ТАЛДЫҚОРҒАН: СӘН САЛОНДАРЫ САЙЫСҚА ТҮСТІ

Уақыты: 24.11.2019
Оқылды: 1062
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ұлттық құндылығымызды шетелде насихаттау, брэнд жасау, қызметте, тұрмыста, мерекеде киетін киім үлгілерін қалыптастыру мақсатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен халық шығармашылығы орталығы «Үкілі серуен» атты байқау ұйымдастырды.

І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен байқауға аудандық, қалалық іріктеу сынынан өткен тігін шеберлері қатысып, 75-тен астам киім үлгісін паш етті. Байқауда кішкентай бүлдіршіндерден бастап, жасөспірім ұл мен қызға, бозбала мен бойжеткенге, күйеу жігіт пен қалыңдыққа, орта жастағы ер мен әйелге, ата мен әжеге арналған бүгінгі күнге лайықталған киім үлгілері ұсынылды.

Байқау қорытындысы бойынша Талдықорған қаласындағы «Ар-Салон», «Раушангүл» сән салондарының директоры Атлас Молдахметова бас жүлдені қанжығалады. Ақсулық Евгения Звягина, Текелі қаласынан қатысушы Аяулы Даменова мен Жанар Есенбаева, талдықорғандық Галина Осипова, Павел Беликов, Панфилов ауданынан келген Шаадат Мамбеткулова І орынды жеңіп алды. Алакөлдік Данара Сайлявканова, қараталдық Жанар Сұлтанғазиева, Жамбыл ауданынан қатысқан Ризза Дауытбаева ІІ орынды иеленді. Қаратал ауданынан келген Наталья Ким ілелік Мируана Аққасова, қапшағайлық Маржан Уксикова ІІІ орын тұғырынан көрінді. Қараталдық Зульфия Шагиева «Ең үздік дизайнер» номинациясымен марапатталды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев байқау жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар мен облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Жоба аясында үздік деп танылған киім үлгілері Алматы облысының атынан республикалық байқауға ұсынылатын болады.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы