ҚАЗАҚСТАННЫҢ 100 ЖАҢА ЕСІМІ: РАХАТ-БИ РАПСОДИЯСЫ

Уақыты: 04.01.2020
Оқылды: 1800
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жас композитор, пианист, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының тұңғыш жеңімпазы, Халықаралық конкурстардың лауреаты Рахат-Би Әбдісағин Төлегенұлы Италияның үш бірдей атақты жоғары оқу орнына қабылданған болатын. Өткен жылы ол аталған оқу орындарын небәрі 20 жасында тәмамдады». (Интернет иірімдерінен).

Әжесі үкі таққан бесігіне,
Әуенмен әуестенген есі кіре.
«Ондықтың» ортасына еркін кірді,
«Қазақстанның жүз жаңа есіміне».

Бәрі де Тәуелсіздік түлектері,
Сұрыптаған сынақтың мың өткелі.
Домна пештен шыққандай шып-шып терлеп,
Жантерлері самайдан шүмектеді.

Екі мыңнан асты үміт артқандар,
Әмбесі де көкке қанат қаққандар.
Жүлдегерлер, жеңімпаздар сапында,
Топты жарып, озып келе жатқандар.

Торқа електен екшеленген сан қырлы,
Қай-қайсы да сан саланың алғыры.
Бағы жанып бағындырған белесті,
Өнер атты Иранбақтың балғыны.

Дүбірлерге дүр сілкінген қырандар,
Дербес елде еркін өскен ұландар.
«Жүзден –  жүйрік, мыңнан – тұлпар» дейтұғын,
Бағзылардан қалған тәмсіл – ұран бар.

Сол ұранның үдесінен шықты ұлан,
Байқауларда мықты озды мықтыдан.
Композитор, орындаушы пианист,
Шеберліктің шедеврін ұқтырған!

Бар әлемге танытам деп елімді,
Рахат-Би де толған Айдай көрінді.
Саусағына саз сәулесі ұялап,
Күйсандықтан рапсодиясы төгілді.

«Жүз жаңа есім» тізіміне кіру де,
Топжарғанға бұйырады ілуде.
Екі мыңнан астам жастан озғанды,
Қазақия жәмиғаты білуде.

«Жүз есімнің» ондығына кіргені,
Сахнада жұлдыз болып жүргені.
Күйсандықтан мың сан әуен шалқытып,
Шартарапқа шабыт отын үрледі.

Алла берген бақ құсы кеп қонғалы,
Қос иығын ақиықтай қомдады.
Музалары көкірекке құйылған,
Классиктер құдіреті қолдады!

Қаршадайдан құймақұлақ болмысы,
Әжесі айтқан «жорға тайдай пормысы».
Тауып айтқан таңғажайып теңеуді,
«Саусағынан айналатын» сол кісі.

Скрипка сиқырымен арбаған,
Паганини Николадан аумаған...
Сегіз жаста Италия тумасы,
Әлем жұртын музасымен «жаулаған».

«Мен – скрипка патшасымын, гитара – 
Патшайымым» деген Паганини дүр дара.
Реквиемін Моцарт сынды ұлы мен
Бахты тыңдау бақыт сынды бір ғана.

Бахтың ораториясы серпінді,
Баурап алар барша ынта-еркіңді.
Муза-әлемнің мұзбалағы Моцарттың
Реквиемінде мұң-зар күйі шертілді.

Ұлылардан құс жолындай із қалған,
Рахат-Биді әлдиледі ізгі арман.
Қолдап жүрген періштедей перзентті,
Музыкада атанғандар «мұзжарған».

...Қашандағы көптің көзі қырағы,
Қит еткенге құлақ түріп тұрады,
Онлайнмен берген елдің ұпайын,
Есепке алды комиссия құрамы...

Міне, осылай анықталды үздіктер,
Дәл осылай іріктелді «жүздіктер».
Жанкүйерлер құттықтады жан-жақтан:
«Биіктерден табылды, – деп, – біз күткен!» 

«Үркер», «Шабыт», «Дарын» да,
Қолға қонды жасөспірім шағында.
Қандай ғажап Бетховен мен Моцарттың,
Сайран салған музыкалық бағында.

Саз-әуенін серілердің сіңірген,
Тарихына туындылар үңілген.
Күйшілердің көңіл-күйін ұғынып,
Шалқып, балқып, кейде қабақ түйілген...

Мұқабасы алтынменен апталған,
Жұбановтың жинақтарын ақтарған.
«Замана бұлбұлдары» сыр толғап,
«Ғасырлар пернесі» ойда жатталған.

Төлебаев Мұқан муза саңлағы,
Операны операға жалғады.
«Біржан – Сара» шығармасын шалқытып,
Таңғалдырды таңғажайып талғамы.

Еркеғали Рахмадиев серпіні,
Жұртшылықтың жан-жүрегін желпіді.
Атойлатып Абылайхан аруағын,
Тыңдарманын мың тәубеге келтірді.

Байқадамов Бақытжанның мәнері,
Әбілахат Еспаевтың өнері,
Шәмші, Әсет, Нұрғиса мен Ескендір
Әуенімен ел тербеліп келеді.

Халық әні – Қазақ әні киелі,
Құдіретіне әркім басын иеді.
Шырқалғанда бойға тарап шипасы,
Балқып кетер тасжүректің сүйегі...

Жетісудың топырағынан жаралып,
Ұлттың ұлы өнерінен нәр алып.
Алматыда өткен балғын балалық,
Жер шарына аты кетті таралып!

Астанада Алтын алқа тағынып,
Бірте-бірте биіктерден табылып.
Париж, Лондон, Сеул, Рим, Берлин
Сапарынан елге жетер сағынып...

Жеңістердің Айтұмары төсбелгі,
Қазақстандық виртуозға сес берді.
Кәмелетке жаңа толған талантты
«Көк тәңірі» бәлкім, елеп-ескерді...

...Құдай берген вундеркинд қой бұл деген,
Өнер атты бау-бақшада гүлдеген.
Сурет салып, симфония сызылтып,
Қос өнерден оралады жүлдемен.

Он үш жаста бала-студент атанды,
Он төрт жаста жалт қаратты жаһанды.
«Мәңгілік Ел» сарынымен саз тербеп,
Астанада Елбасынан бата алды!

«Тәуелсіздік толғауы» да соқталы,
Жарқылдайды жалын жастық оттары.
Тума талант Тәуелсіздік перзентін,
Дөңбекшіткен тарғыл тарих соқпағы.

Әкесіне тартып туған тегінде,
Академик болар түбі кемінде.
Баян тартып, ғылым қуған көкесін
Кім білмейді күллі қазақ елінде?

Ол да сазгер, ғылым қуған ғұлама,
Дәріс берген білдей физик дүр аға.
Мемлекеттік сыйлық – сыйдың иесі,
Еңбектері қалар мәңгі мұраға.

Құрттайында «Артек» барып ән салған,
Бүкілодақ шәкірттері тамсанған.
Қарғадай ұл қара гармонь тартқанда,
Пионерлер салют атып қарсы алған.

Он алтыда студент атанған,
Тек «бестікпен» оза шапқан қатардан.
«Элегия души» тектес сан қилы,
Ән шығарып оралатын сапардан.

Мәскеу, Киев, Ленинградты шарлаған,
Ақтармаған архивтері қалмаған.
Толыққанды академик ғұмырын,
Теориялық физикаға арнаған.

Анасы да білім шоғын үрлеген,
Ұстаздықпен кестелі ойын күрмеген.
Алматыда бар мектепті басқарып,
«Кітаппенен дос боп өмір сүр» деген.

Депутаттық мандатына лайық,
Халық қамын қаузап сөйлер мұңайып.
Жанға жақын мектеп жайын мінбеден,
Жайып салар арқаланып, тыңайып...

Әке күші, ана сүті тегін бе,
Бала қанат қақты өнер көгінде.
Шаңырақта шабыт шалқып тұратын,
Ұшқан ұя қасиеті ғой көбінде.

Биіктерге жетеледі баспалдақ,
Күйсандықты безілдетті қос қолдап.
Сәтін салып екі университет бітіріп,
Атақ-даңқы кете барды аспандап!

Өнер университеті нәр берді,
Алматыда таныды жас сазгерді.
Астанада консерватория түгесті,
Он сегізде қос диплом... аз ба енді?!

Тоқтамайды бұл өмірдің күресі,
Тірі жанның көретұғын күні осы.
Талаптының тауда болса табысы,
Айманжанның қалайда бар үлесі.

Консерватория ректоры нән Айман қыз,
Ол да өнерін жер жүзіне жайған қыз.
Студентін Мұсақожаева қоспаса,
Гран-при ұтар едік қайдан біз?!

Еңбек Ері Мұсақожа Айманы,
Республика өнерінің қаймағы.
Талай-талай таланттарды түлетіп,
Шәкірттерді шарықтастай қайрады.

Тәлімгердің тәрбиесін көргесін,
Рахат-Би де әуен төкті көл-көсір.
Романс та, соната мен ария,
Рапсодия және тағы өңгесін.

Лирикалық поэма да шалқытты,
Симфония сілемімен алқынтты.
Музыкалық шалқымалар, пьесалар,
Тыңдарманын шағаладай қалқытты.

Жүзден астам ән-әуеннің авторы,
Заманауи тақырыптың тапқыры.
Жаяу адам жатып қарар қызығып,
Суретіне түсіп қарар аттылы.

Суретшілік әуестігі бір әлем,
Қылқаламы суарылған қынамен.
Буырқанған бояуларды көргенде,
Көз ала алмай аңтарылып тұрар ең.

Құдай берген қос өнерді егіздеп,
Тамыр тартқан отбасылық негізден.
Ұрпақ жалғар ұл мен қызға не жетсін,
«Ата-анаңнан айналайын» дегізген.

Бір ұмтылып магистрлік қорғады,
Демек, енді маман ғалым болғаны.
Және сосын «жас докторант» атанып,
Италияда итальянша толғады...

Музыкалық академия Римдегі,
Астана емес көз үйренген күндегі.
Жер әлемнің тас жаратын талантын
Таңдап алар маэстро-дүрлері.

Концерт-дәріс оқығаны көп көмек,
Тіл білгеннің еш зияны жоқ демек.
Шет жұртының сын тезінен өтуге,
Барыс жүрек, жастық жалын от керек.

Кітап та бар, сала-сала еңбек бар,
Музыкалық зертханасын ел мақтар.
Рахат-Биге биік баға беріп жүр,
Классика туғызған кіл бекзаттар...

Жержүзілік музыкалық қор кірген,
Диско-альбомға енгізілді ол бірден.
Бейбарыс боп елестейді ел кезіп,
Өзге жұртты өз ырқына көндірген...

Ұшырады көңіл күйдің кептерін,
Толтырады нота-дәптер беттерін.
Арманы асқақ, ашсам дейді адақтап,
Дербес дара «Композитор» мектебін...

Қиял емес, оның үміт-аңсары,
Алла берген алтын дерлік саусағы.
Әлем жұртын сусындатсын әмісе,
Жас таланттың ән-күйінің кәусары!

Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ