"ХАЙЛӘЙЛІМ": БҮГІН АҚЫН АЙТАҚЫН БҰЛҒАҚОВ 60 ЖАСҚА ТОЛДЫ

Уақыты: 19.01.2020
Оқылды: 2791
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кешегі Сүйінбай мен Жамбылдың, Құлмамбет пен Бақтыбайдың, Қалқа мен Қуаттың дәстүрін жалғаған қазіргі Жетісу айтыс мектебінің көрнекті өкілі - Айтақын БҰЛҒАҚОВ десек, артық айтқандық емес. Ол айтыс сахнасының ақыны ғана емес, өзі де соңынан үлкен мектеп қалыптастырған ұстаз-тәлімгер. Шәкірттерінің біразы қазіргі айтыстың көш басында жүлдегер атанып жүр. Басқасын айтпағанда, оның шапанынан шыққан Балғынбек Имашев пен Жандарбек Бұлғақовтың есімі бүгінде иісі қазаққа танымал айтыскерлер.

Айтақын Бұлғақов айтыс аламанына өткен ғасырдың сексенінші жылдарының бел ортасында қосылған жүйрік. Атақты Көкен Шәкеев, Манап Көкенов, Қалихан Алтынбаевтардың ізін басып, Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілев, Баянғали Әлімжановтар бастаған көштің арасында оның да жұлдызы жарқырап көрінді. Ол кезде Жүрсін Ерман жүргізетін телевизиялық айтыстың қызып жатқан шағы болатын.

Сол сөз майданына өзіндік мақамымен, ерекше дәстүрімен еніп, елдің есінде бірден жатталып қалған санаулы саңлақтардың бірі болды. Оның аты-жөнінің өзі бүкіл болмысын ашып тұратын. Айтақын деген есімі айтыс ақыны, айтушы ақын екенін білдірсе, Бұлғақов деген фамилиясы сахнада екі иығын ойнатып, жер тепкілеп, бұлғақтап отыратын образына сәйкес еді. Ол домбырасының бет тақтайын тақылдата «хайләйлімге» салып, қонышы биік құрым етігінің темір тағалы өкшесімен сахнаны тесіп жібере жаздап өлең бастағанда залдағы қалың көрермен де желпініп сала береді. Сол ерекше жаратылысы үшін Айтақынды халық жақсы көрді. Кей айтысқа келмей қалса іздеп отырады.

Кейін қалыптасқан үрдісін сәл ауыстырып, Сүйінбай, Құлмамбеттердің мақамымен де айтысты. Ол мақамды да түлетіп, түрлендіріп, өзінің ойнақы қимылына лайықтап алды. Қазіргі Аспанбек Шұғатаев бастаған бірқатар ақындардың пайдаланып жүргені сол Айтекең түрлендірген мақам.

Өткен ғасырдың соңында Айтақын Бұлғақов бастап, Серік Қалиев екеуміз қостап, Алматыдан Бішкекке айтысқа бардық. Шымкент жақтан қосылған Бекарыс, Ақмарал, Кәрима алтаумыз қырғыздың қырық шақты ақынымен үш күн айтыстық. Сол кезде қырғыздардың Айтақын ағамыздың айтыс үстіндегі оқыс қимылдарын көріп «бұл не деген ғажап биші ақын?!» деп таңдай қаққанына да куә болғанбыз. Айтекең, шындықты шырқыратып айтатын шымыр шумақтарымен айырқалпақты ағайынның көңілінен шығып, сол халықаралық айтыстың бас жүлдесін иеленіп қайтқан болатын. 

Айтақын деген есімі айтыс ақыны, айтушы ақын екенін білдірсе, Бұлғақов деген фамилиясы сахнада екі иығын ойнатып, жер тепкілеп, бұлғақтап отыратын образына сәйкес еді. Ол домбырасының бет тақтайын тақылдата «хайләйлімге» салып, қонышы биік құрым етігінің темір тағалы өкшесімен сахнаны тесіп жібере жаздап өлең бастағанда залдағы қалың көрермен де желпініп сала береді.

Оқыс қимыл дегеннен шығады, 2001 жылы Семейде Жүрсін Ерман ағамыздың елу жылдық мерейтой­ына арналған республикалық айтыс өтті. Атақты Абай театрының сахнасы. Сол айтыста жергілікті бір жас ақынмен айтысқан Айтекең қатты бұлқынып қалғанда астындағы орындығы шашылып кетіп, шалқасынан құлады. Зал не болғанын түсінбей тым-тырыс, сілтідей тынып отыр. Жүрсін ағамыз көмекке жігіттерді шақырып, Айтекеңді демеп, орнынан тұрғызып жатыр. Сахнаның сыртынан басқа орындық та әкелінді. Тұғырына қайта қонған Айтақын ағамыз домбырасын қағып-қағып жіберіп:

Семейге келіп жығылды,
Жетісулық жүйрігің.
Алдыңда мені құлатқан,
Құдайдың қара бұйрығын.
Құласам енді арман жоқ,
Абай бабам жатқан жер,
Шәкәрім данам жатқан жер,
Жеріңе тиді-ау құйрығым!
– деп залды ду еткізді. Енді қалай болар екен деп сахнаның сыртында елеңдеп тұрған біз де Айтекеңнің табан астындағы тапқырлығына дән риза болып қол соқтық.

Айтақын Бұлғақовтың ондай тапқыр жырларын айта берсек бір мақаланың көлемі көтермейді. Еліміздің астанасы Арқаға көшкен кезде Елбасының «Еуразия құрлығының кіндігі» деген сөзін желеу етіп, мекемелерді жаппай солай атау науқаны басталды. Ол қателікті қалт жібермейтін Айтақындай ақынның сын садағына ілінді. Сол уақытта Астана қаласында өткен бір айтыста:

Базарың да Еуразия,
Ажарың да Еуразия,
Асханаң да Еуразия,
Шаштараз да Еуразия,
Шаш ал десе, бас алған,
Бұл не деген безобразия?!
– деген шумағы бір сәтте-ақ ел аузындағы мәтелге айналып кетті. Айтекеңнің осы өлеңінен кейін «Еуразия» деген атауды әркім ашқан мекемесіне бей-берекет қоюды тоқтатты. Бәлкім, ақынның ащы өлеңі биліктегілерге әсер еткен де болар. Жалпы, Айтақын Бұлғақовтың айтыстағы және жазба поэзиядағы шығармашылық тұлғасы туралы келешекте толыққанды зерттеу жүргізілу керек деп ойлаймын.

Айтекеңмен айтыс майданында бірнеше рет жолықтым. Онымен айтысу өте жеңіл. Ойнақы әзілімен халықты да өзіне бірден баурап алады. Ол қарсылас үшін де қолайлы. Айтысқа өте тиянақты дайындалады. Аламанның дүбірі сезілгенде арқаланып кетеді. Содан сахнаға шыққанша екі иығы селкілдеп, аузы-басы жыбырлап жүреді. Ол кезде жанына жақындап кетсең асау ат сияқты кеуделеп қағып кетуі де мүмкін. Ал айтысып шыққан соң одан жайсаң адам жоқ. Әсіресе, айтысы сәтті шыққан кезде оның қасында жүрудің рахаты бөлек. Айтекең осындай бір ерекше адам ғой.

Осыдан жиырма жыл бұрын Айтекеңнің қырық жылдық мерейтойы туған жері Жаркентте дүркіреп өтті. Үш-арал ауылының стадионында өткен айтыста шығыстан Абаш Кәкенов, Алматыдан Балғынбек Имашев екеуміз барып бір топ жергілікті ақынмен айтысқанбыз. Айтысты Жүрсін Ерман жүргізген еді. Содан бері жиырма жыл да зулап өте шығыпты.

Уақыт не деген жылдам десеңізші?! Сол кездегі ойын баласы Жандарбек бүгінде елді аузына қаратқан үлкен ақынға айналды. «Алтын домбыраны» екі рет иеленді. Бір айтыста бала Жандарбек үш көлікті қатар мініп, тойлағанымыз да есте. Ал өзінің бала кезінен баптаған балпанақтай Балғынбегі «Алтын домбыраны» да, «Құрмет» орденін де даусыз алған дарын екенін бүкіл ел біледі. Бұл тұрғыда, Айтақын ағамызды әке ретінде де, ұстаз ретінде де бақытты адам деуге болады. Шәкірті өзінен оза шапқан ұстаздың бақытын қазақ баяғыда-ақ бағамдап қойған ғой.

Айтекеңді сонау тоқсаныншы жылдардың басында айтысқа алғаш шыға бастаған кезімнен бері білемін. Кейінгі жиырма бес жылдай уақытта тонның ішкі бауындай араластық. Бір-бірімізді той-томалақ, қызық-қуаныштарымыздан қалдырған емеспіз. Үйіндегі Жәмилә жеңгем дастарқаны жиылмайтын берекелі адам. Қолынан талай дәм таттық. Айтекең екеуінің бір-біріне деген құрметін өзімізге әрдайым өнеге тұттық. Сол Айтақын ағамыз да алпыс дейтін асқаралы асуға шығыпты. Бұл жасқа өзінің жөнімен өте әдемі келді. Кешегі арындаған аға Айтақын ақсақал Айтақынға айналды.

Десек те, әлі дер шағында. Жазары мен айтары бойынан асып-төгіліп жатыр. Айтекеңдей асыл ағама ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілеймін!

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ,

ақын, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті "Телерадио және қоғаммен байланыс" кафедрасының меңгерушісі,

филология ғылымдарының кандидаты

* * *

Қолына қасиетті қара домбырасын алып сахнаға көтеріліп келе жатқанының өзі көпшіліктің жүзіне қуаныш сыйлайды. Жүріс-тұрысы кешегі сал-серілер сарқыты екенін айғақтағандай ма дерсің?! «Батыр аңғал» болса, ақын көңілі одан өткен сенгіш, одан өткен әсерленгіш келмей ме? Содан да болар, дертпен тең сөз өнерінің өрісіне ат шалдырған шайырлардың шақар мінезі, сөз барымтасындағы артық-кем айтқан тіркестері кешірімді. Ал айтыссүйер әлеумет шабыттана шамырқанғанында еденді ойып жіберердей тепсінетін, ылдидан шауып, төске озған талантты ақынының тосын қылықтарына тосырқай қарап көрген емес. Керісінше, қыран-топан күлкіге көміліп, тіршіліктің қос иыққа артқан бейнет жүгінен жеңілдегендей болып тарқасар еді.

Айтыс ақынына көптеген қабілет керек десек, соның бірі – актерлік өнер. Шын дарын һәм айтыскер ақын халықты шәрбаттай дәмді сөздерімен ғана үйір етпей, орайы келгенде сол сахналық өнермен де таңғалдырар болар. Сонау күліктің жалына жармасып, ұлы өнер аламанын шаңдатқан жастық шағында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» фильмінде бақсы рөлін сомдаған, кейіннен әзілге жаны құмар ел ішінде «бақсы ақын» атанып кеткен Айтақын Бұлғақовтың актерлік қабілеті мен айтыскерлігі кімнің де болса басын еріксіз шұлғытатындай. Ол айтыс өнеріне құбылыс болып келген талант тақсырларының бірегейі.

Кенге толы кеудесінен халқына қазына қотарып келе жатқан, елдің ерке де сүйікті перзентіне айналған Айтақын Мұхамедиұлының от жүрегін тулата өмірге келген жері – жазиралы Жаркент топырағының бір пұшпағы саналған Үшарал ауылы. Шаңырағының киесі бар, сөз өнеріне жақын бабаларының тектілігін жалғаған елге сыйлы Мұхамедидің бес баласының бірі. Ғапыл дүниеден ерте жанар тайдырған әкесі Мұхамеди айналдырған аурудан бақиға бет түзеген. Онда қазақтың болашақ ақыны буыны қатаймаған балауса жас еді.

Иә, сол бір жыл – ақын өмірінің ең ауыр кезеңі. Түндігінен күн сығалап, керегесіне бақыт кеп қонақтаған берекелі отбасының бір жылда тағдырдан тартқаны көбейген. Ғазиз жүректі анасы Гүлшәрияның көлік қағып кетіп, тосыннан келген апаттан аяғы сынып жатқанда, күтімі болмаған әкесі қылтанақтан тіршілік демін тиянақтады. Артынан әскерден келген үлкен бауыры елде екі-үш ай қызмет етіп көлік апатынан  көз жұмды. Тіпті, әкесінен кейін арқа тірер деген нағашы ағасы да бақилық болған. Бір жылда үш бірдей атпал азаматты қара жер қойнына табыс еткен. Неткен ауыр сынақ десеңізші?! Бәлкім, «ақын тағдырлы келеді» деген әдеби әлемде қалыптасып кеткен пікір рас та шығар?!

Айтақын Бұлғақов балауса шағынан ауылдағы көп қарадомалақтай асыр салудың орнына сауыншы анасына қолғабыс еткен. Ойынға қанбай өскен. Анасының жасырынып көз сығымын кірпіктен сылып тастап жүретінін сан рет байқаған. Жас жүрегі атқақтап, ол да ғазиз жанмен бірге мұңайып, мынау мехнатты жалғаннан жақсылықты ғана үміт ететін.

Қос қабірдің келіп тұрмын басына, 
Қатал тағдыр бізден ерте айырған.
Әкем ұлын алып жатыр қасына,
Тосын ажал қанатынан қайырған,
– деп сол бір шақты жыр еткен ақын 1967-1977 жылдар аралығында мектеп қабырғасында білім алып, одан кейінгі жылдарда анасының шаруасына қолғабыс етеді. Бұғанасы бекімей ауыр жұмысты арқалаған ақын  арагідік аудандық, облыстық ақындар айтысына қатысып, қаннан берілген қасиетті ұштаумен болады.

Ол жылдары Жаркенттің атын асқақтатып жүрген белгілі айтыскер ақын Әсет Керімбековтың атағы дүрілдеп тұрған. Бұл жайлы Айтақын Бұлғақов: «Менің айтыс өнерінде ерекше атайтын екі ұстазым болды. Соның бірі – Әсет ақын. Орда бұзар отызына қараған шақта өмірден беймезгіл көшкен сол ұстазымнан алған тәлімім тамырға сіңді. Өршілдікті содан үлгі еттім. Өзі де қайсар, өз заманының сал-серісі еді-ау», – деп тастүлегінде томағасын сыпырған тәлімгерін еске алады.

Жалпы, айтыс сахнасында жүргеніне 45 жыл толыпты. Саналы ғұмыры дерлік осы уақыт аралығында А.Бұлғақов қазақтың небір талантты ақындарымен сөз барымтасына түсті. Бәрінде есе жібермеді. Бағы басым түскен тұстары көп. Елдің қамын Едігедей жеген ер екенін шымыр-шымыр шумақтарымен айғақтады. Билікті де сыбады. Қайраткер санаған тұлғалардың ұсақталған кейбіріне сөзді сойыл етіп сілтегені де бар. Қалай болғанда да қанындағы қасиетті бағалап, ақындығына дақ түсірген жоқ.

Сан аламанда көсіліп, ел мен жердің мұңын жырлаған, айшықты жырларына ақиқатты өзек еткен Айтақын Бұлғақовтың екінші ұстазы – Жетісу жұртына мәшһүр Әбікен Сарыбаев. «Әбікеннің бойында асау мінез бар. Ол қарақылды қақ жарар шыншыл жан еді. Одан өміріме жетерлік ғибрат алдым», – деп айтыскердің толғануы тегін емес. Ол қос ұстазынан алған шексіз тағылымды толғағанда, олардың асыл қасиетін айшықтағанда таңды-таңға жалғап тебіренетіні де сол өшпес өнегенің өзегіне қонғанынан болса керек.

...Қаршадайынан қасиетті сөз өнерінің уығын көтеріп, руханияттың текті тегершігіне айнала білген айтыскер бүгінгі таңға дейін сахна төрінен бой көрсететіні қалың көпшілікке белгілі. Жалпы, айтыс сахнасында жүргеніне 45 жыл толыпты. Саналы ғұмыры дерлік осы уақыт аралығында А.Бұлғақов қазақтың небір талантты ақындарымен сөз барымтасына түсті. Бәрінде есе жібермеді. Бағы басым түскен тұстары көп. Елдің қамын Едігедей жеген ер екенін шымыр-шымыр шумақтарымен айғақтады. Билікті де сыбады. Қайраткер санаған тұлғалардың ұсақталған кейбіріне сөзді сойыл етіп сілтегені де бар. Қалай болғанда да қанындағы қасиетті бағалап, ақындығына дақ түсірген жоқ.

«Тоқсаннан асқан шағында да тұйғындық қасиетінен танбаған Жамбыл да көп ортасында көсіліп кететін. Бүгінгі күні айтыс мәдениеті көңілге кірбің ұялатады. Әсіресе, жас буынның қырықтан асқан алдыңғы толқынға: «Шал болдың. Шаршы топта нең бар? Кет те кет!», – дейтіні жанға батады», – деп толғанған Айтақын ұлы өнердің өрісіне от болып түскен кейбір келеңсіз жайттарды да қайраткерлік пішінмен кең саралайды. Бекзат өнердің кешегісі мен бүгінгісін салыстырып, болашағын болжайтын арда ақын оның  шоу-айтыс сынды заманға сай түрленуі қажет емес екенін де жасырып қала алмаған.

Жарты ғасырға жуық айтыс деп келе жатқан ақын, саналы ғұмырының бір бөлігін журналистика саласына арнап келеді. Алматы облыстық «Алатау» газетінің бас редакторы. Қоғамдық-саяси басылымға редакторлық еткен ақын мүмкіндігінше арналы газетке ақиқатты темірқазық етуде. Елдің жайын, қоғам бағдарын, заман ағымын, өмір тынысын, жақсылық пен жамандықтың, рух пен руханияттың аражігін өткір-өткір мақалаларға арқау еткен ақынның «Үш арна» атты кітабы көпшілікке жол тартып, өз кезегінде қалың оқырманның ықыласына ие болған.

Иә, айтыс сахнасында жүріп ақындығымен танылған А.Бұлғақов бүгінде алты Алаштың арда перзенті атанды. Жандарбектей жас құлынын бәйгеге қосты. Айтыста Жандарбекпен сөз қарымтаға түскен барша ақын ең алдымен әкесін жырға қосады. Өлең етеді. Өйткені, шын мәнінде ақын ел танымында жырға айналып, аңызға телініп бара жатқан айтыс өнерінің жарық жұлдызы. Сол ел маңдайындағы жұлдыздың асқаралы алпыс жасқа толған осынау мерейлі жасында біз тек оның өмірінен аз-кем сыр шерттік. Ал, поэзиясы мен айтыстағы айшықты шумақтарына, тапқыр­лығы мен танымына, шешендігі мен көсемдігіне ден қоюды алдағы уақыттың еншісіне тастадық. Шынның жүзіндей қылпыған сөздерімен ел жүрегінен орын алған айтыстың ардакүреңіне Жамбылдың жасын берсін деген ақжарма ойды да орайы келгенде ел атынан жеткізуді жөн санағанымызды да жасыра алмаймыз. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы