ӘЛ-ФАРАБИ - 1150: ЕКІНШІ ҰСТАЗДЫҢ ЕҢБЕКТЕРІ ШАРТАРАПҚА ТАРАДЫ

Уақыты: 09.01.2020
Оқылды: 2311
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала). Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атаған, осыдан барып ол Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған.

Болашақ ұлы ғалым бала күнінен ілім-білімге үйір болып өсті, оның бақытына қарай сол заманда Отырарда аса бай кітапхана болды.

Білуге деген құштарлығының арқасында әл-Фараби сол уақыттағы білім мен ғылымның ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Бұхара, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында болып, білімін үнемі жетілдірумен болады. Шығыстың осы шаһарларында ол өз дәуірінің ең көрнекті ғалымдарымен танысып, олардан дәріс, тәлім-тәрбие алды.

Әл-Фараби білімін жетілдіре жүріп, күні-түні ғылыммен айналысады, өз еңбектерін жазып шығады. Еңбектері шартарапқа тараған соң есімі дүниеге әйгілі болады. Уақыт өте келе ол өз заманының бірегей ғұламасына, біртуар дара тұлғасына айналады. Өз дәуірінің рухани жетістіктерін жинақтаумен қатар озық философиялық жүйе жасады. Сол арқылы әлеуметтік философиялық, этика-эстетикалық, жаратылыстану-ғылыми ой қазыналарына бағалы үлес қосты.

Көрнекті ойшыл, өз замандастары арасындағы ең ірі ғалым, философ ұшан-теңіз білімінің арқасында «Екінші Ұстаз» атауына ие болды. Ғалымның шығармашылық мұрасы орасан зор. Ғылыми еңбектерінің ең құнды да әйгілісі «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат» деп аталады. Атақты «Музыка туралы үлкен трактат» деген шығармасы әлемнің көптеген тіліне аударылған. Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» және тағы басқа көптеген еңбегіне түсініктемелер жазды.

Әбу-Насырдың Платон мен Аристотель философиясындағы идеяларға арналған кітабы оның философия саласындағы аса көрнекті ғалым екенін әрі философия пәнін терең меңгергенін дәлелдейді. Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты көптеген сындарлы да құнды еңбектер жазған.

Ұлы ойшыл шығармаларының санын неміс ғалымы Ш.Штейшнейдер 117 десе, түрік ғалымы А.Атеш 160, тәжік ғалымы Б.Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді. Келтірілген еңбектер санының өзі Фарабиден бізге мол мұра қалғанын байқатады. Ол Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін ұштастыруда зор рөл атқарды. Сарқылмас мол мұрасының қолдан қолға өтіп бізге аман жетуі Әбу Насыр әл-Фарабидің ұлылығының, данышпандығы мен білімпаздығының жарқын айғағы болса керек. Біздің келешек ұрпақ алдындағы парызымыз – данышпанның еңбектерін екшеп-талдап, ұрпақ кәдесіне жарату.

Р. ҚАЛДЫБЕКОВА,

Алматы облыстық мемлекеттік архивінің архивисі