"БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ": АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ОБЛЫС ТҰРҒЫНДАРЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 16.12.2019
Оқылды: 1255
Бөлім: РУХАНИЯТ

Құрметті облыс тұрғындары! Сіздерді еліміздің ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ғасырлар бойы тарих пен уақыттың желісі үзілмей келіп, Тәуелсіздік дәуіріне ұласқанына барша қазақстандықтар бірге куә болдық. Елбасының дара жолымен жүре отырып, ішкі-сыртқы саясаты тұрақты, шекарасы берік, экономикасы қуатты, әлемдік қауымдастықта өз орны бар мемлекет ретінде қалыптастық. Бүгінгі Президент те қазақстандықтарды бірлік пен тұтастық, еңбек пен еркіндік идеясының айналасына топтастырып келеді.

Тәуелсіздік жылдарында бабалар дәстүрі мен төл тарихи танымды өзек етіп, тынымсыз еңбектене жүріп, жаңа идеялар мен заманауи озық технологияларды пайдалану арқылы өркениет жолына қадам бастық.

Баға жетпес байлығымыз, көздің қарашығындай сақтауға тиіс құндылығымыз – тәуелсіздік деп білетін Алматы облысының тұрғындары да бұл жауапты міндеттен тыс қалған жоқ. Ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, жалпы экономиканың басқа да маңызды салаларының барлығында ел табысын еселеп, мемлекеттің іргесін нықтауға өз үлестерін қосып келеді. Татулықты ту еткен Жетісу өңірінің алда алар асуы, шығар биігі көп деп ойлаймын.

Құрметті жетісулықтар! Сіздерді Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға шаттық тілеймін! Еліміздің ырысы артып, ынтымағы нығая берсін! Мерейлі мереке құтты болсын!

Амандық БАТАЛОВ,

Алматы облысының әкімі