"ТЕГІН ӨЛЕҢ, ТЕГІН ӨМІР, ТЕГІН ГҮЛ": ӘБЕН ДӘУРЕНБЕКОВТІҢ ӘЛЕМІ

Уақыты: 28.01.2020
Оқылды: 1673
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақын басын мың құбылған мұнар да шалатын, сәтін салса күн де сүйетін асқар шыңдай жаратылыс. Ол сол бір асқар болмысымен де өзгеден асқақ. Асқақтықтың да қиямет-қайым қиыншылығы бар. Өрекпіген, өкірген, айналасындағыларды тегіс жайпап-жалмайтындай алапат дауыл барып сол заңғардың етегін басып, айлап селдетіп мазаны алар ақ жаңбыр да сол биіктіктен еншісін айырмас. Пенденің тақ үшін, тамыр үшін, тоқымдай жер үшін тартысып, қан төгіскенін де өзгеден бұрын көрер сол сорайған мұсатыр мұзды шыңдар емес пе? Ақын болса жаратылыс дарытқан дарынының есесіне замананың мың құбылған желін кеудесінде азынатып, нөсерше жауған шаттық-мұңы аралас алуан күйді басынан өткеріп, пенденің пендешілік қасиетін, дәрменсіздігін өзгеден бұрын аңғармақ.

Шың мен шайырдың парқы мен нарқын біз осылай пайымдадық. Осылай шендестірдік, шептестірдік. Осылай шемендестірдік. Ақ сөйлеп, асылық кетпегеніміз деп те қайырыла топшыладық.

Қазақ әдебиетінде жүрегінен жыр тудырған шыңдай алып ақындар дәуір тынысын еркін сезіп, дауыл боп сал-дәурен ғұмыр кеше жүріп, кенді кеудесінен мол қазына қотарып кетті. Олардың барлығы дерлік, ұлт пен руханият үшін ақ-адал қызмет етті. Солардың қатарында маң басып, басқан ізін мығым бедерлеп, қарапайым ғана тіршілік кешкен Әбен Дәуренбеков те бар.

Қарапайым болмысты, аласа бойлы, терең ойлы шайырды Жетісу  жері алақанға салып аялады. Ақыным деп ардақтады. Тірісінде-ақ өзендермен өрнектелген өлкенің өз перзенті саналып, сол құтты медиен-шәріде алшаңдай басып ғұмыр кешкен ақын өз жырларымен жұртын сүйсінтті.

Бұйра қайыңның безінен шапқан аспабын асынып, аршадан жонған тиегін қос ішекке мығым бекітіп Біржан сал келе жатыр дегенде Арқаның жұрты сүрініп-қабынып жолын тосатындай, жетісулықтар да Әбен ақын күлігінің кекілін біз жаққа бұрды дегенді естіп елеңдесетінін сырттай сан рет байқағанбыз. Алайда жыр болып есіп, өлеңге адал қызмет еткен аяулы ақын да тіршілік тынысын тоқтатып, мәңгіліктің сапарына жөней берген-ді. Оған да бірнеше жыл өтті!

Әбен Дәуренбековтің ғажайып жырларына құнығып, құмартып өскен біздер шайырдың шұғылалы сәттерін жіберіп алдық. Балаң едік. Өлең-ау деп топшылаған тақпақты топ алдында тақылдап айтып бергенге бәлсініп, қаламгерліктің қасиетін аса сезе қоймаған жаста едік. Соның салдарынан ақынның соңында жүріп, сан естеліктеріне куәгер бола алмадық. Дегенмен, сырттай көз көрді. Көңіл сенді.

Ақыным деп алқалаған арда ел бүгінде сол аяулы жыр иесін сағынып жүргендей. Әдебиет аламанында қатарласа шапқан, соңынан ілескен қаламгерлер теңізге тамған тамшыдай там-тұмдап естелік жазғаны болмаса, бұл шайырдың әлемі жарқырай көрініс тауып, жақұт жазбалары насихатталып жатқаны шамалы. Әбен әлемі бір сәтке мүлгіп қалғандай. Соны өзімізге серт етіп, қатари-хәлдің жеткенінше ақын шығармашылығына саяхат жасауды жөн санадық.

Қашқан ойды қаумалап, 
құрықты сап,
Бір қораға қамадым, ұрып, тұсап.
Бірікпеген бастары пәтшағарлар,
Бір-бірімен сонда да 
қырықпышақ,
– деп жырлаған Әбен Дәуренбеков өмірді танып, оның тамырын дөп басуға тырысқан ақын. Жүрегінде бұғынып жатқан терең сырлар мен көз алдындағы сан тағдырдың шарпысуы, шендесуі, бірін-бірі жалаға, налаға қалдырып жатқан пенденің пендешілік күйі жүрегіне қанжардай қадалған-ды. Содан «сыздаған барлық жараның» аузында жүрер ақындық қасиетімен «алаң да алаң, алаң жұрттың», қоғамның беталысына қарап жаны жабырқаған. Кешегі сөз зергерлеріндей шайыр да елі мен жердің тағдырына, болашағына алаңдаған. Сөйтіп, «Өмір деген ұлы бекеттің» (М.Мақатаев) сан түрлі жайттарына жан күйін алаулата-алаңдатып, бас бермеген ойларын асауға теңеген ақын осылай деп тебіренген. 

Жуастауы,
Бар әрі ұрыншағы,
Баяғының секілді қыңыр шалы.
Құлатам деп құр атты 
тепкілеп тұр,
Шығып тұрған бір байтал 
ыңыршағы.

Бейнелеу мен суреттеу, кейіптеу дегеннің бәрі бір өлеңнің әр тармағында менмұдалап, бір-бірімен көркем қабысып тұрса, оны «өлеңнің сәтті шыққаны» деп кейбір әдебиетшілер секілді қарапайым түрде атай салуға болмас. Оны – күміс қасықпен ас ішкен аруды ару деп танығандай, ақынның асқан шеберлігі деп мақұлдаған жөн. Әйтпесе, жан-тәніңмен сенген, сөзіне иланған жақыныңның бойынан бір оғаш қылық байқап, көңілің алаң күйге түскенде, сол сеніміңнің ұлы қорғанын жермен-жексен еткізер күдіктің бойдан табыла кетуі өмір заңдылығы емес пе? Ондай болса арман жалғасқан, тілек қосысқан серігіңе де секеммен қарарсың. Жардан жалғыз қолымен суырып алар жолдасыңның да азаматтығына ақтаңдақ оймен, асылықпен жауап қатарсың. Құр атты құлатқысы келетін ыңыршағы шыққан байтал да осы сенімге қас сезік, үмітке қас күдіктей қайшыласқан нәрсе екені ұғынықты. Ақын танымына бойлай алса, соған сөзсіз илана түсетініміз де хақ.

«Қашқан ойлар» өлеңінің соңғы шумақтарын шайыр:

Жақсылығы бар еді алдында көп,
Құрық салып қуалап, 
салдым ба әлек?!
Бірікпеді бастары, 
Өкінемін,
Обалына бекерге қалдым ба деп.
Бірікпесе бастары, бірікпесін,
Өздерінен өздері үрікпесін.
Жын-шайтанға айналған 
жануар-ой,
Шығарды әбден жанымның 
сілікпесін,
 – деп тиянақтаған. Қарап отырсақ, осынау отты өлең жолдарынан-ақ, Әбен әлемінің қазақ поэзиясында алар орны ерек екенін пайымдай беруімізге болатындай. Көркемдік те, келісті, кестелі ой иірімі де осынау бір өлеңнің өн бойында өзгеше көрініс тауып, көңіл көзін жарық ете түсетіндей.

«Менің өмірім – менің өлеңім!» деп поэзияға адалдық танытқан Есениннің осынау есті сөзіне қарап, қазақ ақындарының ел аузына іліккен, мұқым ел мойындаған асқақ тұрпатты, аса қуаттыларының шығармашылығынан салқар кеңістік көреміз. Ол кеңістікте ұлт арманы, ел мұраты, Алаш руханиятына керекті асыл қасиеттердің бәрі жыр болып жарлық шашып тұрғандай. Мәселен, Абай поэзиясында адамдықтың өлшемі ретінде айтылған «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген бір ғана тармақтың өзі күллі адамзат баласына айтылған хан жарлығындай қасиетке толы сөз. Сірә, ақынның ақындығы оның ұйқасының шымырлығында емес, бәлкім, осындай нұрлы да шуақты ойларында жатса керек.

Ұйқас демекші, Әбен әлеміне бізден бұрын саяхат жасаған бір қаламгер: «Әбен шығармашылығында, оның ұйқастарынан олпы-солпы тұсты көре алмайсың», - деп жазыпты. Осы бір сөзді назарға алып, көп ойландық. Толғандық. Сөйттік те қолды бір сілтедік. Өйткені, ақын шығармашылығын талдаған бірқатар қазақ сыншыларының еңбегінен осындай шұбырған, уәжсіз сөз табуға болады. Неге осы бір сынның заңдылығындай болып кеткен тап-тауырын сөз алдымыздан жиі ұшырасады екен? Неге ақынның қуатты өлеңдерін асқақтата жеткізу барысында осы сөзді кіл кілегей-қаймақтай ойына дәнекер етеді екен? Осындай сан сауал әлгі қаламгердің сөзінен кейін ойымызды аздап қожыртып жібергендей көрінді. Біріншіден, кез келген талантты, көрнекті ақынның шығармашылығынан олпы-солпы шыққан ұйқас кездессе оны халық ақын деп асқақ тұта ма? Екіншіден, өлеңнің бәрінде ұйқас құйылып түсуі де мүмкін емес: жүзден бір өлеңінен ұйқастың әлсіздігін көрсек, оны ақын емес деп мойындамай қоюға бола ма? Үшіншіден, ұйқас – өлең заңдылығы десек те, өлеңнің зайыр көкөзегіне ықырар болудың басты шарты – тұшымды ой, тұжырымды байлам, көркемдік, суреткерлік һәм ғажайып балама болса керек-ті.

Сондықтан да Әбен әлеміне бағытталған әлгі бір сөзді ойлап отырып, есіме Мұзафар Әлімбай жазған бір езутарттырар ғажайып мысал орала кеткені. Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті ақын: «Тоқсандағы қарт жантәсілім қылар алдында ағайындарын бақұлдасуға шақырыпты. Бір кезде тілге келе алмай, шал «ыз-ыз» дей беріпті. Түсіне алмаған соң жиналғандар шалдың кемпірінен:

– Бұл не дегені? – деп сұрапты.
– Бұл кәрі соққанның «қыз-қыз» деп жатқаны ғой, – түсіндіріпті ол.

Белгілі жазушының стиліне атам заманда бір мін тағылса, соны көзге түрткі ғып қайталай беретін сыншылардың уәжсіз лақпасы әлгі кемпірдің жауабына ұқсап кететінге ұқсайды», – деп жазады. Ал күліп көріңіз. Қазақ әдебиетінің асылын айшықтап, ғажайып жазбаларын жұртқа танытар, сынап отырып насихаттар, талдап отырып тамаша тұстарын, кем-кетігін майдан қыл суырғандай өрнектер кейбір әдебиеттанушылардың М. Әлімбай айтқандай уәжсіз дүниеге байланып қалатыны да жасырын емес. Өйтпесе ақыным деп ардақ тұтқан елдің бір шоқтығы биік шайыры туралы жақсы дүние жазып келе жатып, «оның ұйқастарынан олпы-солпы тұсты көре алмайсың» деу дұрыс па? Сірә, мұндай мадақтаудан, мұндай ақын шығармашылығын асқақтатудан қашқан жөн деп ойладық.

Хош, жанына жарық түсірген сөз өнеріне адалдық танытқан Әбен Дәуренбековтің қолтаңбасы әдебиет әлемінде өшпестей бедерленіп қалды. Ол:

...Қой аузынан шөп алмас боп барасың,

Тірлігіңе, сонда да жоқ таласым.

Ататегің – қара өлең көшкен қазақ,

Сол қазақтың көші енді жоқтамасын, – деп өзі жырлағандай тамырында тулаған ақындық қасиетке сай ғұмыр кешті. Дүниенің жүрегіне бойлап, қанымен араласты. Қоғамнан шет кетпеді. Шығармашылығын шабыты шарықтаған сәтте биікке ұмсындырды. Жанын жарыққа құлшындырды. Жұдырықтай жұмыр етін тулатқан сан күйді саф алтындай құйылып түскен өлеңімен айшықтады. Айшықтай жүріп ақиқаттан да жалтармады. Өлеңінде кеткен кейбір шамырқану, шамдану сезімдерін көз алдыңа алып келер тіркестер сол ақиқатты ақиқат ретінде беремін деген мақсаттан туса керек-ті.

Самарқау қарап, салқынқандылықпен қабылдап, рухты жаныр жерлерінде «қойшы, тәйірі» деген немкетті пейілмен жыр астарына бойламай ақын жазбасына жай телміргенмен түк өнбес. Онда ақынның нарқы мен жырының парқын парасаттылықпен сезіне алмассың. Кейде, уақыт деген ұршықтың иірімінде есіліп жүріп есіл өмірді өткізудің азғандай бір себебі ретінде кітап парақтауды әдетке айналдырамыз да, сөредегі сірескен жазбаның біріне жүгінеміз. Оны аударып-төңкеріп болғанан кейін, шырын дәмі таңдайдан көшкендей өткінші сезімді тез-ақ ұмытып сала беретініміз де жиі кездеседі. Алайда, осы бір жауапсыздықты жөнге салу үшін кез келген қаламгердің, әсіресе, ел мойындаған саңлақтардың саф туындысына зейінмен зер салар болдық.

Әбен ақынның таңдамалы жыр жинағын парақтап-тарақтап отырып, оның қазақы танымды, ұлттық қасиетті өлең арқылы әспеттеуге тырысқан жанкештілігіне тәнті болдық. Екі жыр жазса бірінде көркем тұжырым, бейнелі де астарлы теңеуге құрылған іркес-тіркес ойлар жүретін ақын поэзиясында: «Кәрі жілік секілді қайран өмір,  көгеремін дейтіндей биыл немен?», «Көмейімде көп жасаған жалғыз сөз, жүрегімде жүз құбылған бір баян», «Қалт-құлт етіп кемем кетіп барады, жанарында дүниенің бір ғажап», «Табындырған тағдыры талайлардың, киесінен кесірі салмақтырақ» немесе «Таң жолында майыса ма майда жел» сынды тіркестер жиі ұшырасады. Осындай ғажайып ойларға құрылған ақын поэзиясының көркемдік қуаты кешегі дауылпаз ақындармен үндесіп жатқандай. Шайырдың шымыр шумақтарына зер сала отырып, оның қуаты ірі ақындармен теңдес-деңгейлес екенін қуаттаймыз.

Тегін өлең, тегін өмір, тегін гүл,
Алға кеткен жылдарымды 
шегіндір.
Ақындардың көктеміндей көгілдір,
Айдыныма жыр нөсерін төгілдір.

Ақын жырдан басқа не ойласын? Өмірден соққы жесе де, тірліктен теперіш көрсе де, шаттықтан шар басы айналса да бәрін өлең өзегіне құйып кеткісі келеді. Жалғандағы жалғыз мұратым – жазу деп білетін олардың бар тартар мехнаты да қалам ұшында, қағаз үстінде. Сонау шекараның ар жағында қалған атамекеніміздің бір бөлшегі саналар, бүгінде Қытай еліне қарасты аймақта от жүрегін тулата өмірге келген Әбен ақын Дәуренбековтің өзі де, жыры да, саналы ғұмыры да әнге айналып, қазақ сахарасын еркін көсіле аралап кеткендей. 

Тойың тойға ұлассын,
Салған әнің қыр ассын.
Сәнін берсін Сәкеннің,
Әнін берсін Күләштің,
– деген халық әніне айналып бара жатқан ақын өлеңі бүгінде исі қазақтың қуанышында шырқалар бұлбұл үніндей сом дүние. Оның өзі түсінгендерге – «бір жыры бір елдің мұрасындай болған ақын шығармашылығының көпшілік көңілінің тереңінен орын алғанының айғағы. Ол да болса, ақын поэзиясының алтын арнасының халық жүрегіне құйғанының белгісі.

Өткенге де, көктемге де бауырмыз, 
Нұр шабытқа, гүл шабытқа зәруміз, 
– деп таңда түскен күміс шықтай мөлдір ойларын қағаз бетінде бұтарланбастай етіп бедерлеген, сезімге толы жырларымен көңіл көкжиегінен ойып тұрып орын алған қаламгердің әрбір парасатты қылығы, өлшем-шегі жоқ жомарттығы, терең де мазмұнды поэзиясы оның тірісінде-ақ аңызға айналып кетті. Жерұйық Жетісудың жондары мен орманы, сай-саласы түгелдей Әбен атына қанықты. Ақынның айналасындағы ет жақындары мен қаламына бас иген қатарластары, үзеңгілестері мен ізбасарлары оның махаббат тақырыбында жазған жырларын алаулата-жалаулата насихаттауға күш салды. Тіпті, көзкөргендер Әбен өзінің жіңішке де жуан да емес, нәзік те қатқыл емес бір ғажап үнімен «Мәдина» өлеңін оқығанда, еріксіз тебіренетіндіктерін, сол өлеңді тыңдай-тыңдай өздері де жаттап алғанын толғана айтып жүретін. Шындығында Жетісуда туған екі ғажайып ақын жүрегін тулатқан сұлуларға сөзбен мүсін орнатып, сезімінің өлшемін өлеңге салған-ды. Бірі – Ләйлә деп жыр арнаған Жұматай болса, екіншісі – Мәдина деп мөлдір пейілін жасырмаған Әбен. Екеуі де махаббат тақырыбын тамылжыта жырлады. Екеуі де жүректегі сезімін елден жасырып қалғысы келмеді.

Әулиеата жерінен келіп едің, 
Мәдина,
Екі өзенді тел емген елік едің, 
Мәдина.
Көлде жүзген мымырлап, 
ақ қаз едің, Мәдина,
Жамалың да, жаның да 
тап-таза едің, Мәдина.
...Ақ тамақтың астында мең 
бар еді, Мәдина,
Сол бір меңге қадалып нем бар еді, 
Мәдина.
Қайда жүрсең мен көрген 
қалпыңдасың, Мәдина,
Аман болсын аяулы алтын басың, 
Мәдина.

Осынау циклді өлең жолдары ақынның жүрек үнін алысқа естірткендей. Қарапайым жанның бойынан ақын аңғарған сұлулыққа жетер ештеме жоқ шығар. Бәлкім, Мәдина да Қорландай бегім болған. Бәлкім шынымен де қас сұлудың өзі? Оны Әбеннен артық білер жан жоқ. Кезінде есі кеткен Естайдың мұратын орындамақ болғандар, Қорланды сырттай көріп, ай десе аузы, күн десе көзі бар сұлу еместігін көріп, күпті көңілмен ақынға уәжін айтқанда, Естай «сендер менің көзіммен көріңдер?» деп айтпаушы ма еді. Осы аңыз болған уақиға секілді, Мәдинаны да ақын көзімен, өлең сөзімен бағалауымыз қажет-ақ. Ал осынау өлеңге келсек, әрине, кіршіксіз поэзия деп келте қайырарымыз хақ. 

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен кейін Х.Ерғалиев, Қ.Бекхожин,Ә.Сәрсенбаев сынды көрнекті ақындар қазақ поэма жанрын жаңа үрдісте жаңғыртты. Көлемі мен мазмұны бай поэма-дастандар шырқау биікке құлаш сермеді. Кейіннен Ж.Нәжімеденов, М.Мақатаевтар осы бір үрдісті ерекше көркемдікпен биік өреде оқырманға ұсынды. Солардың қатарында Әбен Дәуренбеков те қазақ поэма жанрына өзіндік үлесін қосты. Оның «Аққу-ана», «Аңшы зары», «Кісікиік», «Асқардың өлімі», «Жолаушының жолдықоңыры», «Қоңыр», «Зауал», «Маралдың қозықасы», «Көнесарын», «Саяхат» сынды көптеген аңыз, дастан, толғаулары оқырманның көңілінен ойып тұрып орын алған ғажайып туындылар екені сөзсіз.

Өзіне, өзгеге де сенген ердей,
Келемін тасымай да кеуде кермей.
Бәрімен тілдесемін, күн кешемін,
Кәдімгі қарапайым пенделердей, – 
деп қарапайымдылықтың сал шекпенін иығына қос періштедей қонжитып, адамдықтың алдында аласарып өткен шайырдың шұғылалы ғұмырының екінші тарауы – мәңгілік өмірі енді басталды. Оның асыл жырларының астарында ұлттық ұлы мұраты, адам баласының шыңыраудан шыңға ұмсынған талапкерлігі, қажыр-қайраты бұғып жатқандай. Ми солқылдатқан мимырт тірліктің тасбақадай тарбиған жүрісіне, уақыттың өтпейтіндей көрінген шабандығына көндіккіш келетін пенделік босаңсудан да сол ақындарымыздың рухты жыры арқылы арыла алмақпыз. «Өмір өзен, аққан жыл, аққан бұлақ, кете алмайсың жақыннан, жаттан жырақ. Жаратқанға жалбарын үміт үзбе, жазатайым жатсаң да аттан құлап», – деген сарындағы өмір заңдылықтарына, сынағына сабырлықпен қарауға, салқамдықпен серік болуға үндейтін қамыстың үлпілдегіндей үміттен көш аудармау керектігін түсіндіретін туындылар барша адамзатқа керекті бағдаршам, темірқазық дүние.

«Поэзиядан айырылған ұлттың бағы тайқығыш келеді» – деп орыстың ұлы ақыны Есенин тегінен-тегін айтпаса керек. Сол секілді, ғажайып ақындарымыздың мұрасына көз қадамаған күні, біздің рухани кеңістігіміз, жан дүниеміз шапқыншылықта күйреген қамалдай қаңсып, қоңырсып қалары да шүбәсіз-ау. Ендеше:

Қызықпай атаққа да, мәнсапқа да,
Өмірден өтсем болды ән сап қана,
– деп өмірдегі бар мұратын жазумен өлшеген, бар бақытын өлеңмен теңгерген қазақ поэзиясында өзіндік орны бар Әбен әлеміне де бір сәт үңілген жөн. Сонда налалы мен мұңдасқан, жалалымен сырласқан, ұлтым деп у ұртауға да бейіл болған, қасиетті сөз өнерінің қаймағын жырына негіз еткен ақынның мүлгіген әлемінен әдемі әсер алып, оның ақындық қуаты жайлы тебірене термелеуге біз секілді асық боларыңыз хақ.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ