Қалқасы еді халықтың

Уақыты: 30.12.2016
Оқылды: 3148
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қасиетті сөз өнерін машық еткен Қабылисадан басталған айтыс өнерін алтын тұғырға жеткізген Сүйінбай еді. Сүйір тілді ұстазының батасын алған бала Жамбыл ғасырлық ғұмырында сол тұғырды биіктетпесе, аласартқан емес. Одан бері жырлайтын болсақ, Жетісу жерінен айтыс ақтаңгерлерінің көптеп шыққанын аңғарамыз. Бүгінде сол саңлақтардың ізін жалғауға талпынып жүрген жас ақындар да жетерлік. Оларға қолдау ретінде облыстық айтыс та жиі өтіп тұрады. Оған дәлел Балпық би ауылы Көксу аудандық Мәдениет сарайында орын алған «Қалқасы еді халықтың» атты жыр додасы.

Айтыс басталмас бұрын Қалқа ақынның ұрпақтары мен өңіріміздің бірқатар зиялы азаматтары Мұқыры ауылының маңында орналасқан зиратқа ат басын бұрып, баба рухына Құран бағыштады. Сонымен қатар Қалқа Жапсарбаев атындағы мектеп алдындағы концерттік бағдарламаны тамашалап, ақын ескертікшіне гүл шоқтарын қою рәсімін өткерді. 
Халық ауыз әдебие­тінде айтыс өнерінің орны айрықша екенін көрсетіп, Қалқаның өнегелі өмірін жыр арқылы насихаттау мен жас ақындардың дарынын даралау мақсатында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қ. Жапсарбаевтың 130 жылдығына орай өткізілген облыс­тық ақындар айтысының шымылдығын Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ ашты. Ол:
– Қадірменді жыр- сүйер қауым. Ежелден халықтың делебесін қоздырып, күйкі тірліктен ада етер арда өнердің қасиетін құнттап, қадірін түсінген халықпыз. Жері көк майсалы, елі қайсар келген Жетісудан ақындар да көптеп шыққан. Соның бірі Қалқа еді, – дей келе Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын жоғары деңгейде атап өткендігімізге әрі бұл айтыспен жыл қорытындысын жап­қалы отыр­ған көксулықтардың береке-бірлікпен ғұмыр кешіп жатқандығына риза екенін айта келе, жас ақындарға сәтілік тіледі. 
«Қалқасы еді халықтың» атты аталмыш айтысқа жер-жерден келген 5 жұп, он үміткер қатысты. От ауыз­ды, орақ тілді ақтаңгерлердің көшін жалғар жүйріктердің шабысын аңдап, бағасын беруге сайланған қазылар алқасына да белді ақындар мен сөз қадірін түсінер, халық құрметтейтін азаматтар сайланды. Атап айтсақ, облыс­тық «Алатау» газетінің бас редакторы, облыстың бас ақыны Айтақын Бұлғақов, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нүсіпбай Әбдірахым, республикалық «Ел назар» журналының бас редакторы Ерғазы Манапұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нүрилә Бектемірова мен Көксу ауданының Құрметті азаматы, білім беру ісінің үздігі Бақыт Шеңгелбаевтар қазылық етті. 
Тілінің тікені бар, сөз қа­ғыс­тырғанда ақиқаттың алдаспанын жарқылдатып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырған Қалқа ақын – дара тұлға. Елім деп күн, жерім деп мұң кешіп, қара таспен де тілдесіп өмір сүрген шайыр­дың өнегелі өмірін өлеңмен өрнектеп, қазақтың жаны болған айтыс көшін өрге сүйреуге талпынған жас ақындар ойдым-ойдым ойы, тапқыр теңеуі­мен ел көңілін баурап алды. Екеуара сөз қағыстыру арқылы бүгінгі қоғамның кемшіліктерін тілге тиек етіп, өткір әзілмен тыңдарманды ұйыта білген жас шайырлар, бабаның ғибратты ғұмырын да өлеңмен өрнектей білді. Сонымен қатар, арда өнердің өтуіне мұрындық болып, ақындар айтысын ұйымдас­тырған Көксу халқы мен азаматтарын да жыр­ға қосып өтті. 
Сөз сайысында бабы мен бағы жанып, тапқыр ойлар айта білген ақындар көмбеден көрінді. Атап айтсақ, Талғар ауданынан келген Арзыгүл Қайынбекқызы мен қарасайлық Алтынбек Ибрагимов жүлделі 3-орын иегері атанса, Райымбек ауданының тумасы Айбын Жамали 2-орынды иеленді. Әбікен Сарыбаев, Қуат Терібаев атындағы облыстық айтыс­тың жеңімпазы атанып, бүгінде Есенқұлдың сарынын жалғап жүрген Жалғас Садыр 1-ші тұғырдан көрінді. Ал қарсыластарына бет қаратпай, өткір де өтімді пікірлерді жырына арқау еткен талдықорғандық Аягөз Серікқызы айтыстың бас жүлдегері атанды. Сонымен қатар, өзге айтыскерлер мен жеңімпаздар Ескелді Жылгелдіұлы, Қалқа Жапсарбаев, Нұрмолда Алдабергенов, Мұсабек Сеңгірбаев, Нартай датқа,  Мәулімбай Сая­құлы, Зылиха Тамшыбаева,  Жылқайдар Егінбаев атындағы сыйлықтың иегері атанды. 
Айтыс соңында қазыларға төрағалық еткен облыстың бас ақыны Айтақын Бұлғақов сөз алып, жыр додасының жоғары деңгейде өткенін айтып қана қоймай, ақындардың кемшілігін көрсетіп, бір айтқанды екінші рет қайталамау керектігін ескертті.

Асыл Сұлтанғазы