"ҚАТЕЛІКТЕРІМДІ ЗЕРТТЕЙМІН": ТАЛДЫҚОРҒАНДА ШИМАЙЛАП СУРЕТ САЛАТЫН ШЕБЕР ТҰРАДЫ

Уақыты: 13.02.2020
Оқылды: 2348
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласының тұрғыны Арыслан Үсенов бала кезден сурет салуға әуес болды. Колледжге түскенінде қызығушылығы артып, түрлі техникаларды үйрене бастады. Арысланның айтуынша, жақындарынан анасының сурет салуға қабілеті бар. Ол өзін туа біткен талант иесі санамайды. Тек өнерінің ұзақ уақыт пен еңбектің нәтижесінде ұшталып келе жатқанын айтады.

– Менікі – гиперреалистік жанр, – дейді ол. – Фотореализм бағыты. Мұн­дағы мақсат – суретті фотоаппаратпен түсірген фотоға барынша ұқсату. Гиперреалист суретші картинасын фотодан айнытпай салады. Бұл қабілеті арқылы суретті тек фотодан көшіріп қана қоймай, ойдан да салып отыру керек. Мұндай тәсіл суретшіге көптеген мүм­кіндіктер береді. Мен де шабыттанған кезімде қиялымнан салуға тырысамын. Сондай-ақ, комикс суреттер салған ұнайды.

Арыслан Жанатұлы сурет салуда барлық техника мен материалдарды қолданып көрген. Соңғы кездері цифрлық техниканы пайдаланып жүр.

– Бұл – бағдарлама арқылы сурет салу әдісі. Компьютер мен телефоныма арнайы жүйені орнатып алдым. Тапсырыс көбіне осы бағытта түседі. Мұнда жай графитті және түрлі-түсті қарындаш та пайдаланылады. Көмір қарындаштар мен майлы бояу палитрасы да бар, – дейді Арыслан.

- Қолымнан шыққан картиналардың көпшілігі үйде сақтаулы, кейбірін сыйға тартамын. Жақын адамдарыма портреттер салып, сыйлағаным бар. Қазір жұмыстан үлгере алмағандықтан, сурет салуға көп уақыт арнай алмай жүрмін. Қолым қылт етсе, қылқаламды қолыма алуға тырысамын. Кейде ұйықтамай, таңға дейін жұмыс істейтін күндерім де болады. Шығармашылық барысында кей сезімдерім салған суретіме беріліп жатады. Кей суретшілердің өте сәтті шыққан картиналарын көргенде өзім де шабыттанамын. Тек шабытпен ғана саламын демеймін, қолды жаттықтыру үшін мүмкіндігінше күнделікті жұмыс жасап отыруға тырысамын. Әрине, картиналарым әрқашан ойдағыдай бола бермейді. Сәтсіз шыққан жағдайда қате­ліктерімді зерттеп, оны түзетуге тырысамын. Өз басым жұмыс­тарымнан үнемі қателік байқап тұрамын. Сырт адамдарға әдемі көрінсе де кейде өзімді қанағаттандырмайтыны рас. Дегенмен, көпшілік жоғары баға беріп жатады, - дейді жас суретші.

Арыслан арасында тапсырыспен де жұмыс істейді. Ондай кезде көбінесе портреттер салынады. Әлеуметтік желідегі парақшасынан жұмыстарын қарап, Ресейден де тапсырыстар түседі екен. 3-4 күнде аяқтауға тырысатын жұмыстың бағасы картинаның көлемі мен қиындығына байланысты. Десе де, жас қылқалам шебері бүгінге дейін 400-ге жуық суреттің авторы атанып үлгерген.

Айта кетерлігі, ол көбінесе ютуб желісінен шетел суретшілерінің жұмысын көріп, өзіне ұнағанын үйреніп алуға тырысады. Осылайша 2-3 жыл бұрын таиландтық Винс Лао есімді қылқалам шеберінің каналынан «Шимайлау» әдісін байқап қалады. Әуелі дәптер беттеріне техниканы қайталап көреді. Ойлағанындай шықпаса да, талпынысы артып, өзін жігерлендіріп отырған. Аталмыш әдісті 1 жылдың ішінде меңгеріп шығады. Ал, тәжірибесіне қолданып, тапсырыс қабылдап жүргеніне 3 жылдан асты.

– «Шимайлау» техникасын қара қарындашпен де, түрлі-түсті бояумен де саламын. Шыны керек, бір суретке қара қарындашпен салып жүргенімде 2 сағат қана уақытым кететін. Бүгінде жоқ дегенде 5-6 сағат уақытты алады. Әрбір детальді қарап, түзететін жерін түзеткен соң ғана көңілім толады. «Шимайлау» стилінің өзіне 5-6 сағат, түрлі-түстісіне 10 сағаттан көп кетеді.  Одан бөлек, «Растушовка» деген техниканы да үйрендім. Суретті салып болған соң мақтамен үйкелесең, сурет жайылып, әдемілік пайда болады, – деген жас қылқалам шебері белгілі бір бағытта ғана салмайтынын айтып, уақыт өте келе ұлттық тақырыптарға ойысатынын жеткізді. Айтпақшы, автордың қылқалам қиялынан туған туындыларын "Инстаграм" желісіндегі @usenov_art парақшасынан көрсеңіздер болады.

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы