КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫ: ОҚУШЫЛАР "ТӘУЕЛСІЗДІК" СӨЗІН ТАЛДАДЫ

Уақыты: 22.01.2020
Оқылды: 1098
Бөлім: РУХАНИЯТ

Еркін елдің даму жолында біліміміз бен біліктілігімізді, қайратымыз бен қабілетімізді аямай жұмсауымыз керек. Осы құндылықты жас ұрпаққа түсіндіру мақсатында мектебімізде тәлімі мол тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды.

Сарыбұлақ орта мектебінде мектепалды даярлық тобының мерекелік іс-шаралар жоспарларына сәйкес, ашық тәрбие сағаты өтті. Тәрбие сағаты мемлекеттік Гимннен бастау алып, еркіндігімізді паш ететін бейнефильммен жалғасын тапты.

Балалар он бір әріптен тұратын «Тәуелсіздік» сөзінің мағынасын ашып, өлең-жырдан шашу шашты. Желтоқсан ызғарындағы боздақтардың рухын еске алып, олардың ерліктері жайлы айтып, өмір жолдарына тоқталып өтті. Отан туралы өлеңдер оқылып, «Гүлденген Қазақстан» ойыны ойнатылды. Ойын барысында балалар патриотизм, тәрбие жайлы сұрақтарға жан-жақты жауаптар ұсынды. Сонымен бірге, өскенде еліміздің гүлденуіне үлес қосуға уәде берді.

Тәрбие сағатының соңында «Нұрлы жастар» атты республикалық көркем сөз, ән-би байқауының жүлдегері Ерлан Алиша «Аққу», Сырымқызы Хиуаз «Павлин» билерімен көрерменді тәнті етті.

Шарада мектебіміздің директоры Л.Бекова, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Э.Жолмырзаева, ата-аналар атынан Ғ.Көлбаев сөз алып, тәрбие сағатының жақсы деңгейде өткендігін айтып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Альбина ЖҰМАДІЛОВА

Сарыбұлақ орта мектебінің мектепалды даярлық тобының жетекшісі

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы