"БІЗ БІЛМЕЙТІН МӘСЕЛЕНІ КӨТЕРЕСІЗДЕР": ГАЗЕТ ТІЛШІЛЕРІ АҚСУ АУДАНЫНДА

Уақыты: 23.11.2019
Оқылды: 1436
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақсу ауданы аграрлы аумақ саналады. Өңір 60 мың 376 гектарға ауылшаруашылық дақылын себеді. Бүгінгі таңда барлық дәнді дақыл, бақша өнімдері шашау шығарылмай жиналып алынды. Ақсу ауданының әкімі Есім БАЗАРХАНОВТЫҢ айтуынша, түсім орташа. Ауданда мал басының өсімі жақсы. Жемшөп жеткілікті мөлшерде жиналып алынған. Жері шұрайлы Ақсу ауданында игерілмей жатқан жер көп. Тексеру нәтижесінде 17 ауылдық округте 57 754 гектар жердің пайдаланылмаған анықталған. Жер қорына қайтарылған аумақтарды пайдаланудың жоспарлары жасалуда.

Атқарылар іс көп

Қапал мен Арасан ауылының арасында бұрыннан келе жатқан гранит шығатын кен орны бар. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде жаңадан 4 кәсіпорын жұмысын бастамақшы. Олар: «К-Дострой» АҚ, «Данекержол» ЖШС, «Альфа АЖ» ЖШС, «УмексБС» ЖШС. Шағын және орта кәсіпкерлік күн көрістің бір тармағы. Биыл шағын және орта кәсіпкерлік саласында тіркелген құрылымдардың саны 17 бірлікке артып, барлығы 3529-ға жетті. Елімізді экономикалық-әлеуметтік жағынан ілгерілетудің бір тармағы – инвестиция тарту. Жаңадан 5 жаңа нысан іске қосылып, нәтижесінде 179 млн. теңгенің инвестициясы тартылған. Жалпы жыл басынан бері 8 млрд. 719 млн. теңге инвестиция салынды.

Ағымдағы жылы «Жуанышев» ЖК сауда үйінің құрылысы аяқталды. Оның 800 шаршы метрі сауда үйі және 220 шаршы метрі асхана болып есептеледі. Аудан әкімінің айтуынша, қолға алынған шаруаның бірі азық-түлік бағасын ауыздықтау. Бағаны тұрақтандыру мақсатында апта сайын ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Бұл орайда барлығы 1 әлеуметтік дүкен және 16 сауда бөлімі жұмыс істейді.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету барысында жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға 40 үй сатып алуға 268 млн. теңге қаржы бөлінген. Нәтижесінде конкурс арқылы 27 үй сатып алынған. «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 10 отбасыға баспана әперілген. Аудандық құрылыс бөлімі арқылы көпбалалы аналарға арендалық 27 тұрғын үй сатып алынды. Ауызсу жүйелерін жөндеуге 404,5 млн. теңге бөлінген. Төрт ауылда ауызсу жүйелерінің құрылысы мен қайта жаңғыртуға және бір ауылда ағымдағы жөндеу жұмысы қолға алынды. Қарашілік, Көкөзек, Шолақөзек, Ойтоған ауылдарында су жүйесі қайта жаңғыртылып, Көкжайдақта ағымдағы жөндеу жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін 49 ауылдың 38-і таза ауызсумен қамтылды.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 4 мектептің спорт алаңдарына ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Қараша айында жұмыстар аяқталады. Жол – экономиканың күретамыры. Үш ауылда 650 млн. теңгеге орташа және ағымды жөндеу жұмыстары іске асырылуда.

Ауданда атқарылған шаруа мен қоса атқарылуы тиіс шаралар шаш-етектен. Қызметін бастағанына бір жыл толған әкім алдағы уақытта ауданның 90 жылдығын атап өту барысындағы жоспарларымен бөлісті. Тарихи кітап шығару, ел мен жер үшін маңдай терін сарқа еңбектенген тұлғаларды ұлықтау ісі де назарға алыныпты. Тағылымы ұрпақ үшін жасалар шаруаларға сәттілік тілейік!

Газет оқуда алдыға жан салмаймыз

Есім БАЗАРХАНОВ,

Ақсу ауданының әкімі:

– Ақсу ауданы ежелден шығармашылық өңір саналады. Біздің өңірден ақын, жыршы, журналист, композитор, жазушылар көптеп шыққан. Содан кейін де болар, тұрғындарымыз жаңалыққа жаны құмар. Шығармашылыққа бейім. Бір сүйіншілеп айтар жаңалығымыз, биылдан бастап білім шаңырақтарында Ілиястану сабағы өткізіледі. Ақынның өлеңдерін балабақшадан бастап жатқа оқиды.

Оқу орындары да ұл-қыздарымыздың Ілияс Жансүгіров шығармаларынан қойылым қойып, мен жаттаған өлеңдерін жаттап, түрлі кештерде көрерменге ұсынып тұрады. Ақсу ежелден шығармашылық адамдарын көптеп шығарған құнарлы топырақ болғандықтан тұрғындары да жазу-сызуға бейім. Үлкен-кішіміз газет-журнал оқуда алдымызға жан салмаймыз десек те болады.

Оның үстіне, «Жетісу» газеті халықпен біте-қайнасып кеткен. Былтыр 100 жылдығын тойлаған ата басылымға халықтың қызығушылығы зор. Газет елде, облыста болып жатқан жаңалықтарды, қаулы-қарарларды үзіліссіз жариялап тұрады. Облыс басшысы Амандық Баталовтың бастамалары, оларды орындау барысында берген тапсырмалары «Жетісуда» жарық көреді. Ендеше, жаңалықтан хабардар болып отыру үшін газетті күнделікті қадағалап отырамыз. Басылымда барлық тақырып қозғалады. Тарих, әдебиет, аграрлы саланың жаңалықтары, кәсіпкерлік, білім-медицина жарияланымдардың барлығы осында. Өзіміздің ауданның жаңалықтарын көппен бөліскіміз келіп, абыз басылым «Жетісуға» шығарамыз. Бұқараның біз білмейтін мәселесін көтеріп, бізге жеткізіп отырасыздар. Халықтың айтпағын газет арқылы білеміз. Арамыз үзілмесін. Алдағы уақытта елдің болашағы үшін бірлесіп еңбек етейік.

Діңгегі мықты

«Арынды менің Ақсуым» деп Ілияс жырға қосқан Ақсу ауданы биыл жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтің тойын тойлап, «Той қамымен тон бітедінің» кейпімен өңірде біраз шаруа атқарылды. Ілияс ақынның шапағаты тиіп, әлеуметтік салада көптеген шаруа орындалды. Бұл орайда, Нұрсұлтан Есеболатов ауылындағы ілгерінді істерді ауыз толтырып айтсақ болады.

Елді мекеннен шыққан азаматтар той қарсаңында «ақыл шай» жасап, туып-өскен жерге қандай көмек керек, не жасасақ болады деген сұрақ төңірегінде сыртта жүрген азаматтардың басын қосып, ақылдасты. Алдымен Ілияс тойының өтуіне атсалысуды ойлады. Сонымен, бәйгеге қойылатын көліктің біреуін діңгектіктер қосты. Ендігі мәселе ауылды гүлдендіру. Округке үш елді мекен кіреді. Олар Нұрсұлтан Есеболатов, Қызыл қайың және Тау самалы ауылдары. Сонымен, «Үй маңына тал өсір, балама деп тағы өсір» деген қазекемнің өсиетін орындап, жерлестер көгалдандыру жұмысына жұмылды. Сайдың тасындай жігіттерге тал өсіру деген не тәйірі. Жай тал емес, ерекшесін отырғызайық деген ауыл азаматтары 100 түп қарағай отырғызып берді. Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді емес пе?!

Мектепті 2002 жылы тамамдаған түлектер елді мекеннен спорт кешенін салып беруді қолға алды. Бәрекелді дейік! Жан-жақтағы басқа да азаматтар бірігіп, ауылдағы Нұрсұлтан Есеболатовтың ескерткішін жаңарту жайын ойластыруда. Елді мекендегі шаруашылықтар 150 гектарға қант қызылшасын сеуіп, әр гектардан 350-400 центнерден өнім алды.

Біз ауылдың тыныс-тіршілігін оқырманға үлгі ету мақсатында барғанда Нұрсұлтан Есеболатов мектебінің 50 жылдығы аталып, ауыл түлектері сол жерге жиналыпты.

Өмір бойы мектебімді жыр етем,
Бір өзіңде бақыт, білім, берекем.
Шәкірттерің өрістесін, өрлесін,
Құтты болсын 50 жылдық мерекең,
– дейді жүргізуші шараның мағынасын арттырып.

Аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов жиналған көпшілікті мектептің мерейтойымен құттықтап, іргесі құтты оқу орны болашақта да білікті, білімді, елсүйгіш азаматтар тәрбиелейтініне сенім білдірді. Жиында Ақсу және Талғар аудандарының Құрметті азаматы, Талғар ауданының қоғамдық кеңесінің төрағасы, Алматы облысы ұлттық баскетбол федерациясының президенті Қалимолда Байболов ауыл ақсақалдары мен ұстаздар қауымын білім шаңырағының жарты ғасырлық тойымен құттықтады. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай тәлім-тәрбиеге сусындатқан мұғалімдеріне шапан жауып, елге еңбек етіп жүрген ауылдастарына Ассамблея атынан Алғыс хат табыс етті.

Берекесі тасыған ауыл халқы елдің экономикасы мен әлеуметтік мәселелерін көтеруге әр салада өз үлесін қосуда. Шалғайдағы Діңгек елді мекенінен шыққан азаматтардың туған елге деген сыйы мен қамқорлығы басқаларға да үлгі болса, кәне?

Жамау Бұхарбайға кабинет ашылды

Арман ба?
Арман, 
Көп арман,
Армансыз ерде не қалған? – деп жырлаған құйма жырдың иесі, ақын Жамау Бұхарбай бар-жоғы 45 жыл ғана өмір сүрді. Ауылдастары ақын есімін ардақтап, ол білім алған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті кабинетін Жамау Бұхарбай атымен атап, сыныпты қайта жабдықтады.

Шара Жамау Бөркімбайұлын еске алудан басталды. Жерлестері, ағайын-туысы, кластастары ол жайлы әсерлі естеліктерімен бөлісті. Ақынның інісі Қанат Бұхарбаев, ардагер ұстаз Абдухамед Смағұлов, ақынның шәкірті Жанар Рахиповалар азаматтың елін шексіз сүйгендігі, жерге деген құрметтен шыққан өлеңдерінің тарихы, жүрген ортасына сыйы жайлы жанарға жас алдырар естеліктер айтты.

Аңғал да, көңілі кең жайлау, шабыты шалқар жігіттің қатарластары кезек-кезек ортаға шығып, бастан өткендерін айтып, сағыныштарын тауыса алмай жатты. Әріптестері қызметтік жолына тоқталды. Жамау Бұхарбай 1991-93 жылдары «Жерұйық» газетінде тілші болып қызмет етеді. Білім-білігі мен шығармашылығы толысқан ол Сарқан және Көксу аудандық газеттеріне басшылық етті. Ол жергілікті жердегі «Азат» қоғамы, «Аққұс» шығармашылық қауымдастықтарын басқарды. Облыстық Тіл басқармасының салт-дәстүрлер бөлімінің меңгерушілігін атқарды. Жамау Бұхарбайдың соңында «Жәннатым менің», «Пері қызына хат», «Жайдарман», «Жаралы аққу» кітаптары қалды.

Қазақ поэзиясында өзіндік үн-ерекшелігімен танылған ақынның қолтаңбасы ешкімге ұқсамайды. Ешкімді қайталамайды. Кабинетке ақынның өлеңдері, кітаптары, өмір жолы жазылған стендтер қойылыпты. Көрнекіліктер мазмұндылығымен ерекшеленді. Ақынды еске алу ауданда ертеректен қолға алынған. Жамау Бұхарбай атындағы көше ақынын ардақтаған елдің мерейін үстем етіп тұр. Ақынның досы Жомарт Игіман өмірді өлеңмен өрнектеген досына арнап:

Туған жердің талының 
әр түптері,
Сағындырып жүретін 
тартып сені.
Үлгермедің тойлауға 
қырық бесті,
Қос қырық бес ақынға 
артық па еді?! 
– деп сағыныш аралас өкінішін жеткізеді. Ақынның соңында өшпес мұрасы – өлеңі қалды. Жырын жырлайтын ұрпақ өсіп келеді. Тағылымы мектебінде ұлықталып жатыр. Ендеше, ұлағатты ұрпақ өлеңін жатқа айтып жүрген ақын өлмек емес.

Гүлжан ТҰРСЫН

Ақсу ауданы

Алматы облысы