"БІЗДЕР - ЖЕТІМДЕРМІЗ!" МҰҚАҒАЛИ, ШӘМШІ, ӘБІЛАХАТТАР ӘЛЕМІ

Уақыты: 10.02.2020
Оқылды: 5282
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматының жазындағыдай жұмсақ самал жер бетінде жоқ. Ауа тұп-тұнық, тап-таза. Тынысың ашылып, жан-дүниең балқиды. Қалада көлік аз, гүлдер көп. Гүлді жер нұрлы жер ғой. Мына бас поштаның алдындағы гүлзардың жасыл шөбі мен алуан түрлі гүлдерін жер бетіндегі ең талантты суретшінің өзі қаз-қалпында айшықтай алар ма екен?! Әй, сірә, Пикассоның өзінің қолы қалтырап, Тагорың талып түсетін шығар-ау. Бәлкім, «Күнбағыстың» құдіретін түсінген Ван Гогтың қолынан бірдеңе келер?! Қайдам? Ештеңе дей алмаймын. Мүйізі қарағайдай әлем таныған таланттарды күстаналағым жоқ, әйткенмен, туған топырағы Жетісудың тамашасын Қастей атамның баласы Әбілхан көкем ғана құйқылжытып, қаз-қалпында мүсіндей алатын шығар?!

Түн әлетіндегі жұмақтай гүлзар үнсіз тыныштықта мүлгиді. Көкпеңбек ағаштар қарауытып көрінеді. Тағы бір қарауытқан екеу гүлзардың қақ ортасындағы зәулім ескерткішке таяу келіп, көк шалғынға құлай кетті. «Бай мен кедейді теңестірем» деп күпірлік қылып, тапыраң асқан Ленин шалдың тас тұлғасы аспанға ұмсынып-қасқиғанымен, шындап келгенде, адам баласының болашағы үшін түкті кілемдей жұп-жұмсақ көк майсада шалқалап жатқан екі қазақтың пайдасы анағұрлым зор еді. Майсада жатқан қос мықты қазақтың музыка өнерінің марқасқалары, кие қонған композиторлар Әбілахат Еспаев пен Шәмші Қалдаяқов болатын.

Қашанда талантын талап, қаражаяуын қорғаштайтын қазақ Құдіреттің сыйына ие қос мұңлықты бағалай алмаған. Сый-құрметтен сырт қалған талант тасты жарса да қайраңға шығады. Екеудің сырлы сазы мен әуезді әні халықтың аузында, өнерлінің таңдайында. Әйтсе де, бағасын алмаған көңіл жетім... Жетімсіреген көңілді желпінтіп-жеңілдетпей болмайды, әйтпесе, әсерлі әуез қайдан шықсын? Тастаққа тамыр біте ме?

...Көк майсаға қисая кеткен екеу кешқұрым мейрамхана маңында кездеседі. Жүрек жалғап, салқын ішкен жетім көңіл жөргекке таңылады. Күллі әлем күліп тұрғандай, барлық адам ақпейіл періштедей көрінеді. Дастарқан басында кім жоқ дейсің: қарны жуан бастығың да, аяғы күс малшың да, тырнағы лас шахтерің де, жартықұрсақ студентің де, дарынға ада ақынсымағың да ығы-жығы... Екеуді мақтайды келіп, аяқтарын жерге тигізбейді, әндерін ыңылдатады, мөлдіретіп құйып, қылқылдатып жұтады.

Екеуіне екі дүниең – бір-ақ сом: бастарын изеп, балбырап отырғанда да көкейлерін көркем ой, әсем әуен қытықтайды.
– ...Бойында Арыстың, өзіңмен алыстым...
– Оу, Шәке, қайда тартып барасыз? Алысқаны несі, алдымен таныспай ма?

Қарқылдап қатар күледі. Асықпай-аптықпай, бөкендей желіп, гүлзар-жұмаққа жетеді. Тымық түннің екпіні әрең білінетін самал жел беттерін өпкен сезімтал екі дос неше алуан күйге түседі: шеті-шегі жоқ әңгімелер шертеді; зәуде құлаққа ұрған танадай үнсіз қалып, бірін-бірі іштей ұғысады; көбіне естілер-естілмес әуенді ыңылдап жатып, қалай қалғып кеткендерін де сезбейді.

...Кісінің аяқ тысырынан шошып оянған Шәмші айналасына қарап еді, шеттегі көгалда теріс қараған біреу отыр. Әбілахат та ояу екен. Гүлзарды өздерінің меншігіндей көретін екі дос бөгде адамды жатырқап, жақтырмай қалады.

– Әй, мынау  Мұқағали ғой?.. – деді Әбілахат кенет... – Әй, Мұқаш, сенбісің?!

Рас, бұл – Мұқағали екен. Қазақтың қамкөңіл үш мықтысы талай жылдар көріспеген достардай қауқылдасып, құшақтасып-қуанысып қалды. Қолында жұқа қойындәптері бар Мұқағалидың түсі салқын, өңі солғын көрінді.

– Мұқашжан, құлқынсәріден қайдан жүрсің? Тыныштық па? – деп сұрады Әбілахат.

– Мен жаңа ғана жазған өлеңімді оқысам, сауалдың тамамына жауап бар, – деді Мұқағали.

– Ойпырмай, зәремізді алдың ғой, кәне, оқышы... – деді Шәмші. Мұқағали орнынан тұрып, қолын сермеп, өлеңді нақышына келтіріп оқиды:

Қара жер қара ортадан қақырасын,
Көк аспан быт-шыт болып шатынасын.
Әлемде ай адасып өрісінен, 
Күн шықпай ұясынан, жатып алсын.

– Ту-у, мынауың у мен заһар екен. Жүрегінің ақауы бар, жүріп кетер. Жақсылықтан шығатын өлең емес қой.
– Мұны жетіскеннен жазғаным жоқ, сен екеуіңнен басқа дос түсіне қоймайтын сыр-қайғы, – деді Мұқағали.
– Апырай, Мұқаш, жалғызсыраған жаныңның мұңы неткен қалың еді. Қай уақытта да қасыңнан адам үзілген бе? – деді Әбілахат. 
– Көп болғанынан не пайда? Дені өлеңімді ұнатқанымен, жанымды түсінбейді, мұңлы жолдардың тереңі мен табиғатын ұқпайды, қайдан, қалай шыққанында шаруасы жоқ.

Мұқағали еріксіз өлең оқып кетті:

...Жаным-ау, қайдан жүрсің, ақ шағала,
Келсең кел, бұл өлкені жат санама.
От-суы мол осынау байтақ алқап,
Сая болған батырға, патшаға да.

Қылша мойын жаным-ау, қылыш қанат,
Қимай мені, келдің бе, туыс санап?..
Ақ ниетпен келдің ғой қалай-дағы,
Шашсам ба екен, күн нұрын уыстап ап...
Айдыным жоқ төсіңмен шимайлаған,
Аялайды, әлдилеп мидай далам.
Толқынға қонақтаған ерке-тотай,
Толқынсыз қара суға қимай барам.

Кім екен саған еткен зорлық, қысым,
Адасқан Атыраудан зарлықпысың?
Көлшігім, бұлақтарым – бәрі саған.
Адасқан Отанынан зарлық құсым.

Қонбасыңды білемін қыр басына,
Толқының жоқ жаныңмен сырласуға.
Бәрі де табылар-ау бұл өмірден,
Тек Отаның жетпес-ті бір басыңа...

– Мұқашжан, сабыр қыл, құсалана берме, кез келген шығарманың әділ бағасын уақыт береді, – деді Шәмші.

– Әй, Шәмші-ай, уақытқа жететін уақытым қалмай, әр күнім жылап-сықтаумен, күңіреніп-күрсінумен ұрланып жатыр менің, – деді Мұқағали таусыла сөйлеп.
Әбілахат үнсіз қалып, мұңлы күйге түсті. Шәмші аса бір қимастықпен Мұқағалидың арқасынан қағып, бауырына қысты.

– Шәмші, мен ертең ауруханаға жатамын, – деді Мұқағали. – Осыдан шығамын ба, шықпаймын ба, өзім де білмеймін. Егер мен олай-бұлай бола кетсем, мені іздеуші табыла ма, табылмай ма, оны да білмеймін. Бірақ мен сенің жүрегіңде, әндеріңде жүретінімді білемін. Сондықтан, сен тірі бол, Шәмші. Менің жазғандарым түгел басылған жоқ. Ал сенің әндеріңді мына халқың іліп әкетіп жатыр. Сен халқыңа керексің, Шәмші. Тірі бол, тірі бол.

...Жаз едiм кеше,
Айналып күзге барам ба?!
Жалын жоқ,
От жоқ, жасыған мына жанарда.
Ауытқып кетті, аймалап тұрған
самал да,
Кеулеп тұр, міне,
Дауыл ма, әлде, боран ба?

– Неге олай дедің, Мұқаш? Небір күндер аштықтан, жоқтықтан өтсе де, небір бақастар тірідей өлтіріп, тірідей көміп жатса да, өмірге ғашық едік қой, Мұқаш, – деді Шәмші мұңайып.

...Құрып кетпей, жер басып тұрғаныңда,
Қалай ғана жағарсың бұл қауымға?
Талай рет мойныма арқан салып,
Талай рет шақ қалдым жындануға.

Бiле тұра бiрiсi бiлмегендей,
Терiс қарап кетедi, тiлге келмей.
Жабыла кеп жармасып олжалайды,
Жаудан түскен түйенi жүндегендей.

– Тек саған ғана арнап жазған бір ауыз өлеңім бар. Тыңдап ал да, жаттап ал. Мұқағалидан қалған ескерткіш деп айта жүрерсің, – деді Мұқағали бәсең үнмен. Көз-жанарына мөлдір жас тұнды...

...Жаным менің жаралы,
Тартып ішкен жылдарым,
Жылап өтіп барады...

– Мұның не, Мұқаш? Ақын жыласа жерді сал, көкті түн баспай ма? Құстардың да әні тыйылып, жел ызыңдауын, бұлақ сылдырауын қоймай ма? Өмірге қуаныш та, жұбаныш та әкелетін өлеңнің өлгені, өмірдің өлгені емес пе? Жыр мен ән жоғалса бар дүние мелшиген, мылқау түнекке айналмай ма, Мұқаш... Жылатпашы жырыңды, – деді Шәмші жан-дүниесі астан-кестен болып.

...Хабар жоқ саған кеткен елшiлерден,
Ей, тағдыр!
Сөйлесейiк, келшi бермен.
Қаншама соқпақтарға бастасаң да,
Сенiмен сөйлесудi ерсi көрмен.

Бiлесiң бе?
Мен саған бағынбаймын!
Бар ма тағы беретін зарың, қайғың?!
Көлденеңдеп жолымда тау боп тұрсаң,
Мен – мұнартқан басыңда
сағымдаймын!
Сондықтан да жiбер деп жалынбаймын...

– Сен де аман бол, Әбілахат досым, – деді Мұқағали Әбілахатқа қарап. – Екеуіңді көрсем, егіз қозы көргендей боламын. Күндердің күнінде сендер де «пышаққа ілінерсіңдер».

Көңілі босап, көзі жасаураған Мұқағали екі досын қапсыра құшақтады.

Ұлы Отан соғысы деп аталатын қан майданды кешіп келген Әбілахат Шәмшідей емес, лап еткен сезімнің жүгеніне мықты еді. Ол Мұқағалидың жан жарасын, қайғы-қасіретін жүрегімен ұғып, үнсіз тұрып қалды.

...Көйлектерін шешіп тастап, жалаңаш отырған үшеуді көрген бір милиция сержанты бұларды ұрыларға санап, әкіреңдеп жетіп келді:

– Әкелеріңнің үйіндей шәниіп бұл не жатыс? Тұрыңдар! – деді дөкір үнмен.

Милиция көрсе, айдаһар көргендей иманы ұшатын Шәмші орнынан атып тұрды. Әбілахат не істерін білмей, әбігерге түсті. Милицияға талай түсіп, талай текетіресіп қалған Мұқағали міз бақпады.

– Бұл жер – сенің де әкеңнің үйі емес. Дауысыңды көтерме! – деп қайтара жауап қатты, ашу қысып, шүңірейген көзі қанталап, теңселіп кеткен Мұқағали.

– Дүниежүзі пролетариатының көсемі ұлы Лениннің ескерткіші тұрған қасиетті жерді былғадыңдар ғой, – деп дауысын бәсеңдетті сержант.

Мұқағали да тартынатын емес:

– Әй, погон киген, оң қолын көтеріп тұрған көсемнің қасында боқтық айтып былғап тұрған өзің. ЦК-ға домалақ арызды дөңгелетіп жіберейін бе?

Шәмші сөзге араласып:

– Мұқаш, қойшы, бәлесінен аулақ, бәлеге қаламыз, – деп шыр-пыр болып жүр. 
– Мен сендерді таныдым. Екі күннің бірінде милицияға түсіп жүрген маскүнемсіңдер. Акт жазамын, – деді милиционер.
– Жаза алмайсың! Өйткені, әр қазақ менің жазған өлеңімді оқып, Шәмшінің шығарған әнін тыңдайды, – деп Мұқағали ерегісе түседі. – Сендердің қорқақтығыңнан-ақ өлетін болдым осы. Неменеге жалынамыз? Давай, Шәке, ішкіш еместігімізді дәлелдейтін күн туды. Милициясына жүр, кеттік. Біз де сүміреймейік, азаматтық арымызды таптатпайық.

Кенет милиция сержанты қалт тұра қалды да:

– Құлағы қалқиған мынауың кім? Өзін аздап шырамытып тұрмын. Сірә, бұл да милицияға түскіштің біреуі шығар? – деді сәл жұмсаңқырап.
Мұқағали төпелей түсті:

– Бұл – көптің бірі емес, Шәмші Қалдаяқов деген аты жерді жаратын композитор. Шәмшінің әнін шырқамайтын тірі қазақ жоқ қазір. Бір ұйғыр қатынның үйінде пәтерде тұратын еді. «Алты ай пәтер ақысын төлемедің»  деп  үйінен қуып шықты. Сосын бүкіл дүниежүзі пролетариаты көсемінің қасына түнемегенде, қайда барады?

– Мынау шынымен Шәмші ме? Кәдімгі Қалдаяқов? – деді таң-тамаша қалған сержант.

– Сен оны азсынсаң, мына толық кісі соғысқа барып, фашистерді жеңіп келген жауынгер ғана емес, қазақтың марқасқа сазгері – Әбілахат Еспаев.

– Кәдімгі «Қаракөзді», «Ақмаңдайлымды» жазатын Қалдаяқов сен бе? – деген погонды композиторды құшақтай алды. – Айналайын, Шәмші, сенің әндеріңді айтпайтын қазақ жоқ. Егер ондайлар табыла қалса, желкелеп әкеліп өзім қамаймын. Әй, Шәмші-ай, саған жолыққаныма шексіз қуаныштымын. Бәсе, бүгін таңертең он көзім тартып еді, саған жолығуға көрінген екен ғой.

Сержант әрқайсысының бауырына кіріп, құшақтап жүр. Сосын: «Оу, арыстарым, бұл не тұрыс? Кеттік мейрамханаға!» – деп жол бастады. Алғашқы тілек-тосты ақын алды.

Ақынды ақын оятпаса болмайды,
Ақынды ақын таяқтаса, сол қайғы. 
Ақынды ақын сүйемесе болмайды, 
Ақынды ақын күйелесе, сол қайғы.

– Оу, мынау тілек емес, зар ғой...

Мұқағали зарламай қайтсін?! Көзі тірісінде ешқандай құрмет те, сыйлық та көрмеді. Сондықтан, өлеңімен запыран-зарын айтады.

Айтылған жоқ өмірге ғашық әнім,
Қашан айтсам, қашан мен басыламын?
Айта алмай қалам ба деп ашынамын, 
О, муза!
Мен бір жаққа асығамын...

...Мұқағали – қайыспайтын емен. Асқан мен тосқаннан да, шыбын жанын шүберекке түйіп, бүгежектеп биікте отырғаннан да ықпайды Мұқаң. «Арақты Омар Һайям да, Сергей Есенин де әкесін танытып ішкен» дегенді желеу еткен күншілдердің Мұқағалиды мақтап, Шәмшіні шідерлеп ұстауы – неткен зымияндық десеңші?! Мұқағалидай зәулім ақын мен Шәмшідей шалқар композиторға ішкілік-шылбырын жамап-жапсырып, үлкен үйдің есігінен қаратпай, бастарынан таяқ арылтпаған өңшең қиқым қайда қазір?!

...Біз деген, досым,
Тағдыры қызық халықпыз.
Халқының өзі қорғасын құяр қалыппыз.
Екінің бірі бармайтын жерге барып біз,
Жанбайтын жерде жаныппыз.
Біз деген, досым,
Тағдыры қызық халықпыз.

Білгендер білсін,
Білместер, мейлі, білмесін.
Қолдасын, мейлі, қорласын, мейлі, күндесін.
Қара тастан да мейірім күткен ақынды
Қатыгез жандар ашынтып алып жүрмесін.

Антейміз біздер,
Жеріміз біздің – халық-ты.
Халықсыз біздің Антейлігіміз қауіпті.
...Жұртына тастап кетпесе болды көшкенде,
Берендері үшін қорғасын құйған қалыпты...

...Мұқағали қалай күйінбесін?! Қызып алған милиция сержанты тоқтаусыз сөйлеп отыр:

– Шәмші, сені жұрт «болған-толған, бар атақты алып біткен» дейді. Соның бәрі өтірік пе?

– Бәрі рас, – деді Шәмші жымиып. – Қазір менде бұтымдағы шалбардан басқа түк жоқ. Қазақтар өзі береді де, өздері шешіндіріп алады. Өздері арақ беріп сыйлайды да, артынша «ішкіш» деп шулайды. «Айқайлағанның бәрі әнші емес, арақ ішкеннің бәрі Шәмші емес» деп жүрген де өз қазағым.

– Әй, сен маған ренжіме, қазақ сүйгенін «шұнағым» дейді. Сен біз үшін – шұнақсың...

– Иә, бәрі алдымда. Әнімнің мықтысы да алдымда. Көретін жақсы күндерім де алдымда. Қазағыма айтатын ақтық әнім де алдымда. Бәрі алда!

– Ой, Шәмші, айналдым! Білесің бе, мен сенің әндеріңді естігенде өмірдің бар ауыртпашылығын ұмытамын. Иығыма қанат бітіп, биікке шарлап, бақ құсымды іздеймін. «Қаракөзді» шырқап жүріп, Хадиша деген қызбен таныстым. Ғажап! Ғажап қыз еді-ау, Хадиша! Сенің «Арыс жағасында» деген әніңді шырқағанда, дауысы бұлақ сынды сылдырайтын. Ақ білегі мойныма оралғанда, «әнін естіп жатып өлсем, арманым жоқ» деп ойлаушы едім, бірақ, қайтейін, тағдыр оны маған қимады...

Сержант көзіне жас алды...

Мұқағалидың гүр еткен дауысы естілді:

– Оу, досым, мен сені қолшоқпар ұстаған кесір ме десем, сыңарынан айырылған жесір екенсің ғой, қане, өлең тыңда, өлең тыңдасаң, өзегіңдегі өртке су құяды...

...Жалғанда – жалған,
Жалғанда,
Жесірден мұңлық жан бар ма? 
Жалғанда жалғыз қалғанда, 
Әдіре қалған арманға, 
Араша түсер жан бар ма? 

Жалғанда – жалған, 
Жалғанда, 
Қаңырап бәрі қалған ба? 
Жете алмай алғы таңдарға, 
Кеттің-ау, боздақ арманда...

Арада жүрген асылды, 
Алды да ажал – жасырды.
Опты да жұтты қара жер, 
Атылған кектен жасынды. 

Панасыз қалған жесірден, 
Біржола үміт кесілген. 
Жарқырап жанған шырақты, 
Соққан да дауыл өшірген. 

Сені де жұтқан көне жер, 
Сан рет әлі көгерер. 
Салтанатқа әлі бөленер, 
Бірақ та, маған не берер?
Төгер де мұңын жөнелер, 
Көзімнен жасым себелер. 
Тасбауыр табыт тас қылып,
Мені де бір күн шегелер... 

Сен сүйген орман, гүлдерге, 
Жыл сайын құстар келгенде, 
Көкжиек сонау белдерден, 
Сағыныш-сағым көргенде, 
Зарығар саған шер-кеуде, 
Сағынар жүрек-шерменде. 

Төзермін қалай мұныңа, 
Жетер кім сенің құныңа, 
Не істермін ажал-ұрыға? 
Шомылып көздің суына, 
Өзің жоқ қанық сырыма, 
Өтермін жасып, бұғына.
Қашаннан жерік қара жер, 
Жесірдің қайғы-мұңына. 

Қоршаған тұман жан-жағын, 
Келмеске, құсым, самғадың. 
Хош енді! 
Үзілген менің арманым, 
Хош бол, Ардағым!

– Мақатаев, нағыз марқасқасың ғой! Апыр-ай, өткір өлеңің жүрегімді тіліп өтті ғой. Шәмшінің атын айтып қосылған Хадишадан айырылып қалған жесір жалғыз мен бе деп жүрсем.

– Жоқ, жалғыз сен емес. Ақын ұлдарын құлдан да кем көріп, бар назары мен базары орысша шүлдірлегендерге ауып, өлеңін оқитын оқушысынан айырылған – мен де жесір...

– Иықтарына гитара асынып, селкілдеп билеп, секеңдеп ән салғандар көбейген кер заманда әндерімді айтушылар азайған менің де жетіскен жерім шамалы, – деді Шәмші.

Манадан маңғаз кейіпте, үн-түнсіз томаға отырған Әбілахат сөйледі:

– Майданда белуардан қан кешіп аман қалған менің әнімді түсінсе де, күйімді білгісі келмейді елімнің. Жетім көңіл, жесір күй – маған да ада емес.

...Біздер – 
Жетімдерміз,
Жетімдерміз.
Ақпанның,
Аяз қардың өтіндеміз.
Мына сараң өмірден сауға сұрап,
Тіршіліктің мазасын кетіргеміз...
...Доп қылып жердің шарын өтудеміз.
Бостан-босқа өлмейміз,
Өкінбеңіз...
Босағасын паналап талайлардың,
Талайлардың басынан секіргеміз...
...Өмірге келу де егіз, кету де егіз.
Сүреңсіз өтуде жаз, өтуде күз.
Жалғанда өлім барда – жетімдер бар,
Сондықтан мәңгілікке бекінгеміз.

...Ұрылар да емеспіз, қарылар да!
Қарғыс таңба біздерден арылар ма?!
Жылынамыз бір ауыз жақсы сөзге,
Қарғыс аяз біздерді қарығанда.
Жасамаймыз қиянат жаны барға.
Жаны бар жан, бірақ та табылар да,
Жетім көңіл жақсыға жарыған ба?!

...Бізге жат – өлі кімдер,
Тірі кімдер...
Жиылып, Жер шарының жетімдері,
Алдында Ақиқаттың бірігіңдер!..

...Кесір заманның жесір адамдары қосылып, Шәмшінің әнін шырқады...
– Өй, мынау Шәмші ғой!.. 
– Өй, мынау Мұқағали ғой!.. 
– Өй, мынау Әбілахат қой! – деген дауыстар тұс-тұстан естіліп, атақтары жер жарған үшеуге үймелеп, қоршап алды. Қазақтың ыстық құшағынан қалай құтыларсың?!

* * *

...Шынайы ақын ішкендіктен жазбайды, күйініштен жазып, күйіктен ішеді... Шарапты сіміріп, шайыр болған Омар Һайямның өлеңін айтып, ішкенін ұмытамыз. Күйікті сіміріп, заһарға толған Мұқағалидың ішкенін айтып, өлеңін соңына қалдырамыз. Әділдіктің жолы бұл емес. Келешегі күнгейлі жұрт жақсысын бағалай білгендігімен биік.

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі