ПАНФИЛОВ АУДАНЫ: ҰСТАЗДАР ҰСТАХАНАСЫНЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНДЫ

Уақыты: 06.12.2019
Оқылды: 1658
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесі мен жастарға жаңа дәуір талаптарына сай білім беру көкейкесті мәселелердің маңыздысы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін мемлекет тарапынан жасалған жұмыстар жайлы айтып, әлемдік білім кеңістігінен ойып орын алу үшін еліміздің білім жүйесі, білім беру ісінің мазмұны мен құрылымын жаңарту керектігін ескерткен болатын. Осы тұрғыдан сараласақ, отандық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 90 жылдық тарихы бар Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің алар орны ерекше.

Бұл оқу орны ел басына төнген әрқилы қиын-қыстау кезеңдер тезіне төзіп, ұрпақ тәрбиесіне тағылымды із салып келе жатқан Жетісудағы байырғы білім мекемелерінің бірі. Алғашында ауылдардағы жаппай сауатсыздықты жою мақсатында мұғалімдер дайындайтын шағын курс болып ашылған колледж бүгінде білім беру мен басқа да ел тіршілігінің маңызды бағыттарына мыңдаған орта буын мамандар түлететін ірі оқу орнына айналды.

ХХ ғасырдағы ең басты оқиғаның бірі – Екінші дүниежүзілік соғыстың жалыны жарты әлемді шарпығаны белгілі. Адамзат тарихында ерекше орын алатын осынау сұрапыл соғысқа біртұтас елдің бір бөлігі ретінде қазақстандықтар да қатысты. Кеңес әскерінің қатарында Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу үшін білім ордасының бірқатар оқытушылары мен түлектері қолындағы қаламсабын қаруға айырбастап, майданға аттануға мәжбүр болды. Солардың қатарында педучилищенің алғашқы түлегінің бірі Хамит Көбіков алғы шепте ерен ерліктің өшпес үлгісін көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атанды. Халқымыздың Отан қорғау жолында ештеңеден қаймықпайтын, ұлтарақтай жер үшін ұрандап жауға шабатын ержүрек ел екенін төрткүл дүниеге танытқан қаһарманның есімін бүгінде колледж ұжымы ғана емес, жазиралы Жаркент өңірінің барша жұрты мақтаныш етеді.

Соғыстан кейінгі бейбіт заман дауылдан кейінгі тыныштыққа ұласып, жылымық кезең орнағанымен сұрапыл жылдар ел тіршілігіне өз ауыртпалығын артып кеткен еді. Десек те, қайсар халық сүрініп, тұрып алға ұмтылды. Халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайын жақсарту жолында үлкен де, кіші де қолынан келгенінше атсалысты. Орталық комитетте білім саласы бойынша «Жоғары және орта білімді одан әрі дамыту шарасы туралы» арнайы қаулы қабылданып, республика мектептеріне мұғалім мамандығына деген қажеттілік бұрынғыдан да күшейе түсті. Ел өмірінде орын алған осындай оң өзгерістер Панфилов педучилищесінің қанат жайып, кемелдене түсуіне барлық жағынан мүмкіндіктер туғызды. Жылдан-жылға түлектер саны еселеніп, оқыту ауқымы кеңейіп, бастауыш сыныптар үшін жалпы орта және арнаулы білімі бар маман мұғалімдер даярланды.

Осы жылдар ішінде білім ошағына А.Нөгербеков, Ә.Сариев, Х.Арғынбаев, Н.Шегебаев сынды кейіннен отандық ғылымның өркендеуіне үлес қосқан дарынды ғалымдар мен тәжірибелі, білікті азаматтар басшылық етті. Әсіресе, қазақтың аса көрнекті этнографы, тарих ғылымының докторы, Қазақстан этнология ғылымының негізін салушы, профессор Халел Арғынбаевтың училище қабырғасында дәріс оқып, шәкірт тәрбиелеу ісіне белсене атсалысуы ұжым мақтанышы.

Тоқсан деген торқалы мерейтойға жеткен колледж өзінің қалыптасу және даму тарихында ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты үзбей жалғастырып, бүгінге дейін 100 мыңға жуық маманның қанатын қатайтып, қияға самғатты. Білім ордасының тұғырынан түлеп ұшқан шәкірттер колледж даңқын бүкіл әлемге танытты десек артық болмас.

Тоқсан деген торқалы мерейтойға жеткен колледж өзінің қалыптасу және даму тарихында ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты үзбей жалғастырып, бүгінге дейін 100 мыңға жуық маманның қанатын қатайтып, қияға самғатты. Білім ордасының тұғырынан түлеп ұшқан шәкірттер  колледж даңқын бүкіл әлемге танытты десек артық болмас. Олардың қатарында ҚР Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, театр және кино саңлағы Нұржұман Ықтымбаев, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Байтұрсын Өмірбеков, Қазақстан Жазушылар одағының ұйғыр әдебиеті бойынша кеңесінің төрағасы, ақын Ахметжан Аширов, ақын Рахметолла Нұрпейісов, биология ғылымдарының докторы, профессор Батырғали Сауранбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Анарбай Бұлдыбай, философия ғылымдарының докторы Дәулетбек Раев сияқты көптеген ғалымдар мен лауазымды тұлғалар осы оқу орнында білім алып, халқының құрметіне бөленген жандар.

Тұжырымдап айтқанда, осындай келелі тарихы бар білім ордасының торқалы тойы өтті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, көршілес Қырғызстанның Жүсіп Баласағұн атындағы университетінен қонақтар келді. Той колледжде «Келешек білімге барар жолдағы ізденіс, тәжірибе және перспектива» деген тақырыпта ашылған республикалық ғылыми-практикалық конференциямен басталды.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова ашып, жүргізіп отырған конференцияда «Кәсіпкер» холдингі» КЕАҚ Оқу-тренингтік орталығының менеджері Назым Сүлейменова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, психология ғылымының докторы Нұргүл Тоқсанбаева, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі директорының орынбасары Танындық Жоламанова, Талдықорған жоғары политехникалық колледжі директорының орынбасары Мұхтар Байжігітов, ДББҰ «Назарбаев зияткерлік мектебі» педагогикалық шеберлік орталығының тренері Айман Бипажанова, осы зияткерлік мектептің аға менеджері Гауһар Қазығұлова және Жаркент жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Ақмарал Нұрбекова ғылыми зерттеулерге негізделген баяндамалар жасады.

Ертеңінде колледжде жарты ғасыр еңбек еткен ұлағатты ұстаз Әбілмәжін Кенжебековке арналған мемориалды ескерткіш тақта мен колледждің тарихи экспозициясы ашылды. Содан соң аудандық Мәдениет үйінде жалғасқан салтанатты жиында алдымен Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Баян Сауранбаева білім ордасының тарихына байланысты кең көлемді баяндама жасады. Жиында Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиев құттықтау сөз сөйлеп, колледж ұжымына ескерткіш сыйлығын тапсырды. Жиын барысында білім ордасының тоқсан жылдық тойына арнайы келген құрметті қонақтар да құттықтау сөздерін арнап, ұжым қуанышына ортақтасты.

Салтанатты шарадан соң торқалы той қонақтары колледж өнерпаздарының мерекеге әзірлеген концертін тамашалады.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ

Панфилов ауданы

Алматы облысы