"ӘУЛЕТБАСЫ": НҰРЛАН ҚАЛҚА ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕККЕР ЖАЙЛЫ ДЕРЕКТІ ДАСТАН ЖАЗДЫ

Уақыты: 02.02.2020
Оқылды: 1651
Бөлім: РУХАНИЯТ

Белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрлан ҚАЛҚАНЫҢ бұл деректі дастанында өмір бойы туған жерін әлдилеп өткен, ауылының дамуына бар күш-қайратын жұмсаған, Д.Қонаев еңбегін жоғары бағалаған, кезінде «Ауылшаруашылығының Жуковы» атанған «Қазақстанның еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері», Алматы облысының, Панфилов, Райымбек аудандарының Құрметті азаматы Сүлеймен Көшкіновтің сан қилы тағдыры, еңбек жолы, ізгілікті іздері суреттеледі.

СӘБИ ЕСІМІ
Суың – тұнық, ауаң – бал, туған жерім,
Қойнауыңда талай ер буған белін.
Орта Меркі, Шет Меркі – жердің көркі,
Бабалар сайран салған думанды елім. 

Орта Меркі жамылып қалы кілем,
Арқа-жарқа ел-жұрттың бәрі кілең.
Тышқан жылы, қазанның он жетісі,
«Сүйіншілеп» жүгірген Сары кілең!

– Сәби келді шыр етіп, неткен бақыт!..
Қуаныштан көзден жас кеткен атып.
«Атқа мінер» келді деп ағайын мәз,
Дастарқаннан алған ел ептеп сарқыт!

«Келген болар арқалап несібесін,
Жина елді, балаға берсін есім!» – 
деген Көшкін атаның жүзі жарқын, –
Көрші-қолаң, дос-жаран, келсін, көрсін!»

Босқынбай әулеті марқайып бір,
Мерейленіп қалғаны байқалып тұр. 
Көшкін ата сәбилі болған күні,
Шат-шадыман шаңырақ,
жайқалып қыр...

«Су патшасы Сүлеймен – білемін бек,
Сол сияқты болуын тілеймін көп!» –
Көшкін ата құрдасы Әбдірахман
Қойды сәби есімін Сүлеймен деп!

Бабалардан жеткен бұл қасиетім,
Күллі қазақ қадірлеп бас иетін!
Ақ батасын ел-жұрттың алған сәби,
Болар ертең әулеттің бас иесі!

Көшкін ата сенімі ақталар-ау,
Әулетіне күні ертең бақ қонар-ау.
Сүлейменін Көшкіннің ел құрметтеп,
Әке жолын жалғайтын шақ туар-ау!

Әулет даңқын шығарар ерен ұлы,
Көшкін атын әспеттер берен ұлы.
Шаңырағы айналып бәйтерекке,
Әулетбасы болар-ау зерек ұлы!

Тұлға болар өскенде атына сай,
Іс атқарар ақылмен затына сай.
Ел қадірлер азамат атанар ол,
Иман-жүрек, ізетті қалпына сай.

ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР

Отыз жеті, зұлмат жыл зобалаңы,
Әр қазаққа тиді ғой обал, лаңы.
Көшкін ата бауыры Сейдахмет те,
Қуғындалып, жаламен қамалады. 

Түсті құрық Көшкінге, жапты жала,
Ой азабын еріксіз тартты сана.
Қара жұмыс көндігер «жазасы» ғой, –
Күйзелтті ғой дегені ақты қара!

Отыз тоғыз жасында аға кетті,
Түбіне оның аяусыз жала жетті.
...Елім деген ерлерім азып-тозып,
Алып ұрды, қайтейік, жала көпті. 

Зұлмат жылдар жалмады арыстарды,
Лайлады тұнық бастау, ағыстарды.
Халқым деген азамат жаламенен,
Қуғын көріп бауырлар, жар ұсталды.

Жала, нала, күйініш, күйзелістер,
Жеңіп, Көшкін шарасыз күйге түсті...
Отыз жас жазылыпты маңдайына,
Қыршын кетті, ауырлық үйге түсті...

Зұлмат жылдар зиялыны жалмады,
Түсті елге оның ауыр салмағы.
Елдің қамын ойлаған ермен қоса,
Отбасы да жаладан сырт қалмады...

Аяш пенен Әлия** – қос анасы,
Қиындықта абысын қосқан басын.
Алты бала қолында, ата-ене,
Масақ теріп, алдына тосқан асын.

Жесірлікке қос мұңлық мойымады,
(Жетім көңіл ашқұрсақ, тойынбады).
Ұл мен қызын өсірді екі ана,
Мейіріммен жылытып бойындағы.

«Е, ҚҰДАЙ, ТҮБІҢДІ БЕР!»
Жетімдікті жазыпты маңдайына,
Ата, әжесін сансыратты жағдай мына.
Көңіл – жетім, күйзеліп туыс-туған,
Ауыр тиді соншалық жағдай бұған. 

Көз алдында әкенің бейнесі жоқ,
Көтергені мойнына – елесі жоқ.
Алып кеткен әкесін төрт жасында
Кеген жақтан, келместің кемесі кеп...

Атасының қайысып қабырғасы,
Қасіретін әженің сабыр басты. 
Төтеп берді тағдырдың жазғанына,
Ойлап іштей ақылдан жаңылмасты. 

Болмаса да жағдайы оңып тұрған,
Атасы мен әжесі болып қорған.
Қос ұлының мәпелеп құлындарын,
Жылытқан-ды көңілді тоңып тұрған.

Көрсетпесін деп тағдыр сараңдығын,
Қиянатын, кеселін, жамандығын,
«Е, құдай, түбіңді бер!» – деген қартым,
Тілеп еді ұрпағының амандығын. 

Әз атаның қабыл боп ақ тілегі,
Қызыр қонып әулетке Бақ түнеді.
Қос ұлынан тараған ұрпағының,
Басы бүтін, шаттанып жан-жүрегі!

Босқынбайдай атаның шапағаты,
Ұл-қызының шықпады жаманаты.
Сейдахмет, Көшкіннің аты өшкен жоқ,
Орындалды ақ тілек – аманаты!
  
«КЕҢ ҚҰДАЙ»

«О, кең Құдай!» – ана сөзі тастамайтын,
Мұнсыз ол еш әңгіме бастамайтын.
Тілегі қабыл болып Шыныбала,
Жамандыққа енді қайтып бастамады!

«Кең Құдай» болысты да апамызға,
Айналды Шыныбала аты аңызға!
Қос ұлынан тараған ұрпақтары,
Атын қосып айтады батасына!

Асыл әже, көтерген қиындықты,
Ел алдында қадірің, сыйың мықты!
Босқынбайдың әулетін адам қылған,
Жан едің тегің асыл, түбің мықты!

Құдай саған көрсетті кеңдігін де,
«О, кең Құдай!» – дейтін ең, кеңдігің бе?!
Өзің жаққан өшкен жоқ отың мәңгі,
Бас иеді ұрпағың енді міне!

«О, кең Құдай! 
Кең Құдай!». 
Айналайын,
Орындалды ақ әже армандары.
Бағыштайды Құранын әр күн сайын,
Өркен жайған ұрпағың – орман-бағың!
«О, Кең Құдай! 
Кең Құдай!». 
Айналайын!

ЖАЙДАҚБҰЛАҚ

Тұнып аққан ақ бұлақ ел жадында,
Жасыл шалғын жайлауы төр жағында.
Найманбайдай атамыз бұл бұлақтың,
Көзін ашқан қапысыз дер шағында. 

Орта Меркі, Кеңсуым – атамекен,
Тау-тасы көзге ыстық тартады екен!
Найманбайдың* бұлағы – атанған жер,
Көңілінде Сүлейменнің жатады екен.

...Белгілеп бұлағы мол жазық жақты,
Алпыс төрттің көктемі, қазық қақты.
Жаңа ферма құрылар болашақта,
Осы жерде болғаны жөн деп тапты.

Келісіп үлкен-кіші, қуанысты,
«Жаңа ауыл» болады деп құрақ ұшты.
Қожашев Жартыбайдай білгір басшы,
Жұртшылық қалауына құлақ асты!

Мұсабек, Әбен, Әріп, Бірімқұлдар,
Нағыз іскер жандар ғой, шіркін, бұлар!
Кәріпжан, Шопан, Қоқыш  еңбектерін,
Шабыттанса ақының бір түн жырлар!

Жайқалды Жайдақбұлақ, қолдап қауым,
Ата-баба жерінде орнап ауыл.
Ауылдастың жаны шат, жүзі жарқын,
Ықыласты сәлемін жолдап бауыр.

Найманбай атасының көзіндей боп,
Ауылды көркейтем деп көз ілген жоқ.
Көш бастады Сүлеймен, елі қостап,
Еңбек етті, артынан сөз ерген жоқ.

Есінде: тасын тасып сайдан ауыр,
Іргесін қалап еді қайран ауыл.
Көзіне ыстық тартып тұрар ылғи,
Тамырын тереңге жайған ауыл.

Жайдақбұлақ, сыр ұғамыз әр тасыңнан,
Талай тарих өтті ғой бір басыңнан.
Жаңа қоныс ырыздық бастауы боп,
Содан бері таймаған бақ басыңнан!

Жайдақбұлақ – жайқалған атамекен,
(Сексенде сағынышың артады екен!)...
... Өз қолымен қазығын қаққан сәттер,
Көңілдің түкпірінде жатады екен!
Жайдақбұлақ – жайқалған атамекен!
  
АҒА АЛҒЫСЫ
Өз ісінің атанып ақтаңгері,
Сүлейменді бүкіл ел мақтан көрді.
«Шаруашылық Жуковы» деген атты,
Қадірлеп, Құсайынов Сақан берді*.

Мал бітеді баққанға адалынан,
Еңбегімен озғанға қатарынан.
Құрмет тұтып еңбегін, үлгі етер,
Жақсы жандар күтіп ап алдарынан.

Жаны ізгі, кең пейіл Сүлейменді,
Қай кезде де әспеттеп, сүйген елі.
«Еңбекпен жетерсің тек мұратыңа»,  –
Деген ойды көңілге түйген еді.

Маңдай тер, адал еңбек, ақталғаны,
Бір емес Сүлейменнің мақталғаны.
Дінмұхамед Қонаев** та айтқан алғыс,
Көкейінде сүредей сақталған-ды.

Кейде зер сап қараса өткеніне,
Алла куә адал еңбек еткеніне.
Асыл аға бейнесі елес беріп, 
Оралады сөздері көкейіне.

Жарқын істер бастауы – ағалар-ды,
Маңдай тері еленіп, бағаланды.
Димаш аға алғысы сол сәтінде,
Өн-бойына нұр болып тараған-ды.

Талай белес, талай жол артта қалды,
Жақсы жандар есімі хатта қалды.
Алыбаев Әріпбай – тәлімгері,
Өнегесін жадыда сақтап қалды.

* * *
Тізбектеліп сол күндер елестеді,
Ойға алды жүрген жол, белестерді.
Талай жерден дәм татты, суын ішті,
Талай жанға болысып, кеңес берді.
 
Тоғызбұлақ, Ақтоғай, Ұзынбұлақ,
(Жазы салқын, өңірдің қысы ұзақ).
Қарағайлы беткейі тұнып гүлге,
Тұп-тұнық боп ағады құздан бұлақ.

Жастық шақта жөнге сап еңбек бәрін,
Татқан талай маңдай тер кермек дәмін.
Жайдақбұлақ, Жылысай, Көктал барып,
Мойымастан қиындық жеңген бәрін!

Кербұлақ, Қоңырөлең, Қарабұлақ,
Айналаға жатады тарап бұлақ.
Қаспан, Жаркент – көк шалғын, жасыл өлке,
Сулы-нулы, көрген жоқ алқап қурап.

Жүріп өткен жерінде ізі қалған,
Елге аян, тәлімді ісі қалған.
Сыр ғып шертіп берер-ау әз-тарихты,
Шықса егер көзкөрген кісі алдан!

ИМАНДЫЛЫҚ БОЙТҰМАРЫ

Жылдар жылжып, 
сырғыды сынаптайын,
Күндер өтті ұстатпай бұлақтайын...
Көшкінұлы Сүлеймен  сексен жаста,
Сүрінбей өткен талай сынақтардан.

Имандылық айнымас бойтұмары,
Көкейіне тек жақсы ой тұнады.
Бес уақыт намазын қаза етпей,
Ар-иманға ұйыған бар ұрпағы!

Жан серігі Мәкенді Алла қосқан.
Бар жақсысын қашанда алға тосқан.
Қадір тұтып бір басын жастайынан,
Адалдықпен әр ісі оңға басқан.
    
Тамыр жайған тереңге бәйтерегім,
«Әкелердің көзі» деп айтар елің.
«Түбін бергін!» деген сөз осы болар,
Тағдырыңа болмаса, қайтер едің?!

Түбін беріп Жаратқан жақсылықтың,
Көшбасында келесің жақсы жұрттың.
Босқынбайдай атаның оң көзісің,
Әулетбасы өзіңсің – жақсы ұқтым!

Нұрлан ҚАЛҚА,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Райымбек ауданының Құрметті азаматы