"КӨП ОҚИМЫЗ": ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІ ҚАРАТАЛ АУДАНЫНДА

Уақыты: 18.12.2019
Оқылды: 1178
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тасынан қазақтың қоңыр үні жаңғырып, құмынан бабаның шежіресі таралып, суынан елдің бірлігі көрінетін Қаратал өңірі қасиетті мекеннің бірі. Он сегіз әулие мен әмбиенің құтты қонысына айналған киелі Қаратал ауданы бүгінде өркендеп келе жатқан аймақтың бірі. «Әр бұтаның түбінде бір асым ет» деп бабалар мекендеген ауданның тыныс-тіршілігін тілшілер де аралап көрді. Аудан орталығына барып, барлық жаңалығынан құлағдар болдық. Еңсе көтеріп, елге сүйіншілейтін жаңалық аз емес. Бұл маңдай терін төккен еңбек адамдары мен атқа мінген іскер азаматтардың жетістігі екені анық.

ӘУЛИЕЛЕР МЕКЕНІ

Қаратал ауданының әкімі Қайрат БҰЛДЫБАЕВ:

– Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі өткен жылмен салыстырғанда бір сатыға жоғарылады. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін бюджеттің кіріс бөлігі 1 млрд. 171,5 млн. теңгеге жетті. Жалпы жылдық жоспар бойынша 2 млрд. 387,9 млн. теңгенің орнына болжам бойынша 3 млрд. 350 млн. теңге түсуі күтілуде. Бұл жоғары көрсеткіш деп ойлаймын. Ауданда шағын және орта бизнес жақсы жолға қойылған. Қазіргі уақытта 2527 шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын субъектілері бар. Оларға 6193 адам жұмысқа тартылған. Жыл басынан бері ауданда 1339 жаңа жұмыс орны ашылған. Десе де, жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызды құрап отыр.

Ең басты мақсатымыз – халықты жұмыспен қамту. Осы ретте біз алдағы жылға жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық санын азайтуды көздеп отырмыз. Өнеркәсіп алаңы бойынша да жаңалығымыз бар. Қазіргі таңда іске асырылып жатқан «АлматыЭнергоПроджект» ЖШС-нің «Күн электр стансысы» жобасы. Бұл украиндық инвесторлар. Бұдан басқа өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы бойынша екі жоба іске асырылуда. Бірі «Қаратал селекция – гибридтік орталығы» мал өсіру шаруашылығы негізінде ет және шұжық өндірісі жобасы болса, екіншісі «Секвойя Плюс» ЖШС «Мұнай өңдеу зауытын жаңғырту» жобасы. Келер жылы іске қосылады деп жоспарға алып отырмыз. 2020 жылға ауданда 4 инвестициялық жобаны іске асырмақшымыз. Ауданда күрмеуі шешілмей тұрған мәселе де жоқ емес. Негізгі өзекті мәселенің бірі – үш елді мекеннің ауызсуы, Үштөбе қаласының ішкі су жүйелерін қайта жаңғырту, кәріз  және арық жүйелерін қалпына келтіру. Міне, осы бағытта қаражат мәселесі қаралып жатыр. Болашақта өз шешімін таппақ.

ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРАТЫН ГАЗЕТ

Қаратал ауданы тек әулие мен әмбиелердің мекені ғана емес, көп ұлтқа пана болған қасиетті қара шаңырақ. Мұнда отыздан аса ұлт пен ұлыс мекен етеді. Барлығы да бір атаның баласындай бір қазаннан ас ішіп, тонның ішкі бауындай біте қайнасқан береке-бірлікте өмір сүріп жатыр. Аудан әкімінен әлеуметтік-экономикалық ахуалды естігесін  рухани тыныс-тіршіліктің жай күйін білу үшін аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымовқа жолықтық. Қайрат Саханұлымен кездесуде жағымды жаңалық пен ортақ ой ортаға тасталып, тамаша әңгіме өрбіді.

Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов облыстық газеттің тілшілерімен әңгіме барысында ұлт, қоғам үшін газеттің атқаратын рөлі жоғары екенін жеткізді.

– Біз жастайымыздан газет-журнал оқып өскен ұрпақтың біріміз. Бүгінгі таңда жаңа технология деп барлығы электронды нұсқаға көшіп жатқаны анық. Ақпараттың заманы болғасын көшпен бірге ілесуіміз керек. Әйтсе де газеттің орны бөлек. Қазір әлеуметтік желіде желдей ескен жаңалықтар өте көп. Бірақ оның ақиқатын анықтау қиын. Мәселен, бала тәрбиесіне келгенде газеттің берері көп. Әсіресе, облыстық басылымнан тәрбиелік маңызы зор мақаланы көп оқимыз. Бұл жас ұрпақтың ой-өрісін дамытуға ең керекті методикалық құрал деп айтар едім. Ал, интернет желісі мұндай тәрбиені бере алмайды. Өйткені онда сүзгі жоқ. Әркімнің қолында жеке ұялы телефоны бар. Кез келген жерден анықталмаған ақпаратты жария ете салады. Оны оқыған балада расымен де осындай екен деген ой қалыптасады. Ал газет барлығын зерделеп, екшеп, оқырманға нақты шынайы ақпаратты береді. Әрине, мен интернетті мүлдем жоққа шығарып отырғам жоқ. Оның да пайдасы зор. Қазір жаңа технологиясыз аттап басу қиын. Оны да жақсы меңгеру керек және ақпарат саласына келгенде байыппен, зерделеп ой елегінен өткізіп оқыған абзал. Өздеріңіз білесіздер, әлемде түрлі оқиғалар орын алып жатыр. Көптеген қауіпті кереғар дүниелер бізге де салқынын тигізетіні анық. Осының бәрін реттейтін газет. Осы ретте «Жетісу» газетінің алар орны ерекше. Біз көпұлтты ауданның біріміз. Мұнда отыздан аса ұлттың өкілі тұрады. Тұрақтылықты сақтау бағытында газетте жақсы мақалалар жарық көріп тұрады. Бұл ұлтты ұйыстырудың бір жолы. Аймақ экономикасынан бастап, отбасы құндылығына дейін барлығы қамтылған. Сондықтан газет жылдан жылға айтары салмақты, оқырман сүйсіне оқитын мақалаларымен құндылығын арттырып келеді. Электронды басылымдар қанша алға шығып кетті десек те  газеттің салмағы басым.

Міне, Қайрат Саханұлының алғашқы ой-тұжырымы осылай болды. Газет пен интернеттің ара жігін ажыратып, жалпы басылымның қоғамға қажет екенін баса айтты. Расында да, бүгінде интернет жүйесін пайдаланбайтын адам кемде-кем. Бірақ оның пайдасымен қатар зиянын да шегіп жатқанымыз рас. Ақпарат кеңістігінде түрлі қауіпті шабуылдар жасалатыны жасырын емес. Сондай жалған ақпараттың жетегіне еріп, маңдайын тасқа соққандар жоқ емес. Осындай келеңсіздіктен адамды қорғайтын күштің бірі  газет екенін  Қайрат Саханұлы ерекше атап өтті. Бұдан кейін газет тілшілеріне өтініш, тілегін де жеткізді.

Әрине, газетте ой толғататын жақсы мақала өте көп. Осы жерде проблемалық мақалалар мен сын-ескертпелер көбірек болса деп ойлаймын. Әдетте көпшілік ойлайды, билік басында отырғандар сынды жақтырмайды деп. Ол жаңсақ пікір. Оны сын деп қабылдауға болмайды. Ол билікке жеткізілген ұсыныс деп түсінуіміз қажет. Ежелден белгілі, газет – билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір. Осы арқылы халықтың ұсыныс-тілегі бізге жетіп отырған. Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», – деген қанатты сөзі бекер айтылмаған.

Сөз арасында біз де сауалымызды қойып үлгердік. Бұл да бұқараның ұсынысы деп қабылдаңыз. Ауданды он сегіз әулиенің жері деп атайды. Бірақ сол бабалардың тарихынан сыр шертетін бір музейдің  және ауданда орталық кітапхананың жоқтығы  өкінішті. Бұл мәселе қашан ретке келеді деген ойымызды алға тарттық.

– Рас, көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Аудан орталығында музей мен аудандық кітапхана, мұрағат жоқ. Кітапхана мен мұрағат мектептің босағасында отыр. Аядай ғана жерде орын тепкен екі мекемеге арнайы бір үлкен ғимарат қажет. Бұл жайында облыс әкімдігіне ұсыныс тастағанбыз. Барлық құжаттар тапсырылды. Облыстық мәдениет басқармасы да біледі. Алдағы уақытта шешімін тауып қалар. Жаңа ғимарат тұрғызу үлкен қаражатты талап етеді. Бірақ, ауданда жекеменшік бір ғимарат сатылғалы тұр. Өкінішке қарай ғимарат иесі қомақты қаражат сұрап отыр. Мүмкін алдағы уақытта орайы келіп қалар деген үмітіміз бар.

Осылайша сөзін түйіндеген Қайрат Саханұлы тілшілерге алғысын айтып, газет ұжымына табыс тіледі.

АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ

Ауданда тұрғын үй мәселесі де жақсы жолға қойылған. Жыл басынан бері екі көпқабатты тұрғын үй салынған. Соның 25 пәтері көпбалалы отбасыға берілген. Одан бөлек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 37 жеке үй сатып алынып, көпбалалы отбасыға табысталған. Осындай қуанышқа кенелген отбасының бірі - Нұғмановтар отбасы.

Сегіз бала тәрбиелеп отырған Төлебек Нұғманов пен Айгүл Меңлібаеваның қуанышында шек жоқ. Тоғыз жыл бойы кезекте тұрып, жеке баспананың тауқыметін кешкен отбасы бүгінде төрт бөлмелі үйдің иесі. Үкімет Нұғмановтар отбасына жалдамалы жеке тұрғын үй берген. Айына небәрі  бес мың теңге төлеп тұрып жатыр. Бұйыртса он бес жылдан кейін  өздерінің жекеменшік шаңырағы болып қалады. Төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп отырған Айгүл аудан басшылығына дән риза. Алғысын айтып ағынан жарылды.

– Мемлекет қамқорлығын жасап, бар қиыншылықтан арылтып отыр. Басымызға баспана, балаларыма бар керектіні алып берді. Үлкен ұлым студент. Алматыдағы аграрлық колледжде әкімнің грантымен оқып жатыр. Қалған алты балам мектеп жасында болса, ең кішісі Дидар 5 жаста. Балаларымның барлығы оқу озаты, – дейді ол.

Мектеп жасындағы балаларын аудан әкімдігі киім-кешек, ыстық тамақпен қамтып отыр. Оның сыртында қыстық отын-көмірін де түсіріп берген. Мұнымен қоса отанасы атаулы әлеуметтік көмекті де алып отырғанын жеткізді. Кең әрі жарық төрт бөлмелі баспананың барлық жағдайы жасалған. Отағасы Төлебек жалдамалы жұмыс істеп, отбасына нәпақасын тауып отыр. Айгүл әзірге үй шаруасымен айналысуда. Балаларым ержеткесін мен де жұмыс істеуге шығамын дейді. Қазірдің өзінде қоғамдық жұмысқа атсалысып, қол қусырып отырмайтынын айта кетті. Бергенді ұқсатып, бар ықыласын бала тәрбиесіне арнап отырған Айгүл Задақызы аудан әкімдігіне алғысын айтып, ыстық ықыласын жеткізуді өтінді. 

"АЙДЫННЫҢ" АҚ ҚАЙМАҒЫ

Өңірде сүт өнімін өндіретін кәсіпорындар аз емес. Бірақ олардың айырмашылығы санында емес, сапасында екені анық. Осындай сапалы өнім шығаратын кәсіпорынның бірі Қаратал ауданындағы «Үштөбе-Айдын» ЖШС.

Макет Ниязбеков басқаратын «Үштөбе-Айдын» ЖШС-і күніне отыз тоннаға жуық сүт қабылдайды. Жаз мезгілінде одан да жоғары көрсеткішке қол жеткізеді. Шебер-технолог Толқын Болысбекованың айтуынша қыс мезгілінде сүттің мөлшері аз болғанымен сапасы жағынан жоғары. Зауыт сүт өнімінің оннан аса түрін шығарады.

Мәселен, қабылданған сүт арнайы тексерістен өтіп, оның жарамдылығын анықтайды. Лабораторияның зерттеуінен өткеннен кейін арнайы құтыларға құйылып, әр аппаратқа жіберіледі. Мұнда айран, қаймақ, ірімшік, май, балмұздақ жасалады. Мәселен айранның, сүттің бірнеше түрі шығады. Олар майлылығы жағынан бірнеше түрге бөлінсе, тәттілігі мен сорты жағынан да екі-үш түрі өндіріледі. Сол секілді қаймақтың да бірнеше түрі бар. Өнімдерінің барлығы табиғи, ешқандай қоспасы жоқ. Сақтау мерзімі сүтке үш күн, айранға бір апта беріледі. Алматы және Талдықорған қаласына тарайды. Күніне он тоннадан артық өнім нарыққа шығады. «Сары май кәдімгі апаларымыздың шайқаған майындай табиғи. Ақ қаймағы да дәмділігі жағынан тіл үйіреді», – дейді Толқын Рысбекқызы. Зауытта елу адам жұмыс істейді. Жеке сатылымға шығады және мемлекеттік мекемелерді де қамтамасыз етеді. Шикізат аудан маңайындағы елді мекендерден жиылады. Зауыт республика бойынша үздік тауар өндіруші деген марапатқа ие болған.

САН САЛАЛЫ ӘКІМДІК

Республикада алғашқылардың бірі болып ашылған сервистік әкімдіктің қызметі аудан тұрғындарының жұмысын біршама жеңілдетіп тастапты. 2018 жылы ашылған әкімдік жаңа технологиямен толықтай жабдықталған. Мұнда келген әрбір тұрғын бірнеше жұмысын бір жерден жылдам бітіріп кете алады.

Қызметтің барлық түрін электронды форматта алуға толық мүмкіндігі бар. Сервистік әкімдікте Үштөбе қаласы әкімінің аппараты, сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, жұмыспен қамту орталығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, білім бөлімінің мамандары қызмет көрсетеді. Алғашқы ашылған жылдары электронды қызмет саны 5115 болса, бүгінде 8150-ді құрап отыр. Келушілерге барлық қолайлы жағдай істелген.

Мәселен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға пандус, қоңырау, «Браиль» кестесі қарастырылған. Қызмет алушыларға бағыт-бағдар беретін 2 рецепшн, 2 күту залы, электрондық кезекке арналған құрылғы, 2 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы, оның бірі  egov.kz порталына арналған болса, екіншісі  электронды еңбек биржасына арналған. Сонымен қатар Wi-Fi желісі тартылған. Сервистік әкімдік тұрғындардың әл-ауқатының артуына, сыбайлас жемқорлық көріністері мен бюрократтық тосқауылдардың азаюына негіз болатын бірден-бір орталық. Мұндай қағидаттарды біз жұмыс барысында көрдік. Келушілерге мекеме қызметкерлері сапалы, сауатты әрі жылдам қызмет көрсетіп, толыққанды ақпарат беруде. Сіз де, біз де дән риза!

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы