"ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТАМЫЗ": ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІ ЖАРКЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 24.11.2019
Оқылды: 1183
Бөлім: РУХАНИЯТ

Газет журналистері жазиралы Жаркент өңіріндегі бірқатар мекеме мен кәсіпорын ұжымдарымен жүздесіп, сыр-сұхбат бөлісті. Қайда барсақ та алдымыздан ой бөлісер оқырмандарымыз жолығып, басылым мазмұнына риза пейіл білдірумен қатар өздерінің тілектерін де арнап жатты.

ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ

Сондай бір жүздесу округ әкімдерімен, өңірдегі мектептердің директорларымен де өткізілді. «Дөңгелек үстел» басындағы кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Іліпов ашып, облыстық қос басылымнан келген қонақтарды таныстырып, басқосудың мақсатын түсіндірді. Жиындағы алғашқы сөзді облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым алып, 100 жылдан астам тарихы бар ата басылымның өткені мен бүгінін, тіршілігін, оқырмандарға таралым ауқымын, газет бетінде жиі жарияланатын негізгі тақырыптар мен арнаулы беттері жайлы баяндады. Келесі кезекте облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Зәбира Дайранқызы өз ұжымының жұмысы мен газет тіршілігіндегі жаңалықтар туралы орамды ойларын ортаға салды.

Аталмыш басқосуда әріптестерінің атынан Үлкенағаш ауылдық округінің әкімі Ермек Нұрахметов сөз тізгінін ұстап, ауыл басшыларының газеттің жергілікті жерде оқырмандарға уақытылы тарауына тұрақты бақылау жасайтынын, облыстық басылымдардың меншікті тілшілерімен тығыз байланыста екендіктерін айтып өтті. Газет беттерінде қарапайым ауыл адамдарының өмірі мен еңбегі жайлы мақалалар жиі жарияланса деген тілегін де жеткізді. Облыстық газет басшыларына мектеп директорлары мен әкімдер әртүрлі сауалдар қойып, тұшымды жауап алды.

Талғат ӨМІРӘЛИЕВ,
Панфилов ауданының әкімі:

Ұлы Жібек жолының қазақ жерінде жалғасатын бастауында тұрған жазиралы Жаркент өңірі – қай заманда да тарихи оқиғалармен, өзекті өркениеттермен астарласып, ел назарынан қалыс қалмаған аймақ. Қазір ол халықаралық қызу қарым-қатынастың, барыс-келіс пен сауда-саттықтың кіндігіне айналды. Арқас тауы аңғарындағы Қорғас бастауынан бастап, Іле өзеніне дейінгі аудан аумағы халықаралық мәндегі ірі инвестициялық, инновациялық жобаларға толы.

Қорғас өзенінің бастауында Қазақстан мен ҚХР бірігіп, бірдей қаржы жұмсап, үлкен Шұңқырбұлақ селден қорғау су бөгетін салуда. Одан бері екі елге өзен суын тең бөлетін «Достық» кешені жұмыс істеп тұр. «Қорғас» шегара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы» әлемде теңдесі жоқ халықаралық байланыс алаңына айналып, онда тек Қазақстан мен ҚХР ғана емес, Ресей, Беларусь, Қырғыз елі мен Өзбекстан мемлекеттері өз инвестицияларын салуда. Болашақта басқа да елдердің қосылатынына сенімдіміз. Сонымен қатар, «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы трансконтиненталды жүк тасымалдаудың өте тиімді өзегі болып тұр. Мұндағы «Құрғақ порт» арқылы күн сайын мыңдаған тонна жүк «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» теміржолы мен автодаңғылы арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне жол тартады. Осы жоғарыда аталған халықаралық нысандар қызметі біртіндеп Алматы облысының басқаруына берілуде. Бұл – жергілікті бюджетке қомақты қаржы құйылады деген сөз.

Ал енді ауданның ішкі тіршілігі жайлы сөз қозғасақ, жылдың өткен мерзімінде өңір тұрғындары 8 миллиард теңгеден астам өнеркәсіп, 30 миллиард теңгеге жуық ауылшаруашылық өнімдерін өндірді. Басқа салаларда да ауыз толтырып айтарлық қомақты табыстар бар.

Берекесі мерекесіне жарасқан өңірде ел көңілін демдер рухани жаңалықтар да аз емес. Басқасын айтпағанда, жақында ғана Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің 90 жылдық, атақты жүгеріші, Еңбек Ері Күләш Айтжанова апамыздың 80 жылдық тойын дүбірлете атап өттік. Осындай игі шараларымыз алдағы уақытта да жалғаса бермек.

ЗАМАНАУИ ЗАУЫТ

«Универсал» ЖШС 2008 жылы «Алтын сапа» бәйгесінде жоғары жетістікке жетіп, Тұңғыш Президент қолынан жүлде алған. Елбасы ұсынған алтын мүсінді қолына алған Закиржан Ку­зиев бұл сыйлықтың алдағы жеңістердің бастауы екеніне сендірген болатын. Содан бері ол басқаратын компания талай айшықты биіктерді бағындырды. Компания дамуында жұлдызды жетістіктер аз емес. Осыдан 16 жыл бұрын құрылған «Жаркент крахмал-сірне зауыты» ЖШС бүгінгі таңда қанатын кеңге жайып, ірі өнеркәсіп орнына айналды. Өндіріс орнының заман талабына сай нарық нақышымен жұмыс жасауына қаржысын аямай жұмсаған кәсіпкер Закиржан Кузиев жергілікті шикізаттан халық шаруашылығына өте қажет сапалы жаңа өнімдер шығару арқылы Үкімет қолдауына ие болды.

Аталған кәсіпорынның қуатын еселеп арттыратын жаңа жобасы өңірлік индустрияландыру картасына еніп, құрылыстың алғашқы кезеңі іске қосылғанда, оның жергілікті шаруалардан жүгері дәнін қабылдау қуаты бұрынғысынан екі есе артып, өнім өндіру түрлері де біршама ұлғайды. Зауыттың алғашқы кезеңі Елбасымен телекөпір арқылы іске қосылған болатын. Ал жаңа зауыттың екінші кезеңі 2015 жылы пайдалануға берілді. Жүгері дәнін тереңдетіп өңдейтін жаңа зауытта шетелдік технологиялармен крахмал сүтінен глюкоза, фруктоза және мальтоза шәрбаттары  жасалады. Зауыттың қазіргі қуаты жылына 150 мың тонна жүгері дәнін өңдеп, жыл бойы 31580 тонна өнім өндіреді.

Бұрын күз айларында диқандардан зауыт ылғалдылығына қарай жүгері килограмы 22-25 теңге аралығында қабылданды. Жаңа қондырғылар іске қосылып, 4 жүгері дәнін кептіретін цех салынғалы жүгері дәнінің кило-грамы 41 теңгеге көтерілді. Биыл 58 теңгеден сатып алуда. Жыл сайын жаркенттік диқандар жалпы орташа есеппен 120-130 мың тонна жүгері дәнін өндірсе, қазір соның 90 пайызын жергілікті өнеркәсіп орны өңдеп, ұқсатып отыр.

Крахмал-сірне зауыты 2006-2009 жылдары бұрынғы ғимаратындағы кейбір өндірістік-техникалық жүйелерін күрделі жөндеуден өткізді. Қонақүй, асхана, жұмысшылары жуынатын орнын жасап, пайдалануға берді. Сонымен қатар, жүгері дәнін өңдеп, кептіретін қосымша кешені іске қосылды. З.Кузиев іргелес орналасқан қос зауытына қажет кадрларды өздері дайындау үшін биыл 1700 шаршы метрлік оқыту орталығы ғимаратын салып, пайдалануға берді. Қазір екі кәсіпорында жалпы 1200-ден астам адам келісімшартпен еңбек етеді. Олардың 400-ден астамы крахмал-сірне зауытында, қалғаны екі ауысыммен тоқтаусыз жұмыс жасайтын қап зауытының жұмысшылары.

Зауыт өнімдерін еліміздегі «Рахат», «Трейдинг қағазы», «Хамле», «Іле картон-қағаз комбинаты», «Жамбыл гипс», «Рудстройсервис», «Қазупак», АХБК компаниялары сатып алады. Шетелдерден де тапсырыстар бар.

Бұл өндіріс орны 2006 жылы қарашада сапа менеджменті жүйесінің ИСО-9001-2000 стандартына сәйкестігі туралы сертификатына ие болды. Елордада өткен Президенттік «Алтын сапа» байқауына қатысып, Президент Әкімшілігі басшысының және министрліктің Алғыс хатын алған. 2018 жылы «Алтын сапа» конкурсы­ның жүлдегері атанған.

Жаркент қала­сындағы қап зауы­тының жаңа ғимараты пайдалануға беріл­ген соң өндіріс ауқымы жедел өсті. Мұнда айына 6 миллион жартылай пропиленді қаптар шығару мүмкіндігіне ие болып, жаңадан 120 жұмыс орны ашылды.

Зауытқа Тайваньнан сатып алынған «Юн-мин» құрылғысы қойылған. Зауыттың жұмыс жасау жүйесі бірнеше цехтан тұрады. Олардың бастапқысында мұнай қалдығынан алынатын 21030-16 маркадағы полипропиленнен қыздырып, еріту арқылы жіп иіріледі. Келесі кезекте ол жіп тоқылып, жалпақ материалға айналып, одан сұранысқа қарай сыйымдылығы 5 тонналық қаптар тігіледі. Өндіріс орнында бұл қаптарды бұйыртушының тапсырысына қарай тұтынатын кәсіпорынның атын жазып, арнайы белгілерін айшықтайтын әрлеу цехы бар. Қазір зауыт жұмысшылары жылына 48 миллион қап дайындауды қамтамасыз етуде.

Бүгінде бұл зауытта да 800-ге жуық адам ауысымдық жүйемен жұмыс істеуде. Өнеркәсіп жанынан өнім шығару қуаттылығы қазіргіден бірнеше есе жоғары жаңа бөлімше құрылысы салынды. Оған Түркиядан әкелінген жаңа жабдықтар орнатылды. Онда жалпы 360 адам жаңа жұмыс орнын тапты. Компаниядағы еңбеккерлер саны жалпылап атағанда 1200 адамды құрайды. Солардың 85 пайызы 35 жасқа дейінгі азаматтар.

Екі зауыттың да тұрақты белсенді дамуы мен өнім өндіру сапасының жоғары деңгейге көтерілуі компанияның халықаралық әріптестері арасындағы беделін арттырды. «Универсал» ЖШС 2014 жылдан бері Қазақстандағы ең озық экспорттаушы алты компанияның қатарына енді.

УАҚЫТПЕН ҮНДЕСКЕН

Соңғы 16 жылдан бері Жаркент өңіріндегі «Қамқорлық» ЖШС қант қызылшасының элиталық тұқымын өсірумен шұғылданып келеді. Осы бір тың бастаманы қолға алған сәттен бастап серіктестік жетекшісі Әлен Жолдасов Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтымен, басқа да шетелдік ғалымдармен тығыз байланыс орнатып, тұтынушы талабына барлық жағынан жауап бере алатын қызылша тұқымын өсіруге ден қойды.

Қазірге бұл шаруашылықтың өндірісінде отандық ғалымдарымыз шығарған «ҚазСиБ», «Айшолпан» атты қант қызылшасының тұқым түрлері бар. Еліміздің егіншілері өсіріп жүрген тәтті түбір тұқымының көпшілігі шетелдерден алынады. Олардың бағасы удай қымбат екенін бірден айта кетелік. Шетелдіктерден еш кемдігі болмаса да «Қамқорлық» ЖШС өсірген тұқым бағасы бір қалыпты және он есе арзан. Осындай жағдайда бәсекелестік бәйгесіне түскен серіктестік өсірген тұқымға елімізде сұраныс жыл өткен сайын артып келеді.

Биыл «Қамқорлық» ЖШС еңбеккерлері 10 гектар алқапқа Украина ҒЗИ ғалымдары шығарған бір дәнекті «Ялтушковская-30» (6 гектар) және отандық ғалымдарымыз жасаған «Қазсиб-14» (4 гектар) элиталық қызылша тұқымдарын өсіріп, жалпы 10 тонна таза, сапалы қант қызылшасы тұқымын жинады.

Қант қызылшасының сапалы тұқымын алудың ең басты талабы – өндірілген аналық тұқым материалын суыққа ұрындырмай қыстан аман алып шығу. Бұл бағытта серіктестік осы күнге дейін белгілі тәжірибелердің оңтүстік өлкеде тиімді барлық технологияларын сынақтан өткізді. Бұл бағыттағы тынбай тәжірибе жасаудың нәтижесінде соңғы бірнеше жылдан бері аналықты сақтаудың жолын тапқан. Сыйымдылығы бір миллион аналық сақтайтын жертөле қоймасын жасаған. Онда биыл көшетсіз 7 гектар алқапқа егілетін 350 мың аналық қыстатылмақшы. Бұдан басқа тағы бір тиімді әдіс – даладағы алқаптарды аналық көшетпен қамтамасыз ететін тұқымдықтар дайындау.

– Кез келген өндіріс орнында білікті маман, ынталы еңбек адамдарынсыз жетістікке жету мүмкін емес. Бұл орайда шаруашылығымызда еңбек ететін жоғары білімді ғалым-агроном Тұрған Тохтахунов, тұқым өсірудің қыр-сырын меңгерген тәжірибелі жұмысшыларымыз Шекер Мұхаметжанова, Бақытгүл Құдайбергенова, Маржан Алымжанова, механизатор Алпысбай Бексұлтанов шаруашылық берекесінің алтын діңгегі дер едім, – дейді шаруашылық жетекшісі.

Кәсіпкердің өзінің өндіріс орнының салаларын көбейте түсуді ойлап жүргенін байқадық. Бұған ол көпжылдық шөп егіп, оның тұқымын дайындауды қолға алғаны дәлел.

Серіктестік соңғы үш жылда Қазақ ҒЗИ ғалымдарымен бірлесіп, жоңышқаның «Жетісу» сұрыбын Жаркент өңіріне жерсіндіру ісін жолға қойған. Жоңышқаның бұл сұрыбы биыл алғашқы нәтижесін беріп отыр. Шаруашылық ағымдағы жылы жоңышқаның «Жетісу» сұрыбын 10 гектарға, жүгерінің «Тұран-480» тұқымдық сұрыбын 5 гектарға және 70 гектар жерге тауарлы жүгері өсіріп, мол өнім жинапты.

– Біздің басты мақсатымыз – өз өндірісімізді жан-жақты, тиімді, сенімді жолмен дамытып, елдің қажетіне жарату, қант қызылшасын өсірушілердің тұқымға деген талаптарын қанағаттандырып, ғылым мен өндірістік істерімізді сабақтастыру. Отандық тұқымды арзан бағада өндіруге мүмкіндік мол. Алдағы уақытта біз облысымыздың қызылша өсірушілеріне қажет тәтті түбір тұқымының кем дегенде 50 пайызын әзірлеп беруге жағдайымыз жетеді, – дейді шаруашылық басшысы.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы