"ҚАРАҒАЙДАЙ ҚАЛЫҢ ОҚЫРМАН ТҰРАДЫ": ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІ РАЙЫМБЕК АУДАНЫНДА

Уақыты: 08.12.2019
Оқылды: 1537
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жер жаннаты Жетісудың төрі, Райымбектей батыр бабаларымыздың көзі, бар байлықтың өзі, өңірден шыққан небір ақын, көсем, шешендердің сөзі болған қастерлі топырақтың шырайы кірді. Жүзі жарқырады. Әсіресе, шекара шетіндегі аудан орталығы Нарынқол ауылының көркіне көрік қосыла түскен жайы бар. Таңдары арайлана ататын, жаз маусымында көрген жанды тамсандырып жататын, кештері шырайлана бататын Аспантаулар өлкесін көргенде қазақ әдебиетінің шоқ жұлдыздары Мұқағали, Бердібек, Сағат, Еркін, Баққожа секілді ақын-жазушылар ойымызға оралады. Бейқұтбай Дембаевтай Даңқ ордендерінің толық иегері, Өмірәлі Дәркенбаев, Шүйкебай Шарғынов, Тұрысбек Жұрқабаев, Нүсіпбек Әшімбаев, Қажымұқан Диқанбаев секілді Еңбек Ерлері көз алдымызға келеді. Хантәңірі қайрат беріп, асқақ таулары айбат берген өлкеден Әбдіқайым Исабаев, Ерболат Шоқаевтай генералдар, Әділ Ахметов, Тарих Омаров, Аужан Сақабеков, Нұрберген Омарқожаұлы, Жеңіс Қорғасбаев, Тоқтасын Қожанов, Шерубай Құрманбайұлы секілді айтулы ғалымдар, академиктер, ғылым докторлары шықты. Нүкетай Мышбаева, Алмахан Кенжебековадай Қазақстанның Халық әртістері – ел мақтанышы. Табиғаты таңғажайып, қасиетті өлкеден шыққан қоғам қайраткерлері, өнер тарландары, спорт саңлақтары жетіп артылады.

ОҚЫРМАН ЫҚЫЛАСЫ

Осынау өлкеге жұмыс бабындағы сапарларымен облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым, облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Забира Сайдильдина келді. Бізді Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов қарсы алды. «Түсі игіден түңілме» демекші, аудан басшысы байсалды, қарапайым мінезін танытып, қонақтарға ілтипат білдірді. Қуанып қалдық. Алғашқы сөзді облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым бастады.

– Көп жылғы еңбегіңіздің жемісін көріп, небір батыр, сөз бастаған көсемдер мен шешендер, дара талантты ақындар мен қаламгерлер шыққан қастерлі өлкеге аудан әкімі болып тағайындалуыңызбен құттықтаймын! Еңбегіңіз жемісті болсын! Қайта қалпына келіп жатқан ауданның жайын, тыныс-тіршілігін көрсек деп келдік. Шын мәнінде, салт-дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған қонақжай, ақ тілеулі қандастарымыз тұратын ауданға деген ықыласымыз бөлек. Ниетіміз ерек. Мұнда келсек бір жасап қайтқандай боламыз. Райымбек ауданында қарағайдай қалың оқырманымыз тұрады. Оқырмандарымыздың ондай ықыласын орнымен бағалаймыз. Сол үшін де ауданнан материалдар көптеп жарық көріп тұрады. Байсейіт батыр, Шоған абыз, Жанғабыл шешен, Әлмерек абыз, Қарқара көтерілісінің көсемдері Ұзақ пен Жәмеңке туралы, басқа да дара, айтулы тұлғалары жайлы зерттеу мақалалары жарық көрді. Мұқағали мен Бердібек секілді өңір мақтаныштары туралы әңгіме бөлек. Біз қайта түлеген аудан болашағының жарқын боларына сенеміз. Өңірде ел тізгінін қолдарына алып, жұрт көшін бастап жатқан азаматтардың жүздері жарқын, жұмыстары табысты бола берсін! – деді Нүсіпбай Әбдірахым шынайы көңілімен тілектестігін білдіре.

Бұл тілекті облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары  Забира Сайдильдина жалғастырып, әкім жұмысына сәттілік тіледі.

– Жаңа келе жатқанда байқадық, күрделі жөндеуден өткен әкімдік ғимараты заманға лайық сәулетті нысанға айналыпты. Сонымен іргелес тағы бір екі қабатты ғимаратқа да көңіліміз толды,– деп Нүсіпбай Әбдірахым ризашылығын білдірді.

– Иә, аудандық әкімдіктің 3 қабатты ғимаратының құрылысы бітіп, айналасын абаттандыру жұмысы жалғасуда. Жақын арада қайта жаңғырту жұмысы жүргізілген, мемлекеттік мекемелер орналасатын ғимараттар да пайдалануға берілетін болады. Мұның сыртында аудандық мұрағаттың, азаматтарға арналған үкімет ғимаратының, спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Биыл 20 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілсе, алдағы жылдары 83 үйдің құрылыс жұмысы басталады. Ауданымызда 11 ауылдық округ, 20 елді мекен бар. 41 мың тұрғын тұратын өңірде мектеп, кәсіптік-техникалық колледж, балалар бақшасы нәтижелі жұмыс атқарса, аудандық, ауылдық аурухана, дәрігерлік амбулатория, медициналық пункт өз қызметін сәтті жалғастыруда. Ал Мәдениет үйі, кітапхана, музей тұрғындардың мәдени-рухани өмірін байыта түсті.

Экономикалық өсім де көңіл қуантады. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылығы өнімдерінің өсімі 3,5 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 99,3 пайызға өсті. 3852 миллион теңгенің инвестициясы тартылса, есепті мерзімде 329 жаңа жұмыс орны ашылып, жоспар 95,3 пайызға орындалды. Ауданымызда «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясына қарасты «Ойқарағай» көмір кеніші жұмыс істеп тұр. Соңғы жылдары алынған көмірдің сапасы жақсы. Тұрғындар игілігін көріп отыр. Қазан айынан бастап алтын кенін өндірумен айналысатын «ВТО GoId Production» және «Нарын Голд» ЖШС жұмыс бастады. Өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда аудан бойынша қой-ешкі, ірі қара, жылқының саны көбейді. Өңірде 3144 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Таулы өлкемізде мал тұқымын асылдандыруда жап-жақсы жұмыстар бар, – деп өңір басшысы Нұржан Құдайбергенов жақсы жетістіктерімен бөлісті. Сондай-ақ, аудан жұртшылығы ғасырлық тарихы бар облыстық қос басылымның тұрақты серігі екенін айтты. Қос газеттің де айтары анық, жазары мол, ұсынары жеткілікті, қозғар, көтерер мәселесінің салмақты екеніне ризашылығын білдірді. Газет журналистеріне шығармашылық табыс тіледі.

Осыдан кейін жұмыс сапарымен келген арнайы топтан бөлініп, аудандағы халық саны 5 мыңнан асатын Сарыжаз ауылдық округінде болдық. Ауыл әкімі Медет Азанбеков бастаған әкімдік қызметкерлерімен жолығып, Сарыжаз орта мектебінде, ауылдағы дәрігерлік шаңырақта, Мәдениет үйінде оқырмандармен жүздестік. Игілікті істерін көрдік. Округ аумағындағы ет бағытындағы асыл тұқымды «Герефорд» ірі қарасын өсірумен айналысатын «Расылбай» шаруа қожалығының, қыс маусымында елге қызметін көрсетіп жатқан ұста Бақыт Манжуовтың жұмысын көріп, көңіліміз толды. Арасында Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжіне арнайы ат басын бұрдық. Самат Мүсірбаев басқаратын, биыл 60 жылдығын атап өткен колледждің тыныс-тіршілігімен таныстық. Ең бастысы, аудан тұрғындарының «Жетісуға» деген ықыластары жақсы, пейілдері түзу. Бұл біздің көңілімізді марқайтып тастады.

БЕРЕРІ МОЛ

Қазан айында Сарыжаз ауылдық округіне қарасты Ақбейіт ауылындағы Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжі құрылғанының 60 жылдығын атап өтті. Бұл айтулы шараға аудан әкімі Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ қатысып, колледж ұжымына ізгі тілегін  жеткізіп, жұмысына табыс тілеген еді.

Колледж директоры Самат Мүсірбаевтің айтуынша, оқу орнының іргетасы 1959 жылы Ақбейіт ауылындағы МТС негізінде қаланған. Алғаш ауылшаруашылығына қажетті тракторист-машинист, көлік жүргізушілер дайындаған. Өз тұсында №119 және №8 Сарыжаз кәсіптік-техникалық училищесі болып аталған оқу орны 2013 жылдан бастап Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжі болып құрылды. Колледжге әр жылдары Іскендір Сәрсенбаев, Меліс Мамытханов, Бүркітбай  Қайранбаев, Тілепберді Ақаев, Ұлықпан Әбек, Саян Өзекбаевтар басшылық жасап, жемісті еңбек етті.

Колледжді әр жылдары бітірген түлектердің осалы жоқ. Өз тұсында Қажымұқан Диқанбаев Еңбек Ері атанса, Аманбай Аманжолов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Амангелді Ботанбеков Еңбек Қызыл Ту, Ленин, Октябрь Революциясы ордендерін кеудесіне тақты. Жайлау Толыбаев Ленин орденіне ие болды.

Аудандық мәслихаттың депутаты, іскер азамат Самат Мүсірбаев басқаратын колледжде бүгінде 150 білімгер дәріс алуда. Оларға фермер, электромонтер, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, дәнекерлеу ісі, ауылшаруашылығындағы тракторист-машинист, электронды есептеу және есептеу машиналарының операторы  мамандықтары бойынша 22 оқытушы, 7 өндірістік оқу шебері дәріс береді. Колледжде 200 орынды жатақхана, 4 мезгіл тамақтандыратын 75 орынды асхана, дәрігерлік пункт, кітапхана, оқу залы, футбол, баскетбол алаңы, спорт залы жұмыс істейді.

Шалғай ауылдың шырайын ашып, тұрғындардың кәсіптенуіне түрткі болған білім ордасының жетістігі бұдан да мол, табысты болары белгілі. Ол жайлы мерейтойда аудан әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнара Әріпова, колледждің бұрынғы директоры Меліс Мамытханов, тағы басқалар айтып еді. Біз сол үміттің ақталатынына сендік.

КИЕЛІ ҚОС ТҰРАҒЫМ

Сапарлаймын, ауылға, тауға барам,
Сағындырды сары далам, аңғар, алаң.
Кәусарынан бұлақтың қанып ішіп,
Майсасына мамықтай аунап алам.

Бәріне ортақ қуаныш, уайым, алаң,
Белгілі ғой ауылдың жайы маған.
Кіршіксіз пейіліне ағайынның,
Кір шалған көңілді бір шайып алам.

Ықыласы бөлектеу маған деген,
Қазыналы қартыма сәлем берем.
Аруақтар мекеніне барып қайтам,
Әкем жатқан, бауырым, анам менен.

Қонағына көрсетіп шын ізетін,
Жанарына жайнатып күн ілетін.
Ақ жеңгем жайып салып дастарқанын,
Пейілімен білдірген құдіретін.
Қотандағы қойына жүгіретін,
Мал соймаса көңілі көншімеген,
Ағамның көзбен көрем құрметін.

Сосын тағы ауылды аралаймын,
Жайын білем әр үйдің, пана-жайдың.
Ортасында отырып жыр жазамын,
Беткейдегі қайың, тал, қарағайдың.

Тауым, далам – киелі қос тұрағым,
Ажарында тарыдай жоқ, сірә, мін.
Ақ самалға алқымнан аймалатып,
Ақ нөсерге арқамды остырамын.

Ала таңда тыңдап ап бұлбұл әнін,
Кеудемнен ағызамын мың бұлағын.
Сағынышты ел жаққа ауып жүрген,
Өрістете өстіп бір тындырамын.

Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ,
ақын, журналист
Нарынқол ауылы

ОМАРТАШЫ НҰРДӘУЛЕТ

Нұрдәулет Мәнжуовты Сарыжаз ауылындағы жерлестері жақсы біледі. Оны «омарташы Нұрдәулет» деп те айтады. Кезінде ауылда ұзақ жыл бойы «Жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісі болып еңбек еткен. Міне, соңғы отыз жылдан бергі сүйікті кәсібі – омарташылық.

Бұл өлкеден сонау Кеңес одағының кезінен сырттан келіп, ара балын жинап алып кетушілер көп. Өйткені, теңіз деңгейінен екі мың метр биіктіктегі қырмызы гүлді, жасыл жайлау өлкенің балы сапалы.

Сырқатқа мың да бір ем болып саналатын араның балына деген сұраныс өте жоғары. Сол үшін жаз маусымында дайындалған бал өтпей қалмайды. Осының жөнін білген Нұрдәулет өзгелерден тәжірибе жинақтап, ізденіп, еңбектеніп, бал арасы туралы ақпаратпен танысып, омарташылық жұмысын бастады. Алғашында қиындықтар болғанымен бірте-бірте тәжірибесін молайтты. Кәсібін нығайтты. Шаруасын шалқытып, жүрек қалаған ісінің тасын өрге домалатты. Бүгінде омарташылықпен айналысқысы келетін жандарға тәлім берерлік жағдайда.

– Бал арасының 50 ұясы бар. Уақытылы жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Ерлік, Бақыт, Әли секілді көмекшілерім бар. Өз істерін жақсы біледі. Оларға омарташылықтың қыры мен сырын үйретіп жүрген жайым бар. Игілікті шаруаны өз алдына жүргізіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! – деген Нұрдәулет Мәнжуов әр ұядан қырық литрдей бал алуды жоспарлап отырғандығын жеткізді.

Омарташы аңшылықпен айналысатын «Рахат тур» фирмасында қосымша жұмыс істейді. Зайыбы Күлдархан Сейдінқожаева екеуі бала-шаға өсіріп, немере қызығын көріп отыр.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы