"ҚАЙТА ТҰРҒЫЗСАҚ": МАМАНИЯ МЕКТЕБІ БІЛІМНІҢ БІЛТЕСІ ЕДІ

Уақыты: 11.12.2019
Оқылды: 2257
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ілияс Жансүгіров әдеби мұражайына биыл - 35 жыл. Осы уақыт ішінде мұражай қорына біраз жәдігер жинақталды. Құнды дүниелердің ішінде өлкеміздің тарихи тұлғалары жайлы жеке жазбалар, суреттер, құжаттар, кітаптар, мақалалар өте көп. Мұның барлығы өткенді білуге, болашақты зерделеуге керек дүниелер.

Сарғайған қағаздардың қатталған бір бумасы Жетісуда алғаш өз қаржысына білім шаңырағын ашып, онда қыз-ұлдарды білім нәрімен сусындатқан Маман Тұрысбек әулетіне арналған. «Қарағаш» бағындағы мектепті тұрғызу, ұйымдастыру жұмыстары 1899 жылдан басталады. Білім шаңырағында қазақ тілі, есеп, иман-шарт, Құран, орыс тілі, пайғамбарлар тарихы, жағрапия, зоология, ислам діні тарихы, татар тарихы, хадис оқытылады. Есенқұл «Мамания» мектебін Ғалия медресесі сияқты сапалы білім ордасына айналдыруды көздейді.

Аталмыш шаңыраққа Мұстақым Малдыбаев меңгерушілік етеді. Білім шаңырағына ұстаздар Қазан, Уфа қалаларынан және Түрік елінен шақырылады. Файзрахман Жихангеров, Мұхаметқали және Фатима Есенгелдиндер өте білімді дәріскерлер еді. Ал Ғабдолғазиз Мұсағалиев ұстаз Каир университетін бітірген заң қызметкері, сегіз елдің тілін білген ғалым, ойшыл-философ, шығыс елдері тарихы мен әдебиетінің зерттеушісі. Ғабдолғазиз Мұсағалиев Барлыбек Сырттановтың шақыруымен келеді. Барлыбек Сырттанұлы мектептің оқу бағдарламасын, қандай пәндер оқытылатынын Уфадағы «Ғалия» медресесінің ағарту бағдарламасына сай жасайды. Атауына да сол себепті «ия»-ны қосады. Мектептің дәрежесін «Ғалия» медресесінің дәрежесіне жеткізуге күш салады. «Мамания» мектебін тамамдаған шәкірттер басқа қалалардағы оқу орындарына еркін түсе алған.

Көптің тілеуіне берілген «Қарағаш» медресесі 3 жылдықтан басталып, 1904 жылы 6 жылдыққа, кейін 1909 жылы 8 жылдыққа ұзартылды. Бұл мекткептің бағдарламасын жасауға Барлыбек Сырттанов пен Мұстақым Малдыбаев көп еңбек сіңіреді. Маманның балалары ашқан мектепте 8 оқу бөлмесі, 4 үл­кен зал, 60 ор­ын­ды ин­тер­нат ұл-қыздардың алаңсыз оқуына, жатып-тұруына жасалған жағдай еді. Маман құттың ұлдары Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл қажылар білікті мұғалімдерді «Қазақ» және «Айқап» журналдары арқылы жан-жақтан шақырып, олардың барлық әлеуметтік жағдайын жасайтынын айтады. Мұндай қамқорлықты сезінген ұстаздар «Қарағашқа» жан-жақтан келеді.

«Мамания» мектебінің алғашқы түлектері Біләл Сүлейұлы, Әбубәкір Жайшыбекұлы, Ыбырайым Ма­манұлы, Ілияс Жансүгіров, Бейсенбай Кедесұлы сынды тұлғалар. Ұйымдастыру жұмысының жақсы жүргендігінен 1918 жылы 200 шәкірт пансионда жатып білім алған. Мектеп жанынан орыс тілін үйрететін кешкі курс ашылған. Оған Есенқұл қажы өзі де барып, дәріс алған. Керемет күш, бар ынтамен салынған білім шаңырағының рахатын көру қазаққа ұзаққа бармады. Өкініштісі, мектеп өртеніп кетті. Маманға тұрғызылған құлпытас та қиратылды.

Қазір мектеп орнын қорғауға алу шаралары жүргізіліп жатыр. Ақсулықтар «Қарағашты» қайта тұрғызсақ дейді. Іске сәт!

Айнагүл ҚҰЛЖАБАЕВА,

Ілияс Жансүгіров әдеби музейінің қор сақтаушысы

Алматы облысы