"ЖЕТІСУМЕН" БІРГЕМІЗ!" ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІ КЕГЕН АУДАНЫНДА

Уақыты: 03.12.2019
Оқылды: 1364
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кеген ауданына облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым мен облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Сайдильдина келді. Құрметті қонақтарды Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков жылы шыраймен қарсы алды. Бірсыпыра сала басшылары бас қосқан жайдары жүздесуде Нүсіпбай Додабайұлы сөз бастады.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, өткен жылы облысымыздың бас басылымдары – «Жетісу» мен «Огни Алатау» газеттері өздерінің ғасырлық тойын атап өтті. Жазиралы, қазыналы Жетісу өлкесінің бар жақсылығы мен жаңалығын, облысымыздың әкімі Амандық Баталовтың атқарған игілікті шаруаларын қалың оқырманға дер кезінде жеткізіп отыратын қос газеттің еңбегі үлкен, жазары анық, қозғары қомақты. Соңғы жылдары оннан аса жас тілшіні, талантты жастарды жұмысқа қабылдадық. Қуаныш Тұңғатар, Асыл Сұлтанғазы, Мұхтар Күмісбек, Еңлік Кенебаева, Еңлік Қабдеш, Мәулен Әнербай, Айдар Қалиев, Серік Қантаев секілді жалынды, қарымды журналистер бар жерде газетіміздің алдағы уақытта да мазмұнды, қызықты бола түсетініне сенеміз. Олар республикалық, облыстық түрлі мүшәйра, байқауларда жүлдегер атанып жүр. Мақпал Мысадай ақын қызымыз өткен жылы «100 жаңа есім» иесі атанды. Тұңғыш Президентіміздің қошеметіне бөленді. Біз бұрын бір аудан болған Кеген мен Райымбек өңірін тең көреміз. Жері бай, табиғаты тамылжып тұрған таулы өлкеде қалың оқырманымыз тұрады. Олардың газетімізге жыл сайын белсене жазылатыны қуантады. Тағы бір айта кететін жай, осынау қойы қоралас, өрісі аралас қос ауданнан мақалалар көбірек жарық көріп жатады. Мұны осындағы меншікті тілшіміздің еңбегі деп бағалаймыз, – деді ол.

– Біздің «Огни Алатау» газетіне жазылып тұратын бірқатар оқырмандарымыздың, мекеме-ұйымдардың барын білеміз. Қазіргі таңдағы орыс тілді газетімізді ақтарып көрсеңіздер ұлтымыздың иісі аңқып тұрады. Біз мемлекеттік тіл, ұлттық мүдде, салт-дәстүр тұрғысында көптеген мақала жариялап келеміз. Қайта қалпына келіп, еңселерін тіктеп, жақсы істердің негізін қалап жатқан аудан тұрғындарына бар жақсылықты тілеймін! – деді «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Сайдильдина жылы ниетін білдіріп.

– Шын мәнінде ауданымызда жаңалық көп. Биыл Қайқы асуына Қалыбек батырдың еңселі ескерткіші орнатылып, Қарқара жайлауында үлкен ас берілді. Қарқара өңіріндегі Шартас деп аталатын тамаша демалыс орнында, «Хантәңірі» халықаралық демалыс орнында облыстық ішкі саясат басқармасының тікелей қолға алуымен «Жетісу арбасы» атты халықаралық жарыс өрнегін тапты. Мұндай жарыс дәстүрге айналуы әбден мүмкін. Жақында ғана аудан мектептерінің қара шаңырағы саналатын Ж. Ермегияев атындағы орта мектептің есігін ашқанына 100 жыл толу мерейлі қуанышын атап өттік. Он академик, екі министр, отызға тарта қоғам қайраткері, көптеген ақын-жазушы шыққан мектептің орны бөлек, мәртебесі жоғары, мерейі үстем. Ғасырлық тойын өткізген мектептің жанынан биылғы оқу жылынан бастап өнер мектебінің филиалы ашылды. Біз бұрнағы жылы, былтыр ҰБТ-да жоғары нәтижелі болып, облыста алдыңғы қатардан көріндік. 185 түлегіміз жоғары оқу орындарына грантпен қабылданды. Мемлекеттік тапсырыс негізінде колледждерге оқуға түскен түлектеріміз де жетіп-артылады. Бұл ұстаздарымыздың және ата-аналардың да үлкен еңбегі деп білеміз. Өңірге «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша келіп жатқан жас мамандар баршылық. Тоқсан жылдық мерейлі тойымыздың тұсында өңірде тұратын әжелеріміз 90 құрақ көрпе сыйға тартып, бір желпінтіп тастады. 

Биылғы күз айында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы аясында «Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының» ұйымдастыруымен, аудан әкімінің қолдауымен Ақай, Саты ауылдарында «Тәуелсіз елдің тарихы: Ұлы Дала елінің мәңгілік дәстүрлері» атты облыстық форум болып өтті. Форум аясында ұлтымыздың қымыз әзірлеу маусымының аяқталып, биелердің ағытылуына орай өткізілетін «Сірге мөлдіретер» атты жөн-жоралғысы көрсетілді. Өздеріңіз естіп-біліп отырғандарыңыздай, аудан орталығында спорттық-сауықтыру кешені салынды. Аталған Спорт кешені мен Кеген халық театры шағын автобусқа ие болды. «Ереуіл» атты халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамбліміз биыл облыстық байқауда 1-орынды жеңіп алып, ауданның мерейін үстем етті.

Қуана атап айтарлық тағы бір жайт, биыл 9 ауылда жаңадан кітапхана есігін ашты. Былтыр Ы. Көшкінов атындағы, Бөлексаз орта мектептері, биыл А.Түркебаев атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өткізілді, – деп аудан әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков таулы ауданның жақсылықтарын ортаға салды.

Жүздесуде сөз алғандар алдағы жылы да облыстық «Жетісу» газетімен бірге болатындарын жеткізді. Бұл біздің де көңілімізді өсірді.

Талғат  БАЙЕДІЛОВ,

Кеген ауданының әкімі:

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қайта қалпына келген ауданымыздың құрылғанына екінші жылға аяқ басып барады. Ел-жұртымыз тарихы тереңге кеткен Кеген ауданының  қайта шаңырақ көтеріп, тіршілік тамырына қан жүгіргеніне қуанышты. Ең бастысы, оған негіз қалаған облыс әкімі Амандық Баталовқа  аудан тұрғындарының алғысы шексіз.

Биылғы жыл біз үшін елеулі оқиғаларға толы болды. Ауданымыздың 90 жылдық мерейлі тойын атап өттік. Көптеген академик, қоғам қайраткері, ақын-жазушылар мен өнер иелері шыққан ауданымызды әрдайым мақтан етеміз. Бір түлегі, перзенті болғанымызды үлкен бақыт санаймыз.

Кеген ауданы, сөз жоқ, келешекте нағыз туризмнің орталығына айналатыны анық. Алматы – Нарынқол бағытындағы республикалық маңызы бар күре жолдан Жалаңаш ауылына дейінгі жол жасалды. Жалаңаш ауылынан Саты ауылына, көрікті Көлсай көлдеріне дейінгі жол асфальтталды. Көлсайға  республикамыздың түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелдерден келетін қонақтардың, туристердің саны биыл екі есе артты. Оның да республикалық және жергілікті бюджет қоржынына түсіріп отырған қаражаты қомақты. Алдағы уақытта әйгілі Шарын өзенінің бойынан адамдардың ойын-сауық әрі заманауи демалыс орны салынбақ. Жалпы, жадыраған жаз маусымында  ауданымыздағы Қарқара, Мыңжылқы, Екіаша, Алғабас, Үш Меркі секілді  өңірлерге келіп демалушылар жетіп-артылады.

Ауданымыздың он айдағы экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштері жақсы қорытындыланды. Барлық сала бойынша ілгерілеу бар. Ауылшаруашылығы бойынша жылды жемісті аяқтап отырмыз. Биыл аудан орталығы – Кеген ауылындағы орталық көшелерге жөндеу жұмысы жүргізілді. Көшелер қайтадан асфальтталып, өскелең заманға лайық жолдар жасалып, көше шамдары жарқырады. Адамдардың, әсіресе, жастардың бос уақытын тиімді өткізу, ауыл спортын дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Кеген ауылында спорттық-сауықтыру кешені салынды. Ауылдарымыз жыл өткен сайын жаңғырып, көркіне көрік қосуда. Ауызсу, жол мәселелері рет-ретімен жүзеге асырылуда. Елді мекендерге мемлекеттік бағдарламалар бойынша көп жақсылық, қолдау мен қамқорлық жасалуда.

Биыл Кеген ауылында 15 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілмек. Оның сыртында  үйлері жоқ, әлеуметтік жағынан қорғауды қажет ететін әрі көпбалалы 18 отбасы үшін жайлы тұрғын үй сатып алып, дайындап қойдық. Аудан тұрғындары ежелден облыстық газеттердің тұрақты оқырманы, сыралғы серігі болып келеді. Бұл жақсы үрдіс алдағы жылғы баспасөзге жазылу ісінде де көрініс табатынына сенеміз.

Осы күні облыс орталығынан келген қонақтар аудандық орталық аурухананың жанынан салынып, пайдалануға берілген емхананың жұмысымен танысты. Аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Мұқанова жылы да жайлы, заманауи емхананың ішін аралатып, жақсы дүниелерін көрсетті.

Ауруханада ұзақ жылдардан еңбек етіп келе жатқан білікті көз дәрігері, зейнет демалысында жүрсе де маманның тапшылығынан жұмысынан қол үзбеген Кәрібай Нұрқалиевтің жұмыс бөлмесінде болдық. Журналистер көз дәрігерінің ісіне ризашылықтарын білдірді. Емханадағы күндізгі бөлімнің жұмысы да уақытқа лайық. Тіс дәрігері Нұрболат Балтабаев пен жас маман Мейрамбек Шорықовтың да еңбектері елеулі.

– Аудан тұрғындарына бір аудандық, 2 ауылдық аурухана, 9 дәрігерлік амбулатория, 5 ФАП, 11 медициналық бөлімше қызмет көрсетеді. Жоғары білімді 59 дәрігер, орта буынды 262 медицина қызметкері еңбек етеді. Күніне 250 адам қабылдайтын емхана – біз үшін үлкен игілік болды. Әр маманның арнайы жұмыс бөлмесі бар. Еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Жаңа емхана ғимараты жұмысымызға оң әсерін тигізуде, – дейді бас дәрігердің орынбасары Гүлмира Мұқанова.

Облыс орталығынан келген журналистер осы күні барлық өнімі сұранысқа ие «Алтын дән» наубайханасының жайын көрді. Медетбек Төлепбердиев басқаратын наубайхана жұмысы соңғы 4-5 жылда жандана түскен. Жаңа құрал-жабдықтарға қол жеткізді. Соған орай жұмыстары да алға басуда. Аппақ ұннан күн сайын ақ бөлкелер пісіріліп, сол күйінде тұтынушыларға сатылады. Бағасы да қолайлы. Бұдан бөлек Венера Төлепбердиевадай он саусағынан өнер тамған іскер, еңбекқор жас ана бастаған қызметкерлердің қолынан дәмді торт, той дастарқанына арналған түрлі нан өнімдері, тәтті тоқаштар дайындалады. Олардың қолынан шыққан дүниелерге сұраныс жоғары. 

Осы күні қайда барсақ та, кіммен жүздессек те облыстық «Жетісу» газетіне деген жылы ниеттерін байқадық. «Жетісумен» біргеміз, ажырамас іргеміз!» – дейді Кегендегі оқырмандарымыз. Бәрекелді!

Қанат БІРЖАНСАЛ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Кеген ауданы

Алматы облысы