"ЖЕТІСУҒА" ШЫҚСАҚ, ҚУАНАМЫЗ": ГАЗЕТ ТІЛШІЛЕРІ САРҚАН АУДАНЫН АРАЛАДЫ

Уақыты: 18.11.2019
Оқылды: 1309
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аудан халқының негізгі күнкөріс көзі – мал мен егін.  Бір жылдары қайта өңдеу кәсіпорындарының жабылуына байланысты қант қызылшасын өсіру кенжелеп қалды. Соңғы жылдары зауыттардың іске қосылуына орай облыста тәтті түбір өсіру қайта қолға алынды. Аудан шаруашылықтары 2850 гектарға қант қызылшасын сеуіп, 80 мың тоннадан астам тәтті түбір алуды жоспарға енгізді. Сондай-ақ, биылғы қуанарлық бір жайт, қант қызылшасының екі  сервистік дайындау орталығы ашылып, жұмысын бастады.

Ауданда топырақ құнарлы. Ауа таза. Сондықтан, ауылшаруашылығы өнімдеріне сұраныс жоғары. Тіпті, шетелдіктер де ерекше қызығушылық танытуда. Мысалы, биыл 1245,8 тонна ауылшаруашылығы өнімі шетелге экспортталды. Сондай-ақ, Ресей мен Түркияға дәрілік шөп, дәнді дақылдар, майбұршақ жөнелтілді. Аумақтың  алма, алмұртына да сұраныс жоғары. Жерді күтіп-баптау үшін, әрине, техника керек. Шаруашылықтар көбіне-көп тракторларды лизинг арқылы алады. Аудан бұл орайда да олжалы. Он екі айда  80 дана  техника алу деген үлкен қуаныш.  Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына  336,6  млн. теңге көлемінде қаражат бөлінгендігі жұмыстың жүріп жатқандығын байқатса керек.

Марат РАЗБЕКОВ,
Сарқан ауданының әкімі:

Ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасы бар, көптің көңілінен шыққан, халықпен біте-қайнасып кеткен шоқтығы биік басылымдар бар. Соның бірі – «Жетісу» газеті.  

Халық аталмыш басылымды сырласы, ақылшысы  санайды.  Бізде бұрын Бөрлітөбе деген аудан болған. Кейіннен бізге қосылып, Сарқан ауданының құрамына кірді. Десе де, аудан халқы аталмыш басылымды бұрыннан жаздырып алады. Өздерінің әр тақырыптағы мақалаларын жариялап тұрады.

Газет барлық тақырыпты қозғайды. Әсіресе, облыс жаңалықтары жан-жақты беріледі.  Бізге керегі де сол. Облыс басшысы жауапты мамандарға қандай тапсырма жүктеуде, оның шешілу жолы қандай деген тақырыптар төңірегінде әңгіме қозғалуда. Өңірдегі өзекті мәселелер жөнінде «Жетісудан» біліп отырамыз. Инвестиция тартудың әдіс-тәсілі,  туризмді дамыту,  кәсіпкерлікке беріліп жатқан қолдау, әр саладағы жаңалықтар осыннан табылады. Мысалы, қоғамымызға енгелі тұрған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жайында да әріптестеріміздің жұмыс істеу тәсілі, дәрігерлік мекемелерге тіркеудегі жаңалықтары кеңінен айтылуда. Біз де журналист Жомарт Игіман арқылы барлық жаңалығымызды сіздерге жолдап отырамыз.

«Газет  – халықтың көзі, тілі Һәм құлағы» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай,  бұқараның ортақ ойын билікке жеткізуші де газет. Яғни, алтын көпір. Облыстың бас газеті «Жетісуға» біздің өңірдің бір жаңалығы шықса, қуанып отырамыз. Болашақта да газетпен бірге екенімізді айтқым келеді.

Жыл басынан бері Сарқан қаласының Чепрасов, Разбеков, Мұратбаев, Жөнкебаев, Әуезов, Райымбек батыр, Асфендияров, Наурызбай батыр, Ләззат Асанова көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алмалы ауылының  Сейфуллин және Қонаев көшесіне жол жабындысы орташа жөндеуден өткізілді. Асфальт салынып, мүлде жөндеу көрмеген аумаққа қиыршықтас  төселінді.  

Балқаш көлі жағалауының инфрақұрылымын дамыту бойынша  жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.  Тосап  шығаратын «Сарқан жеміс сүрлеу зауыты» іске қосылды. Сарқан қаласы, Бірлік, Черкасск, Шатырбай, Алмалы, Екіаша ауылдарының ішкі көше жолдарын ағымдағы жөндеу, қиыршықтас төсеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, «Өңірлерді дамыту»  бағдарламасы аясында Бақалы ауылының жолдары жөнделді. Ел көлемінде жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін инвестиция тарту жөнінде бастама көтерілген.  Тоғыз  айдың қорытындысы бойынша  негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 5900,1 млн. теңгені құрайды.

2019 жылдың 9 айында бірқатар жоспарланған шара орындалып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді бағдарламасына сәйкес шағын кәсіпкерліктің негізгі көрсеткіштерінің талаптары жүзеге асырылды. Шағын кәсіпкерлік – өмірдің өзегіне айналған. Шағын кәсіпкерлік нысандарының барлық салаларында жұмыс істейтін адамдардың  саны –  9310.  Аудан көлемінде қайта өңдеу кәсіпорындарының ашылуы үшін жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, Черкасск ауылдық округінде «МТиК» ЖШС су электрстансысын салу  инвестициялық жобасы іске асырылуда. Егер осы  жоба орындалса, жаңадан  20  жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, «АЗИЯ ГОЛД» ЖШС  2019-2020  жылдары  бір маусымда 200 тонна дайын өнім шығармақшы. Олар 3 гектар  жер учаскесіне дәрілік шөптерді қайта өңдеу зауытын салып, шикізатпен қамтамасыз ету үшін түймедақ өсіру жобасын іске асырмақшы. Аталмыш шара жүзеге асса, халықтың біразы екі қолға  бір жұмыс табатыны сөзсіз.

Туған жер – киелі ме­кен. «Туған жерге тағ­зым» акциясы аясында Лепсі ауылының кіреберісі­не ауыл азаматы, жас кәсіпкер Руслан Саттыбеков арка салып берді.

Ана мен бала денсаулығы кез келген қоғамда бірінші орында тұруы керек. Себебі, елдің келешегі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Олардың өмір сүру деңгейін арттыру да басты міндет. Осы мақсатта Сарқан қаласында «Абдрахимов» шаруа қожалығының басшысы М.Абдрахимов көпбалалы отбасы А.Каленнойға тұрғын үйдің кілтін табыстады. Сондай-ақ, Лепсі ауылдық округінде көпбалалы үш отбасына ауыл тұрғындары, жастар, мекеме және ұжымдар болып көмектесіп, тұрғын үй са­тып әперді. Одан бөлек Леп­сі ауылдық округіне қарасты Көкжиде ауылының тұрғыны, көпбалалы отбасы А.Жаманбала, Ле­псі ауылының тұрғындары, көп­балалы отбасылар  Э.Сәрсембекова және  Г. Ес­­­енова да тұр­ғын үймен қамтамасыз етілді. 

Лепсі ауылының ту­ма­сы, жас кәсіпкер Руслан Саттыбеков, «Lepsy Asar» қоғамдық қорының мүшелері және ауыл тұрғындары, жастардың қолдауымен ауыл жастары мен мектеп оқушыларына арнап «Бөрілі» спорт алаңы ашылды.

Ауданда барлығы 36 ел­ді мекен бар. Бүгінде соның 90 пайызы таза ауызсуға қосылды. Лепсі ауылында Жандос Шорманбаев заман талабына сай «Өрлеу» қонақүйін ашып, пайдалануға берді.

Алдағы уақытта халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында қолға алынған игілікті істер өз жалғасын табады.

 

Гүлжан ТҰРСЫН

Сарқан ауданы

Алматы облысы