УӘКІЛ: "МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ӘДЕБІ ҚАТАҢ САҚТАЛАДЫ"

Уақыты: 06.02.2020
Оқылды: 1638
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Қазақстан – 2050» Стратегиясында тиімділігі жоғары  кәсіби мемлекеттік аппаратты құрудың негізгі өлшемдері берілген болатын. Онда халық пен мемлекетке қызмет ететін кәсіби мемлекеттік аппаратты құру міндеті қойылды, мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасын қабылдау қарастырылды, «Мемлекеттік қызмет» ұғымын «Халыққа қызмет ету» синонимі ретінде жаңғырту көзделді.

2005 жылы мінез-құлыққа қойылатын талаптар аясын кеңейтетін мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі бекітілді. Соның аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар белгіленді, киім стиліне қойылатын талаптар бекітілді, қызметкерлердің діни және қоғамдық бірлестіктерге қатысушылық мәселелері реттелді. «Қазақстан – 2050» Стратегиялық жоспарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары қабылданды. Оның бірінші бағыты кәсіби мемлекеттік аппарат құруға бағытталып, 2015 жылдың соңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заңы қабылданды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі және Әдеп жөнiндегi уәкiл туралы ережесі бекітілді. Сонымен қатар, әдеп нормаларын бұзғаны үшін берілетін жазалау, олардың алдын алу шаралары қарастырылды, оларды ескертуге екпін берілді.

Осыған байланысты озық елдердің – Канада, Ұлыбритания, Австралия, Ирландияның тәжірибесі негізінде орталық және облыстық деңгейде Әдеп жөніндегі уәкіл институты енгізілді. Осы орайда Әдеп жөніндегі уәкілдің дербес лауазымы аумақтық бөлімшелері немесе ведомстволарының аумақтық бөлімшелері, шетелдегі мекемелері бар орталық мемлекеттік органдарда (құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарды, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігін қоспағанда), сондай-ақ, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Нұр-Сұлтан әкімдерінің аппараттарында енгізілді.

Ал аумақтық бөлімшелері немесе ведомстволарының аумақтық бөлімшелері жоқ мемлекеттік органдарда (құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарды, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігін қоспағанда), орталық мемлекеттік органдардың ведомстволарында және аумақтық бөлімшелерінде, орталық мемлекеттік органдар ведомстволарының аумақтық бөлімшелерінде, шетелдегі мекемелерде, тексеру комиссияларында, облыстық маңызы бар қалалар, аудандар, қалалардағы аудандар әкімдерінің аппараттарында әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары осы мемлекеттік органдардың қызметшілеріне жүктеледі. Әдеп жөніндегі уәкілдің функциялары басшылық қызмет атқаратын, сондай-ақ, ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшіге жүктелді.

Әдеп жөніндегі уәкіл – біріншіден, қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын, сонымен қатар өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беретін мемлекеттік қызметші. Бұл ретте ұжымда жағымды моральдық-психологиялық ахуалды қалыптастыруда Әдеп жөніндегі уәкіл қызметінің рөлі зор.

Екіншіден, Әдеп жөніндегі уәкіл тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізеді, дәрістер оқып, семинар-кеңестер ұйымдастырады, мемлекеттік қызмет өткеруде орын алған әртүрлі құқықбұзушылықтарды талдау және оларды болдырмаудың алдын алу шараларын қабылдайды.

Үшінші бағыт – мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтауына мониторинг және бақылау жүргізеді. Мониторинг бұқаралық ақпарат құралдарында (газеттер, интернет-басылымдар тағы басқа) жарық көрген материалдарды зерделеу арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар, тұрақты түрде мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарына бақылау жүргізіледі. Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік медиаларды пайдалануда мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстанды мекендеген сан түрлі ұлттардың салт-дәстүрлеріне құрметпен қарау, балағат лексикасын қолданбау және мемлекеттік қызметке сын айтылатын фото, бейнематериалдар жарияламау сынды талаптар ескеріледі. Ал, егер қызметші бұл талаптарды орындамаса, оның тәртіптік жауапкершілігі қаралады.

Әдеп жөніндегі уәкілдің келесі бір міндеті – ол мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау. Уәкілдің бұл бағыттағы міндеті – даулы тараптарды қатыстыра отырып, келіссөздер жүргізу арқылы екіжақты татуластыру. Ал, егер екі жақ келісімге келе алмаса, онда қызметтік тексеру жүргізіп, ақ-қарасын шешуі тиіс. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау да уәкілдің міндетіне жатады. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметші өз құқығын қорғау үшін мемлекеттік қызмет жөніндегі өкілетті органға немесе сотқа жүгінеді. Бұл жағдайларда мәселені шешу ұзақ уақыт алуы мүмкін. Ал, бір деңгейдегі екі мемлекеттік қызметші, басшы мен қызметкер арасындағы дауларды келіссөз жүргізу арқылы шешкен Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғауға жұмыс жасайды.

Жалпы айтқанда, Елбасы Жарлығымен бекітілген, мемлекеттік қызмет саласының дамуына оң әсер беретін Әдеп жөніндегі уәкіл қызметінің салмағы ауыр, жауапкершілігі жоғары. Сеніп тапсырылған қызметті абыройлы атқару әр уәкілдің жұмыс жасау принципіне байланысты. Демек, қызметтің сапасы атқарылған жұмыстың нәтижесімен өлшенбек.

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән беріледі. Мемлекеттік қызметші имиджін жоғары деңгейде қалыптастыру, жеке кәсіби деңгейін арттыру, моральдік-адамгершілік қасиеттерін және әдептілік мінез-құлықтарын оңтайландыру басты назарда. Жаһандану заманында жаңа технологиялардың енуі, цифрландыру процестерінің жедел жүруі, интернет желілерінің жылдам дамуы мемлекеттік қызметшілерден үлкен кәсіби білім деңгейін қажет етеді. Мемлекеттік қызметшілерге мемлекет мүддесіне және азаматтардың құқығына залал келтіретін іс-қимылдарға қарсы тұру талаптары белгіленген. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер заңмен, нормативті-құқықтық актілермен белгіленген шектеулерді сақтауға міндетті.

Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елімізде мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасты. Бұл жүйе талай қиын кезеңдерде өзінің тиімділігін бірнеше рет дәлелдеді. Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадрлік резерві өкілдерімен кездесу барысында сөйлеген сөзінде: «Мемлекет қызметінің сервистік моделі – қоғамның талап-тілегіне дұрыс, тиімді және әділетті жауап беретін мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі», – деген  болатын. Билік пен халық арасындағы өзара сенімді күшейту мақсатында мемлекеттік басқаруды реформалау қолға алынып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдама негізгі үш қағидатқа, атап айтқанда, ашықтық, инклюзивтілік және азаматтардың сұраныстарына жедел жауап беру мәселелеріне негізделген.

Біріншісі – ашықтық және жариялылық. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның нормалары сапалы орындалуы керек. Шешім қабылдау кезінде барлық талаптар сақталуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа барынша қарсы тұру – негізгі мақсаттың бірі. Қоғам өкілдері биліктің іс-әрекетімен келіспеген жағдайда пікірін еркін айтуға мүмкіндігі болуы қажет.

Екінші қағида – инклюзивтілік. Ашық Үкімет порталы мүдделі азаматтардың маңызды шешімдерді талқылауы үшін мүмкіндік алаңына айналуы тиіс. 
Мемлекеттік қызметшілердің есігі азаматтық қоғам институттарына қолжетімді, ашық болуы қажет. Мемлекеттік қызметші – халықтың ортасында халық үшін жұмыс істейтін халықтың бір бөлігі.

Үшінші қағида – азаматтардың сұраныстарына жедел жауап беру. Қазақстандықтардың өтініштерін, арыз-шағымдарын дереу қарау керек. Бұл бағытта бюрократиясыз, нақты шешімдер қабылдануы тиіс. Мұнда негізінен цифрландырудың рөлі басым. Мемлекеттік сектор блокчейн, Big Data, жасанды интеллект құралдарын пайдалана бастайды. 

Осы технологияларға негізделген жаңа тәсілдер мен жүйелер қоғамның ұсыныс-тілектеріне ден қойып, өзекті әлеуметтік мәселелерді уақтылы шешуге мүмкіндік береді.

Биылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің саны біртіндеп қысқартылады, үнемделген қаражат тиімді жұмыс істейтін қызметкерлерді материалдық тұрғыдан ынталандыруға жұмсалатын болады. «100 нақты қадамда» көрсетілгендей, еңбек-ақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу, мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық еңбекақыларына өңірлік үйлестіру коэффициенттерін қосу қолға алынуда.

2024 жылға қарай мемлекеттік органдардың қызметіне жатпайтын міндеттерді аутсорсинг (өзіне қажет етпейтін қосалқы міндеттер) арқылы азаматтық қоғам өкілдеріне жүктей отырып, мемлекеттік органдар мен ұлттық компания қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту көзделуде. Заманауи сын-қатерлер одан әрі әрекет етуді талап етеді. Мемлекеттік қызметкердің көшбасшылығы – ол қоғамның тыныс-тіршілігін, азаматтардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету, команданың әрбір жеке мүшесінің таланттары мен кәсіби қасиеттеріне сүйену болып табылады. Ауыстырылатын мемлекеттік қызметкерлерге лауазымдық міндеттерін атқару кезеңінде оларға жекелендіру құқығынсыз қызметтік пәтерлерді міндетті түрде беру қарастырылған, үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру, жоғары лауазымдарына жылжыту төменгі лауазымдағы мемлекеттік қызметкерлер қатарынан тек қана конкурстық негізде жылжыту есебінен меритократия қағидатын нығайту арқылы жүргізіледі.

Бүгінгі күні Алматы облысы жергілікті атқарушы органдарында 4145 мемлекеттік қызметшінің штаты бар. Орта жас 39,3 жылды құрап отыр. Мемлекеттік қызметшілердің орташа өтілі  9,5 жылды, өз қызметтеріндегі орташа өтілі  4,3 жылды құрайды. 91,8 пайызы жоғары білімді. Алматы облысында Әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан 2019 жылы мемлекеттік қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің моральдық-этикалық нормаларды сақтауы жөнінде 772 іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде 439 семинар өтіп, дәрістер оқылды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет желілерінде 333 (оның ішінде мерзімді басылымдарда 116 жарияланым, телеарналарда 41 бейнесюжеттер мен бейнеүзіктер, интернет ресурстарында 176 пост, хештег) ақпарат жарияланды. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысы туралы жарияланған 114 мақалаға сараптама, 13 аккаунтқа мониторинг жүргізілген.

Әдеп жөніндегі уәкілдердің 2019 жылғы жұмыс жоспарлары мен ереже талаптарына сәйкес қызметтік әдеп нормаларының сақталуын, сондай-ақ, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін мониторингілеу мақсатында облыс әкімдігінің және оның құрылымдық бөлімшелерінің ұжымдарында анонимді сауалнамалар жүргізілді. Оған 6087 мемлекеттік қызметші қатысты. Сауалнама қорытындысы облыс көлемінде қызметтік әдеп қағидаларының толығымен сақталғанын және ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың қолайлы екенін көрсетті. Жаңадан мемлекеттік қызметке тұрған мемлекеттік қызметшілер үш күн мерзімде Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) мәтінімен жазбаша таныстырылған.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің мәтіндері мемлекеттік органдардың ғимараттарында баршаға көрінетін жерде ілінген. Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша 1771 (мемлекеттік қызметшілерге 1272, жеке және заңды тұлғаларға  499) жеке консультативтік көмек көрсетілген. 2019 жылы Әдеп жөніндегі уәкілдер 1063 азаматты жеке қабылдаған. Барлық аудан, қалалардағы Әдеп жөніндегі уәкілдерінің еңбек-ақысына 30 пайыздық үстемақы қосылған.

Біз биыл ұлы ақын, композитор, аудармашы, философ һәм қоғам қайраткері Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын тойлаймыз. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абайдың «Толық адам» тұжырымы өміріміздің кез келген саласында, мемлекетті басқару мен білім жүйесінде, бизнес пен отбасы институттарында негізгі тұғырға айналуы керек. Мұның бәрі интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін қажет», – деп баса айтты. Барлық жаңалықтың ортақ мақсаты – халыққа жақын болу, ізгілікті қоғам құру, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру, ашықтықты, онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз ету, өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту болып табылады.

Мемлекеттік басқару күнделікті ел тағдырына қатысы бар үлкенді-кішілі шешімдер қабылдаумен ғана шектелмейді. Ол, сондай-ақ, тұрғындармен күнбе-күн жүздесіп отыруды, өз ойыңды түсінікті етіп, қарапайым тілмен жеткізе білуді, мақсат-міндеттерді айқын ұғындыру арқылы халықты ұлы істерге, мемлекеттік бағдарламаларды орындауға жұмылдыра білуді қажет етеді. Жоспар, орнықты ой нақты іспен оң нәтижесін беріп жатса, тұрғындар оны күнделікті тіршілікте сезіне білсе мұндай елдің бүгіні жарқын, болашағы кемел болмақ.

Әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерін, басқа халықтардың рухани қазыналарын бойымызға сіңіру қанша маңызды болса да біздің әрқайсымыз өзіміздің терең тамырымыз – туған жеріміз екенін есте ұстап, қай елдің азаматтары екенімізге есеп беруіміз қажет. Бұл орайда, мемлекеттік қызметшіге, Әдеп жөніндегі уәкілдерге үлкен міндеттер жүктеледі. Оны абыроймен атқару аса өзекті мәселе. Мемлекет тірегі – халық. Рухани жаңғыру мен қоғамдық келісімді, елдің бірлігін қамтамасыз етуші – мемлекеттік қызметші.

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,

Алматы облыс әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі