"БЕЙБІТ ӨМІР СҮРЕМІЗ": ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІ ҰЙҒЫР АУДАНЫНА КЕЛДІ

Уақыты: 10.12.2019
Оқылды: 1091
Бөлім: РУХАНИЯТ

Туристердің қызығушылығы ауған Шарын шатқалы, ерен тоғайы, Қарадала ыстық су көздері, әктас, құмды қиыршықтас, қоңыр көмір кен орындары орналасқан Ұйғыр ауданына «Жетісу» мен «Огни Алатау» газетінің тілшілері жұмыс барысымен келді.

КӨРСЕТКІШ ЖОҒАРЫ

Өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайы, экономикалық өсім туралы аудан әкімі Шухрат Нурахунов кеңінен әңгімелеп берді.

– Өңірдің жыл бойғы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылай келе ауылшаруашылығы саласында мал мен өсімдік шаруашылығының басым бағыт екендігін атап өткім келеді. Агроөнеркәсіп секторында түсім 18 млрд.34 млн. теңгені құрады. Масақты дәнді дақыл егілген 2267 гектардан 5292 тонна өнім жиналды. Суармалы алқаптардан 390 тонна күнбағыс, 3430 тонна бақша өнімдері, 7600 тонна картоп, 30 мың тоннадан аса жеміс-жидек пен 39747 тонна жүгері алынды. Бағбандардың да көрсеткіш деңгейі жоғары, – деген ол бақ алқаптарынан жиналған өнімге тоқталды.

Өңірде биыл жеміс бағының алқабы 623 гектарға көбейтіліп, онда шабдалы, алма, шие, өрік, алмұрт сынды жеміс-жидектер отырғызылды. Бүгінгі таңда бау-бақша отырғызылған жер көлемі 3932 гектарға жетіп, жеміс беретін бақ көлемі 1860 гектарды құрады. Айта кетерлігі, жергілікті еңбеккерлер «Апорт» алма сортын қайта жаңғыртуда. Оның көлемі әзірге 380 гектар болғанымен болашақта арттыру жоспарда екен. 1200 тонна бірінші өнім 10,4 гектар алқапты алып жатқан жаңа форматтағы 5 өндірістік жылыжайдан жиналды. Егіншілер мен бағбандар ауылшаруашылығы жұмыстарын ұйымдастыру, егістік, суару, тыңайтқыштармен қоректендіру, өнімді жинау мен тасымалдау сынды жұмыстарға 502 трактор, 398 жүк машинасын, 34 астық жинау комбайнын, 39 тұқым сепкіш, 300 тіркеме, сондай-ақ, 160 бірлік әртүрлі арнайы техниканы жұмылдырған. Биылғы жылы шаруа қожалықтары 26 млн.535 мың теңгеге екі жаңа трактор, 10 бірлік басқа да ауылшаруашылық техникасын сатып алды. Бай өнім алуда техникадан басқа қажетті тыңайтқыштар да маңызды рөл ойнайтыны сөзсіз. Ағымдағы жылдың егіс науқанында шаруа қожалықтары арзандатылған 2557 тонна минералды, 42 мың тонна органикалық тыңайтқыштармен және 2500 тонна гербицидтермен қамтамасыз етілді.

Мал шаруашылығы саласындағы жетістіктерге тоқталған өңір басшысы:

– Есепті кезеңде өңірдің фермерлік шаруашылықтарында 81392 бас ірі қара, 284132 қой мен ешкі, 17097 жылқы, 35826 құс бар. 7888 тонна ет, 23552 тонна сүт, 563,6 тонна жүн өндірілді. Өткен жылы «Кеген МПС» ЖШС экспортқа 150 бұқа жіберсе, жыл басынан «Тасќарасу» ӨК, «Нєсілбек» шаруа қожалығы, «ҚазМалы» ЖШС, Сүмбе, Ават, Ақтам ауылдық округтерінен 340 бас экспортталды. Жыл соңына дейін «Кеген МПС» ЖШС бордақылау алаңдарына 261 бас бұқа жіберуді жоспарлауда. Бұл шамамен 60 тонна ет экспортт алды деген сөз. Фермерлер мал тұқымын жақсарту, асыл тұқымды ірі қара мал басын көбейту, түрлі аурулардың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізуде, – деді.

Аудандағы өнеркәсіп пен шағын кәсіпкерлікте де даму динамикасы байқалады. Мысалы, ағымдағы жылдың 9 айының ішінде 1 млрд.585 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Одан бөлек 4000 орта және шағын кәсіпкерлік субъектісі 5 млрд.-тан астам теңгенің тауарын шығарған. Аудан қазынасына 402 млн. 576 мың теңге түскен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 181 млн.611 мың теңгеге көп. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Еркетай» балабақшасы 1,5 млн. теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алды. Сонымен қатар, 50 басқа арналған сүт өнімдерін шығаратын ферма салу жоспарланған. 40,7 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, 375 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылатын болады.

«Атамекен» бағдарламасын орындау барысында 13 млн.800 мың теңгелік 6 жоба ұсынылды. Қазіргі уақытта 10,4 млн. теңгелік 5 жоба Тасқарасу, Қырғызсай, Тиірмен ауылдарында жүзеге асырылып, аз қамтылған отбасыларға баспана салынды. Ал Сүмбе ауылында демалыс орны салынып, Ақтам ауылында саябақ қоршалды.

Биылғы жылы жалпы көлемі 4 млрд.969 млн. теңге инвестиция тартылды. Республикалық және жергілікті бюджеттен 1 млрд.900 млн. теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары 5 млрд.366 млн. теңгеге атқарылды. Бұл жөнінде Шухрат Турдахунұлы:

– Өңірде 5600 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Барлық ресурстарды аудан экономикасын дамытуға бағыттаудамыз. Жергілікті халықтың әлеуетін жақсарту бірінші кезектегі мәселе. «Ақбұлақ» бағдарламасын ұтымды пайдаланудың нәтижесінде Үлкен Дихан, Шарын, Бахар, Шонжы ауылдарына су жүйесі тартылып, кәріз жолдары жаңартылды. Қалжат пен Үлкен Ақсу ауылдарында су жүйесін күрделі жөндеуден өткізудің жобасы дайын тұр. Сондай-ақ, Кіші Ақсу, Ұзынтам, Рахат, Ават, Сүмбе ауылдарында да таза ауызсу мәселесі шешіледі деген үміттеміз, – дей келе, Кіші Дихан, Шонжы, Сұңқар, Дардамты, Қырғызсай және тағы басқа ауылдардағы жол жөндеу мәселесіне тоқталды.

Айта кетерлігі, ауданда жұмыссыздық мәселесін шешудің оңтайлы жолдары қарастырылып, қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарына барынша қолдау көрсетілуде. Нәтижесінде 839 жұмыс орны ашылып, 1493 аз қамтылған отбасына жәрдемақы төленді. Одан бөлек 750 тұрғын мен 27 мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа орналастырылды.

– «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсібін жаңадан ашқан жандар бизнесті жүргізудің негіздерімен танысып, білімдерін жетілдірді. 21 жас кәсіпкер жаңаша бизнес жоспарын ұсынып грант ұтып алды. Ал, 17 жан шағын несие алып, оның 13-і жеке кәсібін ашты, – деген өңір басшысы білім саласындағы жаңалықтарды да баяндады.

Оның айтуынша, 33 жалпы білім ошақтарында білім алуға барынша қолайлы жағдай жасалған. "Мектепке дейінгі білімге айрықша көңіл бөлінуде. Шонжы мен Сүмбе ауылдарындағы орта мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Добын, Ардолайты ауылдарындағы мектептерде және М.Мақсатов, Жаңасай, Бірлік – Сүмбе атындағы мектептерге қолайлы жағдай жасау мәселесі шешімін табуда", – дей келе, ол облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттері туралы жылы лебіз білдіріп өтті.

СЕНІМДІ ҚОРҒАН

Шонжы шегара отряды елу жыл бойы шегара шебінде тұр. Ол – «Шығыс» өңірлік басқармасының алдыңғы қатарлы әскер бөлімшесі. Аталмыш шегарашылар ұжымына облыстық қос басылым тілшілері барып-қайтты. Оларды отряд командирінің орынбасары, полковник Нұрғали Нұрманов қарсы алды.

Ашық әңгіме барысында гарнизон жауынгерлері шегарадағы қызмет, әскерилердің ерлігі мен батылдығы және қарапайым еңбек адамдары, елдегі және әлемдегі басты оқиғалар туралы жиі жазып тұратын облыстық газеттер туралы көптеген қызықты ақпараттарға қанықты. «Огни Алатау» газеті редакторының орынбасары Забира Сайдильдина өз сөзінде шегара қызметіндегі жауынгерлердің арасында үнемі мақала жазып, газет бетінен түспейтін авторлар бар екенін жеткізді. Бір сөзбен айтқанда Шонжы шегарашылары  қос газеттегі көптеген мақалаға арқау болып жүр.

КСРО-ның ҚХР-мен арадағы шегара күзетін күшейту мақсатында құрылған 132-отрядтың  қалыптасуы екі кезеңнен тұрды. 1968 жылдың шілдесінде бөлімшеге географиялық қоғам құрметіне аталған шыңнан Қорғас пен Іле өзенінің қосылуына дейінгі аймақты күзету сеніп тапсырылды. Ол жерде 12 шегара заставасы орналасты. Ал 1975 жылы отряд Іле өзені бойын күзету үшін қайықтарды пайдалана бастады. 1967 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін шегара бөлімшесі бірнеше мәрте Құрмет грамотасын, медаль, абыройлы атақты иеленді. Жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз ету, жеке құрамды оқыту және тәрбиелеу, техника мен қару-жарақты үлгілі жағдайда ұстау, әскери тәртіпті нығайтқаны үшін бөлімше 1996 жылы «Озық шегара отрядына» ауыспалы вымпелімен марапатталған. Ал, заставаның бірі «Озық шегара заставасы» деп танылды. 2016-2017 жылдары отряд қызметтік-жауынгерлік жұмыс қорытындысы бойынша үздік деп танылып, әскери бөлімдер арасында көшбасшы орынға ие болды.

Ағымдағы жылы әскери қызметшілер тәртіп бұзған 451 азаматты тұтқындады. Олардың 21-і мемлекеттік шегара режимін бұзса, 332-і шегаралық тәртіпті сақтамаған. Өту пунктінде 26 тәртіп бұзушы, 6 контрабанда фактісі анықталды. Одан бөлек 72 адам көші-қон заңнамасы ережелерін бұзған. Сондай-ақ, шегарашылардың кәсібилігі мен әскери шеберлігінің арқасында есірткі өсімдіктері анықталып, жойылды. Яғни, 4,5 гектар сора өртеліп, шегара аймағында заңсыз аң аулаудың 3 фактісі және 7 бірлік тіркелмеген қару мен 103 түрлі калибрлі және маркадағы оқ-дәрілер анықталды. Бұл арсенал ішкі істер органдарына табысталды. Ағымдағы жылдың тамыз айында ДШЗ барлау-іздестіру тобының шегара наряды «Қарқара» заставасы учаскесінде браконьерлерді ұстау операциясына қатысты. Ал қараша айының басында «Баянкөл» шегара заставасы учаскесінде бесеуі отты қарумен жарақтанған, 9 адамнан тұратын браконьерлер тобы ұсталды. Тексеріс барысында заңсыз табыс – марал еті табылды. Жауынгерлер күннің ыстық-суығына, ауа райының қолайсыздыға қарамастан өздеріне сеніп тапсырылған мемлекеттік шегара бөлігін күн-түн демей күзетеді.

АРМИЯ АТА

Армия Ушуровты Тиірмен ауылында білмейтін жан жоқ. Ол – қарапайым дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Кеңес үкіметі кезінде онсайыстан ҚазКСР чемпионы атанып, бүкіл елге танылды.

Атлет қоржынында жеңіл атлетикадан республикалық және халықаралық спартакиадалардан иеленген медальдар бар. Чемпион 1955 жылы 110 метрге жүгіруден рекорд орнатты. Оны 10 жыл бойы бірде-бір атлет жаңарта алмады.

Бүгінде Армия ата жасына келгеніне қарамастан спортпен белсенді түрде шұғылданып, аудандағы қоғамдық және мәдени жұмыстардан да шет қалмайды. Ол – жастарға салауатты өмір салтын насихаттауда үлгі етер жан. Ол – ауылының қадірменді қариясы, Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы. Ол – өмірін білім мен шәкірт тәрбиесіне арнаған тұлға.

– Армия – біздің ауылымыздың көзі тірі аңызы. Ол жастардың тәлімгері, данагөй ақсақал. Шаңғы спорты бойынша аудандық жарыста бірінші орынды жеңіп алған, қария жастарға үлгі бола білді. Жастар да Армия атаға қарап бой түзеп, олардың да спортқа деген қызығушылықтары ояна бастады, – дейді Тиірмен ауылдық округінің әкімі Миршад Насыров.

Жастардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттыра отырып, Армия ата олармен патриоттық және рухани-адамгершілік тәрбиесімен айналысады. Ауыл ақсақалдарымен, ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен бірге ауыл тұрғындарының өзекті мәселелерін талқылауға қатысады. Өмірлік тәжірибесімен бөлісе отырып, отбасындағы күрделі мәселелерді шешуге көмектеседі. Өскелең ұрпақты өз халқының тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеуге, ар-ождан заңы бойынша өмір сүруге үйретеді. Өз балаларын да осылай тәрбиелеп, жары Валентина Алексан- дровнамен бірге бес баланы өсірді. Әке ісін Зикрия мен Инна 30 жылдан астам уақыт бойы жалғастырып келеді. Атасының ізі немересі Руфина басуда.

– Мен өміріме ризамын. 10 немерем мен 7 шөберем қызығын көрсетіп өсіп келеді, – деген Армия қария мемлекеттік саясат ауанында әңгіме өрбітті. – Біз халық бірлігі, ел бейбітшілігі мен келісім басымдыққа қойылған мемлекетте өмір сүреміз. Елбасы Н.Назарбаевтың дана және көреген саясаты мен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың нәтижелі жұмысының нәтижесінде ең шалғай ауылдар да тұрақты даму мүмкіндігіне ие болды. Мысалы, XVIII ғасырдың ортасында құрылған, шегара маңындағы Тиірмен ауылы күн сайын дамуда. Мұнда қазақ, ұйғыр және орыс халқы бейбіт, келісімде өмір сүреді. Біз бір отбасының мүшесіндей бірге еңбек етіп қана қоймай, ата-бабамыздың бай мұрасын бойына сіңіре отырып жастарды тәрбиелеудеміз. 

Әсел  МҰҚАШЕВА

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы