"СТУДЕНТТЕРГЕ ҚАМҚОР": ҚАЗҰУ РЕКТОРЫ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІНІҢ КЕУДЕСІНЕ МЕДАЛЬ ТАҚТЫ

Уақыты: 25.01.2020
Оқылды: 1038
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректоратының отырысында география ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте иегері Ахметқал Медеу 2019 жылы ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын жеңіп алған авторлық ұжым атынан география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының студенттері А.Яковенкоға, Ж.Әлиеваға, Д.Атымтаеваға, Г.Жақсыбайға, С.Тазабекке. Ш.Исманға, А.Исахқа шәкіртақы табыс етті.

География және су ­қауіпсіздігі институты ғалымдарының атынан атаулы шәкірт­ақыны тапсыру дәстүрге айналғанын айта кету керек. Осылайша 2013 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығы аясында Ахметқал Рахметоллаұлы аталған кафедра студенттері мен магистранттарына 1 млн.теңге көлемінде шәкіртақы табыс етіп, Білім және ғылым министрлігі мен География және су қауіпсіздігі институты бірлесіп шығарған «Қазақстан Республикасының Ұлттық атласы» үштомдығының 10 жинағын тегін тарту еткен болатын. Жалпы, Ахметқал Медеу басшылық жасайтын институт еліміздегі география мамандығын меңгеріп жүрген студенттер мен магистранттар үшін тәжірибеден өтетін негізгі алаң қызметін атқарып келеді.

Ғылыми жұмыстар жүргізумен қатар болашақ мамандарды тәрбиелеуге аса мән беріп келе жатқан ұжымның бұл бағыттағы игі істері жұртшылық тарапынан лайықты бағасын алуда. Осыған байланысты ректорат отырысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғ.Мұтанов білікті кадрларды даярлаудағы жемісті әріптестігі үшін География және су қауіпсіздігі институтының директоры Ахметқал Медеуді «Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медалімен марапаттады.

География және табиғатты пайдалану факультетінің география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының ұжымы атынан көрнекті ғалым, қоғам қайраткері әрі ұлағатты ұстаз Ахметқал Рахметоллаұлына факультеттің дарынды студенттеріне қолдау көрсетіп, болашақ мамандардың өндірістік тәжірибеден өтуімен қатар жұмысқа орналасуына да ықпал етіп жүргені үшін алғысымызды білдіреміз. Отандық география ғылымын дамыту жолындағы еңбегіңізге табыс тілейміз!

Гүлнар НҮСІПОВА,

география ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының меңгерушісі