"ҰЛТЫН СҮЙГЕН ЕР ЕДІ": ЖЕКСЕМБЕКОВ МЕКТЕБІНІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ

Уақыты: 25.01.2020
Оқылды: 1174
Бөлім: РУХАНИЯТ

Түрген ауылындағы үш оқу ошағының бірі – жергілікті жұрт есімін жақсы білетін Абыхан Жексембеков атындағы қазақ орта мектебінде білім беру ісі мен тәрбие жұмыстары жақсы жолға қойылған. Материалдық-техникалық базасы мығым. Заманауи жабдықталған кабинеттер оқушылардың жетістіктеріне жол ашып отыр. Білім мекемесі бағындырған биіктерді мұғалімдер де, ата-аналар да ризашылықпен айтады. Жас ұрпақ өз ана тілінде білім нәрімен сусындап, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіретін білім ордасы – Абыхан ағаның жерлестеріне қалдырған аманаты.

Кеңес заманында Түргенде қазақ мектептері болмаған. Жиырмаға жуық ұлт өкілі тұрған ауылда балалар қазақ тілінде оқымапты. Бұл мәселе жүрегі ұлтым деп соққан азаматтардың намысын жаныпты. Абыхан Жексембеков солардың бірі және бірегейі еді.

Абыхан Аманбайұлы осы өңірдің тумасы. Замандастары оның еңбексүйгіш, оқу-білімге құштар болғанын айтады. Алматыдағы малдәрігерлік-зоотехникалық институтына түсіп, оны үздік дипломмен бітіріп, Шелек ауданында жемісті қызметтер атқарды. Балқашта ауылшаруашылығының қыры мен сырын меңгерді. 1971 жылы Түрген өңіріне жіберіліп, мұнда қызметі сатылап жоғары көтеріледі. Басқарма төрағасының орынбасары болады. Ең бастысы, ел мен жердің ұйытқысына айналады.

Ескі, жаңарған алмағайып кезеңдерде түргендіктер Абыханға сенім артып, арқа сүйеді. Ер-азамат көпшіліктің үмітін ақтады. Елді жаңа заманға бейімдеді. Кәсіпкерлікке баулыды. Айта берсек, ардақты ағаның өмірбаянында мұндай жарқын беттер жетерлік.

Десек те, осылардың ішіндегі қазақ мектебінің ашылуы ерекше. Қазір айтуға оңай, ол кезде бұл істі жүзеге асыру қиын еді. Ең алдымен, әрбір қазақты тілдің болашағына сендіріп, көндіріп үндеуге тура келді. Олардың қатып қалған көзқарастарын өзгерту оңайға соқпады. Оқушылар саны тиісті деңгейге жетпесе ұсыныс та орындалмайтын еді. Сонымен қатар, білікті мұғалімдерді жасақтады. Алғашқыда балабақша үйі таңдалды. Кейін кәсіптік-техникалық училищесінің ғимаратына көшірді.

Бұл – Түрген тұрғындары үшін, қазақ үшін атқарылған үлкен жұмыс еді. «Аудан мектептерінен ұсталған үстел, парта мен тақта, көрнекі құралдар тасымалданып, бұрынғы балабақшаға жинақталды», - деп жазады бұл туралы ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Асылбек Жолдыбаев.

Абыхан аға 1996 жылы ауылдық округтің әкімі қызметіне тағайындалды. Мектепке қамқорлықты жақсарта түсті. Сол үрдіс әлі жалғасып келеді. Қазір мұнда «Жексембековтану» шаралары өтеді. Жыл сайын мәдени-спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Абыхан аға мұражайы бар. Ол кісінің ұрпақтары мектеппен тығыз байланыста.

1995-2019 жылдары мектептен 944 түлек қанат қағып, еліміздің бүгіні бекем, ертеңі  жарқын болуы үшін еңбек етуде. Азды-көпті  жетістіктің барлығы осындағы білікті ұстаздардың арқасы. Бірқатар мұғалім алдыңғы толқынның өнегесін өрге сүйреп, білім беру ісінің үздіктері атанды.

2018 жылы облыстық «Педагогикалық дебют» байқауында математика пәнінің мұғалімі Бақытбек Сұлтанмұратов бірінші орын иеленді. Астана қаласында «Жаңа дәуір мектебі» тақырыбы бойынша өткен халықаралық конференцияда тарих пәнінің мұғалімі Кәкім Керей озық шықты. Аудандық байқауларда Мира Тәшиева үздік география мұғалімі, Әсем Дегенбаева жылдың үздік мұғалімі, Айгүл Әділова үздік сынып жетекшісі, Айбек Нұрбеков үздік ұйымдастырушы жүлделерін жеңіп алды. Оқу орнында бұдан басқа  да табыстар аз емес. Оқушылар пәндік олимпиадалардың белсендісі атануда. Үздіктері үлгі болып, олардың қатары жыл сайын көбеюде.

– Абыхан аға еліміздің көрнекті тұлғаларын мектепке шақырып, оқушылармен кездесу ұйымдастыратын. Атақты адамдардың дидарын көрудің өзі балаларға ұмытылмас әсер береді. Осы үрдістер қалыптасқан дәстүрге айналды. Мынау шағын мәжіліс залына кімдер келмеді дейсіз. Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Сергей Терещенко, Сәт Тоқпақбаев секілді тұлғалар ғибратты әңгімелердің тиегін ағытқан болатын. Осындай шаралардың нәтижесі шығар, оқушыларымыздың танымдары кең. Олардың үлкенге ізет, кішіге ілтипаттарын көріп қуанамыз. Рухани жаңғырудың белгісі осы шығар. Сонымен қатар, біз өзімізді Абыхан ағаның балаларына балаймыз, – дейді мектеп директоры Гүлбақыт Қасымжанова риза кейіппен.

Арада ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Мектеп түлектері биіктерге самғады. Өмірдің сан алуан кетіктеріне кірпіш болып қаланып жатқан жайы бар. Солардың бәрі Абыхан Жексембеков туралы әңгімені сүйсіне айтады. Осы арқылы асыл ағаның есімін байтақ елге паш етеді. Халықтың шапағатына бөлену бақыты деген осы емес пе?!

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы