. Кішкентай өнерпазымыз бұл кездесуде  ақынның «Арманда, ұлым», «Ана, сен бақыттысың» өлеңдерін мәнеріне келтіре оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ал Қалибек Бақыт өзінің Мұқағали ақынға арнаған арнауын өлеңмен өріп, жырдан шашу шашты. Мұқаңның бауыры Тоқтарбай Мақатаев: «Мұқағали жастарды жақсы көрді, жастарға сенді. Ол үміті ақталды ғой деп ойлаймын. Асыл сөздің қадіріне жеткен де сол жастар. Олар бүгін Мұқағалиды ұстаз тұтады», - деген екен. Міне, сол сөзді Бақыт сынды бауырымыздың  өлеңі нақтылай түскендей болды.

Кездесу барысында аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Төленді Сарыбаев ақынмен бірнеше мәрте кездескенін тілге тиек етсе, аналар кеңесінің төрайымы Ғалия Ақбасова, Райымбек атындағы орта мектеп директоры, аудандық мәслихат депутаты Еркебұлан Самылтыров, басқа көзі қарақты оқырман «Мұқағали» журналы туралы ойларын ортаға салды.

«Темірді қызған кезде соқ», - деген халық даналығы. Аудандық пошта торабының қызметкерлері кездесу барысында «Мұқағали» журналына жазылам деушілерге сол залда отырып-ақ бірден қызмет көрсетіп жатты.

Кездесу соңында ұлттық өнердің жанашыры, Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев келген қонақтарға қазақы дәстүрмен шапан жауып, әсерлі кездесу үшін алғысын білдірді.

Мұқағали өлеңдері өнер әлемінде ән болып қалықтауда, жыр болып шашылуда. Ақынның шалқар мұрасын зерттеп, мұқағалитануға кеңінен жол ашқан бірден-бір басылым «Мұқағали» журналына ауданымызда сол күнге дейін 300 адам жазылып үлгеріпті. Тағы да жазылып жатты. Әлі жазылатындар бар екені анық.

Ләйлә ЕСКЕНДІРҚЫЗЫ

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы