Балқашқа бишілер келді

Уақыты: 17.01.2017
Оқылды: 1495
Бөлім: РУХАНИЯТ

Тәуелсіздіктің ширек ғасыр уақыты аралығында мемлекетіміздің дамуы мен өсіп-өркендеуіне Балақаш  ауданы да  үлес қосты. Осыған орай Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында өңірімізге мерекелік сәттің қуанышын бөлісуге арнайы гастрольдік сапармен келген, биыл 30 жылдық мерейтойын атап өткен, бүгінде облыс әкімі Амандық Баталовтың зор қолдауымен әлемнің әр түкпірінде өнер көрсетіп, толымды табыстарға қол жеткізіп жүрген Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының «Алтынай» Мемлекеттік халық би ансамблі өнер көрсетті. 

Салтанатты жиын шымылдығын аудан әкімінің орынбасары Сайран Смағұлов ашты. Ол өз сөзінде аудан тұрғындарын мерейлі  сәтпен құттықтап өтіп, Елбасының  ерен істеріне тоқталды. 
– Әлемде алуан түрлі басқарушылар-реформаторлар мен консерваторлар, арманшылдар мен прагматиктер болған, әлі де бар. Біздің Президентіміз – батыстың жаңашылдығы мен шығысқа ғана тән ғасырлардан жалғасқан құндылықтарды, дәстүр мен қоғамның негіздерін құрметтеуге деген шексіз ұмтылысты үйлестіре білген жасампаз Көшбасшы. Сөйте тұра, Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашан туған халқымен бірге биік белестерді бағындыру жолында аянып қалмайды. Біз де Елбасына қолдан келгенше қолдау білдіруіміз керек, – деп атап өтті ол.  
Құттықтау сөзден кейін аудан әкімінің орынбасары өңір дамуы жолында қызмет жасап, еселі еңбек етіп жүрген бірқатар мекеме-ұйым қызметкерлерін аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады. Мұнан соң салтанатты жиын өз өнерлерін паш ету мақсатында облыс орталығынан арнайы келген өнерпаздардың концертімен жалғасты. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет саласының үздігі Гүлмира Смағұлова мен жүргізуші, ҚР мәдениет қайраткері Гүлзия Байбосынованың атсалысуымен өткен концерттік бағдарламада мың бұралған бишілер, әуелеп ән салған әншілер тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.  
Концерт соңында аудан әкімінің орынбасары Сайран Смағұлов өнер ордасы саналатын Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы «Алтынай» Мемлекеттік халық би ансамблінің ұжымына аудан әкімдігі мен өңіріміздің өнерсүйер қауымы атынан естелік сыйлық тарту етті.

Алмагүл ОСПАНОВА. 
Балқаш ауданы.